Алаштану, тәуелсіздік және поэзия
04.08.2017
4190
0

Ахмет Байтұрсыновтың өлең сөз өрнегі

Алаш қозғалысының көсемі Ахмет Байтұрсынов – шоқтығы биік, сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Халық ағарту саласында үздік еңбек еткен жаңашыл ғалым. Қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Бүгінгі тілтану және әдебиеттану салаларының негізін саналатын аса құнды еңбектерді дүниеге келтірген үздік зерттеуші. «Қазақ» газетінің (1913-1918) редакторы болып, қазақ халқының мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған, қоғамдық ой-пікіріне зор ықпал еткен жалынды публицист. Ұлы Абай сөзімен айтқанда, «артына өлмейтұғын сөз қалдырған» шайыр да.

Шын ақын өз заманының көкейкестісін сыршыл жүрегінің жыры етпек. Ахмет Бай­тұр­сынов — саяси-әлеуметтік, азаматтық ли­риканың хас шебері. Ахаңның «Қырық мысал», «Маса» өлең жинақтарының кө­кей­кес­тісінде – ұлы Абайдың «Қазағым, қалың елім, қайран жұртым» жырының сарыны, ойшылдығы, ұлтын ұлықтауы анық аңғарылады. «Жиған-терген» атты ұзақ жырын Ахаң Абайдың сегіз аяқ өлең құрылысына салып ел қамын жеген Едігеше тебіренеді:
Қазағым- елім,
Қайқайып белің
Сынуға тұр таянып,
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?!
Алаш ақындары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтар «Оян, қазақ!» ұранын шығармаларында ұдайы қайталап, жаңғыртудан жалықпаған. Ахаң «Маса» атты өлеңдер жинағында сол ұранды көркем образ тілінде өрнектейді.
Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түсі өзгерілмес
Дегенмен, қара, яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса.
Ахмет Байтұрсынов ұлттық ой-сананы оятудың ізгі мақсаты – халықты, ең алды жас балаларды білімге бұру, «Жастардың оқу тәр­биесі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деп білген. «Оқу құралы» әліппе кітабының эпиграфында сол ойын өлең өрнегіне салып үндейді.
Балалар, бұ жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп байқап қаралық та!
Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?!
Даналық өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та.
Ақын сауаттылықты даналыққа балайды. «Бұ жол» дейтіні – оқу, кітап бетіне үңі­ліп білім-ғылымға молығу. Жұртым, ұр­па­ғыңды даналыққа жету жолына сал, ма­лыңды аяма, балаң кітап оқысын дей­ді.
Бұл үндеу ешқашан ескірмек емес. Оқу, білімге қатысты ойланатын мәселе әлі де же­терлік. Қазақ ағартушыларының бір за­ман­дағы «Кел, балалар, оқылық!» үндеуінің актуальділігі қазір тіптен артып отыр. Бү­гін­гі бала­лар сауаттылығын кітап оқу ар­қы­лы ашқанымен, өсе келе қағаз кітапты жауып қойып, интернеттен көз алмайтыны, сөйтіп санасын сансырататыны жасырын емес!..
Немесе ұлт береке-бірлігі мәселесін алайық. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет та­нытқыш» еңбегінде «Төртеу түгел болса, төбедегіні алады, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген халық мақалы келтірілген. Ауыз­дағыны кетіретіндер – ел бірлігін бұзу­шылар, өз мүддесін ел мүддесінен жо­ғары қоятындар. Сондай жексұрын тип­терді, менменшіл, өзімшілдерді Ахмет Байтұрсынов «Қазақ салты» өлеңінде: «Де­гендер: мен жақсымын, толып жатыр, Жақ­сылық өз басынан артылмаған» деп, өлтіре сынайды..
Алауыздық, іштарлық, дүрдараздық ке­селінен қазақ зиялылары, Ахмет Бай­тұр­сынов талай рет өздері де жапа шекті. Пат­ша заманында түрмеге түскенде жазған «Анама хат» өлеңінде Ахаң:
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет — өр зорлыққа не бар шараң?», –
деп шағынады. Ал сол зорлықшыл өкімет Ахаң­ды түрмеге жабар ма еді, жаппас па еді. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шық­ты» дегендей, өз қазағымыздың жек­сұрын баққұ­марлары, сатқын салпаңқұлақ тыңшы­лары тыныш жатпаса… Жергілікті қазақ, атап айтқанда, Тәттімбет Шыңғысы дейтін қызыл көз орыс билігіне Байтұр­сы­нов – ұлтшыл, патшаның жауы, ол меңгеріп отырған училищеде бірде-бір орыс баласы жоқ деп үстінен шағым (донос) түсірген бо­латын.
Осыдан хабардар ақын қаламынан заманында қалың қазақ ішінде кең тараған, тіпті қазір де актуальділігін жоймаған мы­на бір өлең жолдары туды:
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны.
