Қалибек қағидасы
28.07.2017
1413
0

…Қалибек ағамызды алдымен мықты музыкант ретінде тап басып таныдық. Күмбірлетіп күй шертетін, сызылтып баянда ойнайтын, әуелетіп ән шырқайтын шеберлігіне шынымен тәнті болатынбыз. Әйтеуір тұла бойын тұтастай билеген ішкі сезім иірімдерінен тартатын, телегей теңіздің буырқанған асау толқынындай алысқа ала жөнелетін шынайы шығармашылық мінез-бітімінен таланттылығы бірден білінетін.

Өткен ғасырдағы сонау сойқан со­ғыс­тан соңғы кездерде, яғни 1947 жылы 28 шіл­деде дү­ние есігін ашқан ол осы уақытқа дейін өмірдің небір бел-белесін алқынбай артқа тастап, әлі де жас жігіттей қай­рат­тандыра түсетін арман-үміттің жетегімен ұдайы алға ұмтылып келеді.
Көктерек (қазіргі Мойынқұм) ауданы­ның көрікті жерінің бірі – Көлтабан (ал­ғашқы өлеңдер жинағы осылай аталады) ауылында туған Қалекең Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен кейін бірер жыл аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі болған. Әскерден қайт­қан соң қасиетті қазақ өнерінің шын жа­на­шыры, ұлтымыздың бірқатар шоқтығы биік өнер иелерін тәрбиелеп шығарған Гүлжиһан Ғалиева басқаратын респуб­ли­калық эстрада студиясын аяқтаған. Дәл осында Құрманғазы атындағы консерва­то­рияның атақты профессоры Құбыш Мұхитовтың домбыра класында оқыған. Атақты Жүсіпбек Елебековтен әншілік өнерге машық­танған.
Міне, осының бәрі кішкене кезінен ән-өлеңге еліктеп ержеткен, саз-әуенге құ­­мартып өскен Қалибек Шайжанның кә­дімгі кәсіби музыкант ретінде қалып­тасуына жетелеп жеткізді ғой.
Бұған Жамбыл облыстық фи­лар­мо­ния­сының «Жас толқын» ансамблінің дом­бырашысы болғанын, әл-Фараби атын­дағы Шымкент педагогикалық мәде­ниет институтын бітіргенін, осында жүріп, яғни 1978 жылы «Достық» ансамблі­нің құрамында Польша елінің Зеленогура қаласында өткен дүниежүзілік фольк­лор­лық ансамбльдер фестивалінде лауреат атанғанын қосыңыз. Ал 1980-1982 жылдары Қазақ радиосы музыка редакциясының редакторы (әйгілі Илья Жақановтың қол астында)қызмет атқаруының, 1982-1986 жыл­дары Алматы облысы, Балқаш аудан­дық мәдениет бөлімін басқаруының өзі өмірінің үлкен бедерлі белестері еді. Онан кейін, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін Мойынқұмдағы Бірлік ауылындағы музыка мектебінің директоры болып жиырма бес жыл абыройлы қызмет істеуі де көп жайдан хабар берсе керек.
…Біржан, Ақан, Иманжүсіп, Кенен, Үкілі Ыбырайдың әндерін үзілдіріп айтатын, Дәулеткерей, Дина, Сүгір, Тәттімбет, Құр­манғазының күйлерін құлақ құрышын қан­дыра тартатын Қалекең бір күні «бү­лінді». «Бүлінді» дегеніміз – өлең деген өрт­тей ыстық арудың құшағына кідірмей кір­ді де кетті! Осылайша өлеңмен алды-ар­тына қарамай «ауыра» бастады. Ал­ғаш­қыда елуді еңсеріп, алпыстың ауылына таян­ғанда мұнысы несі деп ойла­ғаны­мызды жасыра алмаймыз.
Бірақ арыдан бағамдап, алыстан бай­қап қарасақ, осылай болуы заңды да сияқ­ты. Өйткені, ол титімдей кезінен-ақ ән-әуен­ге құмартып жүрді дедік қой жоғарыда. Қара бала осылайша өнерді, өлеңді өлердей сүйіп өскен екен. Көп жыл бойы жан­дүниесіне маза бермей ішінде құлыптаулы күйінде бұғып жатқан өлең сандығының уа­қыты жетіп ауызы ақтарыла ашылған ғой. Мұны да бір адам табиғатының тылсым сырына жатқызуға болады-ау деп қоя­мыз өзімізше.
Содан бері Қалекең таңды таңға ұрып де­ген­дей, тапжылмай, сағаттап отырып жа­затын болды. Әйтеуір өлең бірде оны із­десе, бірде өзі өлеңді іздейтін әдемі әдет қа­лыптасты.
Қазір, міне, 9 жыр жинағының авторы. Бұрыннан ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері атанған ол бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының білдей бір мүшесі. Кеудесінде жарқыраған екі ме­далі де бар.
Ақынның тауып алатын тақырыбы да әр тарапты, әр алуан. Қаламынан нәзік се­зімді лирика да, туған ел мен жер туралы, ардақты азаматтар жайлы, ұшқыр уа­қыт, күрделі заман жөнінде де өлеңдер туа­ды. Адамның жайсыз мінезі мен жа­ғым­сыз пейілін де қалт жібермейді. Әй­теуір өмір құбылысының әр түпкірі мен тереңіне тебірене отырып үңіле береді.
«Соңғы жылдары Қалибек жиі-жиі те­­лефон шалып, поэзияның сырлы әле­мі­не енгенін айтып, жазған өлеңдерін, кі­тап­тарын жіберіп, мені ақындық таланты­мен таң-тамаша етіп, баурай бастады. Ол өлеңге, «Мен ақынмын!» деп көкірек қаға­тын біреулерге кірпияз көңілмен қарайтын тәкаппар сезімімді сейілтейін деді. Ақын екенін танытты» деп жазыпты Қалекеңнің 2013 жылы жарық көрген «Бөрте» атты жыр жинағындағы алғысөзінде, қазақ өне­рінің ардақты ақсақалының бірі, Қазақстан мен Қырғызстанға еңбегі сің­ген қайраткер, ұлттық музыка акаде­мия­сының профессоры, композитор, жазушы, музыка зерттеуші, суретші Илья Жақанов. Бұл, әрине, үлкен баға!
Айтқандай, Қалибек ағамыздың жан жары Төлеуғайша Бейсеғұлқызы да өнер адамы, Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген сопрано дауысты әнші. Біреуі баянын тамаша тартып, екіншісі ел­жірете ән салғанда ерекше сүйсіне тың­дайтындардың бірі едік.
– Музыкадағы алғашқы ұстаздарым, – дейді Қалекең бізбен әңгімесінде, – өз ауы­лымдағы Таубай Әбешбаев пен Жұ­ма­діл Сатыбалдиев ағалар еді, олар керемет баяншы болатын. Домбыра тартуға бау­лыған Жақсылық аға Сүлейімбеков. Үшеуі де қазір дүниеде жоқ, марқұмдардың жаны жәннатта болып, пейіште нұры шалқысын! Ал өлең жазуға үйреткен өмірдің өзі! Ақы­ры сөйлеп қалдым ғой, аяғына дейін айтайын. Менің мынадай қарапайым шығар­машылық қағидам бар, ол – өнерде бая­ным мен домбырамды тастамаймын, ал өлеңде, әрине, басқадаймын. Бірақ мақ­сатым – қайткен күнде де оқылатын, яғни оқыр­ман көңілін селт еткізетін өлең жазу.
Біздің енді бұған алып-қосарымыз жоқ.

Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір