Ақын да түзде өскен дара қайың…
04.08.2017
2325
0

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА


Қара жол
Мен ана бір қара жолға қарадым,
Талай-талай, қарағым!
Жалғыз ғана ой тербетіп санамды,
Бірде тостым қара қостан анамды.

Көкжиекке сіңе түскен қара жол,
Деп жатқандай ұзағанға аман бол!
Көрінгенде көңілімде күн күліп,
Құстай ұштым сол анама ұмтылып.

Бақыт мені сүйді, еледі, жасқады,
Қара жолдан кімдер шіркін, аспады.
Бүгін сөзсіз келеді деп ойлаған,
Келмей қалып жабырқатты кейде ағам.

Әйтеуір, сол қара жолда зор үміт,
Болған шығар өкініштер, (оны ұмыт).
Бұл қара жол көпті көрген көне тым,
Көп адамдар кешігумен келетін.

Солай болған соғыс төнген ана жыл,
Жол үстінде, жол үстінде Ана тұр.
Жары ғайып, көз алдынан ұл ғайып,
Біткен әбден сағыныштан сарғайып.

Ауыр не бар күтіп, күдер үзбеуден,
Көктемде емес, ақжолтайы күз келген.
Қара жолды қысқарта алған балдақпен,
Сол ұл еді, нем бар босқа алдап мен.

Содан бері тіпті қымбат қара жол,
Келмегенді келтіріп бір алады ол,
Мені де өткен көп ойларға салады ол.
Көрген де бар, көрмеген де азабын,
Сезген де бар, сезбеген де ғажабын,
О, қара жол, өзіңе жыр жазамын!

Қазақстан
Сенен басқа басар тауым, жерім жоқ,
Сенен басқа арқа сүйер елім жоқ.
Өзің жайлы кейде кейіп қалсам да,
Қайта айналып, «тәубе» дейтін кезім көп.

Жер бетінде біреу ғана мен үшін –
Әкем, анам, жарым, балам Елісің!
Талай-талай таңдандырар олжасы,
Тарихыңның қазса әрі-берісін.

Байтақ дала,
Жүре берсең сан күндік,
Поездармен әзер-әзер алдырдық.
Қыздарыңды құдай берген сұлу ғып,
Ұлдарыңды құдай берген алғыр ғып.

Қырандары самғап ұшқан көгінде,
Ұландары сондай құштар өмірге.
Сенде не жоқ,
Тілеуімнің бәрі бар,
Құт қазына,
Мыңғырған мал,
Егін де!..

Басқаларда болмаса да жарымы,
Ай білеген алыптарша қарымы.
Мені кейде оятады ұйқымнан,
Қорқыт баба қобызының сарыны.

Не дейді ол.
Неге алаң киелім,
Боз даланың берме дейме сүйемін?!
Жүрегімде жүз қадалған оқтар бар,
Ауырлығын өзім ғана білетін.

Бірде үнсіз, бірде сырын ақтарған,
Біздің тарих,
Қалған қисса қарттардан.
Ешкімнің де еншісіне қол сұқпай,
Жер бетінде,
Сен барына мақтанам!..

***
Сен маған өкпелеме баладайын,
Ақын да түзде өскен дара қайың.
Оны да жел шайқайды, ой шайқайды,
Өзінше қорғансызға балап жайын.

Жұлардай өңмең қағып жапырағын,
Жел деген аласұрып жатыр ағын.
Мен де бір сол қайыңдай көп таңымды,
Бөлектеу ой-сораппен атырамын.

Сабырдың сәті таяп сарқылатын,
Жанымның жиып алып әл-қуатын,
Мен де бір аласұрған қарсылықпын,
Ашуға тез алмасар жан шуағым.

Сондайда кетсе шығып даусым қатты,
Дей берші от-жалыны басылмапты.
Қайтейін, төзбеймін деп жалғандыққа,
Қанша күн дөңбекшумен таңым атты.

Мінез ғой мендейлерге қайрап берген,
Оны да әрі-бері ойлап көргем.
Сен маған өкпелеме баладайын,
Бабамда болмаса ол қайдан келген?!

***
Ассалаумағалейкум, қара шалым,
Тыңдасам, қай сөзіңе таласамын.
Жантайып қалыпсың-ау пеш түбінде,
Күніндей томсырайып қарашаның.

Сен болсаң жапырағын жайған емен,
Біз едік шикіл өкпе тайға мінген.
Апыр-ау, сыйлай білмес қарттықты,
Тасырлық бұл маңайға қайдан келген?!

Дүние қозғалыста таң атқалы,
Таң атқалы, күн нұрын таратқалы.
Бір кесе шай ішпеген маңдай жіпсіп,
Жай ғана көнбісім-ай, санаттағы.

Ұл қайда кеше көшіп келем деген,
Қыз қайда көп алдында көлбеңдеген?
Мен сені, заманында болған мықтым,
Солардың ортасынан көрем деп ем!

Күйіңді кім болжаған тақа мұндай,
Ат мінсе, жорға мінген жоталым-ай.
Сол ұл-қыз қайда барып озар дейсің,
Өзіңнен бағып-қағып, бата алмай.

«Сыйы» мен күйігі ғой замананың,
Несіне қысыласың, қара нарым!
Мен сені сынап емес, сағынып кеп,
Бір ауыз лебізіңнен жаңарамын.

Қаймақ жеп, айран ішкен әз қолынан,
Шешеймен кеткен күйге рас, қорынам.
Мына үй үй де емес, жапқың келмей,
Адалдық қақпасы ғой сен қорыған.

Тағдырдың айналдырса жетім бұршы,
Білмеймін, кімдер жақтас, кімдер сыншы?!
Сол ұлды сілкіп-сілкіп әкелермін,
Тек өзің айбыным боп жүре тұршы!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір