КӨҢІЛІ ДАЛАДАЙ, ҚЫЛЫҒЫ БАЛАДАЙ

0
141 қаралды

Алматы қаласында өтетін әдеби кештерде ақын-жазушылардың сөзін ұйып тыңдаған, беріректе Торғай өңірінде олардың қайсыбіреулерінен сапарлас болған сәттерімді күнделігімнің беттеріне қондыра қоятынмын. Солардың кейбіреулерін оқырман қауымның назарына ұсынудың сәті түсіп тұр.

***
Сағат тілі түні 11-ден асқанда Абай даңғылын бойлап келеміз. Ортамызда – талантты ақын Төлеген Айбергенов, қасында Серік Тұрғынбекұлы және мен бармын.
– Ана жылдары Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражайында өлең оқығанмын. Аяқтағасын залға үңілсем, көпшілігі жайбарақат отыр. Сонда мен қанша дұшпаным барын сездім, – деп еді Төкең аңқылдап.
Ал, біз «Жұрт қазақ поэзиясына жаңа түр, екпін, мазмұн әкелген ақынға да, қызғанышпен қараған ба?», – деп іштей мүжілдік.

***
Алматы облыстық саяси-ағарту үйінің залында Ілияс Жансүгіровке арналған кеш өтіп жатқан. Кенет денесі тығыршықтай, қара торы жігіт мінбеден зор даусымен мерейтой иесіне арналған өлеңдерін желдіртіп оқи жөнелді:
…Қазақтың маңдайына өлең бітсе,
Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен, –
деп саябырлаған сәтте сахна төріне жайғасқан Ғабит Мүсірепов пен Ғали Орманов «Не дейді, не дейді!» деп таңданыспен бастарын шайқады.
Сөз зергерлерінің тамсануы жас ақын Тұрсынзада Есімжанов үшін зор мәртебе емес пе?!

***
Белгілі әнші Отаркүл Мұқатова республикалық эстрада-цирк студиясында оқитын. Бір күні курстасымен бірге көшеде Серік Тұрғынбекұлына жолығыпты.
Секең үйреншікті әдетімен «Торғай жусанының иісі аңқып қоя берді ғой» деп бетінен сүйе бастайды.
Сонда Отаркүлдің құрбысы Серікке:
– Ағай, мен Семейдің қызы едім, – деп қалады. Іле Серік:
– Семейде де жусан бар шығар, – деп оған да ұмтылыпты.

***
Қызбелдік досым Таңатқан Сәтбаев Целиноград қаласында өтетін жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне барғанда ондағы мейманханада дем алып жатқан қазақ поэзиясының көр­нек­ті өкілі Сырбай Мәуленов­ке сәлем беруді жөн санайды.
Бөлменің есігінен үңілсе, Сыр-аға:
– Бұл кім, әй! Жаным ұшып, жапырағым түсіп жатқанда келген? – деп керуетте дөңбекшіп жатыр.
Шамасы, ұзақ жол ағамызды шаршатқан ғой.

***
Ақын Серік Тұрғынбекұлы мен сатирик Тұрсынбек Токин аялдамада трамвайды біраз тосыпты. Досының тағы бір танысымен әңгімесі ұзаққа созылғанын байқап, Тұрсынбек жолдасын алдағы аялдамалардан қарсы алуға келіседі. Содан бір сағат өтеді, Серік жоқ. Әлден уақытта «Манадан бүйіріндегі үш орынды (инвентарь нөмірі) санға қарай-қарай шаршадым», – дейді ол түсіп жатып.
Не десін, трамвайдың маңдайындағы нөмірге үңілмеген досының аңғал мінезіне Тұрсынбек ішегі түйілгенше күле беріпті, күле беріпті.

***
Серік Тұрғынбекұлы кезекті пәнінен мемлекеттік емтихан тапсырмақшы. Сонда оқытушы Қапан Қамбаров орнынан тұрып:
– Сырттай оқитындар тіркелген журналда Тұрғынбекұлы бар. Бірақ осы күнге дейін сабаққа келген емес. Өзін бүгін бірінші рет көріп тұрмын. Ағымдағы емтиханды тапсырмаған адамды мемлекеттік емтиханға қалай жіберген? – деген таңданысын білдіреді.
Ал Серік болса, кешірім сұраудың орнына оқытушыға: «Мен де сізді бірінші рет көріп тұрмын», – депті мәз болып.

Жақсылық ЖҮНІСҰЛЫ.
Қостанай облысы,
Арқалық қаласы.

Пікір қосу