Желідегі әлем

0
44 қаралды

Интернет арқылы күллі әлемнің жаңалығын алақаныңда ұстап көрер бүгінгі заманда, әлеуметтік желілердің не демегіне анда-санда құлақ асып қою артықтық етпейді. «Қазақ әдебиеті» газетінің көп оқырманы әлеуметтік желіде талқыланып жатқан жазбалардан бейхабар болуы да мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта желілердегі жазбаларды оқырманға қайыра ұсынып отыруды жөн деп санадық…


Ғалым Боқаш

Жәмиден бір мысал

Ашкөздеу бір сарышұнақ далада әр нәрсені тұмсығымен бір түртіп, азық іздеп жүріпті. Бір уақытта көзі жерде бос шұбатылып жатқан бұйдаға түседі. Бас көтеріп қараса, байлаудан босап кеткен бір иесіз түйе жайбарақат жайылып жүр екен. Әлгі тышқан ойланып жатпастан ескі әдетіне салып бұйданы шап беріп ұстапты да, тегін түйені ініне қарай сүйрелей жөнеліпті. Титімдей кеміргіштің мына қылығын қызық көрген түйе «қайтер екен» деген оймен ілесе беріпті. Бір уақытта сарышұнақ шаршап-шалдығып мекеніне жетіпті де, түйеге бір қарап, інінің аузына бір қарап тұрып қалыпты. Сол кезде түйе сөйлепті: «Әй, беймаза достым, мына қиын ахуалдан шығудың екі жолы бар: не ініңді кеңейтесің, не мені кішірейтесің. Екеуі де қолыңнан келмейтіні бар – неге осынша әуре болдың?».

P.S. Құдай туралы ілімді «ініне» сыйдыра алмай жүрген барлық тараптағы барша пақырларға арналады.


Расул Жұмалы

«Амандық пен бақытты алып берген Өктәбр» деп дүрілдетуші еді совет заманының талай ақыны. Сондағысы әлгі «өктәбр» қазаққа шынымен не берді – онымен ісі жоқ. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа», құр мақтау. Көңілге тиері – бүгінгі заман мерекелері сол ескі сарынға түскені. Кезектен тыс демалыс, баяғы мақтап-мадақтау, ырду-дырду ғана. Ал айтулы күн нақты несімен ұлық, халыққа не әкелгенін түсіну, кемшін тұстарын ұғыну жоқ. Әлдебір аспанға ұшырылған шар секілді – іші қуыс, көрінген жел ұшырып әкететін уақытша көңіл аулаушы нәрсе.


Асқар Құмыран

Бүгін (30 тамыз – ред.) түріктер күні деп атауға болады.
1. 1995 жылы ҚР Конституциясы қабылданып, Qazaq Eliнің дамуын бірнеше жылға ілгерілетті.
2. Түркияда Жеңіс күні тойланады. Думлупинардағы грек басқыншыларымен шешуші шайқаста жеңіске жеткен, бақилық болғандардың рухына тағзым етеді. Түркия тәуелсіздігі үшін болған бұл шайқастың соңы 1922 жылы жеңіспен аяқталған еді.
3. Бүгін Татарстан мемлекет болған күнін тойлайды. 1990 жылдың 30 тамызында осы Республиканың Жоғарғы Кеңесі Татарстан КСР-інің егемендігі туралы декларация қабылдаған болатын.
4. 1944 жылы КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің қаулысымен Қазақстанға ахыска түріктері жер аударылған болатын. Оның ішінде 14 жасар менің нағашы әжем де бар еді.


Елдос Тоқтарбайұлы

Ұлттық арнаның көрерменімін!

Еліміздегі нөмірі бірінші арна жаңа маусымын бастады. Жаңа маусымның ерекшелігі – ұлттық арнаның ұлттық құн­ды­лық­тарды насихаттауы, қоғамдық ұлттық сананың қалыптасуына себепкер болуы. Ауыл-аймақтағы қарапайым көрерменнің назарына тағы да қазақы тың жобалар ұсынылды. Тіпті, ендігі жарнаманың да өз ерекшелігі барын аңғарасыз. Та­­нымдық көкжиегіңді арттырып, дүниетанымыңды қалыптастыратын жобалар – қа­зақ елінің дамуына қызмет етеді. Сонымен қатар, «Qazaq radiolary» да, кішкентай кө­рер­­мендердің досы – «Balapan» да ұлттық рухты оятар – «Qazsport» та өзінше бүр жа­­рады. Qazaqstan ұлттық арнасы – қоғамдық формацияның өзгеруіне, Қазақ елінің жаңа­­ша дамуына жол ашсын деп тілеймін. Арнаның өнімдері алыс-жақын шет ел­діктердің нарығына өте берсін!
Отандық телесериалдар, ток-шоулар мен түрлі бағыттағы бағдарламалар өз аудито­рия­­сын тауып, көрерменінің көзайымына айналатынына сеніміміз зор. Қазақтың Ер­­лан Тынымбайұлындай жаңашыл, шетелдік тәжірибесі мол білікті азаматының ар­­қасында көгілдір эфирге тележурналистиканың корифейлері қайта оралып, кейінгі жас буынға үлгі болмақ.
Жаңа маусымның басты ерекшелігі – Ақ жайық, Алтай, Қызылжар, Сарыарқадай кие­лі атауларды таңбалауы. Бұл жерлерді естігенде, қай қазақтың болса да делебесі қо­­зып, өр Алаштық асқақ рухы оянады! Міне, енді біздің мемлекеттігімізге бәз­біреу­лер күмәнданып, Тәуелсіздігімізді жоққа шығарып көрсінші! Мынадай атаулар­ды жадына сіңіріп өскен кішкене балаң тұрмақ, теледидарға телмірген мысығың да ұлт­шыл болмақ!
Министріміз Дәурен әскербекұлының қолынан қамшысы түспесе, ақпарат кеңіс­тігі әлі талай жаңарады. Жақсарады. Бәсекеге қабілетті болады. Тек күтейік…
Алға, Қазақстан! Жасасын, Алаштың рухшыл азаматтары! Қашан да Ұлт­тық арна қосулы болсын!

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.