«Оралман» – жеңімпаз
04.08.2017
1027
0

Режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» толықметражды көркем фильмі ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Гран-приін иеленді.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында («Қадам» ЖШС студиясының қатысуымен) ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл шығарма кинофестивальдің негізгі бағдарламасына қатысқан жалғыз отандық туынды.

– «Еуразия» кинофестивалі еліміздегі ғана емес, жалпы Орталық Азия аумағындағы ең үлкен киноалаң. Сондықтан да бұл кинофестивальдің ең басты жүлдесін жеңіп алу мен үшін абырой. Фильм кинофестивальдерде зор бағаланып жатыр. Иранда өткен кинофестивальде басты жүлдеге ие болды. Ең бастысы, бұл фильмді қарапайым көрермен көбірек көрсе деймін. Астанадағы көрсетілімде көрермендер фильмді жақсы қабылдады. Иран аудиториясы да, оның ішінде этникалық қазақтар қызыға көрген болатын. «Оралман» фильмін шет елдерде, әсіресе қазақ диаспоралары бар мемлекеттерде прокатқа шығаруды көздеп отырмыз, – дейді фильмнің режиссері Сәбит Құрманбеков.
«Оралман» фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.
Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Орталық Азиядағы ең үлкен кинофорум. Биылғы жылы фестиваль аясында барлық конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаларда фильмдердің рекордтық көрсеткіші – 296 картина көрсетілді. Конкурстық бағдарламаға қырықтан аса туынды қатысты. Ал фестивальге 200-ден аса қонақ шақырылды. Олардың қатарында Николас Кейдж, Эдриен Броуди және Джон Малкович бар.
Кинофестиваль тарихында алғаш рет ТМД елдері және Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, АҚШ және Еуропа елдерінен келген дистрибьютерлердің қатысуымен Eurasia Film Market кинонарығы өтті. Ал Eurasia Spotlight бизнес алаңы әдеттегідей киножобалардың қызықты питчингтерін, кино саласы маңындағы түрлі тақырыптарға негізделген дөңгелек үстелдерді, баспасөз-конференцияларын, шеберлік-сыныптарын және киноиндустрияның үздік мамандары қатысқан арнайы іс-шараларды ұсынды.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлдені – «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алған болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір