Бір тіл – бір әлем

0
63 қаралды

Гүлзат ШОЙБЕКОВА

Қазақ-татар қарым-қатынасы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында ағартушылық, саяси, әдеби байланыстар негізінде жақсы дамыды. Көптеген қазақтың зиялы азаматтары Қазанда білім алды. Ұлт зиялылары Қазан жерінде ағартушылық-әдеби байланыстар орнатты.

Әдебиет, баспасөз және ислам дінін дәріптеу бағытында жұмыстар жасады. Ахмет Байтұрсыновпен тығыз байланыста болған татар ақыны Ғалымжан Ибрагимов «Қазақ қызы» деген роман жазып, Мағжан Жұмабаевқа өлең арнаса, Сұлтанмахмұт Торайғыров:
«Анау қырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр…», –
деп қазақ жастарын оқу-білімге шақыра­тын кезең де осы кезең.
Кеңес үкіметі тұсында қазақ-татар әде­би байланысы жақсы жолға қойылғанмен, ол заманның өзіне тән кемшілігі де бар еді. Империялық Ресей қарамағындағы ұлттардың, әсіресе, түркі халықтарының бір-бірін бүкпесіз түсінісуін қаламады. Ортада ортақ орыс тілі жүрді. Түркі ха­лық­тары бірте-бірте әдебиет түгілі ауызекі тілде де бір-бірін аудармашысыз түсін­бейтін халге жетті. Түркі халықтары­ның тілі жеріне, ұлтына байланысты аздаған айырмашылығы болғанымен, негізі бір тіл. Етістіктер, сандардың аталуы, мақал-мәтелдеріміз, аңыз-ертегілеріміз, сөйле­генде сөз қолданысымыз да өте ұқсас. Солай бола тұра, аздаған айырмашылық­тың өзін ауырсынып түсінісе алмайтын­дарға, әсіресе, қалам ұстаған кісілерге айтарым – біз түбі бір түркі халқының тілін түгел білуге өзімізді міндеттеуіміз керек. Орыс, ағылшын тілін білуге заманымыз мәжбүр­леп жатса, түркі тілдерін түгел білуге ар-ожданымыз, рухымыз мәжбүрлейді. Бір тіл – бір әлем. Әсіресе, қаламгерлерге кең өріс. Тіл де тірі ағза. Өседі-өнеді, қолдану аясына байланысты өркендеп дамиды.
Өткен ғасырда Абай Құнанбаевтың «Хикмәтле сүз» жинағы және түрлі жанр­дағы тәржімаларынан топтастырыл­ған бір томдығы (ТКН,1981ж.) және қазақ жазушыларының әңгімелері мен повестер топтамасы – «Ак дөя» (ТКН,1979ж.) Қазанда Лирон Хамидуллиннің аудармасымен татар тілінде жарық көріп, оқыр­мандарын тапты. Сонымен қатар, татар жазушыларының повестерін қазақ тілінде сөйлеткен тәржіма кітабы 1979 жылы Алматыда басылып шықты. Міне, сол замандардан соң татар жазушыларының әңгімелері араға ұзақ уақыт салып 2015 жылы «Татар әңгімелері» деген атпен қазақ тілінде жарық көрсе, қазақ ақындары Нұрлан Оразалин, Ғалым Жайлыбай, Маралтай Ыбырайымұлының өлеңдер жинақтары татар ақындары Роберт Миннуллин, Рафис Құрбанның аудармаларымен Қазанда татар тілінде жарыққа шықты.
Бұл үрдіс бұдан былай да жалғасын таба­ды деп ойлаймын. Біз бір туған түркі халықтарының арасындағы әдеби байла­ныс­тарымыздың қайта жаңғыруына өте қуаныштымыз. Оның жалғасын табуы және мәңгілік болуына ынталымыз. Біздің тарихымыз ортақ және әдебиетіміз өте бай. Біздің алдымызда бүгінгі халықтарды әдебиет арқылы тағы да жақын­дастыру, байланыстарымызды одан ары кү­шейту борышы тұр.

Пікір қосу