Бұл ауыстыруды, метафораны «Бір нәр­се болмайтын күйді, екінші нәрседе болатын күй­де көрсететін сөзбен» шығарған1 өлең шу­мағын Ахаң 1937 жылдың сталин­дік қанды қасабында қайта ұсталғанында есіне алып қайталап күрсінбеді деймісіз. Тек сол қанды науқанның атшабарларының, қы­зыл көздері­нің аты-жөндерін әлі күнге біл­мейміз. Мысалга, Мағжан ақынды тұт­қын­дау жөніндегі анық­таманы жазған, НКВД Мемлекеттік қауіп­сіз­дік басқар­ма­сы­ның үшінші бөлімі бас­тығының көмек­шісі, мемлекеттік қауіп­сіздігінің аға лейтенанты Марсельский, тағы бір лейте­нанты Латыпов, анықтаманың жоғары бұрышына: «тұтқындалсын» деп тәртіп соғып қол қой­ған Қазақ ССР Ішкі істер халық комис­сарының орынбасары, майор А.Володьзко – қазақ жұртынан емес. Қазақ әдебиеті тарихынан, Ахаң, Міржақып пен Мағжан шығармаларынан еш хабары жоқ жендеттер, сөз жоқ, қазақ ішінен шыққан салпаң­құлақ, іші тар қара ниеттілердің шағым, арыз­дарын құныға пайдаланды. Өз ауы­лымыздың сол үріп қапқан иттерінің аты-жө­нін білмегенімізбен, білетініміз мына бір усойқы, ащы фактілер: 1937, 1938 жылдары «Қырғыз елінен 40 адам атылса, Өз­бекстаннан 7 адам, Тәжікстаннан 1 адам атыл­ған. Қазақстан бойынша 25 мың адам аты­лып, 107 мың адам Сібірге (Магадан, Ко­лыма, басқа да орыс ормандарына) жер ау­дарылды»2.
Бұл цифрларды салыстырғаныңда бас шайқамасқа амалың жоқ. Басқа елдерге қара­ғанда біздің жалмыт «қабағандары­мыз» қора-қора, басқа елдердегіден әлде-неше есе көп болғаны ғой! Осы жолдардың авторы 1989 жылы Мәскеудің Максим Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында докторлық диссертация қорғауға аттанғанымда соңымнан бір қап арыз түсті. Институт директоры Феликс Кузнецов таңырқап: анонимщиктер сізді тіпті кісі өлтірді депті доностарында. Кісі өлтірсеңіз түрмеде отырмайсыз ба?! Әлде докторлы­ғыңызды түрмеден қашып шығып жазып жүрсіз бе? – деп күліп еді. Сонда түсіндім, біз Ахмет Байтұрсыновтың «өз ауылы­мыз­дың иттері» өлеңінен, тарихымыз­дың ащы сабағынан тиісті қорытынды шығар­ма­ғанымызды, жершілдік, рушылдық, жік­шілдік, көреалмаушылық дертінен әлі күн­­ге арыла алмағанымызды…
Ахмет Байтұрсынов қазақ ішіндегі кесел­дердің көзін құрту амалында сүйектен өтіп, жүрекке жететін өткір сөз іздеу талабында орыс ақыны Иван Крыловтың қазақ халық мақал, мәтелдеріндегі, нақыл, ше­шендік сөздеріндегі ғибратты, уағыздық, дидакти­калық, тұспалдық сыпаттарымен әуендес, адами, тәрбиелік маңызы зор мы­сал­дарын тәржімалады. Туған халқын жақ­сылыққа жақын жүруге, жамандықтан жиренуге баулуды мақсат тұтты. Мәселен, «Қасқыр мен тырна» атты мысалда қасқыр сүйекке қақалып өлуге таяу халге ұшырай­ды. Осы мезетте тырна қасқырдың көмейін­дегі сүйекті жұлып алады. Көрінеу ажалдан айырып алған тырнаға алғыс айтудың орнына, қасқыр тырнаға тап беріп, жеп қоюға әрекеттенгенін суреттей келіп, алдыңғы айтылған оқиғаның ой-түйі­нін, уағызын мысал өлеңнің соңғы шумағында былайша түйіндейді.
Қыссасы қасқыр, тырна болды тамам,
Мінездес қасқырменен кейбір адам.
Басына бәле түсіп қысылғанда,
Жалынып, жалпаяды келіп саған.
Құтқарып ол бәлелден жіберген соң,
Болмайды оған кісі сенен жаман.
Жоқ болған отқа күйіп мүлкіңдей-ақ
Қайырың зайғы кетер еткен оған.
Крыловтың мысал өлеңі «Жақсылық жа­­самасаң жауың қайдан шығады?» дейтін қазақ мәтеліне бір табан жақын.
Ахмет Байтұрсынов поэзиясы хал­қы­мыздың ұлттық санасын шыңдау, ағайын­шылдық, рушылдық пиғылдардан құтылу, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару, ұлттық береке-бірлік идеясымен суарылған. Осы тұрғыдан келгенде, Ахмет Байтұрсынов – ұлтшыл. Патша заманында, кешегі тоталитаризм тұсында сол ұлтшылдығы үшін жазаланды, Итжеккенге айдалды, ақыр соңында ста­линдік репрессияға ұшырап, НКВД түр­месінде атылды.
Тарих Ахаңның ұлтшылдығын әділ таразылады, ақтады. Өйткені, ақынның ұлтшыл­дығы өзге ұлттарға, атап айтқанда, орысқа жаулық сағыну емес-ті. Ахаңның ұлтшыл­ды­ғын ұлтжандылық, қазақ­жан­дылық, мағына­сында түсінуге керек. Ұлт­шыл Ахмет Байтұрсынов орыс шо­винис­тері мен интернационалистерінің арасын айыра білген. Орыс халқының ұлы мәде­ниеті мен әдебиетінің шапағатын терең түсінген. Мұның айқын дәлелі – жоғарыда айтылған «Қырық мысал» кітабы, орыстың даңқты мысалшысы Иван Крылов туындыларын тәржімалағаны.
Орыстың тәржіма еттім мысалдарын,
Әзірге қолдан келген осы барым.
Қанағат – азға деген, жоққа – сабыр,
Қомсынып, қоңырайма, құрбыларым, –
дейді ақын кітаптың бастау шумағында. Орыс халқының озық мәдениеті қайрат­керлеріне деген ілтифат Ахмет Байтұрс­ы­новтың «Г.Н.Потанинге» атты өлеңінен де аңғарыл­майды емес. Қазақ эпосы мен фольклоры үлгілерін жинаған орыс ғалымы Григорий Николаевич Потанинді Ахаң өте-мөте сыйлап, жоғары бағалаған. Орыс ғалымының 80 жылдық тойына шашуым деп арнайы жолдау өлең жазған. Жолдауында ақын Ахаң орыс ғалымының ұлттар теңдігін көксеген биік қасиетін жоғары бағалайды:
Атақты Сібір ұлы қарт Потанин,
Ер сүйсе сендей сүйсін ел-Отанын.
«Қазақсың, қалмақсың» деп алалау жоқ,
Отанның тең көресің барша жанын.
Бұл шабытты өлең жолдарын бүгінгі тәуел­сіз Қазақстанда тұрып еңбек етуші, Қа­зақ Ел-Отанын сүйетін қазақ, орыс, ук­раин, татар, ұйғыр, өзбек, т.б. ұлт өкілдері сүйсіне оқыры сөзсіз.
Ахмет Байтұрсынов – оптимист ақын. Пат­шалық Ресей тұсында да, Кеңес өкіметі ке­зінде де репрессияға ұшырап, қуғын-сүр­гінге көп ұшыраса да, елінің жарқын бола­шағына сенімін жоғалтқан жоқ.
Көң тасыған көк есектер, бәріңе,
Қалдырмастан жағалай жас-кәріңе
Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай
Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе.
Асықпаңдар. Артымызда қазы бар,
Тергеп талай сүйектерің қазылар, –
деп, көрегендік танытты. Тарихтың әділ қа­зысы, әділ соты Сталин культін әшкере­леді. Шындық, әділеттілік жеңіп, туған елі тәуел­сіздікке қол жеткізіп, Алаш арыс­тары­ның есімін көкке көтеруде.
Ахмет Байтұрсынов – туған елі алдын­дағы парыз-қарызын жан-тәнін салып өтеген адам. Сол биік қасиетін бейнелейтін соны эпитет тауып, өзін қыста қар тоқта­тып, көктемде тұқым сеуіп, күзде қамбаға астық құйып дамыл таппайтын диханшыға балады.
Адамдық диханшысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ қырға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көтеруге құл халықтың.
Адамдық диханшысының өлең-жыр­лары халқымен бірге мәңгі жасамақ. «Ахаң­ның елу жылдық тойы» атты мақа­ласында Мұхтар Әуезов жазғандай: «…Ахаң­ның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ.
Әлі күнге қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есіп, шалқып жатыр. Бұдан 10-15 жыл бұ­рын:
Алаштың үмбетінің бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған? –
деп Ахаң айтса, біз де осы күні соны айтамыз. Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ахаңның ғана ардақты атын атаймыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы»3.
Ахаң өзі өлсе де ісі өлмейтініне берік се­німділігін «Н.Қ. ханымға» (Нәзипа Құл­жанова) өлеңінде былай деп бейнеледі:
Тән көмілер, көмілмес менің ісім,
Ойлайтындар мен емес – бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын – жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін.
Ахмет Байтұрсыновтың өлең-жырының өзің үшін емес, халқың үшін қызмет ет де­ген арқаулы идеясы, азаматтық һәм адам­гершілік әуені қазақ ұлтының қай ұрпа­ғының болсын таным-түйсігінің, жү­­ре­­гінің, ой-санасының төрінен орын ал­­мақ.

Шериаздан Елеукенов.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір