Өзін-өзі тану – рухани жаңғырудың бастауы
04.08.2017
2111
0

Жуырда Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты үндеу іспеттес мақаласын жариялады. Бұнда Президент ел тарихы жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтіп, халқымыздың рухани жаңғыруы үшін қажетті тетіктерді көрсетеді. Бұл тетіктер рухани жаңғырудың кілті іспеттес. Бүгінде бұл тетіктерді біз «код» деп жүрміз. Адам өзін-өзі тануы үшін өзгелермен бәсекеге түсуі қажет. Сонда ғана бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Қазақтың «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деп келетін мақалы осы бәсекеге қабілеттілікке дәл келетіндей. Себебі, адам өзін-өзі көрсетуі үшін бәсекелестік болу керек. Тарихтан да бәсекелесу арқылы талай керемет қалалардың салынғанын білеміз. Бүгін сол бәсекелестік қазақтың өзін-өзі тануына, рухани жаңғыруына алып келеді деген ойдамыз. Табиғи байлық қана емес, білім ресурсын пайдаланып, Сингапур, Малайзия секілді жері де, байлығы да аз болғанымен, білім ресурсының, таза еңбек ресурсының арқасында ең бай мемлекеттер қатарында екенін ескеру қажеттілігі де біздің тарапымыздан ескерілуі қажет.

«Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаң­ғыруымыз мүмкін емес». Бүгінгі қазақ өз кәсібін ашып, халық қызметіне жаратып отыр. Шындығында, біз жоспарсыз жұмыс жасап, бағыт-бағдарымыз болу керек. Пре­зидентіміздің мына Жолдаудан кем түспейтін, халқына қарата айтылған сөзі, расымен де бағдар болып тұр біз үшін. «Праг­матизм – өзіңнің ұлттық және жеке бай­лығыңды нақты білу, оны үнемді пай­да­ланып, соған сәйкес болашағыңды жос­парлай алу, ысырапшылдық пен астам­шылыққа, даңғойлық пен кердең­дікке жол бермеу деген сөз». Біздің хал­қы­мыз­да аса бір салтанаттылық болған. Сол салтанаттылығымызды даңғойлыққа ұластырмауымыз керек деген қағиданы ұстанғанымыз жөн.
Ұл­ттық сана-сезімнің көкжиегін кеңей­те отырып, сондай-ақ ұлттық бол­мыс­тың өзегін сақтай отырып, ұлттық біре­гейлікті сақтау қажет. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­биетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәң­гі қалуға тиіс». Осының барлығы адам­­ның, ұлттың өзін-өзін тануынан бастау алу керек. Жүсіп Баласағұн айтқан­дай, «адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» демекші, Елбасы да ұлттық код пен ұлттық мәдениетті сақтай оты­рып, кертартпа мінездерден саналы түр­де арылып, алға жылжу керек.
Ешқашан соғыс ашып жаулап алудың соңы жақсылыққа апармаған. Тек қана адами жолмен керегіңді алу – бүгінгі күннің басты шарты және ақылдылығы болып отыр. Осы себептен де біз револю­ция­лық емес, эволюциялық жолды таң­дауы­мыз қажет. Сонда ғана біз өз еңбе­гі­мізбен бәріне қол жеткіземіз. Мысалы, қазақ тарихындағы ХХ ғасыр ұлттық тіл мә­селесінің ұдайы көтерілуімен есте қал­ды. ХХ ғасырдың басында Міржақып Ду­­латов «Қазақ тілінің мұңы» деген ма­қа­ла жазып, төл тіліміз туралы толғанған еді. ХХІ ғасырдың басында да осы көрініс өзгере қойған жоқ. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» секілді, «тілсіз халық – тірліксіз ел» болып қала беретінін ұғынған ұлт зиялылары осы мәселені айғай-шу, даңғазамен емес, тіліміздің шұрайлылы­ғын көрсете білумен, сол арқылы ұлттық тілге қызығушылықты тудыра отырып, да­мытуды көздеп отыр. Бұл жөнінде «қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады» деп жазды Елбасы. Бұдан өзге демографиямыздың, экологиямыздың да сын көтермей келе жатқанын айту парыз. Осының бәрін қазақ халқы саналы түр­де түсініп, әрбір айтылған мәселеге ден қойып, дамытуға үлес қосу керек. «Эволю­ция­лық даму қағидасы әрбір қазақ­стан­дықтың жеке басының дербес бағда­ры­на айналуға тиіс. Бірақ қоғамның эволю­ция­­лық дамуы қағида ретінде мәңгі тұм­ша­ланудың синонимі емес», — дегенді Елба­сымыз тамаша айтып өтті. Расында, бұлай даму тек жеке даму емес, жаһандық дамудың бір бөлшегі болу қажеттігін ұғындырған сияқты. «Сананың ашық­тығы» деген алтыншы бөлімде тек ұлттық тілмен ғана шектеліп қоймай, халық­ара­лық ағылшын тілін де оқу қажет. Әрине, қазақ тілі ұлттық тіліміз, оны сақтау, осы тіл­де сөйлеу, оны ұрпаққа қалдыру біздің мін­детіміз. Десек те, әлемдік ағылшын тілін үйренуден қалай бас тартамыз. Бұл елдің бәрі барып жатқан жерге, мәселен, Меккеге әлем қолданып отырған ұшақпен емес, ұлттық көлік ретінде атпен бару қажет деген секілді ұғыммен пара-пар. Ен­деше санамызды да ашық ұстай отырып, ұлттық кодтарымызды да сақтау қажеттігін әсте естен шығармаған жөн. «Қазақтың өнерді үйрен де жирен» деген мақалы осыны меңзеп тұрғандай.
«Туған жерге туың тік» деген бағдар бойын­ша адамзат баласы, оның ішінде қа­зақ баласы өзін-өзі тануға барады. «Ту­ған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады». Қазақ сөздің киесі бар деп ұғынған халық. Сонымен бірге аруақ сыйлап, киелілігін де сыйлай білген халық. Егер біздің халқымыз ондай нәрселерге сенуге болмайды десе, «Қойлыбайдың қобызындай» шығарма жазылмаған болар еді. Немесе «Ескендірдей» поэма жазыл­маған болар еді. Міне, сондықтан да хал­қымыз қастерлейтін нәрсе өте көп. Осы себептен де Елбасымыз «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деген бағдарламаны ұсынып отыр. Ұлтымыз осы киелі жердерді танып, олардың материал­дық жағдайын ретке келтіру керек. Эстетикасына мән беру керек. Туризмді дамыту керек. Туризмнің дамуы қазақ хал­­­қы­­ның экономикалық дамуына үлес қосады. Сон­дықтан бұл бағыттың қазақ үшін бе­рері мол. Осы арқылы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті» қалып­тас­тыру керек. Бұл мәдениеттің, ең бі­­рін­ші, шарты – әлемдік алты тілдің біреуін білу. Тіл арқылы мәдени қазына­ла­ры­мызды әлем жұртшылығына танысты­рудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. «Бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғам­дық ұйымдар үлкен роль атқаруға тиіс» болса, біз де университет тарапынан игі іс-шаралар атқаруымыз керек. «Қа­зақ­стан­дағы 100 жаңа есім» осы идеяларды іс­ке асыруда көшбасшы болу керек.

Ғазиза ШОЙБЕКОВА,
ҚазМемҚызПУ
Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының оқытушысы, филология ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір