Тағдырлы тарихи тұжырым
28.07.2017
2230
0

Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласы бойынша әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты үштағаны көпшіліктің талқылауына ұсынылды. Бұл – биыл ғылыми-шығармашылық жолына елу жыл толып отырған қаламдасымыздың өмірлік мақсаттағы басты еңбегі. Біз, жазушы-әдебиеттанушы әріптестеріміздің бұл салада марапатқа сирек ұсынылатынын ескеріп, Тұрсынның мәреден көрінуіне тілектестік білдіре отырып, оның «Ұраным – Алаш!..» атты үштағаны туралы білдірген көрнекті ғалымдар мен қаламгерлердің пікірлерін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.


Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор:
– Тұрсын Жұртбайдың «Ұра­ным – Алаш!..» трилогия-моно­-
г­раф­иясында қоғамның да, адам­ның да, кітаптың да тағдыры бар. Бұл монография өткен ғасырдың жетпі­сінші жылдарынан сұрыпта­лып, сексенінші жылдардың басында жазыла бастаған. Сондықтан да «Ұраным – Алаш!..» трилогия­сының тақырыптық тағдыр-талайы да, жа­зылу мен жарық көру тарихы да тереңдеп талдауды қажет етеді.
Тұрсынның Алаш тақырыбы­мен студент кезінен бастап айналыса бас­тағанын, оған Рымғали Нұр­ға­ли­ев, Хайыржан Бекхожин сияқ­­ты ұстаздарының ерекше ықы­лас көр­сеткенін білемін. Ал бұл мәсе­ле­мен тү­бегейлі айналысуына Олжас Сү­лей­менов себепкер болды. Сексен жетінші жылы Мұхтар Әуезовтің туғанына 90 жыл толуына орай жа­са­ған баяндамасында Олжекең үлкен мінберден: «Орыс зиялылары өздерінің шектеу қо­йыл­ған ақын-жазушыларын ақтап, кітаптарын шы­ғарып жатыр. Сөй­тіп, ұлы халық – ұлылығын көр­сетіп отыр. Ұлы ха­лықтар ұлы­ларын ұмытпайды екен. Ал неге біз, аз ұлт­тар, онсыз да аз зиялы тұлға­ла­ры­мызды ұмы­та­мыз? Біздің Мағжан сияқты ұлы ақында­ры­мыз­дың да ақталатын күні туды. Қазақ­стан Жазушылар одағы арнайы ко­миссия құрды», – дегені әлі есімде.
Тұрсын Олжас ағасының батасын ғана алып қойған жоқ. Сол бір қиын кезеңде, Желтоқсан оқиғасы­ның өткеніне бір ай толмай жатып Олжекең Тұрсынға КГБ-ның архи­віне рұқсат алып берді. Ол сол құпия архивте, сол тұстағы «қайта құру» деген өзгерісті саясатты пайдаланып, екі жылдай отырды. Көп материалдарды қарады, көшіріп алатындарын – көшіріп алды, кө­шіре алмағандарын – жадында сақ­тады. Әйтеуір, мұндай мүмкін­дік­тің қайта тумайтынын біліп, тізе берді, тізе берді. Оның бұл харе­ке­ті­нен біздің хабарымыз болды. Ақыл-кеңес сұраған жайлары да бар. Кейін Мұхтар Әуезовтің му­зейіне ғылыми қызметке ауыс­қан соң, тоқсан жетінші жылы бұ­рынғы ізденісін одан әрі жалғас­тырды.
Сөйтіп, автор 1988–91 және 1997 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік (қазіргі Ұлттық қауіпсіздік) комитетінің архивіндегі жүзден аса «мемлекеттік аса құпия құжаттармен», тергеудің сұрақ-жауаптарымен, «айыпкерлер­дің» көрсетінділері­мен, айыптау қо­ры­тындыларымен танысып шығу­ға мүмкіндік алды. Жиырма жылдан аса уақыт бойы ғылыми ізденістер жүргізіп, әйгілі «үштік­тің» сотындағы айыптаулардың жалғандығын әшкерелейтін тың деректерді ғылыми айналымға түсірді. Түрме әфсанасына, сондай-ақ, тұтқынға алынғандарды тінту кезінде тәркіленген хаттар мен құжат­тар да пайдаланды. Осыншама мол мұрағаттарды өзге де сирек деректермен жарыстыра талдап, кеңестік жазалау жүйесінің құпия­лары мен қылмысты әрекеттерін ашты. Алаш ардагерлерінің тағды­рына қатысты бұрын-соңды белгісіз боп келген, не қате тұжырымдар жасалған тарихи оқиғалар тергеу де­ректерімен жан-жақты салыстырыла талданып, тың пайымдаулар ұсынды.
Сол архив құжаттарын едел-же­дел жариялап жіберсе де болар еді. Бірақ тергеушінің әр сұрағының ас­тарында үлкен мағына жатқаны, оны деректер арқылы салыстырып барып, шындыққа көз жеткен соң ғана қаламды қолға алу керектігі жө­нінде жиі айтып жүретін. Тұр­сын­ның өзге зерттеушілерден бір ерекшелігі, архив деректерін жалаң ғана пайдаланып қойған жоқ, сол түрмедегі сұрақ-жауаптарда айтыл­ған әр пікірді тарихи, өмірлік деректермен салыстырып, талдап, ал­аш қайраткерлерінің тағдырына терең бойлап барып қолына қалам алды. Оған жазушы-ғалымның жиыр­ма жылдай уақыты кетті. Үш кітап бастан-аяқ бір деммен, бір ты­ныс­пен жазылған. Таза деректі қуып кетпей оқырманды өзіне тарта отырып, кешегіні қозғай отырып, ертеңгі күннің алаңын да ойға сала кетеді. Осы кітаптың әр тарауының өзі бір-бір кітаптың жүгін көтеріп тұр десем – еш артық кеткендік болып саналмайды. Деректерді жи­науды былай қойғанда, тек жазудың өзіне он жылын жұмсаған «Ұраным – Алаштың!..» қоғам мү­ше­лерінің арасында үлкен қозғалыс тудыруы да сондай мұқият­ты­лық­тың нәтижесі деп есептеймін.
Сондай қияметті қиын еңбектің нәтижесінде үлкен де қомақты «Ұр­а­ным – Алаш!..» деген үш том­дық кітап дүниеге келді. Тарихи да, әдеби де маңызы бар, руханиятымызды күйзелткен ең қиын кезең­дер мен таңдаулы тұлғалардың тағдыры қамтылған осы үш кітапты университеттің мен басқарып отыр­ған әдебиет кафедрасы Мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсындық. Се­бе­бі, бұл кітапта, сол кездегі саяси-идеологиялық қысымға ұшыраған қоғамның да, авторларымен бірге қоса «сотталған» кітаптың да тағдыры барынша байыпты әрі терең баяндалған. Мұны сол тал­қы­лау барысында білдірген ғалым­дар­дың пікірлері растайды.

Болат КӨМЕКОВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Тұрсынның ғылыми-шы­ғар­ма­шылық қыруар еңбегіне қарасам, осы Тұрсын шығармашылық қа­си­ет­терімен бірге туғандай болып кө­рінеді. Филолог – қашанда тарих­шы бола алады. Ал тарихшы еш­бір жағдайда филолог, яғни жа­зу­шы бола алмайды. Сондықтан да Тұрсынның ғылыми шығарма­шы­лығының тақырыбы тарихи-әдеби зерттеулерге байланысты болуы табиғи қалыпты жағдай. Өзі ұлт­-
ж­ан­ды. Жалпы, ғалым болу үшін – өзі­нің елін, өзінің жерін, әдет-ғұ­р­пын, рухани байлығын сүю керек. Онсыз шынайы ғалым бола алмайды, Тұрсын сол жолға түскен.Жұмыр Жердің көлемі – тек біздің ұлы даламызбен ғана шектеліп қалмайды, одан да тыс, одан да кең кеңістіктер бар. Міне, Тұрсын осы кең ауқымды кеңістікті өзінің ой пікіріне, идеяларына негіз етті.
«Мәңгілік Ел» деңгейіне жету үшін – өткен тарихымыздан өзі­мізді-өзіміз асқақтататын, негіз­дей­тін идея табуымыз керек. Сонда ғана жаһандану дәуірінде өзімізді-өзіміз сақтауға мүмкіндік беретін тұғыр табамыз. Ондай тұғыр бар. Ол тұғыр – «Алтын орда». Қазақ хан­ды­ғы – «Алтын Орданың» заңды мұрагері және жалғасы. Дешті қып­шақ даласындағы Жошы ұлысы­ның бүгінгі иесі. Міне, Тұрсын Жұрт­­бай­дың ғылыми-әдеби шы­ғар­ма­лары сол идеяны алтын арқау етуімен де құнды.

Намазәлі ОМАШЕВ, филология ғылымының докторы, профессор, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры:
– Журналистика саласының ғы­лыми өкілі болғандықтан да, сөзімді өз кәсібімнің салалық көз­қа­расы тұрғысына сәйкестендіре сөйлейін. Біз жыл сайын интернет жүйесіндегі ең танымал жазушылар мен шығармалардың, түрлі басы­лым­дардың таралымдарына әлеу­мет­тік зерттеу жүргіземіз. Сонда кейін­гі он жылдың ішіндегі алдың­ғы қатардан үнемі Тұрсынның аты-жөнін кездестірдік. Соның ішінде Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен Астанадағы ұлттық академиялық кітапхананың мәліметі бойынша «Ұраным – Алаш!..» үштағанының оқырмандары он мыңнан асады екен. Кітап оқылмайды дейтін мы­на заманда бұл үлкен жетістік. Ал осы «Ұраным – Алаштың!..» ең бе­делді әдеби журналымыз «Жұл­дыз­дың» төрт жылғы санында үзбей басылды. Сол тігінділерді түптеп, кі­тап ретінде пайдаланып жүрген­дерді көзіміз көрді. Мұнда өмірі түрме мен аңдудың арасында өткен арыстарымыздың азапты ғұмыры туралы сирек мәліметтерді, олар­дың өмір жолы мен көзқарастарынан хабардар ететін деректерді жұртшы­лықтың назарына ұсынған. Сондай-ақ, кеңестік қысым тұсындағы жаза­лау саясатының ішкі құры­лымынан да мағлұмат берілген. Міне, сондай тәуекелдің нәтиже­лерінде дүниеге келген «Ұра­ным – Алаш!..» трилогиясы Мем­лекеттік сыйлықты алуға да толық лайықты еңбек деп есеп­тей­мін.

Жанболат Аупбаев, жазушы:
– Ұлы тұлғалардың жан азабын түсіну үшін де деректі прозаға қы­зы­ғамыз. Ал «Ұраным – Алаш!..» түрме әфсанасында қазақтың ұлт­тық идеясын ұйытқан тұлғалары­мыздың, яғни Алаш қайраткерле­рінің 1922-38 жылдар арасындағы тауқыметті тағдыры, қоғамдық фор­мациялар ауысқан сәттегі жеке адам мен қоғамдық көзқарас ара­сын­дағы қатыгездікке апарып соқ­тырған трагедиялық қақты­ғыстар, отарлау жүйесі мен жеке тұл­ғалар­дың арасындағы күрес, ұлттық ны­сана мен тәуелсіздік, рухани тә­уел­сіздік, он жылдың айналасын үш миллион адамның өмірін әкет­кен ашаршылық, «коммунистік ко­лонизаторлық», жаппай жазалау сая­саты сондай бір шеберлікпен қабыса талданған. Тек қана дерек­терді қуып кетпей, әр оқиғаға, оның себептері мен зардаптарына тоқтала отырып, ынтықтыра оқытып, ойландыра ілгері жетелейді. Ин­тер­нет­­ті біз де қарап жүреміз. Сонда Тұр­сын Жұртбайдың шығармалары, оның ішінде «Ұраным – Алаш!..» туралы пікірлер өте жиі кездеседі және барлығы да өзінің ризашылы­ғын білдірген.

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ, Мемлекет тарихы институты ди­рек­то­­рының орынбасары, тарих ғылы­м­ының кандидаты, доцент:
– Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, мұң мен зарға толы бұл еңбекті жазу­дағы ең басты мақсаты – оқыр­ман қауымға кешегі өткен зар заманда жазықсыздан-жазықсыз құрбан болғандар туралы, сол кезең туралы мүмкіндігінше мол деректер жеткізу. Бүгінгі оқырмандарға ой тастау. Шындыққа үйрету. Ойландыру. Жазықсыздан-жазықсыз құрбан болғандардың басым көп­ші­лігі не үшін тұтқындалып, не үшін жазаланғандарын да түсінбей кетті. Ал енді біреулері бастарына түс­кен қайғыға ортақтас бола алатын жан таппай, амалсыздан «қара күштің ықпалына» жығылудан бас­қа амал таппағандар. Міне, осы­ның бә­рін Т.Жұртбайдың ең­бе­гін оқи отыра, көз алдыңа елестете ала­сың.
Тұрсын Жұртбайдың еңбегінде тағы да бір топ азаматтардың тағ­дыр­лары туралы сөз қозғалады. Олар туралы кешегі кеңестік тарихнамада да, бүгінгі тарихнамада да сөз өте сирек қозғалады. Яғни
Кең­ес үкіметінің құрған кақпанына ілігіп, амалдың жоқтығынан мәлі­мет бергендер. «Дала қашқыны» деген атпен тұтқындалып тергеу­шілер «Дальше» деген есіммен қанаушыларға белгілі болып кеткен Дінмұхамед Әділов секілділер де қаншама болды екен сол кездері.Бір сөзбен қорытындылайтын болсақ Т.Жұртбайдың бұл еңбегі – деректерге толы шығарма. Оны бірден оқып шығу да оңай емес. Талай рет, талай мысалдарға қайта-қайта оралу нәтижесінде ғана, бір мысалды екінші бір мысалдарменен салыстыра отырып қана ақи­қат­­тың бетін ашуға мүмкіндік беретін еңбек қолымызға енді жетіп отыр.
Біздің аса бір назар аударған жеріміз де жоқ емес. Ол – Тұрсын Жұртбайдың еңбегінің үлкен эмоция үстінде жазылғандығы болар. Әр жолдан, кітаптың әр тарауынан үлкен аяныш пен өкініш, ашу мен ызаның кеудені керіп тұрғанын да байқау қиынға түспейді. Түкеңнің бойынан осы бір көріністі соңғы уақытта жиі байқағандай болғаны­мыз да шындық. Міне, автордың деректерге мейлінше толы осы бір еңбегі қолымызға тигеннен соң барып қана оның себептерін түсініп отырғандаймыз. Талай жылдар «шаң басқан сөрелерде жатып», қо­лына алғаш рет тиіп отырған құ­жаттар арқылы автордың өткен оқи­ғаларды көз алдыңа елестетудің арқасында, кеше ғана қоғамның алдыңғы қатарында жүрген қазақ зиялылары өмірлерінің қас-қағым сәтте жазықсыздан-жазықсыз қиылып кете бару себептерін бірне­ше бет қағаз беттерінде қалған тер­геу­шінің айыпкерге қойған сұрақ­тары мен оған айыпталушы­ның берген жауаптарынан, қаналушы­ның сөздерінен осы адам «ең жо­ғарғы» деген жазаға лайықты екен дегенге шыдай алмай жанталасқан зерттеушіге эмоцияға берілмеуі мүмкін де емес. Жоқ. Мүмкін емес.
Ғылымда «катехезис», «катарсис» деген түсініктер бар. Біріншісі – қандай да болмасын бір ілімнің негіздерін дайын сұрақтарды – да­йын жауаптар арқылы түсіндіру. Біз одан өтіп кеттік. Оған шүкірлік. Екіншісі – қайғылы да, қасіретті бір оқиғаны көз алдына елестетуі арқылы адамның тазаруы. Таза ойға келуі. Олай болатын болса, Тұрсын Жұртбайдың бұл еңбегін сондай күндерге бастап беруге лайықты алғашқы қадамдардың бірі деп санағанымыз дұрыс болар. Профессор, белгілі қайраткер Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» атты трилогиясы катарсиске лайықты керемет құнды еңбек.

Ғарифолла ЕСІМОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым ака­де­мия­сының академигі, философия ғы­лымының докторы, профессор:
– Ойлау жүйесі мен мінезі осын­дай классикалық үлгідегі ортада қалыптасқан Тұрсынның жазушы­лық-ғылыми еңбектерінің де озық идея мен ұлттық аңсарға, дәлелді тұжырымға құрылуы табиғи. Ол аудитория таңдамайды. Қандай орта болсын, бетіне қарап қымсын­бай­ды. Айтар ойын ашық айтады, батыл болжамдар жасайды, өжет сөздер сөйлейді, батыра сынайды. Бүкіл қазақ қоғамы көтеріңкі сөй­леп, «позитив» боп жүргенде, оның сондай бір уайым мен алаңға толы «елімайлап», «жерімайлап» ашына айтқан пікірлеріне орай «Тұрсын қайғы» деп атап едім. Сөйтсем, ол сол кезде «Ұраным – Алашты!..» жазып жүрген кезі екен. Ондай ауыр да қасіретті тақырыпты түрмедегі сұрақ-жауаптармен, жантүрші­гер­лік деректермен дәйектей отырып жазған кезде адамды қалай уайым баспасын. Сондай сорғалаған шын­дықтың кермек дәмі Тұрсын­ның тілінен «удобный, угодный» сөз шы­ғара ма. Мұны түсінген де, тү­сін­­беген де бар. Әдеби-ғылыми тәсі­л­ді тең ұстап, сондай шындықты жете­сіне жеткізген Тұрсынның жазу­шы­лы­ғы да, ғалымдығы да кез келген талғамға жауап бере алады.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақ­с­тан­ның халық жазушысы:
– Ең алдымен мен Тұрсын Жұрт­баевқа рахметімді айтамын. Себебі, ол салмағы да ауыр, тақы­ры­бы да ауыр осы кітапты 30 жыл аянбай жазды ғой. Екіншіден, бұ­рын жазушылар кітап жазып нан табатын: біреулер қара нан тапты, біреулер ақ нан тауып, май мен уылдырық жағып жеді. Қазіргі жа­зу­шыларда ондай рахатты дәурен жоқ. Қазір жазушылар кітабын жазып ап, содан соң жазған кітабын басып шығару үшін ақша іздейді, таныс іздейді, дос-жолдас іздейді. Тұрсын өзінің жазушы деген арлы атағын сақтап қалыпты. Мен осы кітапты екі күн оқыдым. Өте тартымды оқылды. Салмақты кітап екен, мен де оқырмандар конференциясы кезінде салмақты кітапқа салмақты пікір білдірдім. Сыйлық алуын барынша қолдаймын.

Сартқожа ҚАРЖАУБАЙ, түр­кі­тану­шы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Белгілі жазушы, ғалым Тұр­сын Жұртбай бұл істі Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін қолға алған жоқ, керісінше, Кеңестер Одағының Ком­мунистік Партиясының қан­жа­рынан қанталап тұрған сонау 1987 жылдан бұл іске араласқан. 1987 жылы Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан құрылған Құ­қық­тық Комиссияның төрағасы мін­детіне тағайындалған күннен бас­тап өзін осы бір жауапты да қа­тер­лі іске шеккен. Ол тек қана Құ­қық­тық Комиссияның төрағасы емес, алаш­ордалықтардың шы­ғар­машылық еңбектерін, мұраларын са­рап­тап, ақтау ісіне әдеби эксперт болып жұмыс жасады. Міне, содан бергі 29 жылғы еңбегінін нәтижесі 116 баспа табақ «Ұраным – Алаш!..» атты іргелі еңбек, міне, алдарыңызда жатыр. Еңбек тек қана дерек, дерек және деректен кұралған. Алла Тұрсынға төзім бергендей-ақ берген екен. 29 жыл аюдай алысып,
29 жыл осы азаппен ауырып, 29 жыл аһ ұрып «үһілеп» өмір сүру қандай азап! Осыған төзген, төзіп тұрып осыны жасаған Тұрсын Құдакелді­ұлы, саған рахмет! Басымды иемін.

Е.ТІЛЕШОВ, филология ғылы­м­ының кандидаты, доцент:
– Тұрсын Жұртбайдың жалпы шығармашылығын байыптағанда, өз басым мынадай басты ерек­ше­лік­ті байқаймын. Оның тұтас шы­ғармашылығының тақырыбы мен идеясы – ұлтшылдық. Ол қазақты бар болмысымен сүйген, түсінген, оның тағдырына айрықша алаңда­ған тұлғалар жөнінде жазды. Олар: Абай, Әуезов, Алаш қайраткерлері. Бүкіл саналы ғұмырын, шығарма­шы­лығын соларға арнаған өзі де сол қазақты шын сүйген, түсінген, оның бүгіні мен болашағына алаң­даған алашшыл тұлғалардың қата­рына қосылды. Оның «Ұраным – Алаш!..» атты трилогиясы сондай шығар­малардың бірі.

Камал БҰРХАНОВ, тарих ғы­лымының докторы, профессор:
– Бұл Алаш қозғалысына ар­нал­ған кітап. Алаш қозғалысында – мемлекеттігіміздің, мемлекеттік шекарамыздың, мемлекеттік тілі­міз­дің, ұлттық сана-сезіміміздің фун­даменті жатыр. Біздегі ең үлкен проблема – жалпы халқымыздың, оның ішінде жастардың қазақтық, ұлттық сана-сезімін ояту, мемле­кет­тік сана-сезімін қалыптастыру. Егер де жастар мемлекетшіл азамат болып қалыптасса, онда олар еш­қа­шан да коррупцияға да бармай­ды, сатқындыққа да бармайды, ұрлық­қа да бармайды. Ол мемле­кет­­тің патриоты болады. Қазір мем­лекеттік сана-сезімді де, алаш идея­сын да, тарихымызды да, ті­лі­мізді де бұлдыратып алдық. Ақыр аяғында мәңгүрттікке бет алып бара­мы­з.
Мемлекеттік сана-сезімді ояту үшін, мемлекеттік сана-сезімді жас­тарымызға сіңіру үшін тарихи сана-сезімді қалыптастыру керек. Тарихи сана-сезім – Алаш идеясын­да. Алаш қайраткерлерінің мем­ле­кет­шілдік идеялары, олардың өмір­баяны, дү­ниетанымы, филосо­фиясы қамтыл­ған керемет кітап­ты, міне, Тұрсекең біздің на­зары­мыз­ға ұсынып отыр. Мұнда олар­дың қайраткерлігі мен саяси іс-әрекет­тері жан-жақты, әлемдік тарихи пайымдаулар дең­гейінде талданған. Жеке тағдырлар арқылы жалпы ұлт тағдыры туралы ой өр­ген. Міне, қарап отырмын, жеке өр­мелі тараулар бірін-бір толық­тырып, неше түр­лі факті­лермен тиянақталып отырады. Әр тарауда алаш қауымы­ның мем­лекеттік сана-сезімін оя­туға ұм­тылған аза­маттардың жан тебіренісі жазылған. Сол тағдыр­ларды бізге жазып тұ­рып көрсетіп отыр. Олардың әрқай­сысын жеке тұлға ретінде, азамат ретінде, адам ретінде, әке ретінде, бауыр ре­тінде, жар ретінде көрсетіп отыр.
Мен тарихшы болғаннан кейін бұл кітапқа тек филолог емес, та­рих­шы ретінде қарадым. Мұнда та­­рих та бар, философия да бар, сая­сат­тану да бар, сонымен қатар, бұл деректану саласын да қамтитын үлкен еңбек. Тұрсын Құдакелдіұлы, сіз ғылымның бар саласы комп­­ле­ксті тұрғыда қамтылған үл­кен деректі кітапты дүниеге әкеліп отырсыз. Қазіргі ұрпаққа да, келешек ұрпаққа да қажет дүние.

Марат МӘЖИТОВ, жазушы:
– Алашорда қозғалысы, Алаш партиясы заман ағымына қарсы өзінің сан түрлі жолын, ұстанымын, ұлт болып қалыптасып, өз алдына жеке мемлекет болуына жанталаса еңбек еткен зиялы да, көрнекті аза­маттардың шоғырынан құралып еді. Осы қозғалыс пен партияның істеген өміршең істерін, қимыл-әрекеттерін архивтік құжаттарды дәлдікпен пайдалана отырып, оны жан-жақты талдап «Ұраным –
Ал­аш!..» атты деректі-ғылыми үш том­дық кітапты дүниеге әкелген Тұрсынның еңбегі өлшеусіз.
Менің де кезінде осы «Алаш Орда» қозғалысына қызығушылық танытқаным рас. Бірақ тек қы­зығу­шылық атүсті болғанын, тарихи құжаттарды тауып, оны қорыта алмағаным, «Алаштың» ру­хани көсемі Әлихан Бөкей­ха­новтың еңбектеріне терең ене алмағаным да рас. Мен Тұрсынның «Ұраным – Алаш!..» еңбектерін мұқият оқып шығып, оған аса ризашылықпен алғысымды білдіргенмін. Ал бұл еңбектің орыс тіліне аударылуы оқырмандарды үлкен ілтипатқа бөледі. Өйткені, ұлт оқырман­да­ры­ның әлі күнге дейін отыз бес-қырық пайыздайы орыс тілді қазақтар ғой. Сонымен бірге, бұл еңбек басқа ұлттарды да қызықтырары сөзсіз.

Шәкір ЫБЫРАЕВ, филология ғы­лымының докторы, профессор:
– Бұл қатардағы жай кітап емес, мән-маңызы айрықша үлкен. Қазақтың өткен тарихының ең бір айшықты кезеңдерін жинақтап, оның ең үлкен мәйегін оқырман қауымға ұсынған еңбек. Шын­ды­ғында да, біз алаш арыстарының мұрасын терең игеріп, сонан бүгінгі күні тәлім алып, үлкен қорытын­дылар жасауымыз керек. Біз азулы елдердің іргесінде отырған елміз. Сондықтан да Америка, Ресей, Қы­тай сияқты өзге елдердің қалай өмір сүру керектігін үйретпей, біз әуелі өзіміздің жолымызды анықтап алуымыз керек. Бұл – бірінші кезек­­тегі мәселе. Сол үшін де біз, ең алдымен, өзіміздің тарихымыздан са­бақ алуға тиістіміз. Ал біздің та­ри­хымызда шынайы жол, үлгі көр­сете алатын үлкен тәжірибелер бар. Ол тәжірибе, ең алдымен, осы алаш азаматтарының еңбектерінде жинақ­талған. Әлихан Бөкейханнан бастап, соңы Мағжан Жұмабаевқа, Мұхтар Әуезовке дейінгі алаш қай­рат­керлерінің идеясы мен еңбек­терін тереңдете саралауымыз керек. Олар көтерген қыруар идеяларды қазір күн тәртібінде тұрған мәселе­лер­мен салыстырып, озығын үй­реніп, жүзеге асыру өз алдына, енді сол азаматтардың, сол қайрат­кер­лердің, сол тұлғалардың идесы мен ісін тікелей жүзеге асыратын кез келді. Біз өз бағыт-бағдарымызды қайтадан жасауымыз керек.
Біздің интеллигенцияның таң­дай­тын жолы бар, ол жол – осы Алаш жолы. Алаш азаматтарының, арыстарының айтқан идеясының қалай жүзеге асырамыз.
Алдағы уақытта осындай бір алдыңғы қатарлы идеяларды негіз еткен басылымдарды, мүмкіндік болса, насихаттап отыру керек, мек­теп бағдарламасына енгізу­ керек.

Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы:
– Бір бағытта еңбектену, жан-жаққа шашырамаудың бір үлгісін Тұрсынның бойынан көреміз. Құтты болсын айналайын! Оның көп том­дық еңбектерін ғылыми руха­ния­ты­мызға қосылған үлкен қазына деп білемін. «Жұлдыз» журналынан «Ұра­ным – Алашты!..» неше жылдан бері оқып келеміз. Дерекке өте бай.

Шерубай ҚҰРМАНБАЕВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Біз де Алаш мұрасын зерттеп жүргендіктен, Тұрсекеңнің Алаш туралы зерттеу мақалаларымен де, «Ұраным – Алаш!..» кітабымен де жақсы таныспыз. Бұл жердегі мәсе­ле, Шәкір ағамыз айтып кеткендей, біздің бағымыз да, сорымыз да ха­лықтың тілдік тұрғыдан қақ жарылуы – мәдениеттің қақ жарылуына алып келді. Қазақ халқы славян мәдениеті мен орыс тілінің ықпа­лына қатты ұшырап, орыс тілі арқылы славян мәдениетін қанына, бойына, жанына сіңіріп алып, соның салдарынан қазақ өзінің көне сақ, ғұн заманынан келе жат­қан тарихын емес, өзінің қасында жүрген замандасын, жастар аға буын жазушыларды ұқпайтын, екі түрлі тілдік кеңістіктен ақпарат ала­тын, екі түрлі құдықтан су іше­тін, арасында көзге көрінбейтін қорған тұрғандай қалыпқа айналып қалғанымыз рас. Тіл тұтастығы жоқ жерде – дін тұтастығы, мәдени тұтастық, ұлттық бірегейлік болуы мүмкін емес. Біз осы тұрғыдан ал­ғанда, тәуелсіздігімізге 25 жыл өтсе де, тәуелсіздігіміздің жырын жырлап: біз осындай елміз, біз осындай ел боламыз, осындай елдердің санаттарына қосыламыз деп айтып жатсақ та, алдымызға үлкен мақсат­тар қойып жатсақ та, әлі де марғау­мыз. Ұлттың тіл бірлігі, мәдени тұтас­тығы болмайынша, халық ешқашан жасампаз, ірі, экономикасымен және де басқа да жағынан дамыған ел болуы қиындау.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы:
– Өз жайымды айтар болсам, біз мынау Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданынан Кеңес үкіметі орна­ғаннан кейінгі 1920 жылдары арғы бетке асып, 1970 жылдары қайтып оралған буынның ұрпағымыз. Оны айтып отырған себебім, Алаш ұғы­мы­ның негізгі тағдырлары біздің басымызда да болды. 1917 жылы Зайсанда Алашорда үкіметінің бөлімшесі құрылып, оған Райымжан Мәрсеков арнайы өкіл ретінде барды. Кейін сол Райымжан Мәрсе­ков арғы бетке – Қытай асып барды. Соңынан 1931 жылы Шәкәрім қажы атылған кезде, оның ұлы Зият Шәкәрімұлы мен Әзімбайұлы Бердеш бастаған топ, Әбдікәрім болыс­тың өзі мен ұлдары арғы бетке барғанда біздің ауылдарға ат ба­сын тіреп еді. Мұндағы айтайын дегенім, Алаш ұғымының осы то­пы­рақта ғана емес, шетелдегі қа­зақтармен де сабақтастықта болып, рухани дем бергендігі, олардың өлмеуіне, олардың еңбек етуіне, ұлт­тық болмысын сақтап қалуына үлкен ықпал еткендігі дер едім.

Гүлнар КЕНЖЕБАЕВА, Алаш қайраткерлерін ақтау ісіне қатысқан заңгер:
– Жолдасым Кенжебаев Қазы­хан Токтыбайұлы 1982 жылы 16 жел­тоқсаннан бастап ҚазССР Жоғарғы Сотының судьясы болды. 1988 жылы көктемде жұмыстан келгенде: «Жоғарғы Соттың төра­ғасы Т.К.Айтмұхамбетовтің ше­ші­мімен, Бас прокурор Ғ.Б.Елемесовтің наразылығымен ақтау мақсатында «Алаш Орда» қайраткерлерінің қыл­мыстық ісінің өзінің қарама­ғы­на келіп түскенін айтты. «Бір қызық жай – М. Дулатов пен А.Байтұр­сы­нов­тың біреуінің қолтаңбасы сенің әкеңнің қолтаңбасындай екен», – деді. Бірнеше күннен кейін жолдасым: «Кешке үйге әкемді шақыр», – деді. Қазыхан жұмыстан келген соң әкемнің алдына Алаш қайрат­кер­лерінің қылмыстық ісін қойды да: «Ағатай, оқыңыз», – деді.
Менің үрейленгенімді көріп: «Қо­рық­па, қорықпа», – деді. Содан әкем таңғы 4-ке дейін қылмыстық істі нәр татпастан, басын алмай қа­далып отырып оқыды. Әкемді так­си ша­қыртып үйге жібергеннен кейін Қазыхан маған: «Қорықпа, дем ал», – деп өзі ұйық­тап қалды. Бала кү­нім­нен «халық жауы» деген сөз санама сіңіп қалған мен тыныштық таппай: «Сонда түрмеге тамақ тасу кезегі маған да келді ме», – деп көз ілмей, таң ат­қанша «қылмыстық іс­­тің» материалдарын құшақтап, есікке қарадым да отырдым. Іздеп келген жағдайда лауазым иелеріне: «Өзім Жоғарғы Сотта адвокат ре­тін­де іс оқып едім, байқамай істер айырбасталып кетіпті», – деген тү­сі­нік дайындап, есікке қарап отырып таңды атқыздым. Заңгер бол­ғандықтан Казыханның бұл әрекеті­нің соңы немен бітетінін білемін.1988 жылы 7 ноябрьде бір жиында әкем М.Дулатовтың қы­зына: «Гүлнәр апа, 4 ноябрде әкеңіз ақталды, ақтаған судья ана жігіт», – деп Казыханды көрсетті. Сол кезде Гүлнәр апай Дулатова сылқ етіп Қазыхан­ның алдына тізерлеп отыра кетті де, оның қолын сүйе бас­тады. Сол кезде Қазыхан Гүлнәр апайды демей көтере: «Апа, апа, менің алдыма тізерлемеңіз, ке­ші­рім­ді біз сұраймыз Сізден», – деп Г.Дулатованы тұр­ғызды. Сол жиында Г.Ду­ла­то­ва отыра алмай, өзі­мен еріп келген жиенімен бірге ке­тіп қалды. Кейін әке-шешемнен естігенім: жиыннан шыға сала Гүл­нәр апай Ах­мет Байтұрсыновтың қы­зы Шолпан апайға барып, көшеге шақырып алып, әкелерінің ақтал­ғанын естір­тіп, далада қатты дауыс қылып жы­лап­ты. Бұл кісілердің өмі­рі­нің аяныштылығы сондай, өз шаңыра­ғында қуануға бата алмаған. «Елім деген Қапезді жау деп ұстап бердің бе?» деген Қапездің қош­тасу термесі есіме түсті.
Сөйтіп әкемнің өмір бойы «Ал­аш, Алаш» деген арманы оның кө­сем­дерінің ақталуы арқылы, олар­дың қылмыстық істерімен танысып, олардың жауаптарын оқу арқылы орындалды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір