Сақтандыру жүйесіне түскен жарна
04.08.2017
1004
0

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу» туралы ҚР Үкіметінде өткен брифингте шілде айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 0,8 млрд. теңге көлемінде жарна (аударымдар) түскенін мәлімдеді. Болжам бойынша 2017 жылы 23 млрд. теңге көлемінде міндетті сақтандыру жарнасы түсуі тиіс. Оның 95%-ы жұмыс берушілердің аударымдары, ал 5%-ы жарналарға тиесілі болмақ. Түсімдердің басым бөлігі, яғни 44% ағымдағы жылдың ІІ жартыжылдығындағы аванстық төлемдері есебінен жиналған. Аударымдар мен жарналарды төлеу бойынша көш басында еліміздің 4 өңірі тұр. Олар: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Алматы облыстары.

Е.Біртанов Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік орган­дармен, Әлеуметтік ме­ди­ци­­налық сақтандыру қорымен және «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясымен бірлескен жұмыстар жүргізі­ліп жатқанын хабарлады. Оған қоса, электронды денсаулық пас­пор­тын әзірлеу, жергілікті меди­ци­налық ақпараттық жүйелерді қалып­тастыру жұмыстары да жалғасын тауып жатқанын айтып өтті.
«Бүгінгі күнге дейін жасалған аударымдар көлемі 2017 жылға жа­салған болжамдармен сәйкес келеді. Алдағы тамыз айында Қор­ға түсетін түсімдердің көлемі артуы тиіс. Себебі, шілде айының тө­лемдерін аудару мерзімі тамыз айы­ның 25-інде аяқталады», – деді «Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры» КЕАҚ-ның Бас­қарма төрағасы Елена Бахмутова.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 1 шілдесінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған болатын. Биыл аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкер­лер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтар төлейді.
Осы нормаға сәйкес, жұмыс беруші ай сайын қарамағындағы жұмыскер жалақысының 1% көлемінде аударым аударады. Бірақ аударым сомасы 3668,9 мың теңгеден аспауы тиіс.
Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап азаматтық-құқықтық ке­лісімшарт негізінде еңбек ететін жұмыскерлер де жарна аударуға міндетті. Бұл топ тапқан табы­сы­ның 5 пайызы көлемінде жарна аударады. Дегенмен, аталған са­нат­тағы азаматтардың жарна есеп­телетін табысының ең жо­ғар­ғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақыдан аспауы тиіс.
Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберіндегі ме­дициналық көмекті 2018 жылдан бастап пайдалана алады. Сол кезге дейін жекеменшік клиникалармен және мемлекеттік емдеу мекемелерімен медициналық қызмет көрсету туралы келісім­шарт­тар бекітіліп бітуі тиіс. Сондай-ақ, еліміздің барлық тұрғындары әлеуметтік маңызы бар ауруларға қоса, жедел жәрдем, шұғыл көмек, санитарлық авиа­ция­лық кепілдендірілген тегін ме­дициналық көмек пакетін пайдалана алады.
Оған қоса, алдағы 2 жылда (2018-2019 ж.ж.) сақтандырыл­ма­ғандар үшін жеңілдік мерзімі қарастырылған. Жарна төлемеген азаматтар амбулаторлық көмек пен шұғыл жағдайлар туын­да­ғанда көрсетілетін стационарлық көмекті тегін пайдаланады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір