Әуезов тілінің бояулары

0
192 қаралды

«Кісі айтпаған сөз бар ма», – депті ғой Абай. Әуе­зов жайлы да айтыл­ма­ған сыр, ашылмаған қыр қалды дей­сіз бе. «Бәрін бізге дейінгілер ай­тып қойыпты, бізге айтатын не қалды?», – деп аһ ұрады бүгінгі сарапшылар. Сіз­дерге не қал­ғанын мен айтайын:
Біріншіден, Әуезов жайлы ай­тыл­ған сол ұшан-теңіз сындардың өзі­не сын керек. Қай­сысы қан­ша­лық­ты ақыл­ға толымды, көңілге қо­­нымды? Қай кезеңнің, қай қоғам­ның, қай ұр­пақтың көзімен қарасаң да, қадірі кет­пей, құ­ны түспей қас­қайып тұр­ғаны қайсы? Қо­ғам­ның сойы­лын со­ғып, ұркөппе ұранға үн қо­сып, «ат­танға» айғай жамап, түлкі за­манды та­зы боп шалғаны қайсы?
Екіншіден, кеңестік кезең та­қы­рыбына жа­зылған шығармаларының сипаты мен сы­ны.
Үшіншіден, Мұхаң шығарма­лары­ның көр­кемдік сипаты. Басқаны бы­лай қойып, бір ғана «Абай жо­лының» көркемдік әдіс-тәсілдерінің өзі бір ғылыми еңбек болар еді. Осы бір туын­­­ды­ның өлмес өміршеңдігінің сы­ры неде? Уақыт дей­тін зымыс­тан­ның қары мен жаңбырына, аптабы мен аязына алдырмай, қасқара түсуін­де не ғажап бар? Мұзарт шың­дай алыс­­таған сайын жар­қырай тү­се­тіні не­сі? Бір ғана жауап – ол Әуе­зов тілі­нің шексіз көркемдігінде. Ал көр­кем­дігі неде? Ол сөздік қорының молды­ғында, ті­лінің байлығында, қанық бояуы, көнелігі, ежелгі тілдік қолда­ныс­тар мен тіркестерді мол білуінде. Бір-біріне жарығын да, көлеңкесін де тү­сіре білетін, бірінен – бал, бірінен – у там­шы­лаған сөздерді қақпақылша қа­ғып, алмас­тай жарқылдата білуінде. Кез келген қарапайым құбылыстың өзі­нен құпия құдірет тудыра алатын ес көзінің, сезім сұлулығының, талғам түй­сігінің поэтикалық қуатының мол­дығында. Және сол өзі түйсінген, се­зінген құбылысты, әсер­ді сол қал­пын­да мөлдіретіп суреттеп бере ала­тын тіл шұрайы мен шырайында. «Абай жо­лы» туралы жазылған дү­ние­лер көп болғанымен, оның жеке стилі, әдіс-тәсілі, көркемдік өрнек-нақышы әлі түрен түспеген қалпында жатыр. Осы­ны ойлар уақыт жетті емес пе?! Әуезов әлемі – теңіз. Оның інжу-мар­жанын түгел сүзіп шығуға бірер адамның қуаты да, ғұмыры да жетпес. Дегенмен, өзім­ді өмірбақи таңданта табындырып, бі­рақ құпиясына жете алмаған кейбір ай­шық-иірімдері жөнінде сөз етсем деп едім.

І. Әуезовтегі мінез бен пішін сабақтас­ты­ғы. Көркем шығармада кейіпкер сом­дау­дың үш қарапайым әдісі бар: олар мі­нез (характер), пішін (портрет), мүсін (ску­льптура). Көп қаламгер осыларды әшейін үрдіс, елдің бәрі жазып жатқан дүние деп, бір міндет үшін жаза салады. Ал Әуезовте осының өзі екі түрлі мақ­сат­пен жасалады:
1) Әуезовтің пішіні мен мүсіні кейіп­кер­дің мінез-құлқын ашып тұрады. Ол кейіп­керін жақсы-жаман демесе де, пі­шіні мен мүсініне қарап-ақ мінезін біле қоя­сың.
2) кейіпкерінің пішіні мен мүсіні оның әлеуметтік жағдайынан, ортасы мен тұрмысынан хабар беріп тұрады. Мысалы, Ақан болыс пішіні «Орта бойлы, дөңгелек денелі, қысқалау мұрынды, сұрғылт бетті, суық қарайтын, қисық біт­кен, кішілеу көзінде, түксиген қа­бағында» деп келеді. Оқи бастағаннан-ақ «қысқа, кішкене, қисық, түксиген» деген толып жатқан сүреңсіз эпитеттерден-ақ көңілің суып, ішіңді жиып ала қоясың. Таза туыс­ты, таза қазақи текті жақсы бі­летін Әуе­зов, ер кейіпкерлерінің көбіне «көр­некті қырлы мұрын, көтеріңкі қыр­лы мұрын» беретін Әуезов бұл пақырға мұрын екеш мұрынның өзін жарытпай беріп тұрған жоқ па. Ешбір сыншы, ға­лым «мынау жағымсыз кейіпкер» деп көр­сетпей-ақ кез келген қарапайым оқыр­манның өзі-ақ осы «кішкенелерге» қ­а­рап-ақ, «әй, түбінде оңған адам емес­сің-ау» деген ойға оп-оңай келеді. Міне, шеберлік қайда! Ал осы әңгімедегі кемпір бей­несіне келейік. «Үлкен, жалпақ маң­дайлы, қошқар тұмсықтау келген үлкен мұрынды» кемпірдің несі болса да молынан пішілген қияпатына қарап-ақ кесек мі­нездің, ірі қайрат-қимылдың, сабыр мен тәуекелдің адамы екенін біле қоясың. Сол секілді, «Кесек біткен, кең, дана, сұлу жүз» Ұлжанның бүкіл қасиетінен хабардар етіп тұрған жоқ па.
Қай жазушыны алмаңыз, портрет жа­саудағы ең басты деталі көз ғой. Әуезов шеберханасындағы үйіліп жатқан көздің байлығына көз салыңыз. Жағымсыз кейіпкерлерге:
– Ақ көз, айран көз, ала көз, қарала көз, қызыл көз, шегір көз, ешкі көз, ит көз, бұқа көз, шұңет көз, томпақ көз, буал­дыр көз, тұманды көз, мысық көз, жіп­сік көз, бітік көз, қысық көз, қитар көз, тіміскі көз, ұры көз, ірің көз, жылан көз, ақи көз, зәрлі көз, т.б. десе, жағымды кейіп­керлер:
– Қара көз, қарақат көз, қаракер көз, сұр­­ша көз, сұрғылт көз, қой көз, шаралы көз, тұңғиық көз, мөлдір көз, жаудыр көз, нәркес көз, нысаналы көз, көлеңкелі көз, көк көз, көкшіл көз, қыран көз, ител­гі көз, шұғылалы көз, сәулелі көз, ойлы көз, отты көз, алмасы бар көз, нұрлы көз, ыс­тық көз, салқын көз, ажарлы көз, қа­ра­көк көз, ұзынша көз, үлкен көз, шошақ көз деп береді. Әуезов кейіпкерінде осы көздердің бәрі бар. Ал Әуезовте ғана бар ерекше қолданыстағы көздер – шошақ көз, шүңет көз, томпақ көз, ұзынша көз, көлеңкелі көз. Әсіресе, шошақ көз. Бұрын-соңды кімнен естідіңіз? Ал Әуезовте бұл сұлу қыз Керімбаланың көзі және оған титтей оғаштығы жоқ әдемі сипат беріп тұр. Өйткені, оның мінезіне, іс-әрекетіне үйлесіп тұр. Осы шошақ көзді не Тоғ­жан­ға, не Зере мен Ұлжанға берсе, жарасар ма еді? Кәмшаттың қарақат көзі, Құнан­бай­дың әрі томпақ, әрі шүңет көзі, Жұман­ның боз көзі, Абайдың ұзынша біткен ақ-қарасы айқын көзі, Тоғжанның нұрлы қара көзі, Мағыштың сәулелі сұрғылт көзі, Базаралының ойшыл, отты көздері, Дәрменнің сәл қанталаған отты көздері, Мә­кеннің ұяң қоңыр көзі, Дәмежанның жау­дыр көзі, Әйгерімнің нысаналы көзі, Әзімбайдың зәрлі бітік көздері өз иелерін адаспай тауып тұрған жоқ па. Ал мұрын ше? Көп жазушының мән бермей атүсті қа­рап өте шығатын бір мүшесі – осы мұ­рын. Ал Әуезов мұрын, тұмсық, танау – осы үш сөздің реңктік өзгешелігін әбден бі­леді және орнымен қолданады. Мұрын сөзін әйел кейіп­кер­лерге, тұмсық еркек және қарт кейіпкер­лерге, танау балаларға телінеді. Тағы да басқа қаламгерлер назар ау­дара қоймайтын, білсе де қажет деп тап­пайтын, тіпті қажеттігін білсе де қан­дай сипат беріп, қалай суреттеуді біл­мей­тін мүшелері – саусақ, құлақ, бұғақ. Көп қа­ламгер әлі күнге «ақ саусақтан» аспай ке­леді. Және ол қыздікі. Ал Әуезовтің об­­разды ойлау атмосферасының кеңдігін қа­раңыз:
­– «Аппақ ұзын саусақтарын соза тү­сіп». (Мағыш саусағы). «Салалы келген ап­пақ сұлу саусақтарына дейін өзгеше бі­­тімді, жақсы туысты (текті) білдіреді» (Ба­заралы саусағы). «Алшынбайдың са­лалы ақ саусақтары». «Ұлжан үлкен ақ сау­сақтарын аттың жалына салды». Осын­дағы бір ғана «ақ саусақ» сөзі жасы, жы­нысы, мінез – машығы, тұрмысы әр түр­лі 4 адамға – қызға, еркекке, шалға, кем­пірге беріліп тұр. Бірақ бәріне жара­сым­ды. Мағышқа – сұлулық, нәзіктік, Ба­заралыға – тектілік, Алшынбайға – ақ­сүйектік, Ұлжанға – кеңдік, молдық си­пат беріп тұр. «Бұғақ» сөзі көп қалам­герде сүйкімсіз сипат ретінде берілсе, Әуезовте ғана сұлулықтың бір белгісі. «Жұмсақ, жұмыр иегінің астында жұқа ға­на бір толқындай боп нәзік бұғағы білі­неді». Құлақ сөзі де сондай. Қай қалам­герді алсаңыз да, қалқан құлақтан аса алмай келеді ғой. Құлақты тіпті суреттеуге тұ­ра­­тын мүше деп есептемейді. Тек Нұр­пейі­совтің томай құлағы ғана ерекше есте қалды. Бірақ бәрі де сүйкімсіз сипат­тар. Ал осы құлақты сұлу етіп суреттеген тағы Әуезов. «Өзі оңашада ғана көретін аса сұлу, сәл ғана қызғылт құлағы, ақ тор­ғындай уыз етті тамағы». (Мағыш си­па­ты). «Ақ тамақтан» басқаны білмейтін біз та­қырға уыз етті тамақты тарту еткен Әуе­зов біздің талғам, – сана, сұлулық се­­зі­мімізді байытып, орасан шаттық сыйлады емес пе.
«Бұл сәтте ауыр сырғамен созыла түс­кен соншалық, сұлу біткен құлағы да қы­зара түседі». (Салтанат сипаты).

ІІ. Портрет жасауда реңктік сын есім­дерді пайдалану әдісі.
Бет ажарды, түс-шырайды білдіретін си­патқа ежелден ақ, қара, сары деген үш сын есім негіз екені белгілі. Қалған түс­тер осылардан туындайды. Әуезов шеберханасына көз салайық:
Біріншіден, баттиған қою бір түстің өзін қолдануы өте сирек. Әуезов шебер су­­ретшідей екі-үш түсті араластырып жі­беріп, аралық бір жұмсақ түс, бояу та­ба­ды.
Екіншіден, қара және сары түстері Әуезовте өте сирек қолданылады, қол­да­ныла қалса сүйкімсіз, жағымсыз сипатта. Ал қазіргі қазақ әдебиетін сары түс жаулап барады. Хас сұлудың түсі сары деп су­реттеліп жүр. Сонан соң қайтсін енді, сұлу­лықтан дәмесі бар қазақ қызының бәрі шашы түгіл, қасын да сарыға бояп жатыр.
Үшіншіден, қызыл, көкшіл деген екі сын есімді түс етіп, түс болғанда да жа­ғым­ды түс етіп, еркек әйелге бірдей қол­да­нып отырған тағы да Әуезов.
Енді осы айтқандарымызды дәлелдеп көрейік. Бір ғана ақ сын есімін қалай құ­былтып, қанша түс, ажар, реңк, шырай та­­­бады. Және сол түс өз иесінің мінез-құл­­­қы мен тұрмысынан, тегінен хабар бе­­­ріп тұрады. Мысалы, сұр бояуды алған Әуе­­зов оған ғылт жұрнағын қосып, сусыз шөл­­дің түсіндей безірейген, сазарған сұр­­­ғылт деген түс алды. Бұл түс және Ақан болыс бейнесін қандай ашып тұр. Ал осы сұрға ақты қосып еді, «ақсұр» де­ген аралық жұмсақ түс шығып, «дөңгелек ақ­сұр жүз» Ғазизаға сай келе кетті. Енді қа­­лай? Егер Ғазизаны аппақ, ақ десе, қа­­­зіргі бейшара жетімдігіне, жүдеу тұр­мы­сына жараспас еді. Егер қара десе, ішкі жан дүниесіне ұяң да нәзік табиғатына қия­нат болар еді. Сондай-ақ, ақ түстің өзін әйел затының бәріне қолдана бер­мей­ді. Мысалы, Тоғжан – «толықша кел­ген, аппақ жүзді», Әйгерім – «ақ жү­зіне жұқалаң қызылы жарасқан», Үмітей – «кең, сұлу жүзді, ақша маңдайлы», Ұл­жан – «нұрлы біткен, ақшыл-қызғылт жүз­ді», Керімбала – «Қой көзді, аққызыл рең­ді», Ғазиза – ақсұр өңді. Сол секілді, қы­зыл сын есімін де бар кейіпкерге бір­дей қолдана береді. Алшынбай – «толық денелі, қызыл жүзді. Майбасар – зор де­нелі, қызыл күрең жүзді, Нұрғаным – мөл­діреген қызыл жүзді, Әзімбай – қы­зыл қара. Бошан қыздары – дымырақ қы­зыл». Ал сары түстің аралық түрін – ақ са­ры, сарғыш, қызғылт сары деп қолданса да, сары түсті Әуезов өте ұнатпаған. «Түн­­­­де байқамаған екен, қызғылт сары деп ойлаған Жәмила жалқын сары боп шық­­­ты» (Оқыған азамат). Оқыған аза­мат­тың қызды ұнатпай қалуының басты се­бебі осы жалқын сары түсі. Енді Мұ­хаң­нан басқа ешкімде жоқ мына сын есім­дер­ге келейік. Көкшіл, алкүрең, ал­қа­ра­көк, қызыл ат. «Ау, о заманда, бұ заман, көк­шіл адам болушы ма еді?», – дер­сіз. Бол­ғанда қандай! Адам түсінің ішкі тол­ғаныстан мың құбылған сәтінде көк­шіл бояу да керек екен. «Қызыл шырайлы жү­зі көкшілденіп», «Ұлжанның нұрлы біт­­кен ақшыл-қызғылт жүзі ішін тоңа­зыт­қан сезімнен көкшіл тартты». Ал­күрең бетеге дейді Мұхаң. Бетеге – осы қазір қарасаңыз да қою-жасыл (темно зелёный) шөп. Ал – розовый, күрең – бор­довый. Ендеше неге жасыл шөпті ал­күрең дейді? Алқаракөк – үш сын есім­нен бірігіп, тағы да қою жасыл түсті біл­діреді. Темір не асфальт түстес жылқыны қы­­зыл ат дейді. (Қабдеш Жұмаділов те­мір қа­ра көк дейді). Осы сөздердің сыры мен сұлу­лығы неде? Сүйсініп те, күрсініп те, тү­сініп те оқимын. Тек жеткізіп айта ал­май келем. Айта алмаспын да…

ІІІ. Әуезов қолданысындағы эмо­ция­лық – реңктік түстер. Әуезовтің неше рет қай­талап оқысаң да, таңдандырудан тан­байтын, тереңіне бойлатпайтын бір құ­пиясы осында жатыр. Әуезовтің порт­рет­те­рі «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін» немесе «Алтын иек сарала қыз» емес. Алуан бояумен қатырып салып қойған жансыз сурет емес. Ол кейіпкердің ішкі психологиялық жан толғанысынан, құ­былысынан, ыстық сезім әсерінен нұр­ланып, құбылып, өзгеріп, тоңази ді­ріл қағып, Лермонтовша айтсақ, «Болаттай жалын көрген дірілдеген» сәті. Осы құбылған өткінші сәулелерді суретші де са­ла алмас еді. Мұндай эмоциялық реңкті, жалт еткен сәулені тек құдіретті қа­ламгер ғана көре алады және ұстап қа­лады, айнытпай суреттеп бере алады. Мұ­хаң – сол құдіреттің өзі.
– «Тоғжан жүзіндегі сәтте келіп, лезде қайтып тұратын жұқалаң қыз­ғыл­т арай», Ұлжан жүзіндегі «ішкі сезімнің әсерінен тоңазыта діріл қақтырған көк­шіл рең», Әйгерім еріндеріндегі «Ба­ла­лық, кінәсіздік лебіндей ыстық әсер де­мі», «көз астына ұялаған көлеңке», «Абай­­дың мұрын мен бетінде жылтырап білінген майда, жұмсақ нұр». «Абайдың ажары таза көздері әрі көрікті, әрі ыстық тиеді», т.б.

ІV. Мінез бен мүсін сабақтастығы.
Мі­нез бен пішінді сабақтастыру, яғни пішін арқылы мінезді ашу әркімде-ақ бол­сын. Ал мүсін (дене тұлға) арқылы мі­незді ашу ше? Дене тұлғасын суреттеуде кездесетін жуан дене, жіңішке дене, сұңғақ дене, зор дене, балуан дене, тарамыс дене, арық дене, өңкиген дене, шүй­киген дене, тарбиған дене, ірі дене, ал­қам-салқам дене дегендерге селт етпесек те, атпал, ашаң, ашамай, өндір, бал­ғын, мол дене, дөңгелек дене дегендерді екінің бірі қолдана ала ма? Тіпті, бас емес, көз емес, адамның денесін қалай дөңгелек (шеңбер) деуге болады? Болмаса мынау не?
– Бұл жігіт отыздар шамасында, дөң­гелек денелі, орта бойлы (Ақан болыс)
– Сыздықтың айтуынша, Лосовская­ның адамның көзін тартып, көңілін ауда­ратын жері – дөңгелек, толықша де­не­сі.
Дөңгелек денесін шапшаң қозғап. (Бақ­тығұл).
– Толық, дөңгелек денелі, қызыл жүз, ақ сақалды Алшынбай… Бір ғана дөңгелек сөзі 4 үзіндіде төрт түрлі қызмет атқарып тұр. Алшынбайға – толықтық, тоқтық, Ақанға –арамза мығырлық, Лосовскаяға – сымбаттылық, Бақтығұлға – шап­шаң­дық, серпімділік сипат беретіні қалай? Тегінде Әуезовте биік, сұңғақ, аңсағай, өндір, балғын сөздері қаталдық, билік, үстемдік пен қайрат-жігерді, ал мол, кең, толық сөздері кесек ойлы кемеңгерліктің, ақыл мен сабырдың, ал «кішкене, қысық, қисық» сөздері қулық пен арам пиғылдың сипаты. Өдек – ашаң денелі, Қатша – аша­май денелі, Алшынбай – мол денелі, Базаралы – балуан денелі, Оралбай – балғын денелі. Неге осы екі әйелге де ашаң сөзін ала салмасқа? Ауру әрі жүдеу Өдекке ашаң қалай қонып тұрса, кедейлік пен зорлық-зомбылықтың қорлығын көрген Қатшаға арса-арса ашамай денеден артық дәл сипат бар ма? Сондай-ақ, сатқақ ұрғандай, өл де маған, шанда бір, ма­затсу, киракезік, уаз кешу – сөздерін де басқадан көрмедім. Бұл өңірлік диалект пе, әлде этноним сөздер ме, оны ажы­рату – тіл мамандарының еншісі.
Әуезов – тереңі бойлатпас теңіз. Әуе­зов – биігі асу бермес асқар. Ол зерттеліп болған жоқ. Керісінше, Әуезовтанудың жаңа кезеңі енді басталмақ керек. Ендігі сыншылар мен ғалымдар «Мынау – жа­ғымды кейіпкер, оның жағымды екенін мына іс-әрекетінен білеміз» деп, оқыр­манға кітаптың мазмұнын тағы бір қайталап беретін ежелгі сартап болған са­ры ізден шығу керек. Әуезов әлемінің тыл­сым сұлулығы мен қаламгерлік қуа­тының кодын табу керек.

Әмина Құрманғалиқызы,
сыншы.

Пікір қосу