Дүниені өзгерткен «Полианна» немесе Қуаныш оқулығы
18.08.2015
2220
0

2Элинор Портер америка жазушысы, «Полианна» романының авторы. «Полианнасын» жазғанда бүкіл АҚШ-тың халқы көздеріне жас алып, авторға мыңдаған алғыс хаттар қарша жауған. «Полианна» қуанышымен бір мемлекетті жылатты, демек, бір ғаламшарды жұбатты. Өйткені, бір адам – бір әлем. Құранда: «Бір адам біреуді қасақана өлтірсе, онда барша адамды өлтіргені, ал бір адам бір адамды өлімнен құтқарса, онда барша адамды құтқарғаны» делінген аят бар. Бір адам өзін өзгертуге тырысса, демек, бүкіл адамзатты өзгертуге кіріскені.

Сағадат ОРДАШЕВА

«Полианна» – «Қуаныш оқулығы»

Полианна ешқайда тұрағы жоқ әке-шешесімен протестант шіркеуінде өс­кен қыз, әкесі пастор, анасы қыз­мет­ші. Олар елдің қайыр-садақасымен ғана күнел­тетін. Бір күні Полианна Құ­дайдан қуыршақ сұрады. Бірақ ешкім садақаға қуыр­шақ сыйламайтын, есе­сіне сол күні садақаның үлесінен бал­дақ бұйырады. Бұған қапаланған қы­зына әкесі ерекше «қуану ойынын» үй­ретіп, өмір бойы осы ойынды ойна деп ұқтырады. Романнан қысқаша үзін­ді келтірелік:
« – Бұл бізге берілген қайыр-са­да­қаның ішінен балдақ бұйырғанда бас­талды, – деп салтанатты түрде жария етті ол.
– Балдақ па?
– Иә. Сол кезде мен қуыршақпен қат­ты ойнағым келген, әкем қайыр-са­дақа жи­найтын әйелге әдейі мен үшін қуыршақ сұратып хат жазған. Ал, ол әйел, қайырымдылыққа ешкім қуыр­шақ сыйламады, орнына балдақ берілгенін айтып, ол да керек болады деп хат жазған-тын.
– Мұның несі қызық, – деді Нэнси. – Не деген ойын бұл, ақымақтық қой әшейін.
– Жоқ, сіз түсінген жоқсыз. Біздің ойын­ның да шарты солай, қуанатын дә­­неңе жоқ болса да қуана білу. Міне, біз сол балдақтан бастадық ойынды.
– О, тәубе! Сен қуыршақ күтесің де, са­ған балдақ салып жібереді, бұдан қан­­дай қуаныш болады ә, ойпыр-ай! По­лианна қуаныштан алақандарын ша­­палақтап жіберді.
– Әрине, қуануға болады! – деп ай­қайлады ол. – Мен де сіз сияқты ой­лағам бас­та, – деп мойындады ол, – сосын әкем бәрін түсіндіріп берді.
– Бізбен де бөліссең қайтеді қуа­ны­шыңды, бір жарылқап? – деді рен­жіген кейіп­пен Нэнси.
– Мінекей, тыңдаңыз, балдақтың ма­ған қажеті жоқ, міне, соған қуа­нуым ­­ керек. Міне, бар құлық осы ға­на!».
Шығармадағы көңілі кіршіксіз таза, мейірімі көлдей қыздың қуанышына риза боласың, еріксіз күліп мәз болатын сәт­те­рің көп. Полианна бүкіл жабырқаулы, жа­быққан адамдардың сәтке көңілін сер­пілтіп, шешілместей көрінетін қиын­дық­тарын бір ауыз сөзбен шешіп кете беретін. Ол қаланың азын-аулақ тұрғындарының бәрі Полианнаның бір ауыз сөзінен кейін ойланып, өмірге көзқарастарын өзгерте бастаған. Екі аяғынан айырылған, бүкіл жан дүниесі құлазып, қараңғы бөлмеде оты­ратын Сноу ханымға «қуаныңыз, өмір­дің әр сәтіне қуану керек», – дейді, ол «мен не­сіне қуанам, мына күйіме қуануым ке­рек пе?», – деп сұрайды. «Сіз барша адам ба­ласы мендей төсекке таңылып жатқан жоқ» деп соған қуаныңыз дейді. Өмірдің мәнін «қуану ойыны» арқылы жеңуге қуат бе­реді.
Полианна бір күні көше бойындағы сәкіде ойланып отырған дін қызметкеріне кезігеді. Пол Форд көшеде ойсыз көрінген адамдарды тоқтатып алып, Евангелиядағы Матфейдің ұлағатты уағыздарын оқып беріп, сендер қайда барасыңдар, не істеп жүрсіңдер деп өзінің асқан діндарлығын іші­не сыйғыза алмай күпсініп отырған болатын. Бір сөзбен оларға қаһарлы құ­дайдың куәлігін қалай жеткізем деп ойланып отырған еді.
« – Форд мырза, сізге пасторлығыңыз ұнай ма? – деп анықтап сұрады Полианна.
– Ұнай ма? Қызық сұрақ! Сені бұл не­ге қызықтырды екен, жарқыным?
– Иә, түсінесіз бе… сіздің түріңіз сондай… Дәл, әкемдікіндей екен. Әкем де кейде осылай өңі бұзылып отыратын.
– Шын ба?
– Иә, шын. Оның да сіздің қазіргі тү­ріңіз­дей өңі бұзылғанда, үнемі сұрайтын едім, пастор болғаныңыз ұнай ма деп.
– Иә, сосын ол деп жауап қататын? – деп күлді Форд мырза.
– Ол, ол үнемі айтатын, пастор болу ұнай­ды деп. Сосын, егер Библияда қуа­ныш сыйлайтын сөздер соншама көп бол­мағанда, ешқашан пастор болмайтын едім деп те жиі айтатын.
– Немене? Қандай сөздер?
– Библияда, әрине, сөздер бұлай атал­майды. Әкем солай атап кеткен. Бі­ле­сіз бе, олар мынадай сөйлемдер, мысалы былай басталады, «Қуаныштымын, о, Құдай!», немесе: «Шаттанамыз…», не­ме­­се: «Ризамын, Жаратқан…» секілді сөй­лемдер. Олар өте көп. Әкем бір күні көңіл күйі түсіп, қамыққанда Библияны алып қуанышты сөйлемдерді санап шы­ғып­ты. Білесіз бе, олардың саны сегіз жүз­ге жеткен екен!
– Сегіз жүз?
– Иә. Олардың бәрі қуаныңдар деп әмір еткен. Сондықтан да әкем оларды «қуа­ныш» деп атаған.
– Иәәә, – деді пастор қолындағы ары­лу куәлігіне көз тігіп. «Сендерге қайғы бол­сын…» деп басталатын сөйлем көзіне от­тай басылды».
«Адамның өзгеруі Құдайдың қаһа­рында емес, әспетсіз шынайы махаббатында» дейді Библия. «Он ақылдыдан бір мейірімді артық» дейді көне даналар.
Бір сөзбен, «Полианнаны» әрбір адам өмірінде бір рет оқуы керек, ал ең ұтым­дысы – жасөспірімдерге оқыту. Өтпелі ке­зең­де өрісін қай өрге жаярын аңда­май­тын жастардың бас алмай оқитын оқулығы. Өйткені, мұнда барлық өмірлік ситуациялар қарастырлырған һәм шешімі берілген. Автор ешқандай саясат соқпай, құрғақ ақыл айтпай, діннің өзін көмбелеп, әр ситуация арқылы шешеді. Бұл шығарма әлем балалар әдебиетіне қосылған үлкен сыйлық болды. Элинор Портер көз жұм­ғанда, Нью-Йорктің беделді бас газеті «По­лианнаның» авторы өлді» деп жария­лаған екен. Содан бері, дүниежүзінде осы роман атымен балалар ұйымы, бірлес­тіктері ашылып, белсенді қызмет етіп ке­леді. «Қуаныш оқулығы», «Полианна» сияқ­ты психологиялық балалар ұйымдары әлі де осы кітаптың мазмұнын насихаттап келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір