Шыншыл суреткер
28.07.2017
3412
0

Жұрттың бәрі имандай сенген кеңес үкіметі бір-ақ күнде күтпеген жерден құлап тынып, саяси иделогияның қолшоқпарына айналған қаламгерлер жаңа қоғамға керексіз болып қалды. Одан шығудың жолында Думан Рамазан да бірен-саран қаламгерлеріміз сияқты ұлт әдебиетінде өзін сөз иесі ретінде алғашқы қадамымен танытқан әңгіме жанрында қоғам және оқырманмен әдеби ойын, батыл эксперименттер, өткен мен жаңаны пародиялауға іркілмей көшкені жасырын емес. Біріншіден, осы бір өліара кезеңде қаламгер кезінде партиялық әдебиеттің талабымен әлеуметтік өмір мен тарихты 1917 жылдан бастап келгендігіміздің абсурдтығын, екіншіден, әдеби ойынға, карнавалдық секілді соны әдеби қаламгерлік амал-тәсілдерге иек сүйеп, алаш өркениетін түрлі ракурста еліне таныту мақсаты шығармашылық адамы ретінде жаңашыл, экспериментал тұлғаның ойы мен еркін биледі. Ұлт тарихы алаштың өткенінен басталғандығын біздің буын ішінде, постмодерндік батылдықпен қазақтың сөзін ұстаған Думан Рамазан үшін адастырмайтын рухани темірқазыққа айналды.

Думанның осы шы­ғар­ма­шы­лық эволюциясындағы ізденісі екі жақты болғандығы еш дау ту­дырмайды. Батыс біз енді түс­кен әдеби соқпақтан баяғыда-ақ өтіп кеткен болатын. Бір жағы­нан, Думан Рамазан постмодер­низ­мі өзінің нағыз азаттығын се­зініп, бұрын іштен тынып айта ал­май келген ойларын сыртқа шы­ғаруға мүмкіндік алды. Екін­ші жақтан, ұлттың жадында қайы­ра жаңғырған діни негіздегі иман­дылық пен әлеуметтік-мәдени базаға арқа сүйеді. Осы­ның негізінде Думан Рамазанның постмодернизмі өзіне тән көр­кем­дік ерекшелікке ие болды. Сын­шыларымыздың бұл кезеңді қазақ прозасындағы түйе толғақ үнсіздік деп атауы өте орынды. Осы әдеби дамылдауға ақындар батыл үн қосса, қаламгер Думан Рамазан әліптің артын бағып, оқырман санасының өз туындыларын эстетикалық тұшына қа­былдауының қолайлы сәтін асық­пай тосты.
Иә, Думанның постмодер­низ­мі ұлт алдына айна қойып, қа­зақ келбетін түрлі қырынан алып кескіндей білді. Алаштың әлеу­меттік, саяси, діни кескіні ай­қын таныла бермейтін астарлана берілетін оның қаламынан «Жын», «Жан», «Көкжал» «Арғы­мақ», «Алланың әмірі», «Жар ас­­тында», «Күйік», «Ақсақал мен ақ жылан», «Пері мен пенде», «Тақ­сірет» сынды шынайы өмір шын­дығына реалды бет бұрған реа­листік әңгімелер шоғыры өмір­ге келгендігін де үнемі есте ұс­тауымыз керек, әрі реализм ая­сында модернизмнің де бой көр­­сететіндігін де қаперде ұс­тайық. Біз бұл арада жазушыны бі­рыңғай постмодернизм бағы­тын­да ғана жазатын жан ретінде бағалаудан іргені аулақ салып, автордың әдеби-индивидуальды бас­тамашылдығы бұрыннан қа­лыптасқан әдеби конвенция: шы­ндыққа жанасымдық, оқи­ға­ның хронологиялық және ло­ги­калық кезектестігі, жанрлық жә­не стильдік бір тұтастықтар­дың тас-талқанын шығарып бұзып немесе келмеске кетірген­дігі кеңес­тік ділдегілерге мүлдем ұна­май, күні өтіп, ұлттық әдеби про­цесте өзінен кейінгі жаңа әде­би бағытқа ығысып жол берген модернизмді аңсау сарыны кең етек жайғаны жасырын емес.
«Постмодернистер кім?» деген сауал қазақ әдебиетіндегі про­за жанрында басы ашық тұр­ған күрмеуі қиын мәселе десек те, бір ғана жанрдың бағын ашқан Думанды осы үркердей топқа ір­кіл­мей қоса аламыз. Ақындар ту­расында ашық та, батыл сөз етіл­се де, прозаны шығар­ма­шы­лық серік еткен өзіндік қа­лып­тас­қан стилі мен кейінгілерге үл­гі болар жол салған Думан Рамазан сынды қаламгерлеріміз жайында тиіп-қашты сөз етуден арыға бара алмай жүрміз. Қазіргі қа­зақ прозасындағы шоқтығы биік тұлға Думан Рамазанның жаңа әдеби бағыттағы ізденістері мен жетістіктері жайында ой тол­ғаудың реті де, кезегі де келді. Өй­т­кені, модернизмнің шекпе­ні­нен шыққан ұлттық соны әде­би бағытқа өз аяғынан қаз тұрып кетуі үшін және төл әдебиеті­міз­дегі әдеби процесте жеке бағыт ретінде толыққанды орнығуы үшін өз үлесін қосқан Думан Ра­ма­занның «Жылап аққан тамшылар» жинағына енген барлық әңгімелері енді-енді әдебиет теориясы мен сынында сөз бола бас­­та­ған қазақ модернизмі, сю­р­реа­лизмі, магиялық реализмінің және постмодернизмінің көсе­ге­сін көгертетін шығармалар десек, ақиқаттан еш алыс кетпейміз. Қаламгердің бір ғана шағын жанр­дың барша құпиясын мең­геріп, постмодерндік қазақ әңгі­ме­сінің бағын ашуы оның жазу­шы­лық ұстанымы мен шы­­ғар­машылық шеберілігі жағынан айқара танылып, қаламгердің әдебиетіміздегі постмодерндік (кейігмодерндік) бағыттың көшбасшыларының бі­рі болып табылатындығын ендігі жерде келте ойлап, теріс қа­ғып, жоққа шығаруға болмайды.
Қоғамдық сана мың құбылып, жұрт пікірі сан-саққа өзгеріп жат­­қан қазақтың рухани өмірінде әдебиетке қатысымыз болған­дық­тан, аға буынның, өз қата­ры­мыз бен кейінгі толқын про­заик­терінің сиясы кеппеген жаңа туын­дыларын қалт жібермей оқи­мыз дегеніміз бір жағы – ағат­тық, екінші жағынан, мүлдем мүм­кін емес дүние. Ал жылт ет­кен жаңа туындыларды оқи қа­латын болсақ, онда аға буыннан ұлттық санасызданған кеңестік кезеңнің көлеңкесін, жаңа тол­қын­нан батыстық тобырлық мә­дениеттің елесін аңғарып, «әт­теген-ай» деп өзек өртеніп отыр­ғанда өз тұстастарыңның, оның ішінде Думанның алаши-түр­кілік-исламдық дүниетаны­мы­ның синтезінен тұратын тұшым­ды шығармаларына ден қойған уақта көңілің байыз тауып, бір тын­шып қаласың. Қаламгер қа­ла­мының оқырманын сөзбен ар­байтын сиқыры деген осы да.
Әлемдік, түркілік, алаштық өмір құбылыстарына өзгеше ой жү­гірту, қазақ қоғамының кө­лең­келі жағының жаһандану дәуі­ріне сай суреттеле бастауы біздің буын қаламгерлері ішінде өте-мөте Асқар Алтай мен Думан Рамазаннан айқын аңғарылады. Думан әңгімелерінен қазақ кейіг­модерндік прозасының алты қасиеті аңғарылады: 1) прозаның өзіндік кодқа ие болуы, яғни мә­тінді ұйымдастыру ережесі; 2) әлем­­нің берекесіздігін өздік ұғынуын саналы түрде хаос ар­қы­­лы беруге талпыну; 3) кез кел­ген беделге скептикалық қаты­нас­та қарап пародиялауға тал­­­­­пыныс, мәтіннің өзіндік мақ­саты «хат беделі»; 4) көркем-бей­н­е­леу әдістерінің шарттылығы «әдістерді жалаңаштау»; 5) бір мәтін бойына түрлі жанр мен түрлі әдеби дәуірді тұтастыру.
Бұлардан бөлек қаламгер про­засына теория сыншысы ре­тінде ой жүгірткен шақта кейіп­кер бойындағы екі идеяның бей­берекетсіздік пен нигилистік көз­қарастар үстемдігі орыс тілді қазақ әдебиетіне тән екендігін сезініп, қазақ постмодернизмі дегеніміз – Думан Рамазан тұлға­тындағы феникс құстай қайта түлеген модернизм деген әдеби аксиомамен бетпе-бет келеміз.
Мәдени-рухани кеңестік ком­мунистік идеологияның орнын ұлттық идеология мен орыс­танған қазақтардың кос­мо­по­литтік идеологиясы басты. Дін­де, ғылымда, саясатта бұры­н­ғы бі­рауыз­дылық келмеске кетті. Алаш қоғамын рухани хаос жайлады. Осы хаос инволюционистің арманы. Әр түсініктегі, әр әдеби бағыт пен ағымдағы жазушыларымыз оны өзінше түсіндірді. Реалды өмір бейреалды өмірге айналды. Осы әдеби хал кешуді шығармашылық іс-әрекет үстін­дегі біздің буын жазушылары әр түрлі қабылдап, әр қилы айшы­қ­тады. Міне, осы әдеби сан алуан­дық­тың ішінен Думан өзіне лайық әдеби орны мен тұғырын тапты. Өмірді бейдәстүри бағалау үрдісі қазақ әдебиетіне ХХІ ға­сыр­да дендеп енді, осы әдеби ба­ғыт­тың дамуына Думан Ра­мазанның қосқан шығармашы­лық үлесінің ерек екендігін ашық мойындауымыз керек.
Думан Рамазан – қазіргі қазақ әдебиетіндегі Нұрғали Ораз, Жүсіп­бек Қорғасбек, Асқар Алтай, Айгүл Кемелбаева, Роза Мұ­қанова, Дидар Амантай секілді за­мана қаламгерлерімен бір қа­тарда тұрады. Сонымен бірге, олардан өзгешеленіп, дәстүрлі ұлт әдебиетінің маңдайына сый­май­тын әңгімелерімен ерекше­ле­неді.
Думан Рамазанның көркемдік әлемі романтизм мен реализм, на­­турализм мен сентиментализм, модернизм мен сюрреа­лизм­­нің өте күрделі бірін-бірі жоққа шы­ғарып, әрі толықтырып, әрі өз­геріске ұшыратып отыратын эс­тетикалық тенденция­ларының син­тезінен тұратын постмо­дер­низмнің прозадағы ұлттық көрі­ні­сі. 2000 жылдардан бастап оның прозасы бейреалды бастау көзге бірте-бірте ие бола түсті. Думанның сан тарапты эпигон­дық еліктеу-солықтау­шы­лықтан ада өзіндік авторлық стилі мен қа­ламгерлік бағыт-бағдарын та­нытатын әдеби ізденістерінің қо­рытындысына баланатын «Жы­лап аққан тамшылар» әңгі­мелер жинағы жазу­шының жаңа ғасырдың он жыл­дығын қалай еңсергенін то­лық­қанды аңғар­тып, шығар­машылық ізденістері ту­расында өз оқырмандары ал­дын­да жазу­шы­лық есеп беруі бо­лып табылады.
Ол өзі ұнатқан туындыларын ав­торлық қалауы бойынша өте сәт­ті және біршама сәтті деп шарт­ты түрде бөліп шығарма мә­тінінің тінінен кезектестікпен орын бергені көрініп тұр. Сон­дық­тан да біз жазушының осы топ­тастыруымен ықтыяттықпен ке­лісіп, барлық әңгімелерін жіп­ке тізіп тізбектеп шығудан бойды аулақ ұстай отырып, тек қалам­гер­дің қазақ оқырманына нені айт­пақ болғанына, нені емеу­рін­мен сездірмек болғандығын әде­биет назариятшысы ретінде жұрт құптайтын, не жоққа шығарып келіс­пейтін таптаурындықтан жаңашылдығы басым әдеби теориялық таным-түсінік не­гі­зінде ой жүгіртіп, өз пікірі­міз­ді білдіреміз.
Және Думан Рамазан шы­ғармашылығы турасында ел­дің бәрі ден қоятын бірден-бір ақиқат, бірден-бір дұрысты соң­ғы сөзді түгесе айтып отыр­мыз деген ғылыми күмәнді пікір­ден аулақпыз. Реалдылық пен фантазияның өзіндік ай­шық­қа ие синтезі жазушының жанр, құрылымдық және сюжет түзуші принципіне айналды. Жазушының осы жинаққа енген «Көш», «Жатбауыр», «О дүниедегі кездесу», «Арғы­мақ», «Жан», «Ақсақал мен ақ жылан» әңгімелерінде жоғарыда біз сөз еткен әдеби әдіс кең көрініс тапқан. Осы аталған әң­гімелерде реалды­лық бір шетке ысырылып, роман­ти­ка­лық қос әлем­ділік (романтический двоемирие) идея­сы «өлілер патшалығынан» еніп, «осында» мен «онда» болмысы бір-біріне қарама-қарсы қойылып, жазушы өз оқыр­ма­нына не шынайы өмір (пәни), не тылсымды тірлік (бақи) турасында тұтасқан түсініктің ұштығын ұстатуға еш тырыспайды, қайта олардың көршілесе өмір сүруін қабылдауға тиісті екендігімізді ұғындырады. Автор ұғындыр­ма­сы бойындағы денеңді мұздатып, жүрегіңді ұшырып, зәреңді зәр түбіне кетіретін мистикалық күш біздің өмірімізге дендеп еніп қа­на қойған жоқ, сонымен бірге, өз заңдылығын адамдар санасында орнатып та үлгергендігін мәтін­де­мелік емеурінмен сездіреді.
Бәріміз «Абай жолының» қа­лай аяқталғандығын жақсы біле­міз. Абай өмірінің соңғы күн­деріне М.Әуезов адамзаттың алы­бының өмірден өтуі жайлы авторлық концепция тұрғысынан келіп, оның ажалдан кейінгі мәң­­­гілік рухани өмірін қазақ хал­қының болашағымен байланыстырады, әрі ұлт руханияты пайғамбарының өмірден өтуін ежегейлеп жазуды мақсат тұтпай­ды, Думан Рамазан «Құса» әңгі­ме­сінде Абай өмірінің соңғы кү­н­дерін эпикалық ауқым­ды­лық­пен береді. Және оны алаш та­рихындағы екі бірдей ерек тұл­ға Бейбарыс және Кетбұғамен кеңістіктік-уақыттық біртұтас­тық­та алады.
Жазушының милетшілдігі ар­қылы Абайдың ақырғы күн­дері­нен сыр шертетін «Құсасы» мен Кетбұғаның соңғы күніне арналған «Ажал келген күн» атты әңгімесінің арасындағы транстарихи байланысты диптихтық (көне гр. δίπτυχος «қосарланған») композиция арқылы екі өлімнің ұлт өміріндегі тарихи-мәдени рө­лін авторлық позициясы тұр­ғысынан терең мәнділікпен ашып көрсетеді.
Р. Барт мәтіндер өзге мәтінмен мың­даған жіптер арқылы жал­ғасқан десе, Б.Гройс постмо­дерн­­дік мәтін авторының өзінің мәтінде бар екендігін танытатын стратегиясының нивелировкасын (әдеби жұтындыруын) алға тартады. Думан осыны өз шы­ғар­масында тамаша аңғартады.
«Ажал келген күн» әңгі­ме­сін­дегі ақ (Кетбұға) және қара (Құ­тыз) өлім арқылы автор бабалары­мыз арасындағы тәңіршілдіктің Кетбұғамен бірге келмеске кет­кен­дігін, әскери құлдықтың
мә­м­лүктер арасында мәңгіге жо­йы­лып, жаңа тұрпаттағы қып­­шақ-ислам әскери билігінің Бей­барыстан бастау алғандығын танытатын әдеби фон жасайды. Сөзбен сомдалған тарих қалам­гер­дің философиялық концепциясын оқырманға ұсынады.
Мысалы, қазақ исламға қан­ша жерден сенгенімен бақсы­лар­ды, абыздарды, ақындарды ерекше жандар деп санауын әлі қойған емес… осындай екі ерек жан Абай мен Кетбұғаны дип­тихтық композиция арқылы тарихи-мәдени аспектіде біртұ­тастықта, бірлік­те алынғандығы Думан Ра­ма­зан­ның қаламгерлік шеберлігі. Ақ жә­не Қара Өлім дүниетанымдық философиясы арқылы қазақтың ұлылығын та­ныту бағытындағы авторлық ұс­та­ным өзін ақтаған әдеби шешім.
«Бетерадамды» (суперменді) бірін­ші орынға шығарып, соның төңірегінде оқырманға өз ойын таңу жазушының постмодерндік оқыр­манмен ойынындағы өзін дәлелдеген әдеби тәсіл екендігі тура­сында Думан Рамазанның «Көш» әпсанасы осындай ой түй­гізеді. Өйткені, Қабдеш Жұма­ділов­тің «Соңғы көш» романы реал­ды өмірді тарихи шындықпен қосылта өрілтіп отырса, Думан Ра­мазанның «Көші» турасында бұлай дей алмаймыз. Онда алаш та­рихы түрлі ракурста алынып, мифтендіріліп, сакралданып бе­ріледі.
«Ақиқатты тану – өте қиын, ал оны айта білу – одан да қиын» де­ген автордың қасиетті хадис­тен алған эпиграфымен келісе отырып, бұндағы «көш» символы сана мен тілге қатысты екіұдай қабылданады да, нақты мәдени қызметі аясында, яғни қаламгер мен оқырман арасында мәтінді оқу процесі үстінде туындап өмір­­ге келетін ұлттық қарым-қа­тынас түрінде өзгеше қырынан өріледі. Қабдештің романы көшті көрген ұрпақ бар кезде жазылса, Думанның әпсанасы көшті көр­ме­­ген ұрпақ кезінде жазылып отыр. Бірақ көшті көрмеген оқыр­мандар қаламгердің туындысына ұжымдық санасыздық ар­қылы ой жүгірте алады. Бұл ара­да «көш» архетипі тек қана фор­матүзуші регулятивтік принцип емес, өзінің әмбебап семантикасы бар. Осы арқылы ойшыл қаламгердің туындысының ерек­шелігін сезінуге мүмкіндік аламыз. Туынды бойындағы архетип бізге жалпыалаштық санасыз­дық­тан ұлттық ұйысуға бастайтын бастау көз болып табылады.
Енді Думан Рамазандағы архетиптерге тоқтала кетейік. Автор көш процесіне қатысушы­лардың арасындағы әлеуметтік теңсіздікті «қасқалдақтың қаны құйылған құмыра мен алтын та­баққа салынған құлжаның басы» ұлттық асхананың мәдени коды арқылы береді. Біз қазақ сирек кездесетін нәрсені – қасқалдақ­тың қанына теңейміз. Осы теңеу қаламгердің метатілі арқылы оқырманға көп нәрсені ұқтырып тұр. Майерс-Бригс типология­ларындағы комбинациялану негізіндегі сегіз басты архетипті: Билеуші, Қаһарман, Абыз, Іздеу­ші, Сәби, Сопы, Дос, Жәдігершіні осы әпсана бойынан түгелге жуық кезіктіреміз.
Ата мен немере арасындағы сұхбаттастық арқылы автор қазақ әдебиетіндегі Қорқыт пен Асан қай­ғыдан бастау алған Абыз ар­хетипі мен Сәби архетипін танытады. Қария бұл сапардағы көш­тің еш опа әпермейтінін «қайдан шықсақ, сол жаққа қайтып бара жат­қан сияқтымыз» деген емеу­рі­німен-ақ сездіреді.
Іздеуші архетипі халық және кө­сем әлеуметтік тобы арқылы суреттеледі. Сонымен бірге, ақи­қат­ты іздеуші бейнесіндегі өнер адамының мәңгілік бейнесін қа­зақи қалыпта кестелейді.
Абыздың айтқаны тура келеді. Біз бұл жерде Шәкәрім мен Мұх­тар Әуезовтің туындыларындағы Нысан абыздың Кебекке айтқан болжауы қалай айна-қатесіз келсе, Думан Рамазан да өз абызы­ның сөзінің қатесіздігін финал­дық тұс­п­алдаумен оқырман еркіне қал­дырады.
Автор өзінің «О дүниедегі кез­десу» әңгімесінде бір палатада жатқан қос ауылдас, әрі сынып­тас­тың бұ және о дүниедегі ғұмы­рын параллель ала отырып, сурет­кер­лік шабытпен кестелеп, фи­­ло­софиялық оймен түйін­дей­ді.
О дүниедегі жауап алу
М.Көпейұлының балладаларында сөз болғандығын қазақ әдебиеті тарихынан жақсы біле-міз. Осыны Думан Рамазан проза тілімен кестелеп, дәстүр жалғас­тығын жүзеге асырып отыр. Мәшһүр Жүсіп өзге авторлардың туындыларын, ел әңгімелерін пай­даланса, Думан Рамазан туын­­­дыгерлікпен «авторлық миф­­ті» өмірге әкеліп, өзіндік ұста­нымын оқырманына ұсы­на­ды. М.Көпейұлы жақсы жан мен жаман жанның о дүниеге баруына екі бірдей рауаят (діни баллада) арнаса, Думан Рамазан адамның пәниде жасаған жақ­сылығы мен жамандығының о дү­ниеде өз бағасын алуын кейіп­керлері бойында жарыстыра пернелеу арқылы бір әңгіменің бойына сыйдырып береді.
ХХ ғасырдағы хақ мұсылман үні, тікелей айтылған автор үні бұ дүниеде емес, о дүниеде орын ал­ған оқиғаны лирикалық не­гізде бірінші жақтан баяндау ар­қылы автордың еркі мен діни ағар­тушылық мақсатына бағын­дырыла беріліп, өз оқырманын діни аңыздан ғибрат алуға ша­қы­рады.
Өлімнен кейінгі өмір оқиға­сын жазушы оқиғаны қоюлата көркемдікпен әңгімелеуге көшеді де, шындық өмірде де, о дүниеде де болуы мүлде мүмкін емес, қа­ра­пайым пенденің бастан күй кешуін шынайлықпен суреттейді. Әрі күнделікті болып жатқан әдет­­тегі оқиғалардың біреуіндей қылып, тартымды баяндай біл­ген.
Фантастикалық емес, фантас­тиканың сатирамен өрілген көр­кемдік аңысы – «О дүниедегі кез­десуде» қаламгердің өзіндік көр­кемдік ізденісі болып табылады. Оқиғаға ерек рең беретіні оқиғаның бұ дүниеде емес, о дүниеде өтуі: о дүние туралы жа­зылған Дантенің туынды­сының әлемдік әдебиеттегі орны қандай болса, проза тілімен төгілте жазған Думан Рамазанның тарапынан жасалған көркемдік-жанрлық ізденістердің қазақ постмодернизмнің ескі мотивті жаңғырта сомдаушылығының қандай дәрежеде шығарма­шы­лықпен игере білгендігінен сыр шертеді. О дүниедегі тергеуге алыну енді фантастикалық
шын­дық ретінде реалданып, про­за тілімен өріліп өрнек­теле­ді.
Батыс Еуропа және орыс прозасында «өзге әлем» бір түрлі тылсымданып берілсе, Думан Рамазанда тап біз өмір сүріп отырған дәуірдегі қарапайым тіршілік сияқты періштелердің жауап алуы суреттеледі. Қаламгер тәлімгерлікпен, ұлттық ділімізге сай Алланың сүйген құлының бұрын поэзиялық діни қисса­ларда сөз болған сюжетін енді проза тілінде мөлдіретіп, жағым­ды персонажының «фантастика­лық бейнесін» кескіндесе, ендігі бір кезекте ұлтының жек көретін әлеуметтік тобына жататын атқамінерлердің ұсқынсыз кел­бетін «фантастикалық гра­тес­кілей­ді».
Жоғарыда айтылған ойларды бір арнаға тоғыстыра отырып ай­тарымыз, Думан Рамазанда жұ­мақ пен тозақтың антиномиясы ұлттық архетиптердің бойына қан жүгірте отырып берілгендігін бай­қаймыз.
Қазақ әдебиеті майданында қаламгерлеріміз тарапынан батыл эксперименттер мен қиян-кес­кі реформалар жүріп жатыр. Әр эксперименттің басында, әр реформаның артында оқырманға өздерін танытқан әдебиет дүрлері тұр. Бір нәрсе айқын – «Әдебиетте ешкім бірінші емеc». Солай десек те, постмодерндік сезімталдық­пен мистикалық және сюрреалис­тік реализмде өзін танытқан жаңа­шыл қаламгерлеріміздің бірі, әрі бірегейі – Думан Рамазан. Бізге бұл пікірді оның екі бірдей шығармасы «Жан» мен «Жын» айтқызып отыр. Автор екі түрлі хронотоптық кестелеуді қол­данады. «Жан» әңгімесі «Өлі­лер мен тірілер әлемі арасындағы параллельге» құрылса, «Жында» «Реалды және бейреалды әлем арасындағы параллель» көркем­дік шарттылық түзеді. Думан Рамазандай қаламгерлер шы­ғар­ма­­шылық ізденістері нәтижесінде дағдылы әдеби формулаларды «мәдени екшеу» арқылы өздері­нің мистикалық реализмдерінің аясын кеңейте түсуге қол жеткіз­ді. Осындай талғампаздық­пен мәдени екшеу жасау кейбір жазушыларды әдеби даңққа бөлеп жүр. Кітаптың (бұл арада әңгі­менің – Ә.Ә.Ә.) өз оқырманын табуы да осындай ұлт жадысын­дағы ескіні жаңғырта білуінен тұрады. Біз «Жан» әңгімесін заманалық әңгімеге жатқызсақ та, оның мәтіні бойында бүткіл алаштың мифтік түсінік-танымы орын алғанын жоққа шығара алмаймыз. Қазақтың түс көруі, көзіне әлдененің елестеуі ұлттық нақышта беріліп отыратын бұл шығарма өзінің автор тарапынан алға қойған діттеген әдеби мақ­сатына жете алған.
Думанда белгілі және ойдан шығарылған кейіпкерлердің өмір­баяндық әңгімеленуі бар, со­нымен бірге әдеттен тыс әңгі­мелеу үрдісі де бар. Міне, осы әдет­тен тыс әңгімелеу әлеміне аяқ басқан кезде реалист Думан Ра­мазан постмодернист жазу­шыға айналып құбылып шыға келеді.
Бұрынғы қазақ әңгімелері бір ғана желілі болып келіп, бір ғана талдаудың тоқпағына көнсе, қа­зіргі қазақ прозасын бір қазыққа байлап қойып, дағдылы әдіспен сөз бәрін көтереді деп, ағыл-тегіл есіліп, кеңінен көсіле алмай­тын­дығың өмірілік фактіге айналды. “Жын” сынды әңгімелер бір ғана тал­даумен шектелмейді, тәпсір­леушісінің ұстанған көзқарасы мен тұтынған дүниетанымына байланысты сансыз талдаулар ле­гін туғызады. Бұндай әңгімелер сонысымен құнды, әрі осынысымен бағалы.
Қазіргі әдеби процесте қазақ прозашылары бәрін есте сақтау­шы мың-мың жылдық тарихы бар мұрағатпен жұмыс істейді. Осы жұмыс істеу барысында әде­биет пен мәдениет арасындағы шығу тегі бағзыдан тамыр тартатын әдеби жады жаңғырып, бір-бірінен алшақ және кіндіктес сюжеттер өзара дәстүрлік аяда тоғысуға түседі. Думан Рамазан­ның “Жан” және ”Жын” атты әңгімелері осының куәсі. Жалпы, Думан архетиптік жадыны жаңғыртуды ту етіп көтерген прозашыларымыздың бірі. Жазу­шының аталмыш екі әңгімесі екі түрлі бағытты ұстанып, екі түрлі тұрақты мотивті тұтынған туындылар болып табылады. Оны ойы озық ұлт оқырманы жаңаша көз­қараспен қабылдап үлгерді.
Қазақ прозасында үш түрлі мифтуындыгерлігі өмірге келді. Оның біріншісі – социалистік мифтуындыгерлігі, екіншісі – модерндік мифтуындыгерлігі, ең соңғысы – постмодерндік миф­туындыгерлігі. Сонымен 1980 жыл­­дардың соңынан бастап, қазақ әдебиетінде миф туынды­герлігінің екі бағыты модерндік және постмодерндік ілкі нышан бірінің бойында бірі жарыса өмірге келді. Осы қазақ миф-туын­­дыгерлігінің үшінші тол­қынының белді өкілі Думан Рамазан әңгімелерінде модерндік миф хаосты кескіндеу формасы мен ұйымдастырудың амал-тәсілі болып табылады. Онда қа­ламгер өзінің экзистенциалдық кейіпкерлері арқылы: отар елдің зиялысының «ішкі фантазиясы» және коммунистік режимге қызмет еткендердің «ақталмай­тын қылмыстарын» әлдебір заң­дылық арқылы мәдениеттану­шылық мәртебеге көтереді.
Қазақ ілкі прозалық модер­нінің түп төркінде «абсурдты әлем» идеясы, құдайсыз әлем идео­логиясы жатқанымен, оның мәйегі болған ұлттық миф пост­модерндік «антироман» соцреализмге қарама-қарсы алаштық реализмге бастап алып келді. Думан Рамазан осы көштің ту басында тұруымен ерекшеленеді. Біз қаламгердің көркем шығар­малары оның қаламгерлік кел­бетін ашып, алаш әде­бие­тіндегі алатын орнын танытып тұр десек, артық айтқандығымыз емес. Думан бергенінен берері көп, үнемі ұлт әдебиетіндегі соны да, жаңашыл әдеби ізденістердің бел ортасында жүретін санаулы жазу­шыларымыздың бірі.

Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР,
әдебиеттанушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір