Өмір ағады осылай…
04.08.2017
1859
0

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ


Өкінішті
Бастан ассын қиял-қайғым,
Таусылады ғұмыр да.
Өзге жанды сүйе алмаймын,
Сүйе алмаймын шынында.
Кеште өзіңмен болмағанға,
Өкпелейсің, өліп тым.
Таңда оята алмағанға,
Тағат таппай, Көріктім!
Иә, білемін Ай-жұлдыздың
Сәті – ғажап Түн неткен?!
Қолын ұстап қайбір қыздың,
Мен жетісіп жүр деп пе ең?
Өзімді-өзім неге алдаймын
(Көкке шаншып төбемді).
Өзіңе оқып бере алмаймын –
Өзің жайлы өлеңді.
Сол өкінішті…

ХАТ
Алғашқы кездесерде
Өзімше гүл бергенмін.
Сен мені сезбесең де
Еншілеп үлгергенмін.

Қиялым Көгімде ойнап,
Ақыры тұмшаладың.
Ал қазір өзіңді ойлап,
Қаламға мұң шағамын.

Қой енді, керегі не –
Жүректі қылып мұңды?
Соңғы рет өлеңіме
Қосайын қылықтымды.

О, неткен кез едің құт,
Түстей боп тайып тұрдың.
Өлеңнің өзенін күт,
Хатымды қайық қылдым…

ЭКСПРОМТ
Көктемді сүйіп қал гүлі бар,
Өкпеңді жеңдіріп төзімге.
Қамшыдай ғұмырдың біліп ал,
Тамшыдай үлесі өзіңде.

Өлеңге бөлей біл өлкеңді
Төбеңде тұғырлы Ту ұстап.
Сынатпай сырт көзге көрпеңді,
Сынаптай уақытты уыста.

…шаршайсың ақыры, шапқылап,
Тамырың тапшы боп дірілге.
Тілекпен келсек те ақ бұлақ,
Жүректен кетерміз түбінде…

***
Шатпақтап көрейін, шабыт кел,
Бір өлең – ертеңнің азығы.
Сәбидей жарат та, жарық бер,
Бояу боп нәзіктің наз үні.

Қаламға төс етіп парақты,
Ғаламға ашайын сырымды.
Жырымды қырандай қанатты
Додаға жетеле дүбірлі.

Көктемде келетін құстардың
Әуенін әкелші құлаққа.
Өлеңге өлердей құштармын,
Себебін білмеймін бірақ та.

Тағы мен, ұйқыдан безінген,
Қиялды сан түске боятам.
Жаһанды алаңсыз көз ілген
Жыр оқып оятам…
Хақың бар
Хақың бар, ұша ғой Айға да,
Ұша ғой, бағыңды байлама!
Атымды, нөмірім сияқты
Өшіре саларсың жай ғана.

Тұман боп кеткендей айнала,
Қайғымды ұқпайды-ау қаймана.
Сен жайлы түс көріп түнде мен,
Жыр оқып жүремін жай ғана.

Сен жайлы ойымнан арылар,
Сәт тумас екенін шын ұққын.
Шырайлан, шолпыңды тағып ал,
Қуаныш қарсы алсын, Қылықтым!

Мен емес, қуаныш басқа-ды,
Үзілді көктемгі жапырақ.
Ұша ғой, Сұлу қыз басқа әні,
Қоштасқан, кездеспей жатып-ақ.

Біздерге бір әлем керек-ті,
Бір әлем, өзгеден жырақта.
Жаным-ау, дәл осы себепті,
Сағыңды сындырма сынаққа.

Бір әлем, емес тек бұл әлем –
Сүрініп жататын сүйгендер.
Құдай-ау, несіне кінәлі ем?
Әйтеуір, сол құсқа тимеңдер…

Ұшсын ол, хақы бар…

ӨМІР
Сағың сынады –
Жаның жылайды.
Жаңбыр тынады –
Тағдыр сынайды.
Бұлтың төнеді –
Сыртың шалады.
Төбең шөгеді –
Өлең қалады.
Ұлың өседі,
Пұлың артады.
Бақыт көшеді –
Уақыт сарқады.
Көзің көреді –
Сөзің бұғады.
Жақын сөгеді –
Жатың сұғады.
Темір тозады –
Жебір жұтады.
Нәпсің қозады –
Бақсың тұтады.
Күлің ұшады –
Түнің батады.
Сүйген құшады –
Күйген шатады.
Тілің тамсайды –
Түрің соттайды.
Білек шаршайды –
Жүрек тоқтайды.
Жалғыз сорлайды –
Жар, құз бағады.
Көңіл толмайды –
Өмір ағады –
Осылай…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір