Пайдалы нәрсе ғана – ақиқат
18.08.2017
2203
0

Білімге деген көзқарастың жаңаруы заманның жаңарғанынан хабар береді. ХХІ ғасыр табалдырығын аттағалы біраз жыл ішінде біздегі білім туралы түсінік едәуір өзгерді. Және ол ұлттық таным-түсінік қалыптастырған білім мен дүниежүзі елдері қолданатын білімді қабыстыруға негізделген. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» туралы ой осының бір дәлелі. Гуманитарлық білімнің жаңа сипаты қандай болмақ деген ойды 100 жаңа оқулықты аудару ісінде белсене араласып жүрген философия ғылымының докторы, профессор Гүлжиһан Нұрышева былайша тарқатады.


Гүлжиһан Нұрышева,
философия ғылымының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия
кафедрасының меңгерушісі

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласында алға қойған мақ­сат­тар­дың бірі ретінде «Жаңа гума­ни­тарлық білім. 100 жаңа оқулық» жо­басына айрықша тоқталады. Гу­манитарлық ғылым саласының белді өкілі ретінде еліміздегі жаңа гуманитарлық білім жүйесі қандай болуы керек, ол жүйенің қалып­тасуы­на отандық гуманитарлы ғы­лым саласының өкілдері қандай үлес қосуда деген ойдасыз?
– Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­малық ма­қаласы – Қазақстан қо­ғамы дамуының қазіргі кезеңі үшін аса қажет және гумани­тар­лық ғы­лым­дардың дамуына ерек­ше бір серпін беретін туынды. Мақалада талданған негізгі мә­селе – қоғам­дық сананың, же­ке сананың рухани жаңғыруы, се­бебі қоғамдық сананың белсен­ді­лігі болмай, ол қоғамдық болмысты енжар бейнелеумен ғана шектелетін болса, қ­о­ғам өзінің түпкілікті мақсатын же­те алмайды. Сананың жаң­ғыруын не­гі­зі­нен гуманитарлық ғы­лымдар жү­зеге асыратыны бел­гілі. Жас­тар­дың, әсіресе, жоғары білім беру саласында дайындалған ма­манның кәсіптік деңгейімен бір­ге адамгершіліктік-рухани жә­­не әлеуметтік келбетінің де, өзін­­дік және ұлттық санасының биік болуы қазіргі уақытта өзекті мә­се­леге айналды, сондықтан гума­ни­тарлық ғылымдар саласы ма­ман­дарының міндеттері бұ­­­рын­­ғыдан да күрделеніп, маңыз­­дылыққа ие болып отыр.
Жаңа гуманитарлық жүйенің сипаты аталған мақалада анық айқындалған. Ең әуелі ол Елбасы айтқан прагматизмге негізделген болуы тиіс дер едім. Прагматизм – қазіргі заманғы философияның белгілі бағыты. Басты ұстанымы – пайдалы нәрсе ғана ақиқат. Ел­басы осы идеяны мықты негіз­де­ген. Яғни жеке адам да, тұтас ұлт та сән-салтанат, орындалмай­тын арман, қиял, жалған идеологиялар қуып өмір сүрмей, нақты міндеттер мен мақсаттар қойып, олар­ға жетуге еңбектенуі тиіс. Жас­тардың болашағы олардың өз­дерінің нақты мақсаттарға ұм­тылуына, еңбектенуіне тікелей бай­ланысты екендігі сөзсіз.
Гуманитарлық сала мамандары басты назар аударуы тиіс. тағы бір мәселе мақалада айтыл­ған­дай, ұлттық бірегейлікті сақ­тау, онсыз ұлттық сана дамымайды. Батыс мә­дениеті жаулаған қиын заманда ұлттық кодымызды өзіміздің ті­лімізді, мәдение­ті­­мізді, салт-дәс­түрлерімізді, құн­дылықт­ары­мыз­ды өркендету арқылы сақтап қала аламыз. Бірақ бағдарламада атап көрсе­тіл­гендей, олардың ең үздігін таң­дап алу арқылы ғана әлемдік өркениетке үйлесімді қо­сыла аламыз, бәсекеге қабілетті бо­ламыз.
Гуманитарлық ғылымдар Ел­басы айтқан білімнің салтанатына ұмтылуы тиіс. Білімге деген құш­тарлық қазақтың бойында қа­лып­тасқан ерекше қасиеттер­дің бірі. Мұны кезінде миссионер­лер де жақсы байқаған. Ендігі мін­дет – қазіргідей қиын заманда білім мен ғылымның маңыз­ды­лығын жас­тардың санасына бұ­рын­ғы­дан да мықты сіңіру, олар­­­дың клас­сикалық түрлерін игеруді на­си­хаттау және іс жү­зін­де жүзеге асыру.
Дамудың мақалада айтылған эволюциялық жолы да біздің са­лаға қатысты. Осыған дейін елі­міз­де гуманитарлық білімнің жақсы деңгейі қалыптасты, оны революциялық жолмен бұзудың қажеті жоқ. Өткен ғасыр револ­юция­лардың халық үшін қанша­ма қасірет әкелетіндігін дәлелдеп берді. Біз дамудың эволюциялық жолын, яғни сананы оята отырып, қоғамды біртіндеп өзгерту жолын таңдадық. ХХ ғасыр ба­сын­дағы қазақ зиялылары да осы жол­ды қалап, «Оян, қазақ!» деп жар салып, ұйықтап жатқан қа­зақ­тың санасына «Қазақ», «Ай­қап», «Сарыарқа» газет-жур­нал­дары, өздерінің шығармалары ар­қылы әсер еткен болатын. Өз­герістер біртіндеп жүргізілуі тиіс, сол арқылы жаңа сапаға жетуге болады. Осы мақсатқа бағыттал­ған істердің бірі – «Жаңа гумани­тар­лық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы.
– «Жүз жаңа оқулық» жобасы ая­­сында алғашқы кітаптар легі ау­­дарыла басталғаны белгілі. Осы істің басы-қасында жүрген ма­ман ретінде оқулықтарды таң­дау, бү­гін­гі гуманитарлы салаға өте қа­жет деген оқулықтарды сұрыптау жай­лы айтып өтсеңіз. 100 оқулық оқырманға несімен құнды, несімен қымбат болмақ?
– Дұрыс айтасыз, аталған жобаны жүзеге асыру ісіне еліміздің ғалымдары белсене кірісті. Олар Ұлттық аударма бюросының бас­шылығымен гуманитарлық ғы­лымдар бойынша әлемнің бі­лім беру кеңістігінде кең тараған, білім алушы жастарға ғана емес, осы ғылымды игеруге қызығу­шы­лық танытқан қарапайым адам­ға да пайдалы оқулықтарды іріктеді, олардың алғашқы легін аудару аяқталуға жақын. 100 оқ­у­лықты таңдаудың негізгі прин­циптері туралы айтсақ, ең әуелі олардың сапалық деңгейін атар едік. Іріктелетін кітаптардың мазмұны осы гуманитарлық сала бойынша мүмкіндігінше жан-жақты және толық білім беруі тиіс. Оның көрсеткіші – оқу­лық­тың қанша рет және қанша данамен басылып шыққандығы, ғы­лы­ми қауымдастық пен қалың оқыр­манның ол туралы жағымды пікірлері мен бағалары. Оқулық­тың тілі де өзгеше болуы тиіс, ғы­лыми монографиялардың күр­делі тілі оған жарамайды, сон­дық­­тан көпшілікке түсінікті тіл­­де баяндалған оқулықтар таң­далуы қажет және шетелдік оқу­лықтарға баяндаудың негізінен алғанда осындай түрі тән.
– Өзіңіздің ғылыми редак­цияңыз­­бен аударылып жатқан Де­рек Джонстонның «Филосо­фия­ның қысқаша тарихы. Сок­рат­тан Дерридаға дейін» кітабы жай­лы аз-кем тоқталып өтсеңіз. Бұл оқулық несімен құнды? Бізде бар оқу­лықтармен салыстыра қа­ра­ғанда, философияның қыс­қаша тарихын қаншалықты ұғы­нық­ты жә­не тартымды етіп ұсы­на­ды? Біздің дәуірімізден ал­­дыңғы және біздің дәуіріміздегі фи­лософтардың ең негізгі еңбе­к­терін, ойларын, жаңа­лықтарын аталған кітап қан­ша­лықты талдап, таразылайды? Осы күнге дейін қазақ тілінде сөй­ле­ген өзге шетелдік философ-ға­лым­дардың кітаптарын салыстыра қарағанда, бұл кітаптың басты ерекшелігі мен жаңалығы неде?
– Сіз атаған оқулық «Жаңа гу­манитарлық білім. Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасына белсенді қатысып отырған әл-Фа­раби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінің ғалымдары ау­да­рып жатқан еңбектердің қата­рын­да. Философия кафедрасы­ның доценті Гаухар Әбдірасылова екеуіміз қазір аударманы аяқтап қалдық. Бұл оқулық іріктеудің жо­ғарыда айтылған талаптарына толық сай келеді.
Кітаптың құндылығы, қазақ ті­ліне осыған дейін аударылған аз-кем оқулықтардан («Мәдени мұра» бағдарламасының аясында әлемдік философиялық әдебиетті қазақ тіліне аудару ісі бойынша үл­кен жұмыс атқарылды, бірақ оқу­лықтар емес, түпнұсқалар ау­дарылды) ерекшелігі – оның маз­мұны, идеологиялық бейта­рап­тығы, басылып шығу түрі қа­рапайым оқырман үшін пайда­лы да ыңғайлы. Кітаптың ағыл­шын­ша нұсқасы жұмсақ, бірақ са­­палы мұқабамен және сапалы қа­ғазда басылып шыққан. Шет­елдіктер біз сияқты қатты, түрлі-түсті, жалтылдаған мұқабаға қы­зықпайды. Олардың оқу­лық­тары студент қолсөмкесіне салып жүруге ыңғайлы түрде басып шы­ғарылады және жастардың өзі де оқулықтардың осындай түрін қол­дайды. Бірақ ең басты мәселе – оқулықтың сыртқы түрі емес, ішкі сапасы екендігі белгілі. Осы тұр­ғыдан алғанда, оқулық – сапалы, философияның бай тарихы өте жақсы баяндалған туынды. Біздің оқулықтарда ол хро­­но­л­огиялық түрде, мысалы, ан­тика философиясы, Орта ға­сыр философиясы, Өркендеу дәуірі философиясы және т.с.с. баян­далса, Дерек Джонстон өзінің «A Brief History of Philosophy From Soсrates to Derrida» оқулығында философия тарихын философиялық тұлғалардың – Сократ, Платон, Аристотель, Эпикур, Зенон, Аквинас, Декарт, Локк, Монтескье, Спиноза, Юм, Кант, Маркс, Ницше, Витгенштейн, Хайдеггер, Сартр, Дерриданың – шығар­ма­шылығын талдау арқылы жет­­­­кізген. Бұл – өте қызықты жә­­­не философия тарихын қарас­тырудың біз үшін жаңа түрі. Шынында да, философия тарихын құрайтын философиялық тұл­ғалар. Философиялық ой оқыр­­­ман үшін оны пайымдаған тұл­ғалар арқылы ғана мәнді,
К.Яс­перстің сөзімен айтсақ, «фи­лософия кеңістігіндегі субс­тан­ци­я­лардың» қайталанбас дү­ниесіне үңілу, жеке өмірі мен шы­ғарма­шы­лығын талдау, тіпті кей­бір өмір­баяндық деректеріне назар ау­дару (бұл Батыста көп қол­да­ны­латын ғылыми зерттеу әді­сі) танушы субъектінің тұл­ға­лық қа­лыптасуына маңызды әсер етеді. Ойшылдардың ақи­қат­қа жету жолындағы адами жә­не ғы­лыми тазалығы, фило­со­фия­лық ізденіске деген құштар­лы­ғы мен құрбандығы жастарға ой салып, олардың тұлғалық кел­бетінің қа­лыптасуына оң әсер ететіні сөз­сіз.
Оқулықтың тағы бір ерек­ше­лігі – автордың философия тарихын жеке субъективтілікке бой бер­мей, объективті баяндауға ұм­тылуы. Бұл ерекшелікті біз,
әсі­ресе, Карл Маркстің фило­со-фия­сын талдауынан байқа­дық.
Оқулық қарапайым тілде жа­зылған, яғни ол орта мектептің жо­ғары сынып оқушысына, студентке де, философияны игергісі келген адамдардың бәріне де түсі­нікті, оқулықтың осы ерек­ше­лігін біз де сақтадық. Автор өзі­нің оқырманымен тікелей сұх­бат­тасу, оған сұрақтар қою ар­қы­лы пайымдауға жетелеп оты­ратыны да аса қызықты.
Бұл кітаптың қазақша нұсқа­сы қалың көпшілік үшін ғана емес, отандық философия ғылы­мы үшін үшін пайдалы болары сөзсіз. Негізінен алғанда, көпте­ген терминдер бұрынғы кеңестік за­манда, әсіресе тәуелсіздіктің жиырма алты жылы барысында қалыптасып, оларды мамандар да, оқырмандар да қабылдап үлгерді. Сондықтан мұндай тер­миндерді де жалпы қабылданған түрде жеткізуге ұмтылдық. Әлем­дік деңгейде қолданылатын және қазақ тілінде ғылыми айналысқа еніп, кеңінен қолданылып жүр­ген «материя», «субстанция», «ка­тегория», «априори», «апостериори», «императив», «форма», «универсалия», «деконструкция» сияқ­ты терминдерді, фило­со­фиялық бағыттардың атауларын (позитивизм, герменевтика, экзистенциализм және т.б.) сол күйінде бердік. Сонымен қатар, ғалымдармен ақылдаса отырып, бірнеше жаңа терминдерді қол­дан­дық, философиялық тұл­ға­лардың есімдерін отандық әде­биет­те қалыптасқан орысша нұс­қасында емес, түпнұсқада беру­­ді жөн көрдік. Мысалы, Фо­ма Аквинский емес, Томас Аквинас, ағылшынша «Reality» тер­мині бұрын «шындық» деп ау­да­рылып келсе, біз оқырманға тү­сініктірек және терминнің мә­нін дәлірек ашатын «нақты дү­ние» терминін қолдану туралы ше­шімге келдік. Бұл мәселелер әлі де талқыланбақ, себебі жауап­кер­шілік өте маңызды, сондық­тан қабылданатын шешімдер де мықты негізделген болуы тиіс.
– Философ ретінде «100 жаңа кі­тап» жобасы аясында тағы қан­дай философтардың еңбегі қазақ оқырманына өте қажет, міндетті түрде аударылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Аударуды қажет етіп тұрған оқу­лықтар жеткілікті. Олардың қа­тарында Бертран Расселдің «History of Western Philosophy», Алек­сандр Розенбергтің «Philosophy of Social Science», Бар­бара Маккиннонның «Ethics: Theory and Contemporary Issues», Эдвин Хунгтің «Philosophy of Science Complete», А.Ф.Зотовтың «Сов­ременная Западная философия» оқулықтарын атар едім.
Қорыта айтсақ, «Жаңа гума­ни­тарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүйе­лі түрде жалғастыру қоғамымыз­дың рухани жаңғыруы ісіне ерекше үлес қосатыны күмәнсіз.

Әңгімелескен Қ.Сімәділ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір