Сыбызғы үнді сазынан өлеңі ескен, Менің жаным сарайы шеберлердің…

1
90 қаралды

Бақытжан РАИСОВА


МЕН – ЖЕРМІН
Жер – менің мәңгілік мекенім,
Күні ертең қойнына кетемін.
Аз күнге еркелеп Ай, Күнге,
Төсінде тіршілік етемін.

Жер – деген кәдімгі мен екем,
Мен кетем, қалмайды көлеңкем.
Қалмайды жүрегім, рухым
Жоқтайсың, тоқтайсың сен ертең.

Адаммын бүгінше, ал ертең ақ қармын,
Көркі боп тұрармын көңілді бақтардың.
Осы бір мұңлы әннің сарынын,
Есіме сақтармын, сақтармын.
Тебіреніп тіл бітер тастарға,
Оркестр бір күйде бастарда.
Күмбезді айналып ұшар-ау,
Ізгілік шырқырап аспанға.

Мен солай қонақ боп қайтамын,
Бұлбұл боп оятар әр таңым,
Мен – Жерге айналам кәдімгі
Несіне қорқамын?!

Ғұмырдың симметриясы
Туады адам шалқалап,
Өсірер оны арқалап.
Отырар сосын абайлап,
Жан-жағына қарайлап.

Тұрып ап тәй-тәй басады,
Шуағын күндей шашады.
Сүйкімді сол бір сәбиді
Бауырға бәрі басады.

…Нығырақ басып жөнелер,
Азамат болар ел ерер.
Қызыққа жұрты кенелер,
Ағайын-туған теңелер.

…Қартайып барып бір күні,
Азайтып дархан күлкіні,
Көзінің нұры көшеді,
Көбейіп ыңқыл-сыңқылы.

Отырар сосын қайтадан
Маңайын шолып байқаған,
Ақылды, дана қария
Құдіретке басын шайқаған.

Бататын күнге көп қарар,
Күбірлеп сөзін ақтарар:
«Біздің де барар жеріміз –
Сіздің де кеткен жақ болар…».

Толқынды толқын қуады,
Ақырғы сәт те туады.
Бойына қуат, әл берер
Тірліктің соңғы шуағы.

Ғұмырың қысқа, көкем-ау,
Тамшыдай ғана екен-ау!
Шалқадан жатып сол адам
Аттанып бір күн кетер-ау!
Туу мен өлу арасы, –
Тепе-тең сурет қарашы.
Ғажайып өмір иесі –
Жасай бер, адам баласы!

ШЕКСІЗ ҮЙЛЕСІМ
Дүние дел-сал…
Жиылмаған көкпеңбек шатыры әлі,
Құс жолы ақиқатқа шақырады.
Көз нұрым шашырады
Ай кезбеге.
Сөздерім шашылады,
Қай кезде де.

Түпсізге сіңіп аптығы басылады.
Құпиясы қат-қабат қырғын дүние
Пендесінен бір керемет жасырады…
Адам болды ақыры бар ғаламның
Өзіне-өзі көр қазған ақымағы.

Тайға таңба басқандай жазылғаны –
Әшкере боп маңдайдың жазулары…
Ми құтысын аударып-төңкереді,
Өмір мәнін іздеген аз ұлдары.

Жапыраққа қараймыз жазу іздеп,
Тағдырға өкпеліміз, назымыз көп.
Кім біледі, қай күні қайтарады
Келген жаққа қайтадан барыңыз деп.

Өмір солай… өз-өзінен үйлеседі,
Кей сәтте ақ пен қара бірлеседі.
О дүниенің де керегін толтырмаса,
Адамзат алшаң басып жүрмес еді…

ТҮНГІ ЖЫР
Жұлдыздар кестеге ауады,
Түн ару – аспанның зергері.
Құс жолы зымырап барады,
Адаммен ісі жоқ жердегі.

Ақ боз ат кісінеп күн асты,
Ақ таңға айналар әр күні.
Дөңгелеп гүлдер де қыр асты,
Нұрымен қуантқан жарлыны.

Ақ нөсер – ақ күміс таяғы
Кіндігі кесілген даланың.
Мәңгілік сұрақты қайталап баяғы
Аллаға алақан жаямын.

Ақиқат – ұзақшыл, аяңдап,
Шексізден жол тартар ғаламға.
Бәріне, бәріне, бәріне алаңдап,
Ақылым шығады алаңға.

Сан мың жыл жамылған ай бозын,
Қара түн – қамалған көк бөрі.
Өлеңмен күбірлеп жерде өзім,
Жақыным жылайды көктегі.

***
…Қоңыр салқын үнімен селеулердің
Сабыр сақтап даламда кемелдендім.
Сыбызғы үнді сазынан өлеңі ескен,
Менің жаным сарайы шеберлердің.

Тасты жарып шыққанда таудан шынар,
Ғажабынан тірліктің арман туар.
Күлімдесе кеудемде Күн суреті
Бабам менің қанымен салған шығар.

Бейкүнә шықтың көзі ақық жасты,
Жалт еткен ғұмырымен бақұлдасты.
Дірілдеп сағағында қайран өмір,
Қызыл гүл қара жермен жақындасты.

Көлдердің мөлт еткенде қарашығы,
Жайраған жасыл белдің жарасымы,
Жалғыздың жанына жара салған шығар
Шатырлап найзағайдың тау асуы.
Алтайда жүз жыл бағып Ай қабағын,
Суреткер бола алмасам таң қаламын.
Бұтағын қарағайдың шайқап өскен,
Кербұғым, Кәусар текті Кермаралым.

Жұтынып жұпар шашса өрден шынар,
Көрем деп көздің нұры көрден тұрар.
Қарығып көркемдіктің құдіретінен
Қамығып талай шебер өлген шығар?..

***
Жылғалармен сылдыр-сылдыр су ақты,
Адамдар да өзгермеген сияқты.
Жүрек суып, Мұз дәуірі басталған
Зәрі қатты заман мені жылатты…

Бір көргенде жымиысып күлетін,
Таныстардың көп көремін суретін,
Қазақ қайда? Өз ішінде өлген бе
Кебініне жасырып ап Күн бетін.

Уақыт тапшы… Дархан көңіл тарылды,
Қанағатсыз… пұл соңынан сабылды
Қараңғыда қыбыр-қыбыр қарманып,
Асау жүрек тұлпар күнін сағынды.

Арзан күлкі, арзан ақыл, арзан сөз
Ғұламалар неге сиреп қалған тез?!
Күн шуағым сөніп бара жатқандай,
Сезімнен от шығарамын, ойдан көз.

Тірлік үшін қапылады қаймана,
Бөтен сөзбен жамырайды айнала.
Менің зарым – уақыт шерін тарқатар
Сарыарқаның самалы ғой жай ғана.

Төр жұмақ
Елес берген білем тәй-тәй өмірді,
Бұқтырманың жағасында басталған.
Мұзтау үзген моншағындай өзімді
Содан қайтып таба алмадым ешқайдан.

Қара бұлттың үйірілген уілі
Қорқытымның күйін желден суырған.
Сәби шақтың таңдайымда шырыны
Төр жұмақтың нақ өзінен қуылған.

Алып қашқан дөңгелегі сақтардың,
Туған үйдің түтіні қол бұлғаған.
Мен өлеңді Алматыға ап бардым, –
Табиғаттан алыстадым бір қадам.

Қайың қалды ақ періште күйінде
Әпкем еді көз жасымды жинаған.
Ән салатын досым үнді тілінде,
Адалдықты үйреніп ап кинодан.

Қарағайлар – қатар қонған қырандар,
Ұл түгілі қыз намысын қайраған.
Мені туған қайсар өлке – қиян бар,
Өзін көріп ұялатын айнадан.

Джоконда
Мәңгілік мұңлы ел –Мұхит та сыяды,
Көз емес, көңіл ол шын шебер.
Өнерде Джоконда туады,
Сұлулық жымиып күлсе егер.

Данышпан суретші салады
Тырналы аспанның дауысын.
Бейсана немесе саналы
Ақ пен қараның жарысын.

Джоконда – сұлулық айнасы,
Шабытың оянар көргенде.
Пенделер таусылып айласы
Таба алмай өздерін шерменде…

Махаббат, қайғы, мұң – назары
Арбалған сүйініш үмбеті.
Нәресте табиғат ажары,
Періште шырайдың күн беті.

Көрінген сәл ерке назыңнан
Болмыстың өлмеген бір жаны.
Адамның қолымен жазылған
Алланың шешусіз жұмбағы.

1 пікір

  1. Бақытжан, өте күшті өлеңдер!
    Қаратайдан шыққан дара ақын қыз,
    Шабытың мен мұқалмасын қаламың.
    Мақтан тұтар туған ел менен жерімді,
    Бір қызымын сен сияқты сол елдің.

Пікір қосу