Кеше және бүгінгі күн
18.08.2015
1638
0

szh.kz_-640x414

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да осы университеттің Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірге, «Қазақ хандығы: тарих, теория және бүгінгі күн» тақырыбына арналған, Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына орайластырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.

Конференция Қазақ хандығының құрылуы шын мәнінде қазақ ұлттық мемлекетінің құрылуы болып табылаты­нын атап көрсете келе, бұл тарихи та­қы­рыпты зерттеудің бүгінгі тәуелсіз Қа­зақстанның болашағы үшін аса маңыздылығына назар аударды. Конференцияда Алматы қаласы әкімінің орынбасары З.Ж. Аманжолова және Қа­зақстан Республикасы мәжілісінің депутаты А.Ұ.Тұртаев қатысып, құттық­тау сөз сөйледі. Конференцияның ашылуын­да АҚШ-тың, Жапонияның, Түр­кияның және т.б. елдердің ғалым­да­ры жолдаған құттықтау жеделхаттар оқылды. Оның жұмысын ҚазҰҮ ректоры, академик Ғ.М.Мұтанов жүргізіп отыр­ды. Конференцияға қатысушылар көп­теген шетелдік және отандық та­рих­шылардың баяндамаларын тыңдай ке­ле, төмендегідей тұжырымдарға кел­ді:

Шетелдердегі және отандық мұра­ғат­тардағы Қазақ хандығының тарихына байланысты нақты да құнды де­рек­терді зерттеу ісін сол елдердегі шетелдік әріптестерімізбен бірігіп, жүйелі түрде жан­дандырып, Қазақ хандығына байланысты деректерді өзара салыстырып, ғылыми нақты талдаулар негізінде сын­нан өткізіп, шынайылығына көз жет­кізіп барып пайдаланғандары абзал.

Осы кезге дейін Қазақ хандығын зерт­теуде басты назар Ресей мұра­ғат­тарындағы жазба деректерге аударылып келді. Құндылығына қарамастан бұл деректердің субъективті және отар­шылдық көзбен жазылғанына назар аударылуы керек. Тарихымыздағы дәстүрлі деректерді, атап айтар болсақ, қазақ ауыз әдебиетіндегі мәліметтерді, соңғы жылдары жарық көрген және Қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген куәгерлердің жазбаларын, шежірелік мәліметтерді мұрағат деректерімен салыстыра пайдалану ғана Қазақ хан­дығының шынайы тарихын қалпына кел­тіруге жол ашады. Мұнсыз Қазақ хан­дығының тарихы біржақты, ұлттық дәс­түрлер мен рухтан жұрдай болып қа­ла береді.

Қазақ хандығының тарихын зертте­генде жеке тарихи тұлғалардың, хан­дар­дың және батырлардың саясатын ха­лықтың мүддесімен, этникалық қауым­дастықтардың іс-әрекетімен тығыз байланыста үйлестіре қарастыру керек. Сол замандағы қазақ қоға­мын­дағы рулық-тайпалық мүдделерді ес­кер­мей, Алаш қауымдастығының қа­лып­тасу ерекшеліктерін, қазақ ұлтының дәстүрлі өркениет жолындағы тарихи сатыларын тереңдете зерттемей, жекелеген қазақ хандарының қызметіне толыққанды баға беру де мүмкін емес екендігін естен шығаруға болмайды.

Қазақ хандығын қазақ ұлтының ал­ғашқы ұлттық мемлекеті ретінде қа­растырғанда оның идеологиялық не­гіз­деріне баса назар аудару керек. Мұн­да ислам дінін насихаттаушы қожа­лар мен сопылардың рухани ұйым­дас­тырушылық қызметтері, олардың қазақ хандарының рухани және саяси көз­қа­растарына шешуші ықпалдары әр­қа­шан назарда болуы тиіс. Қазақ хан­да­рының өздерінің де ислам дінінің басты қағидаларын мойындағандарын, тіптен олардың есімдерінің мұсылманша қойылғанын ұмытпауымыз керек.
Қазақ хандығына байланысты қол­да бар зерттеулерді шетел тілдеріне, әсі­ресе ағылшын тіліне аударып, бұл та­рихты халықаралық деңгейде насихаттауды қолға алған жөн.

Орта және жоғарғы мектепке ар­нал­ған оқулықтарда және оқу құрал­дарында Қазақ хандығының тартымды, көпшілікке түсінікті тілмен жазылған айшықты тарихын жазуға кәсіби мамандар баса мән берулері тиіс.

Конференцияға қатысушылар атал­ған ұсыныстар мен тұжырымдардың бү­гінгі тәуелсіз Қазақстанның алдында тұр­ған іргелі міндеттерге, осы тақы­рыптағы Елбасы тапсыр­масына толық сәйкес келетінін, елдің бо­ла­шағы тарихтан тағылым алғанда ғана жар­қын болатынын тағы да атап көр­сетті.

Талас Омарбеков,
Гүлнәр Хабижанова,
тарих ғылымдарының
докторлары, профессорлар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір