Қарлығаш ұя салған жер
04.08.2017
2361
0

Төле би бабамыздың Қарлығаш әулие атануы жайлы аңызды көзіқарақты оқырманның бәрі де білетін болар. Қазақтың бұрынғы-кейінгі аңыз-әңгімелерінде, қисса-дастандарында, ертегі, жырларында қарлығаш құсы – жақсылықтың, тазалықтың, адалдықтың символы. Сондықтан да үй маңына қарлығаш ұя салса, оны жақсылыққа жорып жатады.
«Туған жерге туың тік» деген байырғы қазақ салтымен өзінің туып-өскен Қарадаласына, ыстық су қайнарлары маңына емдеу-сауықтыру кешенін ашып, оған жүздеген жұмыс көзін тартып отырған белгілі кәсіпкер, Қазақстан гидроэнергетикасының ардагері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Стахан Белғожаевтың «Жетісу» шипажайына кіріп барған біздерді қарлығаш құсы қарсы алды. Шипажайдың кіреберісінде қарлығаштың бір емес, төрт бірдей ұясы төрт бұрыштан анық көзге көрінеді. Ырымшыл қазақпыз ғой, мұны да жақсылыққа жорып қойдық.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласында» айтылған: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әр өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген пікірін Стахан Белғожаев жаңа кешенді ашқанда әбден қаперге алғандай. Себебі, мұнда тек емдеу-сауықтыру орны ғана емес, туған жердің әрбір тасын таныстыруға арналған арнайы атты-серуен маршруттары да түзіліп қойыпты.
Ал қазақтың Қарадаласы атанған бұл өңір Кетпен жоталары дейтін тау сілемдері тарихтың талай таңғажайып оқиғалары мен кезеңдерін, ел аузында аңызға айналған шежірелерін қойнына бүккен. Іле Алатауының баурайында, Кетпен жотасы мен Іле ойпаты жазығының арасында, Шарын шатқалы мен реликті ерен тоғайы секілді ғажап әрі өте сирек кездесетін табиғат ескерткіштерінің өңірінде демалуға да және емделу үшін де қажет жағдайдың бәрі бар.

«Жетісу Resort» шипажайы, міне осы өңірде, Алматы облысы аумағындағы Шонжы ыстық қайнарында орналасқан. Санаторий абаттандырылған аумақта орналасыпты. Шығыс үлгісіндегі сәулет өнері мен ландшафт өзара үйлесіп, ертегіге келгендей күй кешесің. «Ауылды өңірлерде де сәніне сапасы сай демалыс орындары­ның ашылғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Күні ертең шипажайдың даңқы аспандап, шартараптан демалушылар ағылса, ауыл­дың жүзіне де қан жүгірмей ме? Шонжы ыс­тық қайнарларына еліміздің түпкір-түпкірінен, алыс-жақын шетелдерден ағыл­ған демалушылар саны көп. Олар тек осы шипажайларды ғана емес, өңіріміздің тұтас табиғатын көріп, тынықсын, туған жеріміздің әсемдігіне сүйсінсін, тереңге тартқан тарихымыз бар екенін біле түссін деген оймен шипажай ғана емес, емдік-танымдық кешен жасасақ деген жоспарымыз бар. Құдай бұйыртса, болашақта бұл маңға демалу үшін ғана емес, сұлу таб­и­ғаты­мызды, бай тарихи жүріп өткен жо­лымызды, өнегелі салт-дәстүрімізді көріп, ұлттық ас-ауқатымыздан дәм тату үшін арнайы ат басын бұрар деген үмітім бар», – дейді шығыс сарайларының үлгісімен салынған, шығыс дәстүрінде безендірілген кешеннің директоры Стахан Белғо­жаев.
Туған жер алдындағы перзенттік парызын өтеуге ұмтылып жүргендер сана­тын­дағы Стахан Белғожаевтың жасап жатқан бұл еңбегі туралы айрықша тоқтал­ғымыз келетініміздің себебі көп. «Мойнақ» ГЭС-ін салған Стахан Белғожаев ілгеріде айтқан бір әңгімесінде: «Бар ғұмырым – Қарқара, Кеген, Шарын, Кеңсу өзен­де­рімен байланысты. Гидроқұрылысшы ма­мандығын таңдауыма да осы өзендердің әсері болды. Мойнаққа ең бірінші назар аударған қазақтың атақты ғалымы Шоқан Уәлиханов болатын. Осы өңірдің өзен-суын, жерін, тауы мен тасын ең алғаш қа­­ғазға түсіріп, хаттап жазып кеткен сол Шо­қан еді. ГЭС салу идеясы алғашқы бесжылдықтарда, яғни 1930 жылдары қа­растырыла бастаған. Братск ГЭС-інде бетоншылар бригадасының мастері болып жүргенімде «Шіркін-ай, өз елімнің ГЭС-ін салатын күн туар ма екен, тумас па екен?!» деп армандаушы едім. Екібастұзда, Шардарада жұмыс істеген кездерімде де осы бір арман көкейімнен шықпайтын. Бұл арманымды жүзеге асыруға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көмек­тес­ті. Хатымды оқып, арнайы қабылдап, Үкіметтен қаулы шығартып, Қытайдан қаржы тартуға тікелей қолдау білдірген Елбасымыздың көрегенділігіне ризамын», – депті.
Стахан Белғожаевтың ендігі қолға ал­ған шаруасы – туған жер төсінде салынған көркем кешен «Жетісу Resort» шипажайы­ның тұсаукесер рәсіміне Алматы мен Ас­танадан, Талдықорғаннан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, шы­ғар­машылық зиялы қауым өкілдері, Шон­жы өңіріндегі ауыл, елдімекен тұр­ғын­дары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев ескінің естелігінен сыр шертті: «Бұл өлке­де ыстық судың кені көп. Кезінде Дінмұ­ха­мед Қонаев, Асанбай Асқаров осы өңір­дегі сулардың шипалы екенін ескеріп, арнайы скважиналар қаздыртты. Мен де обкомның бірінші хатшысы қызметін атқарған тұсымда өңірдің гүлденуіне қол-ұшымды бердім. Тап осы арада ыстық су­мен емдейтін шипажай салу мәселесі сол замандарда көзделген болатын. Алайда, еңселі ғимараттың қаңқасы ғана қалқайып тұратын. Стахан Белғожаев сол қараусыз қалған ғимаратты мынадай ғажайып ордаға айналдырды. Ел үшін төккен теріңіздің өтеуі келешек ұрпақтың разы­лығы мен алғысы арқылы қайтады», – десе, Мәжіліс депутатыҚуаныш Сұлтанов: «Қарадаланың кең жазығымен жүріп келе жатып, ертегідей әлемге тап боласыз. Стахан ағамыздың қажыр-қайратына, туған жерді түлетуге деген ұмтылысына қайран қалмасқа шара жоқ. Кейбір ақсақалдары­мыз жасы ұлғайған соң, үйде отырып қалады. Стахан ағамыз жұмыс істеуден жалыққан емес, қашан да сергек, іскер. Туған өлкеміздің өркендеуіне барынша араласып келеді. Елбасымыздың «Туған жерді түлетейік» деген сөзіне нақты іспен жауап беру деген – осы. Кешелі бері ғи­мараттың іші-сыртын көрдік, суына түстік, шетелдегі шипажайлардан еш кем емес. Тек Алматы облысының ғана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығының игілігі бұл», – деп ағынан жарылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, меценат Амангелді Ермегияев: «Біз – құры­лыс­шылармыз. Стахан Белғожаев «Мой­нақ» ГЭС-ін салды. Мынадай ғажайып ғимаратты өз қолымен тұрғызды. Атақты Ескендір Зұлқарнайын дүниеден өткенде бір қолын табыттың сыртына шығарып жерленуді аманат етіпті. Сондағысы: «Мен әлемге әмірімді жүргізіп, патша болсам да, ана дүниеге ештеңе де алып кетпеймін» дегенді аңғартқаны екен. Сол тәмсіл­де­гідей, байлық деген ел-жұртына қайта­ры­мын тигізбесе, ешкімге ештеңе де бермейді. Халықтың, елдің игілігіне тапқанын жарату дегенге де екінің бірі тәуекел ете бер­мейтіні тағы анық. Осы тұрғыдан алғанда, Ста­хан ағамыздың жасағаны – аса сауапты іс!», – дей келе, нағыз ақсақалдық танытып отырсыз деп, көпшілік атынан Ста­хан Белғожаевқа алғысын айтты. Мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева: «Өмір бойы еңбектенеміз, жұмыс істейміз, тірлік қыламыз. Алайда, соның бәріне ең қажетті – денсаулық мә­се­лесін естен шығарып аламыз. Халықтың денсаулығы – байлығы. Мынадай шипажай – сол денсаулықты сақтаудың, күтудің тамаша мекені. Рухани жаңғыру деген адамның сана-сезімінен, жан дүниесінен, денінің саулығынан басталады», – деді.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин: «Бұл Қарадаланың ғана игілігіне айналатын жетістік қана емес. Бүгінгі қуаныш, әрі-беріден соң Қазақстан деген жұрттың жылнамасына аты жазылатындай үлкен оқиға болып отыр. Олай дейтініміз, біздің әрқайсысымыз тәуелсіз қазақ елінің туы­ның биік тұрғанын, мәртебесінің жоғары болғанын, елдің мәңгі болғанын тәңірден сұраймыз. Біздің иығымыздағы жауапкер­ші­лік жүгі өте жоғары. Еңбектің ерен сипатын танытатын, елдің өзін-өзі сақ­тайтын, өзін-өзі қорғайтын, өзін-өзі таны­татын мінезі байқалады. Міне, Қарадала төрінде, Стахан аға, осын­да жиналған қазақ дейтін қалың жұрттың атынан, Қазақстанның ары мен намысын арқалап келіп отырған әр саладағы қонақтарымыздың атынан ерекше рахмет айтқымыз келеді. 1968 жылы артизан құдығының қалай қазылғанын әрі өтіп, бері өтіп жүрген біздер – студенттер көріп, осы далада ел тынымсыз еңбек ете бас­та­ғанының куәсі болғанбыз. Жаңа ғана Кеңес Мұстаханұлы бір ұрпақтың басынан өткен өнегелі әңгімесін айтып берді. Сіз де сексеннің сеңгіріне көтерілген кезде балалардың балалары айта жүрер еңбек жасап отырсыз.
Сарыағаш, Мойынқұм, Кендірлінің қалай тұсауын кескенін білеміз. Бүгінде ол Оңтүстік Қазақстанның, не Павлодар­дың ғана игілігі болып отырған жоқ. Алты Алаштың игілігіне жараған шипалы су болсын. Қасиетті Қарадаланы арғы бер­гіде мекен-еткен ата-бабаларымыздың әруағы бәрімізді қолдап жүрсін. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы дәл осылай орындалатын болса, біз, иншалла, үлкен игілікке жетеміз. Бұл жер тәнді ғана емес, жанды да емдейтін мекенге айналсын. Шипажайдың бір бұрышындағы кі­тапханадан кітап оқыған емделушілер, рухын да жаңғыртсын», – деген тілегін біл­діре келе кітапханаға кітаптарын сыйға тартты.
«Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп: «Үлкен үрдісті жалғас­ты­рып келе жатқан ақсақалдар легі бізде, Құдайға шүкір, баршылық. Мәселен, Тө­регелді Шарманов қазақтың қымызын, етін бүкіл әлемге танытты. Стахан ағамыз да осындай қайрат көрсетіп, шығыс үлгі­сін­дегі керемет шипажай салып, көпшілік­ке өнеге танытып отыр. Бұл елімізді, та­би­ғатымызды құрметтеудің бір үлгісі», – деп азаматтық ризашылығын білдірді. Шипажайдың тұсауын Мәкен Тойшыбеков, Тоққожа Естенұлы, облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов, ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрбек Сеитов, Болат Нұрғазиев, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Жұмабай Шаш­тай­ұлы, Тұрарбек Төлендиев, облыстық Ардагерлер қоғамының төр­ағасы Ермек Келемсейітов, Мүслім Дайырбековтер салтанатты түрде кесті.
Қазіргі таңда «Жетісу Resort» бөлмелер қорында стандартты эконом класс бөлмесінен президенттік бөлмеге дейін кез келген талғамға сай жайлы бөлмелер бар. Емдік кешен ванналарға, сулауға, ингаляцияларға, СПА-процедуралар мен физиотерапияға арналған бүкіл қажетті заманауи аппаратурамен жарақталған. Одан бөлек, кешен аумағында меншік наубайхана, фазенда, жылыжайлар, мейрамхана, бар, караоке, тренажерлік зал, бірнеше бассейн, балалардың ойын алаң­шасы, футбол алаңы, волейбол-баскетбол алаңшасы, теннис корты және балаларға арналған шағын зообақ орналасқан.Әрі бұл аумақтың бәрінде дерлік жергілікті жердің тұрғындары жұмысқа тартылмақ.
Шонжы ыстық су қайнарларының емдік қасиетін біреу білсе, біреу біле бермес. «Жетісу Resort» санаторийі мамандары емдеу-сауықтыру жұмыстарында суға жүзуді маңызды орынға қояды. Спорттың бұл түрімен адам қаңқасы мен буындарына артық жүктеме түсірмей айналысуға болады. Суға жүзу бұлшық етті қатайтады, омыртқаға да пайдалы, жүректі нығай­тады, өкпенің көлемін ұлғайтады және дұрыс тыныстап үйренуге көмектеседі. Оның үстіне, суға жүзу оның уақытында ты­ныстың дыбысы мен судың шолпылы басты артық ойдан тазартуға және стрес­тен арылуға көмектесетін ең жағымды медиативті фитнес түрлерінің бірі. «Жетісу Resort» санаторийінің меймандары жыл он екі ай жабық бассейнге шомыла алады. Сондай-ақ, жылдың жылы мезгіліне арналған далада мөлдір күмбездің астында орна­ласқан бассейн бар.
Шипажайдың емдік суының құрамын арнайы мамандар тексеріп, бағасын беріп кеткен екен. Сілтілік жұмсақтығы және күрделі сульфат-гидрокарбонат-хлорид құрамының арқасында, минералды су емдік ішу және сыртқы бальнеологиялық емдеу кезінде организмге көп қырлы әрі тиімді әсер етеді. Минералды судың кремний қыш­қылына қанықтығы оны жалпы шемір­шектегі, сүйек пен жалғастырғыш тінді қалыптастыру процесі үшін белсенді баль­не­офакторға айналдырады, сондай-ақ седа­тивтік, қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын және уыттылыққа қарсы әсер етеді.
Одан өзге, «Жетісу Resort» санаторий 50 км. қашықтықта орналасқан Тұзкөл кен орнының тиімділігі жоғары лай көздерінің көмегімен балшықпен емдеу технологиясымен жабдықталған. «Жетісу Resort» тұз шахтасында тұрақты температурасы, белгілі бір ылғалдылық деңгейі және пайдалы өте ұсақ тас тұзы бөлшектерінің жоғары концентрациясы бар тұз үңгір­лердің микроклиматы қайталанған. Гал­ло­те­ра­пия­ның қарсы көрсетімдері жоқ және суық тию ауруларына жиі ұшырайтын және аллергияға бейім жандар үшін нағыз дауа.
«Туған жер – әр азаматтың кіндік қаны тамып, топырағынан нәр алып өсетін киелі мекен. Не істесем де елімнің и­гі­лігі үшін жасадым. «Мойнақ ГЭС-і» – мақ­танышым. Мынау шипажай да сол­ сияқ­ты. Шарын шатқалына шетелден ағылып туристер келеді. Шөл даланың да өз кере­меті болуы керек. «Жетісу» шипажайын қазағымның мәртебесін бір көтеру үшін қолға алып едім, ел-жұрт жақ­сы бағасын­ беріп жатыр. Туған жерімнің бір пұшпағы көркейсе, оған менің де тамшы­дай­ болса да үлесім қосылса – бақыт­ты­мын!», – дейді Стахан Белғожаевтың өзі.

Қарагөз Сімәділ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір