Ел ішінде екі апта
01.09.2017
2944
1
«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі». Кіндік қаны тамған топырақты кие санап, құрметтеу әрқай­сы­мызғ­а тән қасиет. «…Азаулының Ыстамбұлдан несі кем?» деп, кешегі ер Доспамбетті ат үстінде қалғытқан да туған мекенге деген махаббат! Мұқағали айт­қан­дай, «хан тағы қараң қалатын» қарашаңыраққа де­ген қазақтың көңілі де, құрметі де алабөтен. Батыр да, ақын да, көсем де, шешен де туған мекенге – сә­би! Отанға деген сезім туған өлкенің құндағынан жа­ралады.
Жаһандану заманында ұлтымызды жат мәде­ниет­тің жетегінде жұтылып кетуден сақтайтын, жан дү­ние­мізді жаңғыртып, рухани суат болатын сол қай­мағы бұзылмаған киелі мекендер, тарихи орындар. Қа­лам ұстаған жазушының, архив аршыған ғалым­ның, көмейіне бұлбұл ұя салған әншінің, мың бұрал­ған бишінің, қызыл тілі таңдайын күйдірген шешеннің, ел бастаған көсемнің, бәрінің де тамыр тартқан топы­ра­ғы бар. Осы орайда, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің жаршысы – «Қазақ әдебиеті» газеті «Ауылыңа бардың ба?» дейтін жаңа айдар ашып отыр. Бұл айдар – көңі­ліңіздегі туған жеріңіз бен өміріңіздің алтын қазығы бол­ған туған Отан арасындағы алтын көпір.


Ғалым Жайлыбай,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


1. Сәкен елі – жазиралы Жаңаарқа

Ауылымның қонған жері жусан ба екен,
Белімді жусанменен бусам ба екен.
Кешегі өтіп кеткен жиырма бесті
Артынан қос атпенен қусам ба екен?!
Туған ауылға бет алған сайын қара өлеңдегі осы бір шумақтағыдай күй кешем. Әркімнің ата­ме­кені – көңілінің алтын төрі. Өткенде Қазыбек би бабамыздың тойынан қайтар жолда арқалы ақын Жүр­сін Ерман қаламдас досы Жұмабай Шаш­тайұ­лы­на: «Алатау ғажап қой, Жұмеке, бірақ көз тоқта­тар бедері жоқ кеңістікке не жетсін!», – деп қал­жың­даған. Бәлки, Жұмабай ағамның түсіне ақша бұлт­тар, Жүрсін ақынның түсіне жусан кіретін шы­ғар…
Арқа баласының стихиясы – кеңістік. Өзін де, өзге­ні де содан іздейді. Ақ сағымы алыстан қол бұл­ғап, жусаны жұпар шашқан Бетпақтың бедер­сіз белінде алты қанат ақбоз үйлер сап түзеген жыл­қылы ауылдың тай үйретіп, атқа шапқан ба­ласы едік. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, енді бә­рі ерте­гі, бәрі аңыз. Ел ішіне нарықтық қаты­нас­тар дендей кіріп, формация өзгергелі қазақ қо­ғамы да, қазақ қауымы да, ауылы да сан ­сы­­нақ­ты бастан өткерді. Бай мен кедейдің аражігі ажы­рай бастады.
«…Жеріне біздің жақтың лайық ері, Өр, палуан, әнші сері жігіттері» деп Сейфолланың Сәкені жыр­лағандай, Жаңаарқа бақ қонып, қызыр дары­ған рухы асқақ мекен. Жаңаарқаның екінші аты – Сәкен елі. Орман, тауы, суы, нуымен емес ұлыла­ры­мен, ұлымен мақтанатын жұрт.
Әне бір жылдардағыдай емес, ел еңсесін тікте­ген. Аудан орталығы Атасу кенті шырайлы шаһар­ға ай­нал­ған, ұлылардың рухы болып басына бақ бай­лан­ған. Кейінгі жылдары аудан тізгінін қолы­на алған Арқаның акерке әншісі, біздің ұстазымыз Игілік Омаровтың ұлы Ғабдрахман ел сүйсінер жұ­мыстар тындырыпты. Атасу еңселі ескерткіштер қалашы­ғына айналыпты. Ғабдрахманның өзі өткенде ғана ака­демиктер – Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова апамыздың Алматыдағы мерейлі тойында аң­қыл­дап ел атынан тілек айтып, ән әуеле­тіп еді. Екі-үш айдан бері жүрегі сыр беріп Қара­ған­дыда ау­руханада жатыр. «Қасқа айғырдың ба­ласы төбел туар» демекші, Икеңнің ұлы ғой, тезі­рек сауы­ғып кетсін», – дейді ел тілегі.

Ауылға бардым. Аялы да, аяулы мекен. Бір кезде Еңбек Қызыл Ту орденді «Жеңіс» совхозы атанып, еділбай қойын өсіруден рекордтар жасаған Кеңестер Одағына бел­гі­лі шаруашылық еді. Алпыс мыңнан аса қойы, үйір-үйір жылқысы болатын. Атасу кентінен батысқа қарай орналасқан біздің ауылдың бұрынғы атауы – Түгіскен. Екі жа­рым мың­дай халқы бар осы ауыл қашан да уыздай ұйып отыратын. Әкелерім Жайлыбай мен Торғайдың, ағам Әбдіәшімнің, нағашы әж­ем Тойбаланың басына құран оқып, қа­ра­шаңыраққа келдім. Тоқсан екі жасқа қараған анам Ақторсық екі жылдан бері Астана іргесіндегі Қараөткел ауылында, кенже інім Қайраттың қолында. Сәкен­нің жан серігі Бәкен Серікбаевтың жиені, өзінің де әкелері рулы елдің ұранына айнал­ған қайран анам, қасиетті анам! Денсаулы-ғың сыр беріп, кәрілік меңдеген шақта он бір перзентің мен олардан тараған ұрпақ ала­­қанға салып аялай алып жатырмыз ба?
– Көкебас, тәтемнің көңілін сұрап ке­ле­тіндер көп. Кісі келсе жадырап қалады. Тағы бір ту бие сойып алдым, – деген Қайрат інім шілденің басында хабарласып.
– Анамыз жадыраса кезектесіп болса да ту бие соямыз ғой. Біздің анамыз әлемдегі ең қасиетті, ең киелі, ең сұлу Ана. Шешемізге жасаған қызметтерің ұрпақтарыңнан қайтсын Қайрат інім, Салтанат келін! Ауылға барып қайтқан соң тәтемнің қасында міндетті түрде екі-үш күн боламын деймін телефонның ар жағындағы бауырыма.
Анам Ақторсықтың Алматыға келме­ге­ніне үш-төрт жылдың жүзі болды. Енді кел­мейтін де шығар… Инсульт алғалы дәрігерлер рұқсат етпейді.
…Алматыға Арқадан Ана келді,
Бір тойлайын жиып ап тамам елді.
…Мендей ақын табылар іздегенге
Сіздей асыл табылмас маған енді,
деп ақын ұлын жырлатып, немерелерін қуан­тып, шаңырағымды шаттыққа бөлеген күн­дер-ай, шіркін! Кәкімбек ағам «Ана» деп, қазақтың аққу ақыны Марфуға «Ақ­тор­сық жеңешеме» деп өлең арнап еді-ау! Енді ауылыма келгенде алдымнан айналып, толғанып шығатын анам ғұмырында бірінші рет болмай тұр. Ауғанстанда соғысқан інім Манас қарашаңырақтың бүгінгі иесі. Же­лі­сіне жеті-сегіз бие байлап отырған бауы­рым қойын сойып, қымызын сапырып қарсы алды. Жалпы, біздің ауылдан қоныс аударатын шаңырақ некен-саяқ. Желісі бос үй де солай. Күбісі пісіліп, сабасы ысталып, қымызы сапырылмаған үйдің әйелі әйел емес. Бағзыдан сондай түсінік қалыптасқан. Атажұртқа кіндігімен байланған ел.
Ауылдың ең үлкен жаңалығы – біз оқыған Түгіскен орта мектебінің аты Алаш арыс­та­ры­ның бірі, жерлесіміз Жанайдар Сә­дуа­қасов есімімен аталыпты.
…Жылқышы Қайрат Көпбаев інім 120 миллион қаржы жұмсап, ауылдың қақ ортасынан заманауи спорт кешенін тұрғызып, ауыл әкіміне кілтін табыс етіпті. Оның жұ­мы­сын жүргізуді менің кластас досым, әй­гілі палуан, КСРО спорт шебері Қалкен Әбенов мойнына алыпты.
Бәрі де көңіл қуантар жаңалықтар. Ауыл әкімі, жиенім Өмірғали Нұрғалиұлы бас­тап, бала кезден достарым Марат, Қыдыр­бай, Ержан қостап бірнеше мәрте мәжілістес болдық. Ауыл жайлы, өмір жайлы, балалық кезең жайлы әңгіме тиегі ағытылды.
Десе де көңіл алаң. «Дәрия кеуде, тау мү­сін» қариялар, абыз ақсақалдар жоқ. Ба­ға­налы бәйтеректей елдің жайын, жердің тағдырын, ұрпақ қамын толғап бір кетуші-еді ау, асылдарым. Менің қатарларым да алпысқа келген көпей шалдарға айналған. Ойыма Жарасқанның:
…Ауылыңда бар ма дедім ақсақал,
«Ақсақалы мен» деді бір жас нахал.
Сұрап едім ауыл жайын, ел қамын
Қаптаттай кеп цифрларды бас қатар, – деген өлең жолдары оралды. Ақсақалсыз ауыл – аққусыз көлмен тең…
…Ана бір жылы «Қазақстан» телеарнасы мен туралы «Келбет» бағдарламасын түсіру үшін біздің ауылға ат басын арнайы бұрған. Ауылдың маңы ашық-шашық карьерлер, ақбөкендер ауып, айдынының суы тар­тыл­ған, маңайға «Протон» зымыран тасығышы шашырай құлаған, айнала сорға айналып, шөптің алуан түрі жоғалған берекесі аз тіршілік.
– Ау, сонда туған ауыл туралы не көрсетеміз деймін ғой.
– Он екі қабат киіз үй тігіп, бір жылқы соямыз. Қымыз сапырамыз, кісі шақырып думандатамыз, – дейді інілерім далалық мінезбен. Солай жасадық. Астанадан халық әртісі Қайрат Байбосынов бастаған сал-серілер, Қарағандыдан аймаңдай ақын Серік Ақсұңқарұлы, ақын-ғалым Қойлыбай Асанов пен Жансая Жарылғапов бастаған бауырларым, Жаңаарқадан жеті шекті гитарын арқалап Қорабай Есенов, Жезқазғаннан сатирик қаламгер Базарбай Әлеуханұлы бас болып, Қазақстанның еңбек сіңірген әр­тіс­тері Ғалым Мұхамедин мен Береке Көшенов ағаларым жеткен. Анам үшін бәрі өз балалары. Айналып, толғанып жатыр. Ән әуелеп, күй күмбірлеп, жыр оқылған ғажайып кеш болды. Арқаның ақ таңын көз ілмей қарсы алдық.
…«Келбет» бағдарламасының продюс­сері, ақын қарындасым Жаңыл Асылбекова: «Ғалым аға, осы ауылдан Астана қанша шақырым?», – деп сұрайды.
– 600-ге жақын. Қарағанды – 350, Жез­қаз­ған – 200 шақырым, – деймін мен.
– Арқада қашықтық деген ұғым жоқ ек­ен ғой, аға, – дейді Жаңыл таңданысын жасыра алмай.
Иә, қыр қазағында қашықтық деген ұғ­ым жоқ. Көңілі де, көзі де кеңістікті кезе­ді.

2. Қорғалжынға құт қонған

Қараөткелде анамның қасында бірер күн аялдаған соң тағы да жолға шықтық. Ендігі бағыт – Қорғалжын!
Асанқайғы бабамыз желмаясына мініп Сарыарқаны аралап, Есіл, Нұраны бойлай келіп Қорғалжын көліне кезіккенде: «Кедейі кербез, кемпірі, келіншегі ғұмырында мұқтаждық көрмейтін жер екен. Кәсібі, балығы, базары қызық, қайғысы жоқ, халқы тыныш, алты күнде ат семіретін жер екен», – деп сипаттаған екен. Абыздан аңыздай болып жеткен осы сөз жадымызда жаң­ғырады. Қор­ғалжын атты ғажайып мекенді бір кө­ру­ге құмар етеді.
Қырық жылғы досым, филология ғы­лым­ының докторы, Еуразия универ­си­те­тінің профессоры Жантас Жақыпқа: «Еліңе бір апарсайшы!», – деп қолқа салғалы қашан!.. Сапар сәті енді түсті.
«Ел-жұртпен хабарластым, тамыздың алғашқы күндерінде жеткеніміз жөн» деген Жәкең. Осы бағытқа бірге ерген Қазақс­тан­ның еңбек сіңірген әртісі, менің кластасым, Серік Оспанов, ақын інім Ұларбек Дәлей, Қытай қазақтары арасынан шыққан әйгілі Әділбек палуан бәріміз әңгіме-дүкен құрып отырып Қорғалжынға қалай жеткенімізді байқамай қалыппыз.
«Қорғалжын – әлемдегі сулы-батпақты тоғыз биосфералық аймақтың бірі. Алла Тағала жаратқан күйінен айыра қоймаған тұмса табиғат, қазақы қаймағын кеңес үкі­меті де іріте алмаған қасиетті мекен», – деп Жантас досым әңгіме тиегін шабыттана ағытады.
Бұл – атақты ақын Арыстанбай Толыбай­ұлы­ның атамекені. Шоқан Уәлиханов «Қа­зақ халық поэзиясының түрлері» деген мақаласында Тоқтамыс, Едіге, Ер Қосай, Ер Көкше туралы жыр-дастандарды Қойлы-Атығой болысының қазағы Арыстанбайдан тыңдағанын жазады. Арыстанбайдың Шөже, Орынбай, Сералылармен айтысы бізге жеткен.
Қорғалжын – жыр дүлдүлі Құлтума Өтемісұлының (1840-1914) туып-өскен, өнерін өрлеткен жер. «Сұрасаң менің атым Құлтума-ды, қазақта Құлтумадай ұл тумады», – деген ғой, жарықтық. Құлтума Кенесары хан жағасына еру жасағандықтан, соның құрметіне «Сұлтанкелді» атаған үл­кен көлдің сыртында, ұлы ханымыз аялдаған соң «Абылай алқымы» аталған жерде жерленген.
Қорғалжын десе, есімізге «Дудар-ай» – орыс қызы Мария Рыкинаның қазақ жігі­тіне ғашықтығын баяндайтын әйгілі ән тү­седі. «Мәриям Жагор деген орыс қызы, он ал­ты он жетіге келген кезі…». Орыс қызының жан сырын жырлап, әсем әуенге салған Үле­б­ай Әнетұлы екенін айтады жергілікті жұрт.
Үлебай Әнетұлының бейіті «Өркендеу» ауылының жанындағы қорымда. Осы ауыл­дың сыртында, Нұра өзенінің жағасын­да, Тоқтамыс ханның қызы ел үшін ерлікпен жау қолынан қаза болған Қаныкейдің мазары бар (опырылып құлай бастапты). Атақты композитор Кенжебек Күмісбеков, күміс көмей әнші Рабиға Есімжанова, академик Сұлтанбек Қожахметов, гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов осы елдің перзент­тері.
Астана жақтан Қорғалжынға кіре бергенде оң қапталдан күмбез көрінді. ХІV ғасырда орын тепкен Бытығай қаласының орталығы екенін көрсету үшін ескерткіш ретінде салып қойған ғимарат екен. Бұл қала кіші Жібек жолының бойында асау Нұрадан керуен өткізіп, саудаға сеп болған. Одан ары жарқырап жатқан «Жәнібек Шалқары» көлінің жағасындағы қыраттан археологтар хан мазарын тапқан, ХV ғасырдың ескерт­кіші. Көнелікті зерттейтіндер қазақ ханы Жәнібекпен байланыстырады.
Аудан әкімінің орынбасары Төстікбаев Жомарттың қабылдауында болып, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Рысбаев Сартай­дың шаңырағынан қонақасы жеп, ән салып, әңгімеміз жарасып біраз отырдық.
– Жігіттер екі маршрут дайындапты. Құ­ланөт­пес жаққа тартсақ болады, әлде қашық та болса Құлтума бабамыздың басына барып құран оқимыз ба? Өзім де бармап едім, – дейді Жантас. Екінші ұсынысты құп алып жолға шығып кеттік. Даланың жолы, қасиетті сүрлеу. Орта жолда күтіп алған ел азаматтары біз мінген жеңіл машианаларды доғартып, дала жолына ыңғайлы шағын автобусқа мінгізді. Айнала жарқыраған көл, сағым қашқан жапан дүз. Көл демекші, Қорғалжынның көлдері көп жырға көрік болғандай. Бұл аймақта 37 көл бар. Ол көл­дер­мен Нұра, Құланөтпес, Көң өзендері та­мырласып жатыр. Көл беті шүпірлеген құс. Құстың 400-дей түрі бар. Қызыл кітапқа жазылған қоқиқаз осы жерде балапан басып, сонау Индия, Африкаға қайтып жатады. Ақ шаңдақ ілестіріп ақыры Қорғалжын қорығына да жеттік-ау! Ащы сулы Теңіз көлі мен Қорғалжын ойпаңы ондаған көлдердің басын біріктіретін қорықтың жалпы көлемі 543 мың 171 гектар. Әр көлдің тарихы бар. Мәселен, Сұлтанкелді Кенесары түскен көл. Абылай қонған көл деген де көл бар.
Бір көлде жүздеп жүзген аққуларды көр­генде көзің тұнады. Өркениет жете қоймаған ғажайып әлем. Тұмса табиғат. Қорғалжын 1968 жылдан мемлекеттік қорық мәртебесін алған. Қорғалжындықтар сол кездегі өкімет басшысы Дінмұхамед Қонаев есімін ерекше құрмет тұтады. Димаш аға сан мәрте келіп саят құрған. Көл жағасында саяжайы бар.
– Көл атауларына байланысты небір қы­зық гәптер бар, – деп әңгіме бастады Жан­тас. Бір әнші бауырым Кәкімбек аға­мыз­дың әнін «Қайтқан құстар барады, Еділдетіп Оралмен» деп беріле шырқап отырған ғой.
Сонда өнерден хабары аз нойыстау бір ағамыз: — Әй, ит Еділің не, Оралың не? Қор­ғал­жында көл құрғандай, айтсаң дұрыстап айт, – деп ақиыпты. Той үстінде ағасымен тәжікелесіп жатсын ба, әнші бауырымыз: «Қайтқан құстар барады, Қоқайлатып Нұрамен», – деп әуелетіп қоя беріпті.
– Е, ән осылай айтылса керек, – деп мәз болыпты әлгі ағамыз. Біз де мәз боп жатырмыз. Әй, қазақы мінез-ай!
…Жартытөбе қорымындағы Құлтума бейі­ті басындамыз. Оның ішіне төрт-бес адам жерленген. Олар Зада, Қосбол, Асқар Құлтума балалары. Құлтуманың өзі мен бәйбішесіне ескерткіш тақта, Құлтуманың жерленген жеріне құлпытас қойылыпты. Оң жағында тікеннің етегінде айғақ ескерткіш тастың қалдығы жатыр.
Ақын әруағына бағыштап дұға оқып, қол жайдық. Топырақ аққулы мекен айдын, шалқарлардың ортасынан бұйырыпты. Пе­й­іш­те нұрыңыз шалқысын, Құлтума ақын!
Бесін ауа көл жағалай кері бұрылғанбыз. Алдымызды мыңғырған ақбөкендер кесіп өтті. Текелерінің мүйізі жарқырап, табынын ілестіріп ағып барады. Олардың тұяқта­рының астында ғұмыр зулап бара жатқандай ма? Қырық жыл көрмеген асылдарымды қыр астынан жолықтырам деп кім ойлаған? Көңіл босады. Бетпақтың даласында бірге өскен бөкендерім, бар болыңдар!
…Кезігер дауыл да алдан, құйын да алдан,
Мәңгілік бесік болар бұйырған маң,
Орғырмыз ортекедей биік жардан.
Тағдырдың тасадағы тасы тисе,
Бізден де қашады әлі киік – жалған, – дейтін жыр жолдарым санамда қайта жаң­ғырды.
Келесі күні Нұраның табанынан балық аулап, сақ моншасына түсіп, суға секірдік. Бірер күнде көңіл көк тіреді.
Қайта айналып келгенше қош, Қорғал­жын!
Қаймағы бұзылмаған қайран ел!

3. Рухы Зерендінің Балқадиша!

Қорғалжын әсерінен арылмаған күйі Көкшетауға бет алдым. Тамыздың алтыншы жұлдызында белгілі қаламгер, Ақмола об­лыс­тық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреқожа достың алпыс жылдық мерейлі тойына шақыру алғам, «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» көгеріп-көктеп тұр екен. Қаламгер тойы – халық тойы. Сырлы да жырлы, сырбаз бір кеш бол­ды. Ел ағалары ақ тілегін ақтарды. Төлеген Қа­жыбай, Жабал Ерғали, Баянғали Әлім­жа­нов, Серік Жетпісқалиев, Құдайберді Мыр­забек, Алмас Темірбай, Мерген Тоқсан­бай секілді қаламгерлермен бас қосып, арқа-жарқа болып қалдық.
Келер күні Зеренді қайдасың деп тартып отырдым. Алматыдан шығарда ұзақ жыл «КТК» арнасын басқарған, қазіргі күнде «Қазақстан барысы» жобасын қолына алған Арман Шораев інім хабарласып: – Аға, маған соғып дем алып кетіңіз. Балқа­ди­шаның ауылын көресіз, Ақан серінің жұр­тын көресіз, қонағым боласыз, бәлки Зеренді туралы өлеңдер туар, – деген.
Зеренді жағасындағы «Аврора-Горден» демалыс орнының иесі Арман інім аңқылдап алдымнан шықты.
Бір қиырың Жыланды,
Бір қиырың Қошқарбай.
Барлық таудың мұнары,
Басын саған қосқандай.
Жасыл толқын Зеренді,
Жасырындың сен неге?
Өзіңдей бір өлеңді
Құя салдым кеудеме,
деп Сырбай ақын жырлаған Зеренді емес пе? Сырағаңнан асырып не айтуға болады? Алдымда Зеренді көлі жатыр толқып, қарағайлары қасқайып, ақ қайыңдары тербеліп ұжмақтың есігін ашқандай күйге түседі екенсің. Салқын самал, саф ауа!
– Алты күніңіз не, асықпай жатыңыз. Ертең Көкшедегі ел ағаларын шақырып, қонағасы берем. Бұл бұрыннан бар демалыс үйі еді. Біздің алғанымызға екі-үш жылдың жүзі болды. Қазақстан туризміне үлес қос­сақ деген ой ғой біздікі. Осында кезінде Шәмші Қалдаяқов ағамыз екі мәрте дем ал­ған екен. базарлығым бес ән Ерке Көк­ше» деп Көкшеге бес ән арнап кетіпті, жа­рықтық! Көзіңіз түскен шығар, ұлы сазгердің осында болған уақытын жазып, қара мәр­мәрға суретін ойып, ілгізіп қойдым. Енді Зе­ренді туралы ақындар жырларын да солай етпек ойым бар. Бәрі тарих, ешнәрсені елеу­сіз қалдыруға болмайды, – дейді Арман інім. Қазақтан барыс, жігіттен намыс іздеп жүр­ген Армандай ұланға Алла жар болсын!
– XIX ғасырдағы Көкшедегі Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Балуан Шолақ, Біржан сал­дар­дың рухтары XX ғасырда Жаңаарқаға қа­рай көшіп кеткен секілді көрінеді – деп еді сонау бір жылы Кәкімбек аға Салықов. Армандар аманда сол рухтың Көкшеге қай­та айналып соғар күні де алыс еместей кө­рінді маған.
Осы күндерде Тельман, Шиап, Ғосман, Шабдан, Төлеген ағалармен ұзақ сырластық. Аудан әкімі Асқар Мұратұлы жөн-жосықты білетін қазақы болмысты азамат екен. Ел­дің, жердің жай-жапсарына жетік. Ауданда жергілікті ұлттың үлес-салмағы көбейе бастаған. Оралмандарға қолдан келген жағдайдың жасалып жатқанын айтты.
Аудан аумағында көл көп. Ірілері Зе­ренді, Қарағайлыкөл, Айдабол, Бір қыз, Шы­мылдықты, Құмды көл, Жамантұз, Жолдыбай болып кете береді. Зеренді – Кеңестер Одағының батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің туған жұрты. Аудан орталығында мұражайы, ескерткіші бар.
Бірер жыл бұрын Зерендіге кіре берісте Ақан сері әнінің кейіпкері Балқади­шаға ескерткіш қойылыпты. Ар мен иманнан жаралған қазақ аруына қойылған мүсін. Көркемдік шешімі керемет. Шын өнердің бағасын білетін өсер ел осылай жасаса керек-ті.
…Сексен қыз серуенге шықса-дағы,
Ішінде қара басың, хан, Қадиша!
деп Ақан сері аңсар-арманын ақтарған Бал­қа­диша анамыздың Шағалалы өзенінің жа­ғасындағы Кеңөткел ауылындағы зиратына арнайы барып, құран оқыдым. Құлпытаста Балқадиша Ыбырайқызы Масабайкеліні 1883 жылы туып, 1950 жылы қайтыс бол­ға­ны көрсетілген. Руы – Қылды Қа­ра­уыл. Жұбайы Сүлеймен екеуінен тараған ұрпақтар бар. Ол жайында өнер зерттеушісі Ілия Жақанов ағамыз жазған. Көкшелік белгілі қаламгер, марқұм Жанайдар Мусин ағамыздың «Балқадиша» туралы жазған көлемді туындысы оқыр­манға жеткен жоқ. Ақан сері Балқадишаны ғұмырында жалғыз рет Жанайдардың әкесі Баймырза туып жатқан шілдеханада көрген деседі…
Ұлының басып кеткен ізі күндей,
Үміттің үлбіреген үзігіндей.
Зеренді, Көкшедегі сексен көлдің,
Зергерлер зерлеп соққан жүзігіндей.
…Осы сапар Зерендінің рухы Балқадиша болып елестеді маған.

***
Қайтар жолда Қарағанды, одан әрі Бал­қан­тау асып Қаз дауысты Қазыбек баба­мыз­дың 350 жылдық мерейтойына қатыстым. Ау­дан мәртебесінен айрылғанына бірнеше жыл болған Егіндібұлақ баба рухымен бір жасарып, жаңғырып қалды. Өңір басшысы Ерлан Қошанов бастаған ел азаматтары өр­кенді де, өрісті шараларды біріне-бірін жалғап ке­лісті той өткізді. Алматыға аттанар тұста Қазыбек би бабамыздың;
– Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт берекең атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Асқар тауың әкең қымбат
Туып-өскен елің қымбат,
деп басталатын өсиеті жадымда жаңғырды. Сол қымбаттарымыздың қадіріне жете бі­л­е­йік. Ел ішінде өткен екі аптада менің де көңіл­ге түйген ақиқатым осы.

ПІКІРЛЕР1
Жантас Жакупов 03.09.2017 | 12:32

Ақындар әрдайым ел ішінде жүргенге не жетсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір