Мемлекеттік тілді білу – азаматтық парыз
18.08.2017
1906
0

Бүгінде телеарналардан қазақша білетін өзге ұлт өкілін көрсек таңырқап қараймыз. Бұл таңданысымыз тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де басылар емес. Бірақ олардан басқа да Қазақстанда тұратын басқа ұлттар қазақ тілін меңгеріп жатыр. Кейде оларды байқамай да қалатындаймыз. Олар мемлекеттік тілді өздері білгенмен қоса серіктеріне де үйренуге кеңес береді. Солардың бірі – журналист Юрий Масанов. Ол мемлекеттік тілді білу азаматтық парыз деп санайды. Бүгінгі әңгімеміз қазақ тілі төңірегінде өрбіген еді.


Юрий МАСАНОВ,
журналист

– Қазақ тілін қай дәрежеде меңгердіңіз? Тіл үйренуіңізге не түрткі болды?
– Қазақ тіліне қызығушы­лығым мектеп кезінен басталды. Тіл үйренуіме ұстазым Әсемгүл Осқарбайқызының еңбегі зор. Соның көмегімен қазақ тілінен деңгейім көтеріліп, мектепте жә­не университетте қазақ тілінде емін-еркін сөйлесуге мүмкіндік алдым. Әйтсе де, қазақ тілін то­лық меңгердім деп айта алмаймын. Әлі де үйренетін дүниелер өте көп. Қазақ тілін орташа дең­гейде білемін деп айта аламын. Мамандығым журналист бол­ған­дықтан күн сайын әр түрлі адамдармен сөйлесіп, газет пен ғаламтор басылымдарды оқып, мемлекеттік органдарға хат жазып отырамын. Бұл жұмыстар тек орыс тілінде емес, қазақ ті­лін­де де қатар жүзеге асырылады. Сондықтан қазақ тілін білу мен үшін өте қажет деп есептей­мін. Қазақ тілін білу – менің кәсіби әрі азаматтық парызым.
– Расул Ғамзатовтың ана тілі туралы «…Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ», – деген жыры бар. Ана тілі сөзін қалай түсіндіріп берер едіңіз?
– Ана тілі – әр адамның тек басқалармен сөйлесу құралы емес. Ол әке-шешемен, бабалармен, туған жермен тікелей байланысады. Әр адамның туған тілі оның тағдырына да үлкен әсер етеді. Сол үшін де оны Ана тілі деп атамай ма? Ол ананың сүті арқылы сәбидің санасына сіңеді. Осыдан кейін сәби өз елінің өт­ке­ніне, бүгініне және болаша­ғы­на тамыр жібереді. Тіл құдіретін сезінген ақындар оған өлең арнап, жазушылар шығармаларын арнаған. Ғалымдардың айтуынша, тілде сол халық тарихының құпия коды жасырынған екен. Өз тілінде сөйлей алмаған адам осылайша өз тарихынан да ажырап қалуы мүмкін.
– Егер сәби туғаннан бастап өзге тілде тәрбиеленсе өмір бойы сол тілде ой жүргізетіні анық. Осын­дай адамдар өз халқынан алыстап кетеді дегенге сенесіз бе?
– Бұл – өте күрделі әрі маңыз­ды сұрақ. Әрине, егер адам туған кү­нінен бастап өз халқының тілінде сөйлемесе, жоғарыда айт­қа­нымдай, ол өз халқының дүние­та­нымынан алыстап кетеді. Бірақ менің ойымша, егер болашақта бала ана тілін жақсартса, оған өз халқының терең тарихымен та­нысуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ халқына деген сүйіспеншілік тек тілі арқылы ғана көрсетіл­мейді. Өз жерін сүю және қорғау, елінің да­муына әсер ету – нағыз па­т­риоттың, халықтың перзенті болып туған ұрпақтың белгісі.
– Болашақта қазақ тілін өз жақындарыңыз бен таныс­тарыңызға үйреткіңіз келе ме?
– Көп достарым қазақ тілін белсенді түрде оқиды. Өйткені, олар мемлекеттік органдарда жұмыс істеуді қалайды. Басқа достарыма да қазақ тілін жақ­сартыңдар деп айтып жүремін. Мен оларға: «Сен Қазақстанда өмір сүресің, саған мемлекеттік тілді білу қажет. Бұл – парыз. Бұлай болмаған жағдайда саған Отанымызда өмір сүру де, жұмыс істеу де қиын болады», – деймін. Бұлай айту – менің азаматтық па­рызым. Қазақстанда тұрып қа­зақ тілінде сөйлей алмау бір жа­ғынан ұят болса, екінші жа­ғынан құрметсіздік дер едім. Өйткені, қалай болғанда да, осы елде тұрып, болашаққа қадам басудамыз. Сол себепті, еліміздің басты байлығы – тілін құр­мет­теу парызымыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір