КӘСІБИ БІЛІКТІЛІКТІ ШЫҢДАУ – БАСТЫ МАҚСАТ
18.08.2017
1193
0

Меделхан ҚОНЫСБАЕВ,
ҚазМемҚызПУ музыкалық білім берудің
теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры


Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы жылы халыққа арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында білім мен мәдениетке баса назар аудару керектігін көрсеткен болатын. Жастарды көзі ашық, көкірегі ояу, озық ойлы әрі мәдениетті етіп тәрбиелеудің басты құралдарының бірі – музыка.

«Музыка жас азаматтардың іш­кі дүниесін байытып, әр дәуір­дегі қоғамдық өмірдің түрлі құбы­лыс­тарын дұрыс түсінуге көмек­те­седі», – депті Ахмет Жұбанов.Көш­пелі өмір салтын ұстанған қа­зақ музыка құдіреті мен қасие­тін сонау ерте кезден-ақ терең тү­­сінген. Қазақ қай кезде де ән­сүй­ер ұлт саналған.Музыка – бірін-бірі тілсіз түсіну өнері. Содан болар, халықтар мен халықтар музыкаға келгенде түсінісуі үшін тілді қажет етпейді. Музыка адам­ның жанын жақсылыққа жетелеп, көңілін нұрға бөлейді. «Ән көңіл­дің ажары» деп халық бекер айтпаса керек. Ертедегі қазақ даласында көрініс тапқан сал-серілік, ақын-жыраулық мектептің өзін көшпелі қауымның далалық өнер институты деп атауға болатындай.Бұл қазақтың бұрыннан музыкаға әуес, өнерсүйер ұлт екенін дәлел­дей­ді. Бүгінде музыка саласы ая­ғы­на нық тұрған дербес сала саналады. Осы салада көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан ұстаз ретінде шәкірттерімнің талабын ескеріп, сенімді болуға үйретіп, жетелеп, бағдар беріп отырамын. Өзім қызмет ететін өнер және мәдениет факультетінде жастар­дың ұлттық санасын оятуда, ма­ман­дығын тереңдеп меңгеруде ұжы­мымызбен бірге аянбай қыз­мет етіп келеміз. Елбасының өзі кәсіби біліктілікті шыңдауды жиі тілге алады. Мен өзімнің ұстаздық тәжірибемде оқыту мақсатын білім алушылардың сабақта бел­сен­ділігін арттыруға, шығар­ма­шыл, бастамашыл болуға тәрбие­леу­ге, ұлттық музыка мұрасын те­рең білуге, балалар музыкасын жетік білуге баулимын. Осында алған білімдерін, үйренген музыкалық шығармаларын аспаптарда ойнап, көрермендерге жет­кізе білуі үшін факультетте жиі концерттер ұйымдастырамыз. Кон­цертте шәкірттерім балалар әндерін, халық әндері мен күйле­рін, классикалық музыкасын орын­дап жатады. Музыка тарихы арқылы студенттердің өз халқы­ның мәдениетін біліп, салт-дәс­түрімен терең танысуына мүм­кін­дік жасалған.
Елбасы мақаласында айтылған ең алдыңғы қатардағы 100 оқу­лық­ты қазақ тіліне аудару мәселесі ұлт болашағына аса тиімді қадам деп білемін. Сондай-ақ, бүгінде мәдениет, музыка, әдебиет салаларына еңбегі сіңген тұлғалары­мыз қазақтың есімін әлемге танытып жүргені жасырын емес. Мәселен, мен мынаны байқадым: бұрын қазақтардан шетелге шы­ғып, фортепьянода ойнайтындар жоқтың қасы еді. Қазір Жәния Әубәкірова сынды өнер жұлдыз­дары ел мақ­та­нышына айналып отыр. Ал жақында ғана Қытайда өткен I Am a Singer жобасында бақ сынаған Димаш Құдайбергенов сирек кездесетін таланты арқылы миллиардтарды мойындатты. Сол арқылы қазақ әні әлем көгінде та­ғы бір рет қалықтағаны ақиқат. Тағы бір айтарым: біз болашақта үштілділікті игерумен қоса, он­дағы қолданып жүрген алты тілді де меңгергеніміз абзал. Бұл үшін латын әліпбиіне көшуіміз өте қо­лайлы болар еді. Меніңше, жастар ойлануы керек: «біз елімізге өзге елде жоқ не бере аламыз? Біз де әлем­ге жаңалық ашайық». Ол үшін жастар технологияны мең­геруі керек.
Шәкірттердің ынтасын ояту мақсатында қаламыздағы мә­де­ниет ошақтарында болып жатқан концерттерге жиі барып тұру тәжірибесін дәстүрге айналдыр­ған­быз. Бұл олардың жан-жақты дамып, білімінің терең болуына орасан ықпалын тигізеді. Қазіргі әлемдегі жаһандануға бейімделіп, ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейі.
Елбасы айтқандай білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеру, әлемдік білім кеңістігіне кіру үшін негізгі шешуші тұлға – ұстаз. Елдің ертеңін жалғайтын ұрпақ қай кезде де ұстаздың қолынан тәлім-тәрбие алмақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлттық салт-дәс­түріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиістігін үнемі айтып ке­леді. Сондай-ақ, осының бәрінің астарында адам тағдыры мен игілігі тұрғандығы анық. Өз тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, халық музыкасын бойына сіңіріп өскен жастар қай кезде де халықты алға бастайтыны айқын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір