ЖАРЫҚ ДҮНИЕ – ШҰҒЫЛА ЖЫР

0
96 қаралды

Теңізбай Рахымжанов


Арғымақтар
Жұлдыздай ағып белден, қыраттардан,
Далада домбырадай күй ақтарған,
Келеді андыздап көп арғымақтар
Түбіттей шаң төгіліп тұяқтардан.

Естілмей бозторғайдың таныс әні,
Бұрқырап қара жолдан шаң ұшады.
Қанаттасып, біресе құйрық тістеп,
Арғымақ хас тұлпармен жарысады.

Сауырына саф күмісті жалатқандай,
Аттарда арман қандай, талап қандай.
Дүбірлеп тұяғынан дөң-төбелер,
Құлдилап құз басынан сел аққандай.

Жел ойнап жібек жалы құйрығында,
Жер ағып отты көздің қиығында.
Тұлпардың шабысынан дауыл тұрып,
Жабының айналғандай жыры мұңға.

Күреңбай айтып өткен аңыз қылып:
Жүйрікті қамшылайтын тән қыздырып.
Қиқуға қиқу қосқан қан қыздырып,
Қарақшы – құбылнама, жалғыз үміт.

Жарқ еткен сәулесіндей қуаныштың,
Сейілткен сан күдігін тұманды іштің.
Ұнатам арғымақты,
Қолтығында –
Талмайтын қанаты бар қыран құстың.

***
Басында асқар шыңның шуақ күліп,
Жел тынып, төбе мүлгіп, бұлақ тұнып.
Келеді күншығыстан бозала таң –
Боз түсті, күміс жалды құрақ мініп.

Бұрқырап жалбыз иісі – шай салғандай,
Шомылған мөлдір шыққа жусан қандай!
Бозторғай таңғы әнін бастады, әне,
Ақ көйлек, пәк көңілді жайсаң жандай.

Кәусар ән жез көмейде жиылып кеп,
Биікке көтерілді,
Құйылып кеп.
Маң дала елжіреді сазға елтіп,
Қойғандай титтей құсқа күйін жүктеп.

Саз тербеп қалың тоғай, қырат-қырды,
Маңғаз тау, оймақтай көл құлақ түрді.
Ән аңсаған жүректе шырын ұйып,
Күй аңсаған көңілде шуақ тұнды.

Бір мезгіл бастады да тың ырғақты,
Тербетті ән-бесікте тұнжыр бақты.
Осылай бір биіктеп,
Бір құлдилап,
Ол бейне қыл ішектей күмбір қақты.

Малынып арайына бұлбұл – далам,
Ашылып,
Кейбір сәтте тұнжыраған.
…Бұл аспан дәу қоңырау болса егер,
Бозторғай күміс тілі сыңғыраған.

Өліара
Наурыздың қар ұшқындап қанатынан,
Сайлардан көтерілер ала тұман.
Ол бейне айдаһардай мың бүктеліп,
Ағады айрылғандай тағатынан.

Боран жоқ, аш бурадай ақыратын,
Желімен күпсек қарды сапыратын.
Өзендер мұз астында жатыр үнсіз,
Көкекте тулап ағып тасынатын.

Мұнарлы көкжиектен күн көрінбей,
Мұздатқан салқын ауа күз лебіндей.
Қарайып қара құстай,
Найза шыңдар
Тұманның тасқынынан тұр шегінбей.

Қаңтарда құзды шайқап құйындатқан,
Кез болып көксоқтыға күйі қашқан.
Жел тыныш,
Жас шіліктер жарға төніп
Кеткендей аласарып биік аспан.
Қар кетіп, жер кеппеген өліарада,
Кейде қар, бірде жаңбыр сөз ала ма?
Қыраулы қарағайлар тағзым етіп,
Қыр асып кеткен қысқа тез арада.

Шық тамып жақұт сынды кірпігінен,
Шұғыла шапағынан түн түрілген.
Қыз-көктем анда-санда сығалайды,
Наурызға бәйшешектің бүршігінен.

***
Мұңайтып өткен өмір,
Тамаша күн,
Жауатын бұлтындай боп қарашаның
Қариялар үйінде отырмысың,
Қасиеттен «айрылған» қара шалым.

Қым-қуыт мына өмірде аласы көп,
Арбасқан, арпалысқан таласы көп.
Қол үзген ата жұрттан, отбасынан
Қартыңның бұдан басқа шарасы жоқ.

Сондықтан ашылмайды қабағы ұдай,
Күні жоқ, жадырайтын баяғыдай.
Жалғанда пенде біткен жалғыз дейді,
Жалғызды өзің жебеп,
Ая, Құдай!

Қу тағдыр – түсі суық, тас тұлғалы,
Қарияға қырын қарап,
Жақтырмады.
Бұл үйде қара шалдың сырласы жоқ,
Және жоқ: алаңдайтын ат-тұрманы.

Жандарды жабырқаған желпіндіріп,
Десе де – серпіл, тұман,
Серпіл күдік!
Қарыны ақ түйенің жарылғандай
Күлмейді еркін тұрып, еркін жүріп.

Көңліне қылау салса шерменде мұң,
Есіне ап, кемпірінің өлген күнін.
Бір адам мені іздеген аша ма деп,
Қарайды есікке де елден бұрын.

Басқа жұрт егін егіп, төл өсірген,
Ұмытып, шығарғанмен оны есінен.
Қара шал тәтті ойын тамызық қып,
Күн кешер өткен күннің елесімен…

Пікір қосу