Орбұлақта оянған рух
25.08.2017
3007
0

Ұлттық музей жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жобасы аясында қасиетті саналатын 100 нысанның тізімі алты түрлі ұстаным бойынша түзілгені белгілі. Сол алты ұстанымның бірі – тарихи және саяси оқиғалармен байланысты қасиетті жерлер қатарында Орбұлақ шайқасының орны да осы тізімге енген. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы аясында Алматы облысы, Панфилов ауданы аумағындағы Ордың бұлағына сапарлап бара жатқан біздер бұл сүйінші хабарды жолай естідік. Біздер дегеніміз – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Кәдірбек Сегізбаев және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қаламгер Қуанышбай Құрманғали, меценат, ҚР Құрметті судьясы, «Құрмет» орденінің иегері Бекет Тұрғараұлы. Бағытымыз – Жаркент тарабы. Мақсатымыз – бабалар рухына тағзым етіп, Салқам Жәңгір сұлтанның басына қойылған белгінің ресми ашылу іс-шарасына қатысу.

Орбұлақ шайқасы жайлы мә­ліметті алғаш айтқан – тарихшы И.Э.Фишер дейді білетіндер. Осы шайқас жайында орыс тарихшылары А.И.Левшин, И.Я.Златкин, А.П.Чулошников, қазақ ғалым­дары М.Тынышбаев, Х.Досмұ­хамедов, С.Асфендияров, С.Сейфуллиндер де қалам тербеген. Орбұлақ шайқасы жайлы тарихи-танымдық деректерді санамызға сіңісті болсын деп түсіндіріп жүр­ген Б.Нұржеке-ұлы Орбұлақ шай­қа­сының қазіргі Панфилов ауда­ны­ның Белжайлау алабында өт­кені жөнінде дәлелін сонау 1990 жылдары ұсынады. ҚР Үкіметі 1993 жылы арнайы қаулы қабылдап, Белжайлауда Орбұлақ шайқасы­ның 350 жылдық тойы республи­калық деңгейде атап өтілгенінен көзіқарақты оқырман хабардар. Сол жылы ұрыс болған жердің ат­ауы – Орбұлақ, ал оқиға – Орбұлақ шайқасы деп аталып, гранит тас­тан белгі қойылады.
Ұлттық патриотизм сезімін күшейтуге тигізер ықпалы мол, та­ным­дық, мәні зор іс-шарада қа­зақтың маңдайалды жазушысы Әбіш Кекілбайұлы баяндама жасап, ол баяндама талайлардың рухын оятқаны жайлы әңгімені Жаркентке жеткенше үш жазушы тамсана айтып берді. Тамаша баяндамасының тарихқа жүгінген өзектерін Ә.Кекілбайұлы өзіне тән саясаткерлік, көсемсөздік ше­бер­лігімен, ұштастырып, елді, жерді қор­ғаудың қасиетіне тоқ­талып­ты…
Жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлының айтуынша, Жоңғарияға арнайы жіберілген Ресей елшілері жорық­қа кеткен қонтайшыны тосып, Батыр қонтайшының ордасында жатқан. Орыс елшілері естеліктерінде Жоңғар қолбасшы­сының он жарым мыңдай әскерін қазақтармен шайқаста жоғалтып, шаршап-шалдығып, суық түсе келгенін жазады. «1635 жылы Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтан қал­мақ­тардың қолына түсіп қалады. Шәкәрімнің жазғандары бойынша, жоңғардың «қалмақ» деген атау «қалып қалған» деген сөзден шыққан. Қалмақтар қазіргі кездегі Үржар, Мақаншы, Қорғас, Сүмбе, Нарынқол елді мекендері тұрған жерлерде қоныстанып отырған. Ханзаданың қалмаққа тұтқын болып түсуі сүйекке таңба болды.Мұны естіген қазақ батырлары қалай шыдап отырсын, бірігіп оны құтқару амалдарын қарасты­рады. Осы маңда тұратын Ұзын мұрт Ұзақ батыр Бұрайке деген қырғыздың қызына үйленген ек­ен. Сол арқылы қазақ барлаушылары қырғызға хабарласады. Сөйтіп, Саты деген жерде тұтқында жатқан Жәңгірді түн қараңғылығын жамылып алып шығады. Онымен бірге қонтайшының әйелін де өңгеріп әкетеді. Кейіннен қон­тайшы әйелін Сарқан жерінде қайтарып алған. Содан Батыр қонтайшы қырғыздарды шабады. Ол жақтан он мың қырғызды тұт­қынға алып қайтып келе жат­қанда Орбұлақта бекініп жатқан Жәң­гірдің 600 жауынгерден тұратын қолына тап болған. Жоңғарлардан қауіптенген Бұхара ханы Самарқан әміршісі Жалаңтөс баһадүр бас­таған әскерді алдын ала торуылға жіберген. Эрдени Батур Шу аңға­рынан кері қайтып, қырғыздарға шабуыл жасайды. Сол кезеңде сусыз шөл даламен 50000 әскердің атын жем-шөппен қамтамасыз ету мүмкін болмайтын­дықтан, қон­тайшы Ыстықкөл, Кеген ойысы, Шарын, Бурақожыр өзендері, сол кездегі керуен жолы өтетін Үйген­тас асуы, Кескентерек өзенін бой­лап Тарбағатайға оралмақ болады. Оның бұл жоспарын алдын-ала білген Жалаңтөс баһадүрдің қолы із тастап, еріп жүріп өзінің досы Есімханның ұлы Жәңгірге көмек­ке келген», – дейді Бексұлтан Нұр­жеке-ұлы бізге Орбұлақтың тарихын тәптіштеп.
«Осы қырғын шайқастан кейін дәл он жыл өткенде, екінші қай­тара ұрыс болып, қалмақ қолының ақсүйегі, бойынан қайраты қайтпаған жас батыр, қартайың­қырап қалған Салқам Жәңгірді жекпе-жекке шақырып, сол ұрыста Жәңгір сұлтан шейіт болған, – дейді жазушы.
Белжайлау қазір де қойны-қолатын малға толтырып отырған берекелі жер. Арлы-берлі өткен малдың тұяғына тапталмасын деп, айналасын қоршап, белгі орнату бұрыннан көкейде жүр­ге­німен, қаржы мәселесі мұндайда қолбайлау болатыны белгілі. Бекет Тұрғараұлы айналасы атшаптырым болатын үлкен қорымды қоршап, белгі қою жұмысын толығымен өз мойнына алып, осы сапарда «Туған жерге туың тік» деген баба жолымен аруақты жерге, баба рухына тағзым жасады. Осы белгілердің ресми ашылу шарасы ұйымдастырылып, шараға Шымкенттен, Алматыдан, Тал­дықор­ғаннан көптеген құрметті қонақ­тар келіп қатысты. Алдымен бабалар рухына ба­ғышталып құран оқылды. Салқам Жәңгір сұлтанның белгісі басында сөз сөйлеген жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы алыстан ат арытып келген қонақтарға Орбұлақ шай­қасы мен оған қатысқан батырлар жайлы тарихи деректерді баяндады. Шымкенттен келген ме­це­нат, «Ұрпақтар жаңғырығы және Қожаберген жырау» халы­қа­ра­лық қоғамдық қорының төра­ғасы Бекет Тұрғараұлы қалың қауымға Орбұлақ шайқасының 375 жылдық тойы қарсаңында атқарылып жатқан іс-шаралар жай­лы мәлімдеді. Орбұлақ шай­қасына қатысқан Жақсығұл батыр ұрпағы Дидарбек Есенәлиев Қазақ халқының теңдігі жолында ерекше жанкештілік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлігін ұрпаққа ұлағат етіп, белгі қойған жандарға алғысын айтты.Қонақтар сондай-ақ қорымнан 20 шақырымдай аумақта алыс жат­қан Ордың бұлағына барды.
Көзіқарақты оқырманға Бекет Тұрғараұлының есімі таныс болуы тиіс. Осыған дейін де ел мен жерге қатысты іс-шаралардың бел ортасында жүретін меценат соңғы екі-үш жылдың көлемінде де бір­неше қайырымдылық шаралары­ның басы-қасында. «Әрбiр азамат мүмкiндiгi болса ауы­лына көмектескiсi келедi. Об­лысқа Бердiбек Сапарбаев әкiм болып тұрған тұста «Туған жерге тағзым» деген акция өттi. Сол кезде ауылға мектеп салып, төрт жыл­дық мектептi 9 жылдыққа айнал­дырдық. Биыл екi қабатты мек­теп салуға көмектестiк, жа­қында ашы­ла­ды. Оның кiтапха­на­сын кiтапқа толтырып, компьютер сыныбын аштық. 2015 жылы «Бабалар рухына тағзым» кешенiн салдық. Мұны Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығына арнадық. Бiздiң ауылда 384 адам соғысқа кетiп, қайтпай қалыпты. Биiктiгi 21 метрлiк монумент тұрғыздық. Әлгi 384 адамның атын жазғанбыз алғашқыда, кейiннен соғыстан қайтып келгендердiң де атын жаздырдық. Оңтүстік Қазақс­тан облысының қазiргi әкi­мi Жансейiт Түймебаев «Шат­қал» бағдарламасын қолға алды ғой, соған үн қатып, жотаға 1100 түп ағаш көшеттерiн отырғызып, жастар саябағын салуды бастап кет­тiк», – деген еді Бекен Тұрғараұлы жолай әңгіме­лескенімізде.
Ал Орбұлақ шайқасы өткен Жаркент өңіріндегі Белжайлауда атқарылмақ іс-шара легі енді басталғандай. Атап айтсақ, Ор­бұлақ маңындағы биік төбе басына Орбұлақ шайқасының ба­­­т­­ыр­ларына арналған «Қазақ елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін жоңғар басқыншыларымен шайқаста жеңіске жеткен айбынды Қазақ сарбаздарына ұрпақтары атынан ескерткіш» деп жазылған еңселі тас тақта орнатылыпты.
«Жазба деректер мен даланың ауызша тарихының деректеріне сәйкес жоңғар шапқыншыларына қарсы күреске шапырашты Қара­сай, арғын Керней, найман Көк­серек, төртқара Жиембет, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді батырлар қа­тысып, қырғыз Тиес бимен кө­мек туралы келісті», – дейді жазу­шы Бексұлтан Нұржеке-ұлы.
«Ендiгi жылы «Орбұлақ» шай­қасына 375 жыл толады. Ке­зiн­де 350 жылдыққа сол шайқаста ер­лі­гімен көзге түскен сегіз батыр­дың атын мәңгiлiк есте қалдыру туралы Үкi­меттiң қаулысы шық­қан екен. Сол қаулыны іздетіп таптырып, сегіз батырдың атын анық­тадық. Сөйтсек, бүгінгі күн­ге дейін ол сегіз батырдың екеуiне ғана ескерткiш қойылған екен. Қалған алты батырға да лайықты құрмет көрсету перзент­тік парызымыз деп біліп, сол соғыста қол­басшылық жасаған Салқам Жәң­гiр мен Жалаңтөс батыр­ға ес­­­­керт­кiш қойып, қалғандарының есiмiн тақта­ға жазып қалдырғымыз келеді. Оң­түстік Қазақстан аймағындағы Қазығұрт ауданында, күре жолдың бойында Орбұлақ шайқасының батырларына арнал­ған үлкен тарихи кесене жасалуда. Оның негізгі бөлі­гінде Орбұлақ шайқасының бас батырлары, қол­басшылар Салқам Жәңгір сұл­тан мен Жалаңтөс ба­һадүрге ең­селі ескерткіш орнатыл­мақ», – дей­ді меценат Бекет Тұр­ғараұлы. Бұл енді, алдағы жы­лы, Оңтүстік Қа­зақстан облысы ау­мағында қойыл­мақ ескерткіштің жай-жап­сары…
Ал біз баба рухына тағзым жасап, Қызылқиядан төмен түсіп келе жатқанда, Көктен жаңбыр себелеп қоя берді. Музыка үніндей біркелкі дыбыспен жерге асыға жеткен жаңбыр тамшыларына қарап, Орбұлақтағы баба рухы бір сілкініп, оянды ғой деген ойға келдік…

Қ.Серікқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір