Америка мектептері: құндылықтар арқылы берілетін білім
01.09.2017
8468
11

Шыңғыс МҰҚАН,
Гарвард университетінің магистранты


Америкалықтар осы неге жаңалық ашқыш? Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Илон Масктар бізде емес, неге өзгеден шығады? Осы сұрақтың жауабын іздеймін деп Қытай өкіметінің басы қатыпты. Адам санын ескерер болсақ, қытайлардың алаңдауы қисынсыз емес. Өнертапқыштар бірнеше есе көп шығуы тиіс. Қырсық қылғанда санасында сәулесі барлардың барлығы Тынық мұхитының арғы жағында дүниеге келеді. Оған қоса, қазір Америка мектеп оқушыларының білімі бойынша көш бастап жүрген де ел емес.

Сонымен, Қытай делегациясы әлгі феноменді зерттеу үшін Аме­­ри­каға аттаныпты. Apple, Microsoft, Google-дің кеңселеріне бас сұғып, шығармашылық құ­рам­мен сөй­лесіп, өнертапқыш­тар­дың өмір жолын зерттеп, әлеу­­меттік сауалнама жүргізген. Біл­ген-көргендерін зерделей ке­ле, қызық бір заң­ды­лықты бай­қап­ты. Жаңалық ашқан жастар­дың барлығы да бала ке­зінде ғы­лыми фантастиканы жата-жас­тана оқыған екен.
Шығыстағы көршілеріміз фе­номен формуласын қолдану үшін 2007 жылы ғылыми фантастика жанрының алғашқы конференциясын ұйымдастырады. Бұл жиын­­ға қатысқан британ жазу­шы­­сы Нейл Гейманның (Neil Gaiman) айтуынша, коммунистік пар­тия тарапынан өгейшілік кө­ріп жүрген аталмыш әдеби жанр мек­тептерде кең тарала баста­ған.
«Болашақ» бағдарламасының ар­­қасында осы теорияның ақиқа­тын іштей жүріп зерттеуге тамаша мүмкіндік туды.
Өткен оқу жылында ұлым Алаш Америкада бірінші сы­нып­қа барды. Массачусеттс штаты Бруклайн қалашығындағы Лоуренс мектебінде оқып жүрген ба­лам­ды бір жыл бойы бақылап, мек­теп бағдарламасын зерделеп, мұ­ғалім­дермен сөйлесіп, ата-ана­лармен араласып, Қытайды қы­зықтырған жұмбақтың жауабын мен де іздеп көрдім және тап­тым.
Бір жыл бойғы зерттеу нә­ти­же­­сінде мынадай ой түйдім. Аме­ри­каның орта мектептері оқушы бойы­на келесідей төрт негіз қа­лау­шы құндылықты сіңіреді екен: өз-өзін қадірлеу, қиялдай білу, ұлтжандылық пен жана­шыр­­лық.

I. Өз құның мен қадірің өзгелердің құрметімен қалыптасады

Алашты таңғы сағат сегізге 5-10 минут қалғанда мектепке апа­рып тастаймын. Бойы екі метрге таяу, шашын ақ шалған жі­гіт ағасы, мектеп директоры Урен Блэр оқушыларды мек­теп­тің алдында қарсы алып тұрады. Бәрімен жапа-тармағай амандасып жатады. Әр оқушының атын атап, түсін түстеп жағдай сұра­са­ды. Осы арада балаларын алып кел­ген ата-аналарымен де бірер сөз алмасып үлгереді.
Ішке кірген соң сынып жетек­ші­сі күтіп алады. Туған балала­рын­­­дай мейірімін төгіп, ұзақ мер­­­зім көріспегендей зор са­ғы­ныш­­пен құшақтап жатады. Ба­сын­да аң-таң болып жүрдім. Бұл не деген ағыл-тегіл махаббат?.. Кейін сырын біл­мек болып сұ­рас­­тыра бастадым.
Блэр мырзаға «жалғыз ғана сұ­ра­ғым» бар деп кабинетіне кі­ріп келдім. Есігі айқара ашық тұр. Директорды ағылшынша «prin­cipal» дейді. Принсипал бөл­ме­сінің жабық тұрғанын соң­ғы бір жылда көрмеппін. Кабинеті кіре берістегі бірінші есік. Кең адым­дағанда он шаршы метрден сәл-ақ асатын бөлме. Жұмыс ор­ны мен төрт кісі­лік дөңгелек үс­тел, шағын шкаф тұр. Одан артық жиһаз сыймайды. Осының өзінде ішін­де әрең айна­ласың. Терезе­сі­нен мектептің ал­ды, ал есігінен кі­ре­беріс дәліз кө­рінеді. Кіребе­ріс­тен күзетші көріп үйреніп қал­­ған көзім «директорге емес, кү­­зетшіге таптырмайтын кең­се екен» деп қояды.
«Осы Сіз неге оқушыларды кү­­тіп аласыз? Мектеп директор­ла­ры орындауға міндетті нұсқау­лық па?». Егер нұсқаулық болса, сұрап алып, озық тұсын елімізге неге ен­­гізбеске деген ой бойды билеп ба­рады…
– Таңертең оқушыларды қар­сы ал­ деген бұйрық жоқ. Бұл – оқу­­шы­­ларға деген құрметім. Үл­кен­дер­­дің құрметі балалардың бо­йы­­на сенім ұялатады, өз қаді­рін білуге тәрбиелейді, – деді ди­­­рек­тор.
Алаштың сынып жетекшісі Джоан­на Лиеберманнан рұқсат алып, бір күн сабағына қатыстым. Мұғалім мен оқушылардың өзара байланысын бақыладым. Білім беру әдістемесіне зер салдым. Екі ерекше жағдай көзге түсті.
Біріншіден, мұғалім оқу­шы­ларды өзімен тең көреді. Бірінші сыныптың балаларымен емес, өз қатарымен сөйлескендей тең құ­қықты байланыс қалыптас­тыр­ған. «Мен мұғаліммін, сендер оқу­шысыңдар» деген ұстанымды байқамадым.
Бір оқушы майлы бояумен сал­ған гүлдің суретін оқушылар­ға таныстырып тұр. Қалған оқушы­­лар жан-жағына қаумалай ор­на­лас­қан. Сөйлеуші сөзін тәмам­да­ды да. «Кімде қандай сұрақ бар?» де­ді. Үш-төрт оқушы қолын кө­терді. Мұғалімнің де қолы әуеде. Су­­рет­ші-оқушы аудиториясын көз­бен бір шолып шықты да, ал­ды­мен сыныптаста­рының сұрақ­тарына жауап берді. «Бояуды қай­дан алдың?». «Қызыл мен са­ры аралас­қанда қандай түс пайда болады?». Бәрінің сұрағына түгел жауап берді. Мұғалім әлі қолын кө­теріп тұр. «Сіз не сұрайын деп едіңіз Мисс Лиеберман?» деп өз та­ныстырылымын класс жетек­ші­сінің сұ­рағына жауап берумен аяқ­­тады.
Ағылшын тілінде «сіз» деген сөз жоқ. Бәріне «you» дейді. Де­ген­мен, «Сізді» суреттейтін басқа да лексика жеткілікті. Мисс Лей­бер­ман оқушыларына «сізді» біл­­­діре­тін «please» (өтінем), «thanks» (рахмет), «would you mind…» (қарсы емес­сің бе) деген сөй­лемдермен сөйлейді.
Оқушыларды өзіңмен тең көр­­сең, олар өздерін кем көр­мей­ді. Теңдік – ой еркіндігіне жол аша­ды. Сондықтан мұғалімнің пі­­кірі­мен келіспеу, берген ақ­па­ра­­тына күмән келтіру, дәлел сұ­рау қалыпты жағдай. Ашулана ма десем, керісінше, тақырыпқа қы­зы­ғу­шық ояттым деп мұғалім мәз. «Жаңалық – келіспеуші­лік­тен, жетістік – өзгерістен туады» деп қояды. Ішімнен «Не жаңа­лық», «не өзгеріс», бар бол­ға­ны бірінші сыныптың сары ауыз балапандары емес пе деп отыр­мын.
Екіншіден, класты безендіру­де әр оқушының ерекше орны, биік мәртебесі көрініс тапқан.
Бір күні Алашты сабаққа ер­те­рек алып келдім. Күтіп отырмыз. Есіктің сыртында оқу­шы­лар­дың дөңгелете қиған суреттері жап­­сырылып тұр. Төменгі жа­ғын­­да аттары жазылған. Алаш қа­рап отырды да, «менің суретім жоқ қой» деді. Айтып үлгерген жоқ, Мисс Лие­бер­ман жетіп кел­ді. Балам апайы­ның қолынан ұс­тады да, есіктің сыртындағы су­ретінің түсіп қал­ға­нын көр­сет­ті. «Енді менің су­ре­тімді қызыл ас­тарлы етіп іліңіз. Себебі, қызыл – менің сүйікті түсім» деп тап­сыр­ды.
Адам аты мен суретінің иесіне етер жағымды әсері талай зерт­тел­ген. Бір байқағаным, класқа кіреберіс есікте, сырт киім мен сөмке қоятын шкафта, дәлізде, оқу­­шы­лар­дың аттары мен сурет­тері жайқалып тұрды. Ал сынып­тың ішінде тіпті одан да көп болып шықты. Ерінбей санап шық­тым. Әр баланың аты жиырма рет кездеседі. Төбеге жіпке ілін­ген қағаз жұлдызшалар. Әр-қай­сында оқушы есімдері. Туған күн­дері көр­сетілген күнтізбеде де, керегеге жапсырылған ғы­лы­ми жобаларда да, парталардың үс­тін­де де бала­лардың аты жа­зыл­­ған. Ерін­бей санап шықтым. Әр оқушының аты немесе суреті сынып ішіндегі көрнекіліктерден 21 рет көрініс тапқан. Мұндай ор­тада оқыған балалардың эгосы ана­дайдан айқайлап тұрмай көр­сін енді!
Оған қоса, балалардың туған күн­дерін атап өту оқу бағдар­ла­масынан орын тапқан. Туған күн ие­сін ортаға алып, тілек айтып, оның ерекше тұстарын әңгімелеп, өздері жасаған қолөнер бұйым­дарын сыйлап ұсынып жатады.
Мектеп әкімшілігі сыныпқа мұ­ғалім тегінің алғашқы әріпін бе­реді. 1 L деген сыныпты бітірген Алаш «Мисс Лейберман енді мен мұ­ғалімің емеспін, досыңмын» деп айтты деп келді. Сабақ таңғы 8.00-ден түскі 14.30-ға дейін. Оқу жы­лы 21 маусымда аяқталды. Ба­­ла­лар өзгеріске үйренсін деп жыл сайын мұғалімі және жыл сайын сыныптастары ауысып оты­рады.
Ағылшын тілінде адам қасие­тіне қатысты «self-respect» және «self-esteem» деген түсініктер көп қолданылады. Қазақшасы – өзін-өзі құрметтеу, өз-өзінің бағасын білу. Орысшасы «самоуважение», «чувство собственного достойнство».
Оқушылардың өзіне деген құр­­метін есік алдынан қарсы алу арқылы қалыптастыратын директор, еш кем көрмейтін, өзімен тең көретін мұғалім, қайда қара­саң да, өз атың мен суретің көзге шалынатын класс – Америка мек­тептеріндегі оқушыларды өз-өзін қадірлеуге тәрбиелеу фор­муласы.

II. Қиялдай білмесең, қияға шықпайсың

Бір күні Алашты мектептен алып кетуге келсем, балам ал­дым­­нан жүгіріп шықты. «Біз Қы­тайға баратын болдық. Өзі­міз». Әке-шешесіз екі елі аттап көр­меген баланың бойына жал­ғыз жүру үрей ұялатса керек. Өзі қобалжып тұр.
– Қой, қайдағы Қытай! Әзіл бо­лар…
– Иә, Мисс Лейберман айтты. Класс болып барамыз, – деп мені мұ­ғаліміне жетеледі.
Мисс Лейберман жүрелей оты­рып: «Алаш, біз Қытайға қиял­дың қанатына мініп ұшып бара­мыз», – деп күліп жатыр.
Сол оқиғадан соң, бәріміз де ағыл­шынша қиялдауды біл­ді­ре­тін «imagination», «imaginary» (орысшасы – воображение) деген сөздер белсенді сөздік қорымызға еніп кетті. Елді сағынғанда балам екеу­міз қиялды қанат етіп, Бос­тоннан Атырауға тікелей рейс­пен ұшып барып келіп жүре­міз.
Бұл – қиялдау қабілетін да­мы­татын жаттығулардың бірі ға­на.
Бала қиялын дамытатын екі құрал – өнер (art) және кітап.
Басында өнерге қатысты түсі­ніс­­пестік те туды. Себебі, Алаш мек­­тептен сурет салып, әр түрлі ма­­те­риалдардан түсінікті, түсі­нік­­сіз формалар жасап келеді.
Зерттей келе, өнердің жаңа­лық ашу­дағы ықпалына көзім жетті. Аме­рикада аса танымал кеңес пси­хологы Лев Выготский­дің жазуын­ша, өнер эмоцияны шы­ғаруға көмектессе, эмоция ойға жетелейді, одан туған ой қиялға қанат бітіреді.
Оның үстіне адам баласы ақ­па­­ратты сөзбен немесе мәтінмен емес, суреттермен және жалпы се­гіз сезім көзімен қабыл­дай­ты­нын ескерсек, оқу-жазу дағдысы шың­дал­маған оқушыларға мектеп бағ­дарламасын жеткізе отырып, қиялдау қабілетін дамыту­дың бірден-бір құралы тағы да өнер болып шығады. Бір сөзбен айт­­қанда, бала нақтылықты қиял­мен, елестетумен қабыл­дай­ды.
Арманың мен ойларыңды көз алдыңа елестетуге таптырмайтын екінші құрал – кітап.
Бірінші сыныптан бастап оқу­­шыларға кітапханадан кітап алуды үйретті. Ата-аналарға бе­ріл­ген басты тапсырма – бала ұйық­тар алдында жарты сағат кі­тап оқып беру. Алаш кітапха­на­дан күнде кітап алып келеді, біз оқып береміз де, дәптеріне «оқып бердік» деп белгі соға­мыз.
Қандай кітап дейсіз ғой? «Өр­мек­ші адам», «Трансформерлер», «Паур Рейджерлер» сияқты қиял­дан туған персонаждар өз құқығы үшін, адамзат болашағы үшін кү­ре­сіп жатады. Мейірімділік зұ­­лым­­­дықтың аяғын аспаннан кел­­тірген соң, жеңіске желпінген ба­­ла «хэппи эндпен» ұйқыға ке­теді.
Аталған атропоморфистік кітаптар балаларға қызық болатын себебі, әлгі супер-геройлар ту­ралы мыңдаған мультфильм қа­шан да телеарналар төрінде.
Тереңірек үңілсеңіз, бала қия­­лына қанат бітіру Америкаға ғана емес, жалпы адамзатқа тән құ­­бы­лыс. Айталық, ертегісі жоқ ха­лық жоқ. Бәрі ертегімен өседі, өр­кен жаяды. Бұрын әлеуметтік жа­ды жеке адамдарда болды. Ата-әжелер бүгінгі кітап пен
му­ль­тимедияның ролін атқарды. Кейіннен барып, әлеуметтік жа­ды баспа және элект­рондық құ­рал­дарға өтті. Формасы өзгер­ген­мен, мәні солай қалды. Аме­рика фольклорында Ер-Төс­тік, Желаяқ, Тазша бала жоқ. Бол­ғанның өзінде бұрынғының қиял-ғажайыптары бүгінгі бала­ның құмарынан шыға бермейді. Солай жаңа заманның батырлары сахнаға шықты. Голливуд 30 жылдары ең ұсқынсыз аң-тыш­қан­ның өзін балалардың сүйікті (Мик­ки-маус) кейіпкеріне айналдырып жіберген. Одан бері қанша аң адам болып, қаншама ойдан туғандарға жан бітіп, балалар қиялын қанаттандыруда.
Қиял қабілеті мен елестету ер­­кіндігінің жаңалыққа бас­тайты­нын бұрынғы бабалар түй­­сікпен түсінсе, бертін келе ға­лымдар таң­даныс тақырыбын көз майын тауыса зерттеген.
Білім саласын түрлі тесттерге емес, шығармашылық (creativity) маз­мұнға бағыттау жөнінде ойларымен танылған британдық Кен Робинсонның пікірінше, «қиялдау шығармашылыққа, шығармашы­лық инновацияға алып келеді» (imagination leads to innovation, which leads to innovation).
Асқан қиялмен адамзатты ба­­ғы­н­дырған Эйнштейн «кез кел­ген ғылыми ойшылдан гөрі, Достоевский маған көбірек дем береді» демеп пе еді. «Қиял білім­нен маң­ыз­ды, себебі білім шек­теулі» деген де сол Эйнштейн.
Өмірінде үш ай ғана мектепке бар­ғаны Томас Эдисонға өнер­тап­­қыш синонимдерінің біріне ай­­налуға кедергі болмады. Оның құпиясы сол, оның анасы Томас­қа кітап оқуды дағдыға айнал­дыр­­ған. Әсіресе, француз жазушысы, ғы­­лыми фантастиканың атасы Жюль Верн ең жақсы көретін авторы болған екен. Эди­сонның зерт­ханасы кітапханаға көбірек ұқ­саған, 10 мыңнан астам кітап жи­ған.
Әйгілі футуролог Тоффлердің ай­туынша, болашақ экономика­ның шикізаты мұнай мен газ емес, басқа да пайдалы қазбалар емес – ақпарат пен қиял. Мұны 1980 жылы жазған екен. Расында, ақа­­парт пен қиял өркениеттің драй­вер­леріне небір балама тауып жатқанына қазір куәміз.
Шығармашылықтың адамға әсерін зерттеген Выготскийдің жазуынша, адам тіршілігі жаңа өнім шығарудан немесе репродукциядан тұрады екен. Жаңа өнім – өнердің де, ғылымның да, тех­нологияның да бастауы болатын шығармашылықтан (креа­тив­тілік) тұрса, ал қиял сол креа­тивтіліктің бастауы екен.
Мақаланы Қытайдың қы­зығу­шы­лығынан бастап едік. Қы­тай репродукциядан әлем кө­шін бас­тады. Енді креативке не­гізделген экономикаға көшуге тал­пынуда. Ол үшін Қытайға кө­шіріп шы­ғаратын емес, қиялдан жаңалық ту­дыратын ұрпақ қа­жет.

ІІІ. Ұлтжандылық

Әр сынып бөлмесінде АҚШ-тың елу жұлдыз, он үш жолақты туы ілініп тұрады. АҚШ символдары мен ұлт негізін қалаушы пре­­зиденттерін зерттеу мектеп бағдарламасына енген. Біз Томас Джефферсонды зерттедік. Мық­ты жазушы болған екен. Скрипка тартыпты. Сол сияқты, Алаш күн сайын Америка туралы хабар ай­тып келеді.
Мисс Лейберман оқушылар­дың Америкада болып жатқан түрлі оқиғаларға үн қосып жата­ты­нын айтты. Мәселен, қаралы күндері бір минут үнсіздікпен бас­талады.
Президенттік сайлау оқу­шы­лар­дың саяси сауатын ашатын үлкен оқиға. АҚШ-та білім алған ерлі-зайыпты Сәбит пен Зәмира қыздары туралы қызықты оқиға­ны айтып беріп еді.
Мектеп табалдырығын енді ат­таған Нұрай 8 қараша күні ба­ла­лар ұйықтайтын уақытта:
– Бүгін ұйықтамаймын, мама! Сай­лаудың нәтижесін күтуім ке­рек.
– Қызым, сайлауда кімнің жең­гені ертең белгілі болады. Ұйық­тай ғой, ертең сабақ.
– Жақсы мама, онда өзің қа­рап отыр, таңертең маған айта­сың!
Ертесіне ұйқыдан тұрған Нұ­р­ай Трамптың жеңгенін естіп, «Мен ұйықтап жатқанда ол қалай жеңіп кетті?» деп бұлқан-талқан бол­ған екен…
– Біз сыныпта президент сай­ла­ғанымызда бір ғана бала Трамп­қа, қалғанымыз Хиллари Клин­тонға дауыс беріп едік…
Сайлаудан көңілі қалып мек­теп­ке кеткен Нұрай түстен кейін үйге келіп, кешкі астың үстінде сау­сақтарын айқастырып «Мама, енді тамақ ішер алдында, Аме­ри­каның амандығын тілейтін бола­мыз», – депті.
«Бұл – біздің ел емес, бір жыл­­дан соң Қазақстанға ораламыз. Қой, саусағыңды қай­шы­ла­ма!», – деп әрең қойдырдық дейді Сәбит пен Замира.
Біздің Алаш Трамп пен Хил­ла­ри туралы балалар журналын әкелді.
– Апай, үйде ата-аналарың­мен оқың­дар деп айтты.
Журнал Хилларидің бала кез­де қандай балмұздақты жақсы көр­ге­нін, Трамптың қандай оқу­шы болғанын қамтыпты. Балалар қызығатындай безендіріл­ген.
Сайлаудан кейінгі күндердің бі­рінде Алаш үйге «Дональд Трамп – супер-мэн» деп келді.

ІV. Жанашырлықтан жасампаздыққа

Ағылшын тілінде «empathy» де­ген сөз бар. Эмпатия. Қазақ­ша­сы «жанашырлыққа» келеді. Бір сөздің соңында қаншама құн­­дылық жатқанына жыл бойы куә болдым.
Бір күні мектепке барсам, кі­реберіске «Сирия балаларына кө­­мек­тесеміз» деп жазып қойып­ты. Жанында жоғарғы сыныптың оқушылары балаларды алып кету­ге келген ата-аналарға бір-нәр­се түсіндіріп тұр. Бастауыш сынып оқушылары акция туралы үнпарақтар таратып жүр.
– Не істеп тұрсыңдар?
– Сириядағы азаматтық со­ғыс­та зардап шегіп, ашығып, же­тім қалған балаларға азық-тү­лік жинап тұрмыз.
Ата-аналар бұзылмайтын түр­лі азық-түліктер әкеліп беріп жат­ты.
Тағы бір шама уақыт өткен соң оқушылар Оңтүстік Судан­ның ауыз су жобасына бір доллардан ақша жинады. Артынан и-мейлге алғыс хаттар жауды. Бұл – адамдарды қолдауға қатыс­ты мен көрген бастамалар ғана. Жануарларды қорғайтын да талай жұмыс жүріп жатты. Бастамаларды оқушылар жүргізеді.
Оқушылар мектеп қабырға­сында осындай жанашырлық жобаларды бастамаса, өсе келе дүниежүзіндегі асқынған әлеу­мет­тік проблемаларды шешуге бар байлығын бағыттаған Билл Гейтс қоры сияқты қайырым­ды­лық қозғалыстармен жалғастыр­масы анық.
Мақаланы Қытайдың қызы­ғу­шылығынан бастап едік. Ойды түйіндеу үшін шығарма­шы­лық­тың адам мен қоғамға әсерін көп зерт­теген Выготскийге тағы да сіл­теме жасауға тура келіп тұр. Оның пайымдауынша, адам тіршілігі жаңа өнім шығарудан немесе репродукциядан тұрады екен. «Жаңа өнім – өнердің де, ғы­­лымның да, технологияның да бас­­тауы болатын шығар­ма­шы­лық­­тан (креативтілік) тамыр ал­са, ал қиял сол креативтіліктің бас­тауы» екен. Көршіміз әлемдік репродукцияның көшін баста­ға­лы қашан. Енді креативке негіз­делген экономикаға көшуде. Ол үшін Қытайға көшіріп шығара­тын емес, қиялдан жаңалық тудыратын ұрпақ қажет болып отыр.
Елді индустрияландыру ар­қылы дамыту түсінігі қазір ескі­ріп қалыпты. Дамыған елдер деин­дустриялануды бастан ке­шіп жатыр. Өнеркәсіптік қуаттар, яғни қолдың күші дамушы елдерге шығарылып, экономика ми­дың күшіне ғана негізделе қайта құрылымдалуда. Сондық­тан, өскелең ұрпақтың қиял қа­натын қалыптастырмаса, оны құн­дылықтармен қазықтамаса, қа­рапайым білім иесін дайындау ел дамуына драйвер бола алмайды.

Бостон, АҚШ.

ПІКІРЛЕР11
Шатемірқызы Ақмарал 30.01.2018 | 15:35

рақмет, тамаша өте құнды материал үшін. Бір деммен мұқият оқып шықтым. Жаңа бағдарлама бойынша 5-сыныпқа берілген бірнеше сағаттан тұратын «Қиял» бөлімінің барлығына қуанып отырдым. Ол сабақтарды өттім де. Бала қиялы — нәзік те өте сезімтал құбылыс. Сабақты балалар сүйсініп оқыды, қиялдары туралы жазып, оны суретке де айналдырды.

Аноним 27.09.2019 | 21:57

Рахмет маган осы малиметтер катты унаиды менин кврындасым бар алтыешы сынып окиды менен телефон сурап сабак окиды

Аноним 24.11.2019 | 10:48

Тамаша!

Аноним 02.09.2021 | 20:00

Өте қызықты мақала. Биыл бірінші сынып алдым. Қолданамын. Рақмет 👍🏻

Аноним 24.09.2021 | 09:56

Керемет ақпарат екен не деген дамыған мемлекет десеңізші

Аноним 18.10.2021 | 10:06

Өте қызықты және құнды ақпарат алдым. Рахмет.

Аноним 18.10.2021 | 11:24

Рахмет оте кызыкты акпарат.👍

Аноним 19.11.2023 | 19:12

көп рахмет пайдалы ақпаратыңызға!

Аноним 19.11.2023 | 19:13

көп рахмет құнды ақпаратыңызға!

Добавить комментарий для Шатемірқызы Ақмарал

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір