Адасуға аз қалды, Айнымаған бір Сенім!

0
293 қаралды

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

АҚЫН
Білмейсің сен мүлде ол туралы,
Білуге талпынба…
Безбенге түссе де қу жаны,
Безбеген антынан!

Мүмкін ол шаттықтан мұншама,
Мұң көрер бір-екі…
Жүрегі қан жылап тұрса да,
Жымиып күледі!

Пейілі болса да тән тіпті патшаға,
Пендеге бар ма амал?..
Сүйгені сыртынан сатса да,
Сезімге мәңгі адал!

Ол жайлы білерің аз емес, бірақ та,
Ойыңнан шығарма сен мүлде:
– Ақынды жылатпа!
– Ақынды өлтірме!

***
Оралмадың көктем боп,
Отпантаудан бері өтіп.
Өмір еркелеткен жоқ,
Өкпем де жоқ және түк.

Қайтып келіп шалғайдан,
Құстар әнін шырқап жүр.
Сипамады маңдайдан,
Сонша сенген бір Тағдыр!

Бозқараған гүлдеді,
Бұтағына нұр іліп.
Миығынан күлмеді,
Мен аңсаған бір Үміт!

Тұмалардан су ақты,
Тарам-тарам бұралған.
Жүрегімді жылатты,
Жақсы көрген бір Арман!

Айдынына қаз қонды,
Ақ жемденіп тірсегі.
Адасуға аз қалды,
Айнымаған бір Сенім!

Емеурін не, белгі не,
Емес пе еді шын сөзің?
Суынды ма, сөнді ме,
Сендегі от бір Сезім?..

Білмедің-ау, білмедің,
Бір Өзіңді жыр қылып…
Жолға қарап жүргенін,
Жаны таза бір Жігіт!

…Өмір еркелеткен жоқ,
Өкпелеуім керек пе ед?..
Оралмадың көктем боп,
Опасыз ең, о, неткен!

***
Тартқанда көңіл-күй бірде бәсең,
Торығу оты санада маздар.
Қанатын керіп қимылмен әсем,
Қонатын көлге сарыала қаздар.

Сұқ көзден тәнін айнала қорып,
Сұлудай суда тұншыға күлген.
Айдынның төсін аймалап еміп,
Айтатын бір ән сыңсыған үнмен.

Тыңдаушы еді кешкі үнді анық,
Таулар да, қыр да, дала да, тоғай…
Жақыннан даусын естігім келіп,
Жүгіріп жеткем жағаға талай.

Күдікшіл байғұс не пайымдасын,
Кілт үзіп әнін, қате түсініп.
Қайталап салмай да қайырмасын,
Қаңқ етіп қаздар кететін ұшып.

Батырып жүрген тылсымға мені,
Бір арман әнге қаталап туған.
Сол үнде нәзік бір сыр бар еді,
Сезімтал, мұңлы махаббат тұнған.
Өзекті өртеп алау бір түрлі,
Өксікке кеудем толатын болды.
Сағынып жүрмін сонау бір күнгі,
Сарыала қаздар салатын әнді.

Оралар ма екен, қайдам, кім білген,
Ол күннің кетті көнеріп өңі.
Әлі күн мені ойлантып жүрген,
Ән бе… әлде басқа не болып еді?!

***
Ақымақтың кесірі,
Арқанның ұшын бос түйдім.
Есіңде бар ма есігі,
Екеуміз өскен ескі үйдің.

Кеудеңе толса күй ізгі ең,
Көзіңнің жасын сүртпе әлі…
Құрт жеген құрым киізбен,
Қаптаулы тұғын сырт жағы.

Қалдырып көлде қайық із,
Қарсы бетке озып шықты о да.
Жетпейтін еді бойымыз,
Жоғарыдағы тұтқаға.

Жүрекке ине сұққандай,
Жыладық кейде қуансақ.
Топсасы тозғандықтан ғой,
Тұратын ылғи бір ән сап.

Сыңситын күндіз-түнде де,
Сол мұңның осы жалғасы.
Бірақ ол есіктің неге,
Болмады құлып салмасы?..

Еһ, секілді енді жас дәурен,
Есіктің көне көк түсі,
Жел ғана жұлқып ашқанмен,
Жапты оны қатты көп кісі.

Өткіздім күндер тасада,
Өзгерді сенің бет-өңің.
Бәрібір біздің босаға,
Білмеді кілттің не екенін!

Күршекті мен де ілмедім,
Күттің сен жоқты қайдағы, әй…
Басымнан шықпай жүр менің,
Басынып кірген бейбақ ой!

АУЫЛҒА ХАТ
Тағы да терең күрсіндім,
Туған жер түсіп есіме.
Топырағыңды бір шым-шым,
Тұмар ғып таққам төсіме.

Кішкентай ғана сол ауыл,
Көзге алыс, жақын көңілге.
Келешекті іздеп жаңа бір,
Көтердім ерте мен ірге.

Аңқаулау басым аңдамай,
Аттадым ба әлде киеңнен…
Айналып соқпас жол қалай,
Алысқа тартты үй, елден?

Білмеппін сонда мен мына,
Бақытты екен ғой, аңғарсам.
Бір қора қойдың орнына,
Бес ешкі бағып қалған шал!

Қазіргі айтар ән бөтен,
Қайғырар сәтім де осы-ау көп.
Қанша там босап қалды екен,
Қалаға көшіп неше әулет?

Қабырғам сынып, қайысып,
Қайран ел қатты сағындым.
Қоп-қою сүтпен шай ішіп,
Қазысын керткен соғымның.

Ежелден солай емес пе ең,
Ертеңнің болған жыр бөлек.
Еденде ойнап мен өскен,
Еңбектеп жүр ме бір бөбек?

Көрсем деп басқа ғаламды,
Кетіп ем осы несіне?
Кешігіп жүрген балаңды,
Кешіре көргін, кешіре…

Пікір қосу