Қабылдау басталды
18.08.2015
1593
0

3

Павлодар қаласындағы Әбу Бәкір Сыддық медресесіне 2015-2016 оқу жылына қабылдау басталды. Талапкерлер қазір бір айлық дайындық курсынан өтуде. Олар тамыз айының 19-20-сы күндері емтихан тапсырып, сынақ нәтижелеріне қарай қабылданады.

Медресеге биылғы жылы 30 бала қабылданбақ. Оның 11-і Павлодар облысынан алынса, қалғандары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан іріктеледі деп отыр ұстаздар. Емтиханға қазірдің өзінде 30-ға жуық бала дайындалуда. Ал дайындық курсынан өтпей, сынаққа тура қатысушылар да бар. Талапкерлер қазақ тілі және Қазақстан тарихы пәндерінен тест тапсырса, діни сабақтарға ауызша жауап береді.

– Оқуға түсушілердің жасына шектеу жоқ. Оның бұрын діни білімі бар-жоғына да қарамаймыз. Себебі, олар мұнда барлығын басынан бастап үйренеді. Бастысы, қажетті құжаттарды түгел және уақытында тапсырса болды, – дейді медресе директоры Серікбол Аршабаев.

Әбу Бәкір Сыддық медресесі Павлодар ауылындағы Қасым қажы мешітінің жанында орналасқан. Мұнда жалпы орта білімі бар ер балалар қабылданады. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Оқуы мен жатар орны және тамағы тегін. Ғимарат заманауи оқу және спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріліп, кейіннен жұмысқа орналасуына жағдай жасайды. Мәселен, биыл бітірген 16 баланың 12-сі ұстаз және имамдық жұмыстарға орналасса, қалған 4 шәкірт Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқуларын жалғастыруға кетті.

Тілеуберді Сахаба.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір