Жұмабек
01.09.2017
1197
0

Жұма – мұсылмандар үшін қасиетті күн. Дәл сол күні қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Жүрек құр­ғыр сыр берді. Жедел жәрдем…
О дүние-ай! Мына бір бес күндік сұм жалған кімге тұрақ болған-ды?! Біреу ерте, біреу кеш кететініндей, қашан келместің кемесіне отырып жөнелетініңді ешкім және ешқашан білмек емес.
…Еліміздегі нарықтық мекеме – Журналистика Академиясының құрылғанына, міне, он жеті жыл толыпты. Оның құрамына медиа лордтар мен мэтрлер (менің 2006 жылы жарық көрген «Свет Звезды. Элита отечественной журналистики» атты кітабым солар туралы) кіреді. Академия ротация негізінде толығып, құрамы алпыс адамнан аспайды әрі өзгермейді. Өмір-өзен бір қалыпты ақпайтыны белгілі. Бақилық боп кеткендер қаншама?! Тағы да, біреу ерте, біреу кеш дегендей… Иосиф Будневич, Камал Смайылов, Галина Күзембаева, Дүкеш Байымбетов, Олег Квятковский, Евгений Доцук, Мадрид Рысбеков сынды әріп­те­с­тері­міз­дің есімі ел есінде.
Соңғы жылдары Академия қа­тары Мұрат Әуезов, Олжас Сүлей­ме­нов, Сергей Харченко, Бибігүл Жек­сен­бай, т.б. көсемсөз шебер­лері­­мен толықты.
Журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығатын әріптес­тері­міз өз денсаулығын ойлаудан қалып барады. Қаламды қару еткен мамандар өміріндегі жұмыс пен қанбазардай қайнаған қар­балас тіршіліктің қатар жүретін әдеті ғой. Ал сынаптай сырғыған уа­қыт өтіп жатыр, өтіп жатыр. Өмір өз мөр-таңбасын бақырбас­ты­ның ең әлсіз тұсы – жүрекке ба­са­тыны тағы бар. Шілде айында сұм ажал Жұмабекті арамыздан алып кетті. Оған «пай­ғам­бар жасы» – 63-ке жету бақыты бұйырмады, әттең! Жазмыштың жазуы сол бо­лар!..
Өзінің өмір жолында еліміздің айтулы делінген «Білім және еңбек», «Халық кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті» мен «Ана тілі» секілді медиа брендттерді басқарған журналистерді бірден еске түсіру қиындау. Осынау бір мол тәжірибеден кейін Жұмабектің бірнеше газеттер мен «Ақиқат» пен «Мысль» сияқты қос журнал­дың басын қосқан «Қазақ газеттері» холдингін басқаруы заңдылық деп білемін. Кенжалин ұзақ жыл бойына осынау белді орталық­ты абыроймен басқарып келді.
Мен Жұмабектің досы әрі сырласы ретінде оны Сәкен Сейфуллинге ұқсататынмын. Жүріс-тұрысы, түр-тұлғасы, қылаяғы мұртына дейін Сәкен ақыннан аумайтынына таң қаламын.
Жалпы, Жұмабекті қоғам мен белді журналистер мойындап үлгерді. Журналистика Академиясының академигі ұйымның құрылған күнінен бастап-ақ БАҚ саласындағы ең жоғарғы әрі белді сыйлық – Мемлекет басшысының сыйлығының иегері атанды. Өкініштісі сол, дарынды көсемсөзшінің өмірі қамшының сабындай қысқа болды. Бір қызығы, ол таза, тәртіпті азамат болуы­мен қоса, достарының арасында да не темекі шегіп, не ішімдік ішкенін көрмедім.
Журналист әрі мықты ұйымдастырушы Жұмабек Кенжалиннің ұлттың рухани көшбасшылары, қазақ баспасөзінің негізін салған саңлақтар һәм Алаш арыс­тары – Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатов­тың арзу-арманын, ішкі жоспарын жүзеге асыра алғаны қуантады.
Кейінгі ұрпақ та Жұмабектен үлгі алып, соның жолын қуса ғой, шіркін. Жатқан жерің жәннатта болып, рухың пейіш төрінде шалқысын бауырым! Себебі, сен оған әбден лайықсың деп ойлаймын!..

Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ,
ҚР Саясаттану ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика Академиясының президенті.

Түркия, Белек. 2017 жыл, 30 шілде.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір