Өзбекәлі өнегесі
25.08.2017
1323
0

Ауруханаға түскеніме бірнеше күн болып қалған. Ептеп ес жиып, кешкі салқында сыртқа шығып, аурухананың ауласында әрілі-берілі жүріп, сергуді әдетке айналдыра бастағам. Ол күні де кешқұрым көңіл сұрап келген бала-шағамды есіктің сыртына шығарып салып, жатын орныма қарай беттедім. Күн едәуір салқын тартып қалыпты. Сәл-пәл желкем бар ма, қалай? «Сыртта аз-кем шамалдап кідірсем бе екен, әлде ішке кіре берейін бе?», – деп ойланыңқырап жан-жағыма қарасам, анау төменіректегі есік жақтан бері қарап тұрған кісіні Қадырға (Мырза-Әли) ұқсаттым да, баспалдақпен солай қарай ылдилай бердім. Бес-он қадам жүрген соң анық көзім жетті – Қадекең екен. Ол кісі де мені шырамытты білем, маған қарай жылжи түсті.

Ықыласпен қызу аман­дық-саулық сұрасып бол­ған­да:
– Қадеке, Сізді тонадайдан танығанымды байқа­дыңыз ба? – дедім әңгімені әдейі әзілге бұрып.
– Е, мендей «таудай» адам­ды танымағанда! – деп әзі­лі­ме әзілмен жауап берді. Әр сөзі шегедей, бұрынғыдай.
– Ойпырай, бір қалада тұ­рып, қаншама уақыт ұшы­распай жүре береміз, ә? Қан­­ша жыл болды көріс­пе­ге­німізге? – деп бас-аяғым­ды барлап жатыр.
– Төрт-бес жыл болып қал­ды-ау, Қадеке.
– Иә, иә. Оның бір себебі, өзің білесің, мен жиын-той­лардан қашамын. Одан да жұмыс істегенім артық деп есеп­теймін.
– Ал сен де көп көзге түс­пей­сің ғой. Соған қарағанда сірә, сенің де өте бір зәру шаруаларың болуы керек деп ойлаймын. Бос жүрістің ада­мы емес екеніңді сезем. (Екеу­міз де күлдік).
Қадекеңнің менімен қа­тар жүргендегі әдеті: не сені қолтықтап алады немесе иы­ғыңа қолын салып жүреді. Бүгін де сөйтті. Ықыласының көрінісі шығар деп жоримын. Бір сәт әңгіме Өзекеңе, Жәнібековке тірелді. Екеу­міздің пікіріміз үйлесті. Ілти­патымыз ұқсас екен. Мен ол кісінің 5-6 кітабын шы­ғарғанымды айттым.
– Сендер сияқты жұртқа іс­теген қаншама жақсылық­тары көрінбейтін, бірақ сонысын ешкім ескермейтін де, есепке алмайтын кісілер бар. Әйтпесе біреу бір кіта­бың­ды шығарып берсе де, өле-өлгенше ұмытасың ба?! – деп маған қарап, рахаттана күлді Қадағам.
Мен де ұқтым. Мұнысы: «Сен менің кітабымды шы­ғарған жақсымсың ғой» де­гені деп білдім.
Қадыр ағам сөзінің ара­сы­на үзіліс жасамай әңгі­ме­сін әрі жалғап кетті:
– Өзекең – адал, кісі та­ни­тын, өте еңбекқор, халық­қа жаны ашитын адам еді ғой.
Комсомол сыйлығын да Өзе­кеңнің қолынан алған­мын. Анатолий Молодов екеу­міз. Сен білесің ғой, Мо­­ло­довты?! Басымды изе­дім. Со­сын:
– Анатолий Молодов ту­ра­лы бір деталь есіме түсті, – дедім. «Е, айта ғой» дегендей маған бұрылып, әңгі­мем­ді тосты.
– Өзекеңнің «Тағдыр та­ғылымы» атты екі томдығын шы­ғарғанбыз, тұсаукесерін Өзе­кеңнің өзі «Ғалымдар үйі­нің» көгеріш өскен за­лын­да өткізіп жатқан. Өзе­кең 4-5 минут тұрып сөй­ле­генге шаршаңқырап, сол жер­ге орындық алдырып оты­рып қалды. Өте жүдеу еді. Жиналғандар, байқай­мын, түгел жаны ашып, уайым­дап тұр.
Сонда ғой Шерағаңның:
– Орыс жазушылары түз-түгел «Гогольдің шине­лі­нен» шыққанбыз дейтіні сияқ­ты, қазіргі жазушылар мен мәдениет қайраткерлері, тіпті, ірілі-ұсақты көсемдер, осы кі­сі­нің шинелінен шық­ты, – дейтіні.
Жиын аяқталған соң жи­нал­ған топтың бір бөлігі есік ал­дына шығып, Өзекеңді кө­лігіне мінгізіп, шығарып сал­ды. Көбі қол бұлғап жатыр. Бір кез қабатымда тұр­ған А.Молодов кері бұрылып, маған қарап еді, екі көзінен жасы сорғалап тұр екен. «Өз көзімді қайтсем екем сулан­ған» деп Әбділда ақын айт­қан­дай, менің де көзім сау еме­сін көрген және баға­на­дан бері Өзекеңді сүйе­мел­деп, қасында жүргенімді бай­қаған болуы керек, Ана­то­лий жай келіп мені бауырына басты. Сосын: «Наверное больше мы его не уви­­­дим…» деп көзін сүртті де, Өзекеңнің мініп бара жат­қан көлігінің артынан тел­міре қарап тұрып қал­ды.
Бұл – Өзағаңның жұрт ал­ды­на шыққан соңғы жиыны еке­нін бәріміз де іштей тү­сініп, іштегі өкінішімізді ба­са алмай тұрдық.
– Иә, Анатолий қазақ өнері мен оның қайрат­кер­лерін жақсы көретін, жақсы бі­летін, сол өнерге риясыз қыз­мет еткен орыстардың бірі, – деді Қадағам.
Мен басымды тағы изе­дім:
− Өзекең ондай жандарды жазбай танитын еді…
Бүгінде о дүниелік болып кеткен бұл екі арысымыздың да орындары үңірейіп тұр. Теңдесі жоқ қайран ағала­рым-ай!..

Жарылқасын НҰСҚАБАЕВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір