Білім берудің белсенді бағыты

0
52 қаралды

Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты 1998 жылдан бері 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен. Мектеп музыкалық білім беретін болғандықтан, 1-ші сыныптан 12-ші сыныпқа дейін әр оқушы жалпы біліммен қатар, бір мамандық бойынша кәсіби музыкалық білім алады. Бұл мектептің өзге мектептен артықшылығы – бітіруші түлектерге орта білім туралы аттестатпен бірге музыкалық біліктілігі туралы куәлік беріледі. Осы куәлікпен мамандығы бойынша балалар музыка мектебінде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Жалпы білім беретін мектептердің 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуінің тиімді тұсы да осы дер едім. Өйткені, мектепті бітіргенде «Кім болам?» деп ойланбай, мектеп қабырғасында жүріп-ақ қандай мамандыққа икемі бар екеніне көз жеткізіп, болашақта нақты шешім қабылдауына болады.

Бұл жаңа жүйеге көшудің бұдан басқа да көптеген пайдасы бар. Оқу­шының өзін-өзі таныту мүмкіндігі менқоса, білімді игерудегі даралығын ашып, ғылым-білімге деген талабын арттыруға, әр баланың өзіне деген сенімін күшейтіп, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға ықпалы зор.
Орта білім берудің жаңа моделі оқушының «дайын білімді алушы» ре­тіндегі пассивті қалпынан оның та­нымдық процестегі «белсенді су­бъект» қалпына көшуін қамта­ма­сыз ететін мектептің іс-әрекетіндегі негізгі процесс ретінде оқытудың рө­лін күшейтуге де үлкен әсер етеді. 12 жылдық білім берудің негзгі мақсаты – өзінің және қоғамның мүд­десіне қызмет етуге дайын, өз­гермелі даму үстіндегі ортада өмір сүру­ге бейім, бәсекеге қабілетті жә­не құзыретті, шығармашыл, білімді тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.
Бұл оқушының өмірде түрлі жағ­дайларда шешім қабылдай білуін қам­тамасыз етеді.
12 жылдық білім беру жүйесі ар­қылы әр оқушының бойынан ин­тел­лектуалдық, шығармашылық қабі­леті басым, зерттеушілік ыңғайға бейім, өмірлік құндылықтар – адам­гершілік, ізгілік, еңбекқорлық, па­расатты мінез-құлық сияқты қа­сиеттерді дамытуға болады деп есептеймін. Ең бастысы, әр тұлға өз ойын ашық және еркін айтуға, өз ісінің нағыз шебері болуға жол ашады. Әр баланың қоршаған ортаны жә­не өзін-өзі тануына зор мүмкіндік береді.

Іңкәр Ерболқызы,
Ахмет Жұбанов атындағы дарынды
балаларға арналған мектептің
12-ші сынып оқушысы.

Пікір қосу