Қазақтың жалғасы – «Қазақ әдебиеті»
01.09.2017
1258
0

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ


«Қазақ әдебиетінің» дәуір­леген шағында жұмыс істеу несібесі бұйырмаған осы жолдардың иесі пақырға өтпелі кезеңнің қып-қызыл өларасында есігін қағып, босағасынан имене аттауға тура келіп еді. Сәті түсіп, «Заман Қазақстанға» Бас редактор болып ауыспағанда – осында ұзақ уақытқа табан тіреуге ішімнен ұйғарып қойғанмын.

Ер кезегі үшке дейіннің өзін­дік серті шынымен де бар ма, ой­лап қарап отырсам, Бас ре­дак­торлық қызметтен осымен үшін­ші жолы өз еркіммен қош­тасқан екенмін. «Заман Қа­зақ­стан» мен «Қазақ радиосынан» құйысқанымның көтерілу се­беп­тері жеткілікті. Ал «Қазақ әде­биетіне» бүгінгідей жағдайда жас адамның қажыры көбірек керек. Миыңның тұнықтығы мен ақыл-ойыңның сергектігі, қия­лыңның жүйріктігі мен ұс­таным сабыры секілді қадау-қа­дау ерекшеліктер тұрмыстың қа­тал илеуінің алдында бірі де есеп­ке алынбай қалатын сияқ­ты. Осы қызметке кірісер-кіріс­пес­тен телефон соғып, құттық­та­ған академик Рымғали Нұр­­ға­лиев ұстазым: «Әдебиеттің шекесі шылқып тұрғаны шамалы. «Заман Қазақстанды» қалай шы­ғардың, мұнда да сол жұмы­сыңды жалғастыра бер» деген кесімін бір-ақ тұжырып айтқан еді. Он жыл бойы бірге оқып, ұзақ жылдарғы қатынасым үзі­ліп көрмеген марқұм Рафат Әб­діғұл бауырымның: «Қазақ әде­биетін» «Литературная газе­таға» ұқсатып шығаруға тал­пын­бай-ақ қой, оныңнан түк те шық­пайды. Жүз елу миллионға таяу халқы бар мемлекеттің құ­ры­ды дегенде, жүз елу мыңының әдебиетке ынта-бейілі күшті болуы мүмкін. Әртістері мен ре­жиссерлерін, жазушылары мен философтарын, ғалымдары мен саяхатшыларын әңгімеге тар­тып көрсең, қатары бір сеті­неп қоймайды. Он миллион қазақтан мың адамды іріктей ал­саң, ол да жақсылық» деген сөзі әлі күнге жадыда. Дәл осы араға әлеуметтік ой нақты­лығы қажет-ақ. Он мың адам іріктеліп шы­ғып, оқушылық міндетін мүл­тіксіз атқаруға кіріс­се, «Қа­зақ әдебиетінің» көсегесі көге­ріп, әжептәуір көрсеткішті иемденер еді. Әдебиет сүйер қауым­ның са­нын жүргізген кім бар? Қа­зақ­стан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Жазушылар одағына арнайы ат басын бұрып, жолай «Қазақ әде­биеті» газетіне соққанда, осы жол­дардың иесі мыңдаған кі­тап­­ханалар мен қазақ әдебиеті мен қазақ тілі пәнінің оқыту­шы­лары осы газетті жаздырып ал­майтынын тілге тиек етіп еді. Жо­ғары оқу орнының бірінде са­бақ беретін ғалым бұл мәселені естігенде, «Ондайлар өз маман­дық­тарын аса жақсы көрмей­тін­дер» деген үкімін шығарғанын Мем­лекеттік хатшыға құлақ­қа­ғыс қылдық та.
Қазақтың алдыңғы қатарлы қа­зіргі азаматтары мұндай мәсе­лені сөз қыла бастасаң, езулеріне мысқыл шалыс күлкі үйіретіні сөзсіз. Америка мен Еуропаның мысалына жүгініп, солардың үл­гісін ұсынудан әсте тайынбай­тын олар «өзіңнен туған жас ба­ла сақалы шығып жат бола­тын­ның» керін қайталап қана тынады. Олардың көбі басынан бақай­шығына дейін Батыста оқып, ұлттық рухтан алыстап кеткен кө­зелдер емес, кәдімгі қазақтың қағанағын жарып шыққан төл­тума ұлдарымыз. Осы тақілетті сөз айтқандарды он тоғызыншы ғасырдың за­манақыр ақын­да­рының қатарын толықтыратын жаңа өкілдер деп сипаттауға жү­ректері дауалап барар да. Орыс­тілді министр газет атын естіген сәтте «әкем жақсы көретін басы­лым еді» деп, мейірімі түсе ел­жіреп кетіп, сұхбат бергеніне мұндағы біз мәз күй кешкеніміз­ге не деуге болады өзі? Жалпы, «Қа­зақ әдебиетінің» оқырман саны азаюының түйткілі дәл осындай жағдайдан туындайтын шығар. Қазақтың рухани та­рихында қасиетті орны бар газет оқушы­ларының ұрпақ жал­ғастығы осылайша біртін-бір­тін үзілу үстінде. Көп жерлерге барғанда «Қазақ әдебиетін» қатардағы басылым ретінде қабылдап, көптің біріне балай салатындарды көргенде, көңіл құр­ғыр одан сайын ортая түседі. Осыдан шо­шынғаннан кейін айтар сөздің ретін таба алмаған­дай қина­ла­сың. Он жыл бойы қызмет істе­ген орынды ойласаң біт­ті ішің уылжып, елжірей жө­нелетіні өз алдына. Ұрпақ алмасу үдерісінің дәл қызған шағын­да жауап­кершілікті қорықпастан алып жатқан кейінгі інілерге та­быс тілегеннен басқа не дей­сің.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір