Арманым – қазақ тілін әлемдік ғылым тіліне айналдыру
18.08.2017
1663
0

Біздің бүгінгі сұхбатымыздың тақырыбы жайында айтпас бұрын, кейіпкерімізді оқырманмен таныстырып алуды жөн санадық. Серікболсын – Павлодар облысының түлегі. Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған Павлодар облыстық қазақ гимназия-интернатын «Алтын белгімен» тәмамдаған. 11 сынып оқып жүріп, халықаралық BCEPT (British Council English Proficiency Test), SET (Subject Entrance Test) және IELTS (International English Language Testing System) емтихандарын сәтті тапсырып, Назарбаев университетінің физика-математика бағыты бойынша «Foundation» CPS бағдарламасына қабылданады. 2012 жылы Назарбаев университетінің «Электроника және Электротехникалық Инженерия» мектебінің бакалавр бағдарламасына оқуға түседі. 2016 жылы Сауд Арабиясындағы әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі король Абдулла атындағы Ғылым және технология университетіне «Қолданбалы Математика және Компьютерлік Ғылымдар» мамандығы бойынша магистратура және докторантура бағдарламасына қабылданған. 2016 жылдың қаңтар айында Республика бойынша үлкен сұранысқа ие болған, Назарбаев Зияткерлік Мектептері мен Қазақ-түрік лицейлеріне түсушілерге арналған «МАТЕМАТИКА» оқулығын шығарады. Серікболсын, сонымен қатар, өлең жазып, көптеген айтыстарға да қатысып, жүлделі орындарға ие болған шығармашылықтың өкілі. Жидебайда өткен республикалық «Абай-Шәкәрім оқуларының» «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша І орын иегері (2007 ж.), Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің поэзия номинациясы бойынша «Үздік әдеби шығарма» жүлдесіне және Ғылым және білім министрлігінің арнайы сыйлығына ие болған (Астана, 2008 ж.).
С.Торайғыров атындағы ПМУ-де өткен жас ақындардың облыстық «Алаш туы астында…» мүшәйрасының жеңімпазы. Жас ақындардың Павлодар облыстық айтыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы, жүлдегері. Серікболсынмен бүгінгі әңгіме Назарбаев университетіндегі білім беру жүйесі, сол оқу орнында білім беру ерекшеліктері жайында өрбіді…


Серікболсын Дүйсембай,
Назарбаев университетінің түлегі

– Назарбаев университетіне оқуға түсу қиын, онда тек қана ығай мен сығайдың баласы оқи­ды деген түсінік қалыптасқан. Сен солтүстік аймақта, яғни Ал­ма­ты мен Астанадан жырақта оқып білім алдың. Сөйте тұра, Назарбаев университетінің сту­ден­ті атандың. Оқуға түсу қан­ша­лықты қиын болды? Қандай сынақтардан өттің?
– Назарбаев университетіне қабылдау үшін комиссия мү­ше­лері үміткер студентті жан-жақты қарастырады. Алдымен, емтихандардың үш турынан сүрінбей өтуің керек. Бірінші турда базалық ағылшын тілінен емтихан тапсырдық. Инженерия мектебіне түскім келген­дік­тен, екінші турда математика және физика пәнінен тест тапсырмаларын орындадым. Ал үшінші турда халықаралық IELTS (Internatio­nal English Language Testing System) емтиханынан сүрінбей өттім. Кез кел­ген қиындықты жеңіп өт­кен­нен кейін, ол қиын болып көрінбей қалады. Бұл жерде көп нәрсе әр оқушының ниетіне, талпынысына байланысты. Және де әр адам­ның іш­кі ойлау қа­білеті үлкен роль ат­қа­рады. Мектеп қа­­быр­ға­сында 10 сы­нып­тың ортасына дейін шет тіл­­де­рі­нен неміс тілі пә­нін оқыдым. Содан кейін барып қа­на ағыл­шын ті­лін әліп­биінен бас­тап үй­рен­дім. Назарбаев уни­вер­сите­ті­не түсуге деген құш­­­тар­лық­тың нәтиже­сінде, ағыл­шын тілін тез бойыма сіңірдім. Ал мектеп кезінде математика мен­ физикадан олимпиадаларға қатысып жүр­гендіктен, екінші тур мүлде қиындық туғызған жоқ.
– Қазіргі таңда үш тілде оқы­ту тәжірибесі кеңінен енгізіліп келеді. Осы білім тәжіри­бе­сіне деген көзқарасың қандай?
– Үш тілді оқыту жү­йе­сін енгізу қазіргі заман талабы. Бі­рақ бастауыш сыныптан емес. Әлі өз ана тілінің уызына жарымай, мектеп табалдырығын жаңа аттаған жас бүлдір­шіннің санасына ауыр тиеді деп ойлаймын. Мектеп бағдар­ламасы негізінен үшке бөлінеді: бастауыш сынып (1-4 сыныптар), орта буын (5-7 сыныптар) және жо­ғары буын (8-11 сыныптар). Ме­нің ойымша, бастауыш сыныптарда бала бойына ана тілін сіңіруі тиіс. Ал орта буында, қа­зақ әде­биетімен қатар, ағыл­шын тілі­нің құрылымын, грамматикасын, сөз байлығын игеруі қа­жет. Қайталап айтамын, бұл – заман талабы. Ал жоғары сыныптарда нақты ғылымдарды ағылшын тілінде оқи берсе болады. Сол кезде уни­верситет қабырға­сында жа­салатын әр түрлі ғылыми зерттеулерге оқушы жан-жақты дайын болып барады. Мойындау керек, қазіргі замандағы ашы­лып жатқан жаңалықтар, ғы­лыми мақалалардың бар­лығы дерлік ағылшын тілінде. Ал менің арманым – қазақ тілін әлемдік ғылым тіліне ай­нал­дыру. Сонда ғана ана тілі­міз­ге деген сұраныс артатын еді.
– Назарбаев университе­ті­нің студенттері бір-бірімен қай тілде сөйлеседі? Бұл сұрақты қойып отырған себебіміз, университет қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні қалай оқытылаты­нын да білгіміз келеді. Қазақстан­дағы ең маңдайалды оқу ордасында ұлттық тіл мен әдебиет пә­­нін оқу қаншалықты маңызды, ол студенттер үшін қаншалықты қажет?
– Университетте оқыған кез­де, мойындау керек, студент­тердің барлығы емес, көпшілігі өзара орыс тілінде сөйлесетін. Ал осы кемшіліктің орнын тол­ты­рып тұрған, әрине, қазақ тілі департаменті. Ондағы ұстаз­дар­дың әр сабағы жүйеленген, қа­зақ тілінің қолданысын арт­тыру­ға арналған тың бағдарла­ма­лар авторлық сабақтардан құралады. Қазақ тілі, әдебиет және тарих мұғалімдері сту­де­н­т­­­тердің патриоттық сезімдерін арттыруға да көп көңіл бөледі. Алайда, көп нәрсе әр студенттің отбасынан, мектептен алып келген тәрбиесіне байланысты ғой. Бір қынжылтатыны, сабақ үстінде біз қазақша сөйлеуіміз керек деп отыратындардың өзі сыртқа шыға бере орысша шүл­дірлейтінін көзіміз талай көр­ген. Ертеңгі күні еліміздің тұт­­қасын ұстайтын қыз-жігіт­тер осылар деп ойлаймын. Сон­дықтан елін, жерін сүюге тәр­биелеу ең маңызды мәселелердің бірі екені сөзсіз.
– Назарбаев мектебіне түс­кісі келетін оқушыларға арнап математикадан дайындалатын арнайы оқулық жазғаныңнан хабардармыз. Мұндай оқулық жазу идеясы қайдан пайда болды? Жалпы, бүгінгі таңдағы жа­ратылыстану пәндері бойынша оқулықтардың жай-жап­сары туралы пікіріңді де біл­гіміз ке­леді?
– Иә, бұл математика кітабы Назарбаев Зияткерлік Мектеп­те­ріне түсушілерге арналған. Яғни оның ішінде базалық ма­те­матика, логикалық сұрақтар және кеңістікте ойлау қабілетін дамытуға арналған жаттығулар шешу жолдарымен түсін­ді­ріл­ген. Ал бұл кітапта көрсетілген тапсырмалар мектеп бағ­дар­ла­масында оқытылмай­тын­дық­тан үміткер оқушыларға кө­мекші құрал ретінде жасалған. Себебі, НЗМ ашылған алғашқы жылдары ата-аналар балаларын осы мектептерге дайын­дауға арналған құралдар таппай қиналды. Университет қабыр­ға­сында репетитор болып қо­сымша жұмыс істегендіктен барлығынан хабардар болдым және осы кітапты оқушылар на­зарына ұсындым.
Ал қазіргі таңдағы жаратылыстану пәндері бойынша оқу­лықтарға көңілім тола қой­майды. Мысалы, мектеп бағ­дар­ламасындағы оқулықтар оқушының білімін жоғары деңгейге жеткізіп береді деп айта алмаймын. Ол үшін мін­дет­ті қосымша кітаптарды пайдалануға тура келеді.
– Университетте бірге оқыған студенттер төрт жыл бойы тек дәріс тыңдап қана қоймай, үлкен белестерді де бағындыруға ша­ма-шарқы жететінін байқадық. Мәселен, сен математикадан оқу­лық жаздың. Одан өзге, ағыл­шын тілінен де оқулық жазып жүрген курстастарың да бар екен. Бұл университет берген мүм­кіндік пе, әлде бүгінгі заман жас­тары әркез әр нәрседен хабары болып жүруі тиіс деген ұста­ным ба?
– Әрине, әркім өзінің сүйік­ті ісімен айналысады ғой. Бір қуантарлығы, біраз студенттер шамалары жеткенше қосымша кәсіппен де айналысып, түрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып жүреді. Былтырғы жылы математика оқулығым үлкен сұранысқа ие болғандық­тан, биыл ағылшын тілі мен қазақ тілінен де тест тапсырмалар жинағын шығаруды қолға алған болатынмын. Ол тест жинақтарын мен жалғыз емес, басқа студенттермен бірігіп жаздым. Бұның бәрі қазіргі жастардың заман көшінен қалмай, жарқын бола­шаққа ұмтылуынан деп білемін.
– Айтыс өнерінде ба­ғыңды сынағаныңды білеміз. Университетке оқуға келгелі айтыстың ауылынан көрінбейтін болдың. Алдымен оқу оқып, лайықты маман болып алайын деген ойдан туған қадам ба?
– Университет қабырға­сында мамандығым Инженерия саласында болса да, айтыс өнерін қатар алып жүру мен үшін қиынға соқпады. Алайда, соңғы курстарға келген кезде магистратура мен докторантураны шетелде оқығым келді. Сондықтан алдыма нақты мақ­сат қойдым да, соған қа­тысты жұмыстар жасадым. Есесіне, қазір Сауд Арабиясын­дағы Король Абдулла атындағы ғылым және технология уни­вер­си­те­тін­де магистр/докторантура бағ­дарламасы бойынша білі­мімді жетілдіріп жатырмын. Ал болашақта айтысқа ораламын деп айта алмаймын.
– Әңгімеміздің басында Назарбаев университетінде негі­зінен бай-бағландардың баласы оқиды деген түсінік басым деген мысалды келтірдік қой. Бұл университеттің студенттері алатын стипендия да еліміздегі өзге ЖОО-лардан жоғары де­ген ұғым бар. Сендер алатын стипендия кітап, қа­лам сатып алу­ға, сая­хат­­тауға, оқулықтар жазу үшін жайлы, тыныш орындарға баруға толығымен жете ме?
– Иә, Назарбаев универ­си­тетінде бай-бағлан­дардың ба­лалары да жоқ емес. Бірақ олар да білімді, осы оқу орнына емтихандарын әділ тапсырып өткендер деп се­нім­мен айта аламын. Бірақ тал­пын­ған жетер мұ­ратқа дегендей, қа­рапайым мектеп оқушылары да уни­верситетімізге түсіп жатады. Назарбаев уни­верситетінде алған стипендиямыз еліміздің басқа оқу орын­дарындағы стипендия көлемімен бірдей болды. Әри­не, ол өзіңді толық қам­­­­­тамасыз ету­ге жетпейді. Сондықтан да әркім өз қолынан келгенін жасап, сапалы білім алуға тырысады.
– Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір