Жұмабек КЕНЖАЛИН

0
277 қаралды

Белгілі қаламгер, жазушы-журналист, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Омарұлы Кенжалин осы жылдың 24 шілдесі күні 63 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Ж.Кенжалин 1954 жылы Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, шаруашылықта жұмысшы, орта мектептің мұғалімі болып қызмет атқарды.
1973 жылдан1975 жылға дейін КСРО Қарулы Күштері саласында азаматтық борышын өтеді.
1981 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Қазақ Мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан») газетінде әуелі тілші, кейін бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Зерде» («Білім және еңбек») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы, 1994 жылдан «Халық Кеңесі» газетінің бас редакторы болды. 1996 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдар аралы­ғында «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы қызметін атқарды.
1999 жылдан 2006 жылға дейін «Қазақ газеттері» ЖАҚ-ның президенті, бас ди­ректоры, 2006 жылдың тамыз бен желтоқсан айлары аралығында «Ана тілі» ұлт­тық апталығының, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси жур­налының бас редакторы қызметтерінде болды. 2009 жылдың ақпан айынан осы кезге дейін «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңе­сінің төрағасы. Ол «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988 ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998 ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005 ж.), «Саяси менеджмент жә­не баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010 ж.), «Ер Жәуке мін­бегенмен алтын таққа» (2012 ж.), «Қалам қанаты» (2014 ж.), «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» (2016 ж.) деп аталатын кітаптардың авторы.
Ж.Кенжалин – саяси ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.
Журналистика саласындағы қажырлы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Ол – ТМД Парламенттік Ассамблеясының «Баспасөзді және ақпаратты дамытқаны үшін» белгісінің иегері, ҚР Президентінің БАҚ саласын­да­ғы сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қа­зақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстан Республикасының мә­дениет қайраткері.
Жұмабек Омарұлы ұлтжанды тұлға, парасатты жан, жаны жайсаң азамат, өз кәсі­бінің білгірі, ұйымдастырушылық қабілеті мол басшы, белгілі қоғам қайраткері ре­тін­де есімізде сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы.
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің ұжымы.


ҮЛКЕНГЕ – ІНІ,
КІШІГЕ – АҒА ЕДІ-АУ…

Жұмабек өте сабырлы, мәдениеті жоғары, адамгершілігі мол азамат еді. Ол үлкендерге аяулы іні, жастарға қам­қор, өнегелі аға болды. Кезінде ол бас­қар­ған басылымдар өскелең өміріміздің жар­шысы болып алда тұрды.
Жұмабек ұжым ішінде бірліктің, үйым­шыл іскерліктің үлгісін көрсетіп, әрдайым жақсылыққа бас-көз болып жүру­ші еді. Өмірден өте ерте әрі шұғыл өтті. Мұндайда халық «О дүниеге де жақ­сы адам керек» деп тоқтау айтады. Бұл даналық ұғымға қосылмауға амал жоқ. Марқұмның отбасына, жақын туыс­т­арына көңіл айтамын.

Досмұхамед Кішібеков,
академик.


Бір сәтке түңілемін, үгілемін!

(Жұмабек Кенжалиннің рухына)

Қайырлап қалтарыста мінген кемең,
Тағдырдың салғанына кім көнбеген.
Артыңда таңдай жарқын із қалдырып,
Жұмабек, сен де көштің бұл дүниеден.

Көңілің көп нәрсеге нанғыш еді,
Алғаның өмір бойы алғыс еді.
Қара жер құшағына алды сені.
Қош енді!
Ажал сұмның қанды шөлі.

Таза еді жаңа жауған жаның қардай,
Болды да жарық дүние тарылғандай.
Кеттің-ау қарай-қарай Қайыңдыңа,
Тойына асығып ең жаның қалмай!

Сен емес – күйбеңдеген көптің бірі,
Жаныңның жақсылыққа төктің нұрын.
Семсердің сертке ұстаған,
Жәй қарасаң,
Жүзінен көрінбейді өткірлігі.

Еліңнің сен де сондай бір ұлы едің,
Таза едің, Азамат ең, тұнық едің.
Тағдырдың жазғанына тосқауыл жоқ,
Бір сәтке түңілемін, үгілемін!

Әбжан ӘБІЛТАЙ.


Рухың пейіштің төрінде шалқысын!..

Қайран, Жұмекем-ай! Аяулы да ардақ­ты азаматым-ай! Сенің қазаң қабырға­мыз­ды қайыстырып, ішімізді ойсыратып жі­берді ғой.
Жұмабек Кенжалинді мен 1981 жылдан, аттай үш мүшел жас, яғни 36-37 жыл бі­леді екем. Сол кезде Жұмабек «Социа-лис­тік Қазақстан» үнжариясының тілшісі ре­тінде Жұмабаймен (Шаштайұлы) бір ка­бинетте отырушы еді. Әдеміше келген, мұрт­ты, кескіні С.Сейфуллинге келетін­дей, киген киімі жіптіктей жап-жас жігіт болатын. Оның адамды бірден баурап ала­тын қасиеті бар екен, тіпті мені бұрыннан бі­летіндей сыңай білдіріп, хал-жағдай сұрас­ты. Менің жазған мақалаларымды алып қалды, өлеңдеріңді әдебиет бөлі­міне Ақаңа (Сейдімбеков) беріңіз деді. Сыпайы, кішіпейіл, өте мәдениетті жан еді. Кейін 1988 жылы «Білім және еңбек» («Зер­де») журналына мені комсомол ор­талық комитетінің конкурсынан өткізіп өзі қызметке алды. Одан әрі 1990 жылы тұң­ғыш парламенттік «Халық Кеңесі» га­зетіне Бас редактор болды.
Жұмекеңнің аты жастай шыққан. Ол сту­денттік кезінде Лениндік стипендиат ата­нып, кәсіподақты басқарып, 5-ші курс­тан бастап «Социалистік Қазақстан» га­зетінде қызмет істеген. Зерделі де зерек, өте білімді, жан-жағына шуағын шашып жү­ретін. Өзі шындығында қазақ бас­пасө­зінің қара нары-тұғын. «Халық Кеңесін» қа­зақ журналистикасының ардагері Сарбас Ақтаевтың басшылығымен сайдың тасындай шығармашыл жігіттерден (Марат Тоқашбаев, Жанболат Аупбаев, Самат Иб­раимов, Нұрдәулет Ақыш, Болат Оңғар­баев, Мейрамбек Төлепберген, Әділғазы Қайырбеков, т.б.) жасақтады. Бұл газетте ең бірінші болып ұлттық валютаның, жаңа астананың мәселесі көтерілді. Сол тұс­та астананың Сарыарқаға, еліміздің кін­дігіне көшірілуіне кейбір басылым­дардың қарсы тұрғаны да аян. Ал «Білім және еңбектің» «Зерде» атауына ауысты­рылуы­ның басы-қасында Жұмекеңнің өзі жүрді. Аталмыш журналда ақтангер Ақ­селеудің ізін қуып, жолын сақтап қал­ды. Мұнда да Бейбіт Сапаралин, Әшірбек Аман­гелдиев, Қайырғали Медетов сынды талантты қаламгерлермен бірлесе жұмыс істеп, басшылық жасады. Ол ұзын-саны
5 басылымның («Білім және еңбек», «Ха­лық Кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі») Бас редактор сарашысы болды, бірталай қаламгерлерді тәрбиеледі. Сөздің емес, істің адамы болды.

Жаның жайсаң жан едің-ау!..
Рухың пейіштің төрінде шалқысын!

Қазірде өткен жолын, жайын ұғам,
Оқу іздеп сонау Торғай-Қайыңдыдан.
Жұмекең алғырлықпен алға шыққан
Парасаты мол келген пайымды жан.

Түнерген түнді төнген күндіз қылған
Бар ма екен Жұмекеңдей жұлдызды жан.
Адами, Азаматтық болмысымен
Халық үшін сайыста қыз-қыз қызған.

Жаятын жан-жағына жайма кілем,
Қазақта Жұмекеңдей бар ма кілең.
Қырық жыл терін төккен баспасөзге,
Хас дүлдүл, қаламгерім ардакүрең!

Бақытжан Тобаяқов.


ЕНДІ БІЗДІ САҒЫНЫШТАР ҚОСАДЫ

Қасиетті қаламға деген құштарлық бәрімізді Алматыға алып келді. Сөйтіп, біз қазақтың маңдайына біткен жалғыз журналистика факультетінде жүздестік. Бағымыз жанды. Сен күллі университеттің мақтанышы мен мерейіне айналдың. Лениндік стипендиат атану, Алматы қалалық кеңесіне депутат болып сайлану үлкен жетістік еді.
Диплом алысымен республикамыздың ең үлкен газетіне қызметке барды. Шығармашылық тұрғыда шыңдалған үстіне шыңдалды. Жүкең қызметтес ағаларының ғажап қасиеттерін бойыңа молынан сіңіріп, басшылық жұмысқа тартылды. Не керек, «Егемен» мен жалпымыз сүйіп оқитын жастар газетінен басқа газет-журналдардың бәрінде дерлік басшылық сара ізіңді қалдырдың. Мен үшін солардың арасында өзің бас редакторлық жасаған «Халық кеңесінің» орны ерекше. Сол газетте өзіңмен қызметтес болудың орайы келді. Еліміз бен халқымыздың талайлы тағдырына байланысты қаншама мәселелерді көтердік. Парламенттің үніне айналдық. Өзің үшін қазақтың тілі де, діні де, жері де, тарихы да, тағдыры да аса қымбат еді. Сатылмайтын, санадан сайрап шығатын, жаныңды жылатып шығатын кіндік қан тамған топыраққа деген махаббатты, қимас сезімдерді «Ана тілінде» жарияланған «Қолыңды бер, Қайыңды!» деген эссеңде де ағыңнан ақтарыла жеткізіпсің, Жүке! Аяулы анаң мен ардақты әкеңнің табан іздері қалған, маңдай терлерімен көркейткен киелі ауылыңды енді қайтып көре алмайтыныңды сездірді ме екен Жаратушы Иеміз. Әйтеуір ауылыңның алпыс жылдық тойына бара алмай, Алматының ағарып атып келе жатқан арайлы таңында келместің кемесіне мініп, «Қош бол, қазағым, қаламдас достарым!» деп те айта алмай кете бардың…
Енді бізді сағыныштар қосады, аяулы досым менің…

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
курстас, сырлас, сыйлас досың.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.