«Көктем – сезім, жаз – айту, күз – үйлесім…»

0
152 қаралды

Жарас СӘРСЕК


***
Менің тандыр жүрегімнің күлшесі –
жырым болар, қамырын түн илеген.
Бітті тағы дәуренімнің бір кеші,
Қараңғыда қалың оймен үйге енем.

Тандырыма сосын қайта от салам,
Ойлай-ойлай өлең-құстың ұясын.
Қызуы жоқ қурай,
Қоқым,
Шөп-шалам
жылытпады қаламымның сиясын.

Шабытымның шақ бітуге білтесі,
Бұған енді, шіркін, қандай амал бар?!
Менің тандыр жүрегімнің күлшесі
шала піссе, кешіріңдер, адамдар!

Сәлден кейін таң атады – сол қайғы,
Ол түндегі қайдан білсін арманды.
Бүгінгі Күн – менің Күнім болмайды,
Менің Күнім Түнге түнеп қалған-ды…

***
Келдім аңсап, туған жер, түгелмісің,
Тұр көзіме көрінбей бірер кісің?..
Тау басына тарғыл бұлт шығып апты,
Тәкаппарым, халімді білермісің?!

Анау өзен ағатын орып тауды,
Жағдай сұрап ұлынан жарытпады…
Жанарымдай жасаурап жылт етеді,
Сарқын судай жылжиды арықтағы!

Іздеп келген едім ғой ірілікті,
Іңкәрімнің бәрі де бүлініпті.
Ибалы апам секілді азап көрген
Белдерімнің белі де бүгіліпті!

Ақсақалдар – Алламдай сыйынатын,
Анау дөңнің басында жиылатын.
Жөн ісіміз сол дөңде мақұлданып,
Желкеміз де сол дөңде «қиылатын».

Енді кіммен білмеймін жарасамын,
Ел ішінде ерім жоқ аласамын.
Қырдан асып кетіпті көп қимасым,
Жылдам басып өтіпті бала шағым.

Анау көкте тартынбай алысып ем,
Анау бетте алқынбай жарысып ем.
Көк өрікпен атысқан көкөрім шақ,
Көрінбейді неліктен бақ ішінен?

Мән
(диалог)

– Тауда туған адамсыз,
Тау биік пе, не биік?
– Күн көтерген басына
қолың жетсе деп түйіп,
Маңғаз қалпын бұзбаған
Аспан биік,
Көк биік.

– Түпсіз дүние жоқ, сірә,
Не тұңғиық?
Не терең?
– Жалғыздықта қалдырып
өзегіңді өртеген,
Ой – тұңғиық,
Жер – терең,
Жер дегенім – көр терең…

– Ненің қымбат екенін
Сіз де ұқпайсыз шамасы?..
– О, бұл жайлы пенденің
Қызып тұр-ау таласы.
Дана айтпаған байламды,
Қайдан айтсын баласы.
Ең қымбаты мен айтсам –
Көк пен Жердің арасы.

Қара суық

Қар алыстап барады қара жерден,
Біз алыстап барамыз қаракерден.
Қар егіздей еді ғой қара жермен,
Біз егіздей едік қой қаракермен!

Қарды қалай жауғызам қара жерге,
Қалай құрық салғызам қаракерге?
Ақ-қарасы алмасқан ай-жылдардың,
Хақ Тағалам, ажарын ала көрме.

Ала көрме ажарын, ала көрме,
Мейірімді едің медет бер жаралы елге.
Қайта қонсам демейін қаракерге,
Қалықтатып қар жібер қара жерге.

Қалықтай кеп қонатын баспалдаққа,
Қар да қазір білмеймін қашқан бақ па?
Қарсыз қалған қаңтарда аңтарылып,
Қарайған жұрт қарайды аспан жаққа.

Біз көктемді көргенбіз,
Қандай еді,
Шартарапқа ынтызар таңдай еді!
Шама біткен,
Шаршаған шақта келіп,
Шуақ шашқан бейне бір жандай еді!

Жайдары еді-ау жаз келсе жанның бәрі,
Сөздің – сөлі болатын,
Әннің – дәні.
Егістікте тербелген көк егіннен,
Таңдайыңа келетін нанның дәмі.

Күй төгілтіп содан соң күз келетін,
Қырман қызған,
Қызық көп біз көретін.
Бір жақыным айттырып келін алса,
Бір жақыным ұзатып қыз беретін.

Көктем – сезім,
Жаз – айту,
Күз – үйлесім,
Әрі-сәрі әйтеуір бір күйдесің.
Өмір дейтін қазанат қара тер боп,
Өлеңдетіп сүйрейді жыр күймесін.

Баяғы сол балалық кекілді еді,
Бүккен сырың көзіңде, бетіңде еді.
Қыз есімін қызықтап қарға жазған,
Қыс мезгілі ақ қағаз секілді еді…

Қар шақырған қарқылдап жаман қарға,
Қап кеткендей сонау бір замандарда…
Қыс қысылып қарайды қара жер мен
ақ ұлпасын сағынған адамдарға.

Қалай айтам, білмеймін, балаларға
қалай жат боп кеткенін дала қарға.
Қараша үйде қалқайып тың тыңдаймын,
Қарқылдайтын шығар деп қара қарға.

***
Қайран күндер қасыңнан
қалғып-мүлгіп өттім мен.
Ояна алмай көп болды
өлең жазбай кеттім мен.

Қаламымның сиясы
қатып қалған сияқты.
Ақ қағаздан әлде осы
алып қаштым ұятты…

Өз-өзімді ақтаған
амалыма қарашы.
Ақиқатын айтсаңшы,
Иттің ғана баласы!

Мың күнімді өлтіріп,
Бір күнімді келтіріп,
Көп теңселдім көшеңде
қайрат-күшім кертіліп.

Жүргендердің бәрінің
жүрегінен көз іздеп.
Әуеден де, жерден де
дем беретін сөз іздеп.

Әуресі көп өмірге
өкпелеумен келем мен.
Суысқаным жөн бе осы
досым болған өлеңмен?!

Арманымды айшықтап,
Соған салып берген ем,
Не жамандық көрдім мен
өзім жазған өлеңнен…

Өзегіме қаламның
көк сиясы құйылып.
Өн бойымнан барады,
қызыл қаным сұйылып.

Тамырларым тырсылдап,
Жарылардай болып тұр.
Жаным жарақатынан
жазылардай болып тұр…
Өлеңіммен сәлден соң
ақ парақта беттесем.
Ағытпақпын көмейін
ағып бірге кетпесем.

Адасқақтың айтқаны

Сыйласар көп сырласқа сыйым болмай,
Жүрген-ай мына күнде күйім болмай.
Сыздаған жүрегіме сырқат жамап,
Дертті еткен қу мінезім қиын қандай!..

Құлаған қиын қандай әлің барда,
Әжімсіз ажарың бар, әрің барда.
Сыртымнан сырқатымды емдеп жүрген,
Сиқыршым, дәрің бар ма, дәрің бар ма?

Білмеймін, қазір менде жалын бар ма,
Мәз болам былғанбаған арым барға.
Аспанда ұша-ұша аш құрсақпын,
Алданып ағымдар мен сағымдарға.
Құлдилап құшағыңа келем құлап,
Жер-Апа-ау, наның бар ма, наның бар ма?

Айтпаған, айтылмаған әнім де алда,
Әу дейін қу кеудемде жаным барда.
Бір торғай бір жағымда шырылдайды,
Құс патшам, дәнің бар ма, дәнің бар ма?

Қиялап тартсам деп ем кезеңіме,
Өмірім өрт боп түсті өзегіме.
Аптапта көлеңке іздеп аласұрам,
Су патшам, ағыз мені өзеніңе.
Кәрінен уақыт пен замандардың
тал қармап талай-талай аман қалдым.
Қалғу жоқ қазір маған,
Қайтармаған,
Алдында қарызым көп адамдардың.
Онсыз да өкінішке толы өмір бұл,
Онсыз да келер бәрін тәмамдар күн.

Қол да аман,
Аяқ – мығым,
Бас – қалпында,
Жан-дүнием жалындайды жас қалпында.
Кез әлі келген жоқ-ау
қыр басынан,
қасқайып қарап тұрар тас қалпымда…

Қиялап тарттым, міне, кезеңіме,
Қарамай қарайғанның кезегіне.
Осыдан көлеңке іздеп көзге түссем,
Су патшам, ағыз мені өзеніңе.

***
Сені іздеп жүрмін адалдық,
Қай жаққа көшіп кеткенсің?
Қай кеуделерде жаралып,
Қай кеуделерге өткенсің?
Көңілде аяз өзіңсіз,
Өңірде аяз төзімсіз,
Күн кешем қалай өзіңсіз,
Күн кешем қалай көктемсіз?!

Сонымен қайда жүрсің сен,
Қай жақтан табам сабылып?
Сарғайтқан жанды кімсің сен,
Сағынып жүрмін сағынып.
Жанымды неге ұқпайсың,
Жарқылдап алдан шықпайсың,
Келесің қашан елге сен
ашу-ызаңнан арылып?
Өлетін болдым жарылып…

Қай жаққа кеттің қыр асып,
Кімдермен жүрсің жанасып?
Кімдерге жүрсің сыр ашып,
Кімдермен жүрсің жарасып?
Күн жарық еді біз жақта,
Ай жарық еді біз жақта,
Қай жақта жүрсің адасып,
Кімдерге жүрсің қарасып?

Қай жақта жүрсің қастерлім,
Дәл қазір ұшып жетейін,
Қанатым талса қайтейін.
Алдыңнан бір рет өтейін.
«Қайтару үшін құрбан қыл
қара басыңды», – десең сен,
деп пе едің артық құлдан құл,
Ғайып боп қазір кетейін…

***
Сан мыңдаған адамды саясына жинаған,
Сен байқұсты ойласам ұйқым қашып қиналам.
Жанашырға зар болып қуысымда сыздайсың,
Жүрегім-ай, жүрегім басқа ешкімге сыймаған!..

Байқұсым-ай, байқұсым, даяр әркез қызметің.
Аяғынан кетсе де адамдардың сыз өтіп.
Сені аяйтын сонда да ешбірінің жоқ түрі,
Өзімдікі болғасын өзім жүрмін күзетіп.

Сен жүрегі болғасын салдыр-салақ ақынның,
Мау басыма сәулесі кеш түседі ақылдың.
Келіп-кетіп жүргендер кеткен екен кірлетіп,
Енді соның азабын жалғыз тартып жатырмын.

Арбасына тиелген қабындаймыз азаптың,
Ырғатылып барамыз жұртын іздеп азаттың.
Соңы сен ғой дейсің бе жұлмаланған жүректің,
Соңы мен ғой дейсің бе жүрегі ауру қазақтың.
Аралап көр сенбесең, аралап көр ел ішін,
Ентігеді анау дос жеткізбеген жел үшін.
Отан үшін, жер үшін ауырады анау дос,
Ауырады мынау дос ұрпақ үшін, ел үшін.

Ауырады ағалар бір басының қамы үшін,
Ауырады балалар бір жапырақ нан үшін.
Уайымнан у ішіп отырғандар мына топ,
Жыртылмаған жер үшін, себілмеген дән үшін.

Өзің айтшы байқұсым, айтшы қане дұрысын,
Байлам болар өмірге бар ма біткен бір ісім.
Шаншып-шаншып қоясың шамшырағым – жалғызым,
Ауырасың не үшін? Алаңдайсың кім үшін?!

Құлазу

Ешкім мені еркелеткен жоқ еді,
Еркелегім келеді.
Ет жақыным,
Естілерім көп еді,
Ескермейді неге оны?

Көне тамдай мезет сайын үгіліп,
Көк көйлектей оңамын.
Көрінгенге отымды ала жүгіріп,
Өзім ылғи тоңамын.

Деп жүргенде бәрі-бәрі жаттанды,
Көктем келді өлең боп.
Жылап келіп жылап ол да аттанды,
«Кейін қайта келем» деп.

Жан сырымды жазға айтамын деп түйдім,
Хабардар деп күйімнен.
Аптабымен алқындырды, көп күйдім,
Шыға алмадым үйімнен.

Күздей едім,
Күрсіндіріп күз келді,
Күз – күмәннің мекені.
Бояуы көп,
Баяны жоқ бұл мезгіл
келеді де кетеді.

Жыр қыларым жылыстайды жыраққа,
Жылу күтем, ал, кімнен?
Қарашаға қош-қош айтып қыратта,
Қар астында қалдым мен.

Қара жер мен қар арасын паналап,
Қалтыраймын, қарағым!
Қара айғырды қойып едім тағалап,
Қайда кетіп барамын?!

Ет жақыным,
Естілерім көп еді,
Ескі болды өлеңі.
Ешкім мені еркелеткен жоқ еді,
Еркелегім келеді…
Еркелегім келеді…

Хатқа хат

Сен әлі де қимай жүрген шығарсың,
Орнымдамын,
Мен ешқайда кеткем жоқ.
Дәл өзіңдей бір жүрекке сыңармын,
Ешкімге де,
Ештеңеге өкпем жоқ.

Мен бейбақты сағынышсыз дейсің бе,
Қойғам сақтап сені сана түбіне.
Келер күннің уайымын жейсің де,
Кеткен күнге көз тастайсың үңіле.

Сол баяғы кездегідей қайыңның
жапырақтарын жел сыпырып барады…
Сені өзімнен қоңыр күзде айырдым,
Жастығымның жасқа толып жанары.

Неге сонда ұстап мені қалмадың,
Неге айырылдың сол бір ынтық адамнан?!
Содан бері қанша мәрте жаурадым
алау таппай мынау аңқау ғаламнан!

Күрсініске толы сенен хат алып,
Күйге түстім жүрек етім күлдіреп.
Тіл ұшында «бала ғашық» атанып,
Көз алдымда қайта тұрсың үлбіреп.

Енді бізге елжіреуден пайда жоқ,
Сен де,
Мен де бір-бір жанға сыңармыз.
Бір-біріне іңкәр жүрек қайда жоқ,
Біз де соның бірі ғана шығармыз…

Пікір қосу