Менің анам

0
146 қаралды

Анам туралы жазбас бұрын біраз ойланып, толғандым, бұл жайында әдебиетте қандай үлгілер барын іздеп, зерделеп көрдім. М.Горькийдің ана туралы толғаныстары да, белгілі қазақ сөз зергері, бұл тақырыпта жазудың үлкен шебері Ғ. Мүсіреповтің ана туралы аңыздары да «сыйласақ, құрметтесек, құрметтейік те ананы» деген ойды шегелеп, бекітіп, тағы да еске салғандай. Мен де анамды еске алып, толғасам, оның рухына басымды игенім, оған деген құрметім болмақ. Ол – өте қарапайым жан, бірақ қиын да қилы, өзінше қызық тағдырдың иесі.

1.
Құдайдың құтты күні таң ала­геу­і­мнен тұрып алып, жұмысқа бар­ған­ша үйдегі біраз шаруасын күйт­теп, біздің таңғы асымызды да әзір­­­леп, сонан соң бәрімізді бір-бір­леп оята бастайды да:
– Әй, қарғаларым, тұрсаңдаршы, тамақтарыңды беріп кетейін, жұ­мыс­­тан қалам ғой, – дейді ол зілсіз ғана.
Анамыздың бізді аялаған осы дау­сын естіп алдымен мен атып тұ­рам, сонан соң Сүлеймен інім ояна бастайды. Шала ұйқылы қарындасы­мыз Айнагүлді де төсегінен тұр­ғы­зып үстелге әкеп отырғызатынбыз. Балаларының тамақтанғанын кө­ріп, көңілі жайланған ана жұмысына аяңдайтын. Содан ол күн ұзаққа қы­­зыл­шада болады. Шаршап, шал­ды­ғып кеш бата әрең жететін үйіне.
Отызға жетер-жетпес жасында ерінен айырылып, жесір қалып, қиын тағдырды басынан өткізуіне тура келген анамыз өлместің күнін ойлап, кеш жатып, ерте тұрып, күн­діз-түні тыным көрмей жұмыс істеп, бізді жеткізудің, сақтаудың қамына кіріскен еді. Әкем қайтқанда, мен – алтыда, інім – төртте, қарындасым – екіден сәл асыңқыраған-ды. Яғни бәріміз де буыны бекіп, бұғанасы қатпаған баламыз, қатты-қайырымға жарамаған кезіміз. Сондықтан үй­дегі бар ауыртпалық бір ғана анамыз­дың мойнына түсті.
Әкем Әбікен Асанбай мен шешем Бипа Әбденбайқызы бір-бірін тауып, көңілдері жарасып, аз ғана жыл бақытты өмір сүрді. Балалы-ша­ғалы болды, біздер дүниеге кел­дік. Әкемнің жоғары білімі болмаса да, хат танығандығының, ақыл-парасатының, зор өмір тәжірибесінің арқасында ел басқарды, шаруашы­лық тізгінін қолға ұстады. Ол соғыс жылдарында Алматы төңірегіндегі «Мен­жин» колхозының председателі бол­ды. Біраз жыл шаруашылық бас­қарғаннан кейін әлдекімдердің көр­сетуімен «істі» болып, ол жұмыстан босайды да, басының амандығы үшін күресуіне тура келген. Ері абақ­тыда отырғанда шешем оның айтуымен Алматыдағы бірқатар белді меке­ме­лердің есігін қағып, ондағы әкемнің жүз таныстарымен кездесіп, сөйле­сіп, олардан көмек сұ­рап, жарының кінәсіздігін дә­лел­дейтін қағаздар әкеліп, зыр жүгірген екен. Ол оны бізге мұндаға дейін ай­тып келді. Аққа Құдай жақ деген ғой. Ел сыйла­ған, кісілік қасиетін жо­ғалт­паған адам болғандықтан әкем бұл «пәле-жаладан» да құтылып, қал­ған уақыт­та колхоздың қара­пайым күзетшісі болып өтіпті өмір­ден.
Өзінің арқа сүйер азаматынан айырылған анамыз бастапқыда есеңгіреңкіреп барып, есін тез жиды. Ол «ерден жас қалдым ғой» деп уайымдамады, өзін ойламады, біз үшін өмір сүрді, бізге нан тауып беріп, аяғымыздан тұрғызу үшін жұмыс істеп, тер төкті.
Сөйтіп, анамның өміріндегі ең қиын күндер өтіп жатты. Оны бала болғандықтан біз байқамадық. Сол күндердің бірінде біздің үйімізде бір ер адам пайда болды. Ол – Талды­қор­ғанның ар жағындағы Ақсу елінен екен. Шамалғандағы «Школа десятников» деген құрылыс мамандарын даярлайтын орта кәсіптік білім беретін мектепке оқуға келіпті. Аты-жөні Төлеген Қасымұлы, руы – Найман, оның ішінде Матай болып шықты. Сол адам оқуын бітір­ген­ше біздің үйде тұратын болды. Әрине, тегін емес, пәтер ақысын тө­леп дегендей. Оның берген ақшасы «аз да болса көмек қой» деп ойлаған болуы керек анам да. Күндер өте келе бұл бейтанысымыз бізге жақын бола түсті, балаларды жақсы көре­ті­нін байқатты, шешеммен де әзілі жарасып, жақындасып бара жатты. Ер бала болғандықтан ба, бірінші рет менде «қызғаныш» сезімі оянды. Шешеме жақын отырған бір сәтінде оқтауды ала салып басынан тартып жіберіппін. Бұл оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Абырой бол­ғанда басы қанамай, оқтаудың ұшы тиген жері домбығып, ісіп кетті. Шешем де, ол да состиып тұрып қалды. Не істерін білмеді-ау деймін, ұрыс­пады, ұрмады. Содан бастап ол біздің көзімізше онымен орынсыз қалжыңдаспайтын болды.
Өмір деген қызық қой. Сол адаммен біздің тағдырымыз қосылады деп ойламаған едім ол кезде. Олар­дың жәй таныстығы, достығы махаб­бат­қа ұласып, екеуі бір-біріне тілекші болып, сөз байласады. Анамның жаңа танысына сеніп, оған өз тағды­рын табыстауы да, ал бізге әке болған адамның оны жар етіп алып, үш ба­ла­сын қоса (Тұрсынай әпкем бұл санға кірмейді, ол шешемнің әпкесі Бибі апаға берілген бала болған­дық­тан соның қолындағы қыз еді) бауырына басуы да ерлікпен пара-пар іс еді. Өткен ғасырдың елуінші жыл­да­ры­ның бас кезі тұрмақ, дәл осы уақытта да кез келген адамның мұн­дай қадамға бара бермесі анық. Бала болсақ та «бұл өзі жақсы адам болды ғой» деп ойлап, біз де шешемізбен бірге оның соңынан ердік.
Бұл сапарға аттанбас бұрын анам өз әулетінің үлкендері – әпкесі Бибі апаммен және жалғыз бауыры Нүсіп атаммен сөйлесіп, ақылдасты.
– Ешқайда бармайсыңдар, ос­ын­­да боласыңдар, – деп айта алма­ды олар.
– Азаматқа сенейік, уәде беріп от­ыр ғой, – деді атам.
Ашаршылық жылдары үш бір­дей қарындасын жетелеп, әлсіздіктен жүре алмай қалған менің шешемді арқасына салып көтеріп, талғажау етерлік тамақ іздеп сабылған, солай кү­нелтіп, туғандарын аман алып қал­ған нағашы атам бұдан өзге ше­шімге бара алмапты. Әрине оны да тү­сінуге болады. Өзі жарым жан, аурулы әрі шиеттей сегіз баласы бар адам олардан асып бізге қол ұшын бере алар ма еді? Сондықтан да анам артына қарайламай, алдағы күнге үміт артты. Мұны естіген ауыл ақ­са­қа­л­дары да тыныш жатпай, нара­зы­лық білдіре келді. Солардың ішінде Тө­лепберген қарттың ойлы сөзі есім­де қалыпты.
– Келін шырағым, бұл жолға бе­кінген екенсің, бірақ мынаны да ойла. Әбікен ел сыйлаған азамат еді, жақсының тұяғын жетілдіруді мой­ныңа аласың. Үш балаңның көзінің жасы төгілер болса, ол сенің де ая­ғыңа шөңге қадалғаны деп білер-
сің, – деді ол.
Анам бұл кеңесті тыңдап, көзінің жасын сығып алды. Оның айтуына қарағанда, біз ержетіп, өскенше ол осы сөзді ұмытпай, жүрегінің тү­к­пірінде ұстапты.

2.
Ол кездегі біздің туған жеріміз – Шамалған селосы қазір Үшқоңыр ауылы аталады. Сол Үшқоңырдан шыққан шағын көшіміз Алматы асып, Талдықорғанға бағыт ұстап, одан әрі Ақсу өңірінің «Молотов» колхозына (кейін ол «Қызылтаң» совхозы болып құрылып, енді Ойта­ған ауылы болып отыр) келіп тоқ­тады. Бұл – екінші әкеміздің туып өскен елі, жұмыс істейтін жері екен. Оның қазақтың ақиық ақыны, «Ағын­ды менің Ақсуым» деген жыр­лаған Ілияс Жансүгіровтің де ауылы екенін кейін білдім. Өйткені, ол кезде оның атын айтуға болмайтын еді. Бала кезімде-ақ қолыма қалам алып, бірдеңелер жаза бастауым, өлең шығаруым, одан соң біржола журналист жолын таңдауым сол бір ұлы адамға еліктеп, әсер алуымнан да болса керек.
Бөтен жер, өзге ортаға сіңіп кету де оңай болмады. Оның үстіне бұл әкеміздің шешесі – Сақыпжамал апай сұсты да адуынды, баласына айтқанын орындататын, «әй» десе ысқырығы жер жаратын жан екен. Бұрынғы келіні кететін болған соң (баласымен ажырасқан сияқты), оның тұлымшағы желбіреген үш жасар ұлын алып қалып, бауырына басыпты. Барған үйімізде жаңағы қара кемпірдің айтқаны заң, ал оның немересінің аты озық болатыны көрініп тұрды. Мұны байқаған Зияда әжем (ол – шешемнің туған анасы еді, бізді көшірісе келген) қызына сыбырлап: «Қой, Бипа, бұл елге үш балаңмен сыймассың, екеуіне ие болсаң да жарар, үшіншісі наға­шы­сында өссін әрі онда мен бармын ғой», – деп менен кішірек әрі жігер­лірек Сүлейменді өзімен бірге алып еліне қайтты.
Ал анам болса, отыздан асқан шағында келін боп түскен жеріне тастай батып, судай сіңудің жайын ойлады. Бәрі де біздің қамымыз үшін еді. Ұнатып алған жарымен қоса, оның балаларын да бауырына басып, әкелік қамқорлығын көрсете бастаған адамды ендігі жерде «әке» деуімізге тура келді. Сол әкеміз оқу бітіріп, құрылыс маманы болып оралған соң колхоз оны алыстағы малды ауылда құрылыс жұмыстарын жүргізуге жұмсады. Шопандар үшін үй салу, жаңа мал қораларын тұрғызу қажеттігі туған-ды.
Бірақ алыс ауыл – Құрақсуда мектеп жоқ еді. Мен бастауыш сы­нып­тарды колхоздың екінші бөлім­шесі Үлгіліде оқып бітіріп, бесінші сыныптан бастап Қазақ темір жолы бойындағы үлкен бекеттердің бірі – Матай станциясындағы № 258 ортақ мектепке ауыстым. Онбір жылдықты да осыннан бітірдім. Ма­тай Үлгіліге қарағанда әке-шешем тұрған жерге бір табан жақын еді. Әр сыныпты тауысып, жазғы демалысқа шығысымен ауылыма – анама, бауырларыма асығатынмын.
Бұл әкем құрылыс сала жүріп, азын-аулақ мал жиып, өсіре отырып, шаруасын біраз оңдап алды. Біздің үйімізде төрт-бес сиыр сауылып, 20–30 шақты қой ұстадық. Жейтін тамағымыз бар, ақ та мол болды. Маған да, шешеме де жұмыс табылды. Мен күнде уақ малды өріске шы­ғарып жайып, кешке үйге орал­ға­нымда шешем сиырларын сауып болып, бәрімізді тамақтандырған соң сеператормен сүт тартуға отырады. Одан кілегей алып, май шай­қайды. Бұл жұмысы түннің бір уа­ғына дейін созылатын. Анам ұйық­­тамас үшін ыңылдап ән салады. Елін, жерін, алыстағы әкпе-бауырларын сағынады білем, әні кейде мұңды әуенге ұласады. Бай­қай­мын, бұл Сақып апаға ұнамайтын сияқты. Ол ара-тұра дауыс көтеріп «Сұңқылдама, өшір үніңді» деп қоя­ды. Шешем «жым» болады. Бұл оның үлкенді сыйлаған әдетінен бе екен, әлде енесінің оны өзіне қарсы сөй­лет­пей, ықтырып, бағындырып алғандығынан ба, білмедім.
Ол өзі бір ешкімге ұқсамаған мі­не­зі бар, бір қарағанда түсі суық жан­дай көрінгенмен, сөзге тоқтай білетін, өзгенің де ақылына құлақ асатын жаман да адам емес еді. Соған куәлік боларлық бір жай есіме оралып отыр. Алыстағы малды ауылда жүргенімізде Нұрмұхамбет деген бір жақсы ақсақал көршіміз болды. Сақып апаның мінезіне қа­нық ол бір күні мынадай іс-әрекетке барды. «Әй, кемпір, саған осы не керек, мы­на келінге неге тыныштық бермейсің, жоқ жерден шу шығара­ты­ның не? Тоқтат енді, осы қазір ме­­­нің қолыма біреу пілтелі мылтық бер­се, соның аузын саған қаратып, шү­ріппені аяусыз басып қалар едім», – дегені. Кем­пірдің де ашуы қайт­қан­дай. Өзінің ағат кеткенін түсінді білем, содан бастап келініне көзқара­сы өзгеріп, үйде ұрыс-жанжал азайды. Ол кісі кейін қатты ауырып төсек тартып жатып қалғанда, анам оны асты-үстіне түсіп күтті. Ақтық са­па­ры­на да өз қолынан шығарып салды. Ене­сі жайында бір ауыз жаман сөз айтпады.
3.
Анам ене мінезіне де төзді, ерінің «еркелігін» де көтерді. «Еркелігін» деген сөзді бекер тырнақшаға алып отырғам жоқ, ол оның жәй еркелігі болса бір сәрі, «ащы судан» ұрттап келіп, шешеме қол жұмсап қоятын-ды. Қазаны асулы, сусын ретінде ішетін бидай көжесі алдында болса да солайтұғын. Бала кезімізде оған қарсы шығып, бас көтере алмадық. Есейе келе шешемізге араша түсуге жарадық. Ол былай болған. Он бі­рін­ші сыныпқа көшіп, ауылға кани­кулға келгем. Бірде ол шешемді Үлгілідегі үйіміздің бір бұрышына қа­мап, сабағалы жатыр екен. Оны жотасынан алып, жұлқып қалдым. «Жетімегім жетілген екен, өскен екен», – деп ол ойбай салды.
– Тоқтат әке, біз енді бұған жол бер­мейміз, – деппін.
Ол менімен не жұлқыса алмады, не ұрсарын білмеді. Бірақ содан бас­тап анама қол жұмсауын қойды.
Бұл әкем кейбір мінездеріне қа­ра­мастан, ұсақ-түйекпен ісі жоқ, батыр тұлғалы, ақкөңіл де жан болды. Өйткені, ол – жақсы атаның ұрпағы, жалғасы еді. Оның үлкен әкелерінің бірі, жеті атадан тарат­қан­да екінші атасы – Шонди би дуалы ауызды, елге сөзі жүрген, бата бере алған ақылгөй қария болыпты. Матай ішіндегі Кенже руынан шық­қан Тоқпамбет ер Абылай ханның һас батырларының бірі болған. Ол жаумен шайқаста тоғыз рет жекпе-жекке шығып, соның тоғызында да жеңіске жетіпті. Бұған ризашылығын білдіріп Абылай: «Мен саған Матай еліне, соның ішінде Кенжеге төрелік ету, бата беру құқығын беремін», – депті. Ол көп жыл бойы сол міндетін атқарып келіп, одан соң өз құқығын Шонды биге берген. Қожа Ахмет Иассауи мавзолейінде жерленген Абылай хан мен оның батырларының қасында Тоқмамбет батыр да жатыр. Бұл Матай елінен, оның ішінде Кенжеден шыққан батырға жасалған құрмет еді. Тоқмамбеттің қолынан ел билеу құқығын алған Шонды би де ел ішіндегі мәселелерді шешуде білгірлік танытып, тура жолдан тай­маған деседі, адасқанға жөн сілтеп, ел қорғаушыларына риясыз көңілден шыққан батасын беріпті.
Сол қасиет қонған адамның бе­сінші ұрпағы саналатын Төлеген әкем­нің үйі киелі шаңырақ деп ұғы­лады. Арлы-берлі көшкен ел Шонды атаның шаңырағын айналып өтпей, бір соға кетіп, құран бағыш­тайды екен.
– Мұның мәнін әкемнің қан­ша­лықты ұғынғанын білмеймін, киелі шаңырақтан аруақ кетпей, қасиеті сақталып қалуына шешеміз біраз үлес қосты ғой, – дейді Берікбол да. Ол рас. Бұл шаңыраққа келін боп бар­ған анам бас иіп, сәлем салып жү­ріп, сол отбасына алпыс жылдай қыз­мет етті. Әрқилы мінездеріне қа­рамастан енесін тыңдап, ерін де сыйлап, келген қонағын күтіп, ағ­а­йын­­ды ұйыстырып, қыз-келін­де­ріне үлгі боларлық іс жасады. Барған елі­нің ұрпағын жалғап, дамытты.
Ол – екі рулы елдің де анасы бол­ды. Жалайыр, оның ішінде Қызыл­бө­­ріктің қызы шешем алдымен Ша­пыраштыға келін боп, одан соң Найманның түтінін түтетіп, шамын жақты. Шапыраштының тумасы әкем Әбікеннен – Тұрсынай, Болат, Сүлеймен, Айнагүл болып тарасақ, Төлегеннен – Айгүл, Берікбол туып, бәріміз бір ананың құшағында өстік. Анамыз бір болған соң, атасы басқа ғой деп бөлмей, мен де оларды бауырыма бастым. Айгүлдің де, Берікбол­дың да жоғары білім алуларына қол ұшын бердім. Берікбол Зооветинсти­тут­қа түскенде «оқымай қоя ма» деп қорқып едім, өйткені, оның болмысы, табиғаты гуманитарлық білімге жақын болатын. Бірақ ол сенімді ақ­тады, берген ақыл-кеңестеріміздің нәтижесінде институтты ойдағыдай аяқтап, мамандығы бойынша жұмыс істеп кетті. Қазір ол – аудандағы ең тәуір, білікті мамандардың бірі. Тө­леген әкемнің тұңғышы – Се­рік­бол да анамның тәрбиесін көріп, жақсы азамат болып өсті. Өмірден өзіне тиесілі еншісін ғана алып, басқаның бағы мен малына қызықпай, қара­па­йым отбасын құрып, солар үшін тір­шілік етті. Бауырлардың бәрі аман болғанда көңіл де орнында болар еді. Бірақ әркімге Алланың өлшеп берер ғұмыры бар емес пе? Ертеректе Тұрсынай әпкем бақилық боп, соңғы жылдары Серікбол, Сү­леймендер дүниеден озды. Оларға иманы жолдас болсын деп қана тілейміз. Ал анам осы балаларынан 20 немере, 62 шөбере сүйіпті.

* * *
Шешем бастап, біз соңынан ерген Шамалғаннан (Үшқоңырдан) шыққан баяғы көштің алды елге оралды. Мен университет бітірген соң Алматыда қалдым. Қазақ ауыл шаруашылық институтында білім алған Сүлеймен өмірден өткенінше ұзақ жыл Алматы төңірегіндегі ша­руа­шылықтарда жұмыс істеді. Қа­рын­дасым – Айнагүлдің отбасы ке­зінде әкем колхоз басқарған Менжин деген жерде, қазіргі Батан ауылында тұрып жатыр. Ал Матай еліне барған, бар ғұмырын сонда өткізген ана­мызға топырақ сол жерден бұйырды. Шалы – Төлегеннің жа­нын­да жерленді. Біз бұған рен­жі­ме­дік. Солай болуы да керек қой.
Анамыз тоқсаннан асып барып дүние салды. Осы ғұмырында ол қиын­дықты да көп көрді, сол қиын­дықтарды жеңе отырып, өмірдің қуанышын да сезінді. Егер оның өмірдегі көрген қызығынан қиын­дығы көп болса, Аллам енді оған соны ұмыттырып, сүйікті құлына төгер мейірімін аямаса екен. Нұрың пейіште шалқысын, анам!

Болат АСАНБАЕВ,
журналист, баспагер, ЖШС «Қарасай» баспасының директоры.

Пікір қосу