«Тіл – халықтың мәңгілік мәселесі»
18.08.2017
1623
0

Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығының» ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Бұл еліміздегі мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын тұңғыш Орталық ретінде тіл үйренушілерге ауадай қажет болды. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» болып тұрған тұста және қазақ тілін оқыту мәселесі ерекше дабыл қағарлық жағдайда, Шымкентте тұңғыш Орталықтың ашылуы мемлекеттік тіл саясатындағы айрықша жаңалық әрі айтулы оқиға болғаны анық. Осылайша 1997 жылы Шымкентте қазақ тілін үйренушілерге нақты жағдай жасалып, осы облыстағы әрбір азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруінің басты тетігі (механизмі) табылып, іске қосылған еді. Әрине, бұл айтуға оңай бол­ға­ны­мен, тыңнан түрен салып, елі­мізде бірінші болып, мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын Орталық ашудың тым күрделі әрі аса қиын болғанын біреу білсе, енді біреудің білмейтіні белгілі. Қазақта өткенді еске алған өскендіктің белгісі, ал өткенді ұмыту өшкендіктің белгісі деген сөз бар. 1990 жылдары елі­міз­­де қолданылып отырған ша­р­а­­ларға қарамастан, қазақ тілінің мемле­кет­тік мәртебесін толық іске асы­ру мүмкін болмады. Оның басты себебі, тіл мәртебесі тек ре­сми тұр­ғыдан жариялан­ға­ны­мен, оның жергілікті жерде үйретілуі мен қолданылуын іске асыратын тетіктің (механизмнің) ойлап табылмай отырғандығына байла­ныс­ты еді. Бұл жөнінде 1996 жылғы 4 қарашадағы Мемлекет бас­шы­сы­ның Өкімімен мақұлданған «Қа­зақстан Респуб­ликасы Тіл сая­сатының тұжырымдамасында» айтылып, мемлекеттік тілді мін­дет­ті және ақысыз оқыту ор­та­лық­тарын құру қажеттігі» көр­се­тіл­ген болатын. Сондай-ақ, 1996 жыл­ғы 23 мамырдағы Елбасы ма­құ­л­данған «Қазақстан Рес­пу­бли­ка­сының мемлекеттік сәйкестілік тұжырымдамасында»: «Мемле­кет­тік сәйкестілік дегеніміз мемлекетке тән барлық элементтердің тәуелсіздік белгілеріне сәйкес ке­луін білдіреді. Мемлекеттік сәй­кестілік аспектілерінің бірі – мемлекеттік тілдің болуы және тіл саясатында белгілі бір басымдық-тарды ұстану болып табылады. Қазақстан қоғамында орын алып отырған тілдік ахуал жағдайында мемлекеттік тілді ерікті түрде оқып-үйренуге ынталандыру, оның рөлін біріктіруші қатынас құралына дейін көтеру қажет», – деп жазылған. Соған байланысты біз, тіл саясатын іске асырудың негізгі тетігі − қазақ тілін оқытып-үйрету мәселесіне қатысты екенін терең түсініп, қаладағы ересек азаматтарға қазақ тілін ақысыз оқыту Орталығын құруды қолға алдық.
Осы мақсатта 1996 жылы Мемле­кет басшысы мақұлдаған тұ­жырым­дамаларында айтылған және Ата Заңымыздың 93-бабында жазылған: «Конституцияның 7-ба­бын жүзеге асыру мақсатында Үкі­мет, жергілікті өкілді және ат­қару­шы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауға міндетті», – деген талаптарын бас­шы­лыққа алып, Орталық ашуға белсене кірістік. Ол жылдары елі­міз экономикалық қиындық­тар­ды бастан өткеріп, бюджеттік ме­кеме қызметкерлері 3-4 айлап жалақыларын алмай жүрген ауыр кезең еді. Сондай-ақ, 1996 жылы Орталық ашуға заңдық негіз болатын жоғарыда айтылған арнаулы деген «Қазақстан Республика­сын­дағы Тілдер туралы» Заңы да қабылданбаған еді. Ол заң кейі­ні­рек, 1997 жылы 11 шілдеде қабыл­дан­ды. 2013 жылы 5 қыркүйекте ме­ні Алматыға «Қазақстан» Ұлт­тық телеарнасының «Айтуға оңай» бағдарламасына шақыртып, соған қатысқан едім. Хабар барысында Бейсен Құранбек маған: «Тұңғыш тіл Орталығын ашқандарыңыз жағымды жаңалық екен. Сонда қалай, қазақ тілін оқыту Орта­лы­ғын бірден құра салдыңыз ба? Қан­дай кедергілер кездесті? Қаза­ғы қалың Шымкентке мұндай Орталық ашудың қандай қажет­тілігі болды?» деп бірнеше сұрақты төтесінен қойды. Мен оған қазағы көп деген Шымкентте 1989 жылғы халық санағы бойынша, қаладағы қазақтардың үлесі 29% ғана бол­ғанын және сол кездегі қаладағы тілдік жағдайды түсіндіріп өттім. Сонымен бірге, еліміз егемендік ал­ған жылдары қазақ тілінің
ах­уа­лы алаңдаушылық туғызып отыр­ған проблема болғанын айтып және тағы басқа да мәселелерге тоқталып, сұрақтарына толыққан­ды жауап бердім. Әлбетте, Шымкентте қазақ тілін ақысыз оқыту Орталығы бірден құрыла салған жоқ. Ол өз алдына ұзақ әңгіме. Алдымен, Шымкентте қазақ тілін ақысыз оқыту Орталығын құру­дың қажеттілігіне тоқталсам, 1990 жылдардың басында қала тү­гілі, аудандар мен ауылдар да барлық құжаттар орыс тілінде жүргізілетін. Оған өз басым талай куә болғам. Тіпті, 100% қазақ ұл­тының өкілдері тұратын ауылда да бұйрықтар орысша шығарылатын. Соған байланысты, 1990 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдары қазағы көп шоғырлан­ған аудандарда да құрылғаны бел­гілі. Мысалы, 1990 жылы мен Шым­кент «Электроаппарат» зауытында цех бастығы әрі қоғамдық негізде осы зауыттың «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып жұмыс істедім. «Электроаппарат» зауытында барлық бұйрықтар мен өзге де құжаттар тек орыс тілінде жүргізілетін. Кәсіпорынның кіре­бе­рісіндегі «Чимкентский завод «Элек­троаппарат» деген маңдайша жазуынан бастап, барлық цехтар мен бөлімдердің атаулары орыс тілінде ғана жазылатын және барша жиындар тек орыс тілінде өте­тін. Тіпті, сол жылдары ұл-қыз­да­ры­мызды ана тілінде оқытуға қа­зақша балабақша мен мектеп те жоқ еді. Оған дәлел ретінде, 1990 жылы Шымкентте 3-ақ қазақ мектебі мен 2 ғана таза қазақ бала­бақшасы болғанын айтсақ та жеткілікті. Институттар мен техникумдарда студенттер негізінен орыс тілінде оқитын. Кәсіпорын, мекеме, ұйымдардағы түрлі жиындар мен іс-шаралардың барлығы да орыс тілінде өтетін. 1990 жылдары біз, «Қазақ тілі» қоғамының жиналыстары мен еліміздің еге­мен­дігін алу жолында түрлі қоғам­дық бірлестіктер тарапынан ұйым­дастырылатын басқосулар мен сұхбаттарда ғана қазақша сөйлеп айызымыз қанатын. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік органдар мен мекемелерде қызмет істеп жүрген көп­те­ген мамандар мен басшылардың 60-80 жылдары мектепте және жо­ғары оқу орындарында орыс ті­лін­де оқып, білім алғандықтан, олар қазақ тілінде құжаттар әзір­леп, баяндама жасауға қатты қинала­тын. Құжаттардың алдымен орысша дайындалып, кейіннен қаза­қ­шаға аударылатындағы да осыған байланысты еді.
1993 жылы Шымкент қалалық Тіл басқармасының бастығы болып тағайындалғаннан соң, бас­қа­р­маның бас маманы Ү.Қара­саевпен бірлесіп, қала әкімінің 1994 жылғы 31 мамырдағы № 513 қау­лысымен «Тіл және халықтық пе­даго­гика мәселелерімен шұғыл­да­натын әдістемелік орталық» аш­тық. Кейін Орталықтың қара­жаты болмай, қысылған уақытта, мен оларға қолдау көрсеттім.
1996 жылы желтоқсан айында біз «ҚР Тіл саясатының тұжырым­дамасында» айтылған және Ата Заңымыздың 93-бабында жазыл­ған: «Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі тиіс», – деген талаптарына сәйкес, осы Орталық негізінде қалалық Тіл басқармасы­ның жанынан «Қазақ тілін оқыту Орталығын құру туралы» қала әкімі А.Ормановқа ұсыныс хат жаздық. Алғашында бас маман Ү.Қарасаев осы ұсыныс хатпен қала басшыларына барғанымен, ешқандай нәтиже шықпағаны жөнінде жаңа жылдан бір апта бұрын маған баяндап және оларға деген ренішін де білдірген-ді. Сөзінің соңында Үсекең маған: «Қабыл балам, мен енді Орталық ашудан күдерімді біржола үздім. Сондықтан бастаманы көтерген өзің болғандықтан, бұл Орта­лық­ты құру проблемасымен де өзің ай­налыс! Жаңа Орталық жастарға, сен­дерге қажет, ал мен жасым кел­ген зейнеткер болғандықтан, ма­ған қажет емес», – деген болатын.
Содан бұл маңызды мәселені өзім мықтап қолға алып, 1997 жы­лы қаңтардың басында қала­лық қаржы басқармасының бастығы И.Асқаровқа барғанымда, ол бюджетте қаржының жоқтығына айтып, Орталық ашуға қарсылық білдірді. Ал мен Орталық құру заңды әрі уақыт талабы екендігін түсіндіріп және оны жеделдетіп ашу кезек күттірмес мәселе деп, қала әкімі Анарбек Оңғарұлына әр апта сайын таңғы сағат бестен тұрып (1995-97 жылдары А.Ор­ма­нов жиналысты таңертең сағат 06.00-де өткізетін), тыным таппай бірнеше рет қайта-қайта бардым. Кейін Әкімге тағы да арнайы кіріп, Орталық құру шын мәнінде, тарихи маңызды екенін және мемлекеттік тілді үйренушілерге нақты жағдай жасамай, қазақ тілінің көсегесі көгермейтінін тү­сіндірдім. Сонымен қатар, қа­за­қ­­тың сөз зергері Ғ.Мүсіре­повтің: «Ана тілі дегеніміз − осы тілді жа­са­ған, жасап келе жатқан халық­тың мәңгілік мәселесі», – дегенін айттым.
Ақырында А.Орманов азамат­тық танытып, сол кезеңдегі қиын­дықтарға қарамастан, басынан талай зобалаңды өткізген қазақ тілі өзінің өрлеу дәуіріне бет ал­ға­нын байқап және ана тіліміздің болашағын ойлап, 1997 жылдың 31 қаңтарында Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының жа­нынан «Мемлекеттік тілді мін­детті және ақысыз оқыту орта­лығы» ашу туралы тарихи шешімге қол қойған еді! Осы тарихи ше­шім­нің негізінде, бұдан 20 жыл бұ­рын Шымкентте мемлекеттік тілді мәртебесіне жеткізудің нақ­ты қадамы жасалып, респу­бли­ка­дағы тұңғыш Орталық өз жұмы­сын бастаған болатын.
Бұдан 20 жыл бұрын еліміздегі қазақ тілінің мемлекеттік мәр­те­бесін жүзеге асыру мақсатында, оның маңызды тетігін тауып іске қосқан Шымкенттегі тұңғыш Орталықты ашу тарихы осылай болған. Яғни 1997 жылы Шымкентте қазақ тілін үйренушілерге жағдай жасалып, барлық аза­мат­тарға мемлекеттік тілді үйретудің негізі қаланғанын тіл саласындағы айтулы оқиға десек, артық айт­қан­дық болмас. Содан бергі уа­қытта «Тілдерді оқыту орталы­ғы­ның» атауы бірнеше рет өзгеріп, басшылары да ауысты. Өткен 20 жыл ішінде, бұл Орталықта мың­да­ған мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекемелердің мамандары және қаланың қарапайым азаматтары қазақ тілін оқып-үйренді. Ал кейінгі 10-15 жылдан бері азаматтар орыс және ағылшын тілдерін оқып-үйренуде.
Бұдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған «Біздің міндетіміз − 2017 жылға қарай ме­м­лекеттік тілді білетін қазақс­тан­­дықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу» деген міндеті Оңтүстік Қазақстанда 10 пайызға артығымен орындалуына Орта­лық­тың қосқан үлесі зор. Өткен ғасырдың соңында қазақ тілінің қордаланған проблемаларын шешуді облыстағы патриот азаматтар бастап, басшылар қостап, 1993–97 жылдары жұмыс істеген облыстық, аудандық, қалалық Тіл басқармалары, ал қазіргі кезде облыстық Тілдерді дамыту және архивтер мен құжаттама басқар­масы мен аудандық, қалалық Мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімдері жүйелі түрде жұмыс істеп, көп шаруаларды атқарды. Солардың үлкен күш-жігері мен нәтижелі еңбегінің арқасында тіліміз көптеген жетістіктерге жетті. Қазіргі кездегі қазақ тілінің қолданылу деңгейін 90 жылдар­мен салыстыратын болсақ, оның арасы жер мен көктей екендігін байқауға болады және бұған шү­кіршілік етуіміз керек! 20 жылдық тарихы бар Қазақстандағы тұңғыш «Мемлекеттік тілді ақысыз оқыту орталығының» тіл саласында бү­гінгі таңда жетістіктерге жетуіне қосқан үлесі қомақты болғанын және бұл Орталық алдағы уақытта да азаматтарға тілдерді оқып-үйренуіне лайықты үлесін қоса бе­реді деп сеніммен айта аламын.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір