ЕЛ ЕРТЕҢІ: ТҮРКІ ЖАЗУЫ мен ТІЛ МӘДЕНИЕТІ ТАРИХЫНЫҢ КЕЗЕҢДЕРІ
28.07.2017
16255
4

(латын әліпбиіне көшу мәселесі)

Тіл – адам баласының ой-санасында танылған әлемдік бейненің, болмыстың ұғымдық белгісі. Адамзат тіл арқылы табиғаттағы барлық заттар мен құбылыстарға атау береді. Ұлттық таным мен ұлт тілінің бірлігі, байланысы осы арада тоғысады. Әрбір ұлт өкілдерінің парасат-пайымы, білім деңгейі, көзқарасы мен менталитеті, өзіндік дүниетанымы, болмысты тануы, игеруі тілде бейнеленеді, тілде сақталады. Ата-бабадан мирасқа қалған ана тілі – адамдар арасындағы қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар, көнеден келе жатқан тарихи танымды жеткізуші қызметін де атқарады.

Тілсіз рухани мәдениет те биікке жете алмайды, халықтың рухани күші – тілде. Тілі дамымаған халықтың рухы да дамы­мақ емес. Өйткені, «Өнер алды – тіл»
(М.Қаш­қари). Демек, дүниенің кілті – тілде. Тіл­дің дамуы арқылы адам баласы­ның дү­­­ниетанымы сатылы дамиды. Яғни ата-ба­­ба білігі балаға тіл арқылы да­мып, бол­мыстың қасиеті мен белгілері терең та­ныла түседі. Тілде ертедегі танымның ізі, ел жасаған парасат пен кісіліктің пайымы жа­тыр. Тіл – дыбыс таңба жүйесі ғана емес, тілдің сақталуы арқылы халықтың бү­кіл ғұмырындағы таным-түсінігі ұр­пақтан-ұрпаққа жетеді. Басқаша айтқанда, сөз жүйесі арқылы халықтың ойлау жүйе­сі, материалдық және рухани мәдениеті же­теді. Ғ.Мүсірепов «Тілін білмеген түбін біл­мейді» дейді. Тіл – ойдың ең басты қаруы. Адам баласының табиғаттағы заттар мен құбылыстарды тануы тек тіл ар­қылы ғана жүзеге асады десек, осы ойды жет­кізетін таңба – жазу.
Жазу – адамның ой-пікірін, хабарын, мағ­лұматын таңбалар арқылы жеткізуді қам­тамасыз ететін белгілер жүйесі. Жазу­дың пайда болуы адамдардың қарым-қа­тынастағы уақыт пен кеңестік кедергісін жойды. Оның алғашқы нұсқалары өте ерте заманда жасалды. Жазу қатынас құралы ретінде пайдаланылған суреттер мен шарт­ты белгілерден кейін пайда болған. Өз ойын басқаға жеткізу үшін адамдар әуел­де заттың өзін пайдаланды. Мыса­лы, кеткен бағытын көрсету үшін жолға бұтақ тастаған. Кейін осы мақсатпен ағашқа са­дақтың оғын қадап кеткен. Ойды зат ар­қылы білдіру үрдісі ежелгі замандарда тай­палар арасындағы елшілік қарым-қа­тынастарға да пайдаланылған. Кейін мұн­дай рәміздік зат орнына таңбалар, бедерленген бұйымдар қолданылған. Осылайша алғашқы жазу пайда болған.
Көне түркі руникалық алфавитінің ге­незисі. Көне түркі алфавитінің шығу тегі проб­лемасы оның көне түркі этногенезі­мен, көне түркі тайпалары мәдениетінің тарихымен және түркі тілдерінің тарихи грамматикасы мәселелерімен байланыс­ты. Түркітанудың өрістеп дамуы үшін бұл проблеманы дұрыс шешу аса маңызды болып табылады. Бұл жазудың аса бір құндылығы – ертедегі Қазақстан жерін мекендеген сақ тайпаларының тілі көне түркі болғандығын тағы да нақтылы дә­лел­дей түседі. Сондай-ақ, Қазақстан же­рін­дегі алғашқы көшпелілерде жазу-сызу бол­маған деген пікірдің ешбір негізсіз екен­дігін айқындап, бұдан 2500 жыл бұ­рын түркі тілдес тайпалардың алфавиттік жазу­ды білгендігін және оны кең түрде пай­даланғандығын дәлелдейді.
Көне түркі жазуы арғы ата-ба­ба­ларымыздың 1500 жыл бойы қолдан­ған төл жазуы екендігі ешқандай күмән туғыз­байды. Бұл жазудың соншалық өмір сүр­ген­дігін, яғни б.з.б. бір мыңжылдықтың ор­та­сынан б.з.б. бір мыңжылдықтың аяқ ке­зіне дейін қолданылғанын қазіргі деректер айқындап отыр. Сонымен көне түркі алфавиті Оңтүстік Сібір мен Жетісу же­рін­де ерте дәуірде, яғни біздің жыл санауы­мыз­ға дейінгі бір мыңжылдықтың орта ке­зінде қалыптасты деген тоқтамға көңіл қоя­мыз.
Руникалық көне түркі алфавитінің шығу тегі жөніндегі болжамдар мен деректер В.Томсен, О.Доннер, Н.Аристов, Ф.Альт­хайм, Дж.Клоссон, т.б. зерттеуші ға­­лым­дардың еңбектерінде үлкен орын ала­ды. Бұл пікірлерде қайшылықтар кезде­седі және нақты дәлелдердің жетім­сіздігі ұшы­расады.
Түркі руникалық таңбаларының (гра­фе­малардың) палеографиялық және фоно­­­логиялық байланысты болып келеді. Көне түркі руникалық таңбаларының ал­ғаш­қы семит, көне грек, италиялық, кіші азиялық әріптерімен типологиялық және генети­калық жағынан жақындығы байқа­лады.
Көне түркі руникалық таңбаларының шығу тегі басқа көне алфавиттердің шығу тарихымен тамырлас. Руникалық жазудың бас­тапқы түркі негізі б.з.б. үшінші және екін­ші мыңжылдықтағы беймәлім идео­г­рафиялық немесе алфавиттік жазу болуы ықтимал, ал басқа көне алфавиттермен іші­нара ұқсастығы олардың арғы тегіндегі бастауы бір екендігін көрсетеді. Сонымен бірге, көне түркі алфавитінің шығу тегі, генезисі, проблемасы жалпы дыбыстық жазу­дың шығу мәселесімен ұштасып жатыр.
А.С.Аманжолов түркі руникалық алфавитінің Оңтүстік Сібір мен Жетісу аймағына біздің заманымызға дейінгі бір мыңжылдықтың ортасынан қалмай қа­лыптасқандығын көрсететін, палеог­ра­фиялық талдауға сүйенген гипотеза ұсын­ды. Түркі руникалық алфавитінің ұзаққа со­зылған эволюциясы көне түркі тілі ды­быстық жүйесінің қалыптасу процесін ай­қындап, ұштасып жатады.
Манихей және ұйғыр жазуындағы кө­не, орта түркі ескерткіштері. Түркі ру­ни­калық жазудың ізін баса Орта Азия мен Шы­ғыс Түркістанды мекендейтін түркі тай­палары арасында манихей алфавиті жә­не соғды жазуы кең етек алды. Ал манихей жазуы­ның өзі несторлық-христиан ар­қылы Сирияның інжіл жазуы эсттранге­лодан дамыған болатын. Манихей жазуын­да көне түркі тіркестері кездеседі. Бұл қол­жазбалар көбінесе соғды (орта парсы) ті­лінен аударылып, Жетісудан Шығыс Түр­кістанға қарай таралды. Олар батыс түр­кі тайпалардың тіліне жақын болып ке­леді. Манихей жазуында «Хуастуанифт» жаз­ба ескерткіші (V-VІІ ғ.ғ.) жазылған.

Манихей алфавитінің құрамы 36 әріптен тұрады. Графикалық жүйесі көне түркі фонетикасына біршама сәй­кес келеді. Дауысты дыбыстарды белгілейтін әріптер және дауыссыз дыбыстарды белгілейтін әріптер бар. Әріптер сөз басында, ортасында, соңын­да келуіне қарай үш түрлі жазылады. Манихей алфавитінің шығу тегі арамей жазуымен байланысты.
Біздің заманымыздың сегізінші ға­сырындағы ұйғыр қағанатының ба­сын біріктірген тайпалардың тіліне сәй­кес жаңа соғды алфавитінің не­гізін­де ұйғыр жазуы деп аталатын әріп­тік жазу пайда болды. Бұл жазу жетінші-сегізінші ғасырда кеңінен пайда­ла­ныл­ды, сол себептен де осы кезең оның нағыз кемеліне келіп, құлпыр-ған шағы деп білеміз.
Ұйғыр жазуындағы көне, орта түр­кі ескерткіштеріне мазмұны хрис­тиан, манихей, будда дініндегі түрлі жал­барыну дұғалары және діни уағыз­дар, түрлі заң документтері мен емдеу шіріткелері, жылнамалары, болжаулар, т.б. жатады. Ұйғыр жазуының кеңі­нен пайдаланылған кезеңі VІІІ-ХІІІ ғ.ғ. Ұйғыр алфавиті негізінде моң­ғол жазуы пайда болды (ХІІІ ғ.). Ақ­сақ Темір және Алтын Орда хандары осы жазуды қолданғаны (XIV –ХV ғ.ғ.) бел­гілі болып отыр. Мысалы, 1391 жылы Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа ат­тан­ған Ақсақ Темір өзінің жорығы жөнінде ұйғыр жазуымен «ша­ғатай» тілінде тасқа қашатқан жазу қал­дырды. Бұл ескерткішті 1927 жы­лы Қ.И.Сәтбаев Ұлытау шоқыларынан тауып, ғылым дүниесіне паш етті. Ұй­ғыр жазуымен 1439 Жүсіп Баласа­ғұ­нидің «Құтадғу біліг» деген өнегелік на­сихат дастаны Герат қаласында кө­шірілген. Бұл шығарманың алғашқы түпнұсқасы 1069 жылы Қарахандықтар мемлекетінде алдымен араб алфави­тімен жазылған. Қазақ хандарының да Абылайдың тұсына шейін ұйғыр жазуын қолданғаны туралы мәлімет бар. Ұйғыр жазуын көне ұйғырлармен қатар түркі тілдес найман және керей тайпалары да пайдаланған. Керейлерді 1203 жылы, ал наймандарды 1218 жы­лы Шыңғыс ханның жаулап алуына байланысты бұлардан моңғолдарға да тарады. Ганьсудагы будда монас­тырь­лерінде ұйғыр жазуы XVIII ғасырға дейін өмір сүрген. Қазақстаннан да ұйғыр алфавитіндегі түркі жазулары та­былған.
Көне ұйғыр жазба ескерт­кіш­тері­нің тіліне қысқаша шолу жасай отырып, көне түркі тіліне жақын екен­ді­гін, орта түркі жазба тіліне тигізген әсе­рі де болғандығын көреміз.
Ұйғыр алфавитінің құрамы 23 әріп­тен тұрады. Оның графикалық жүйе­сі көне түркі тілінің фонетикалық жүйесімен үйлес келмейді. Дауысты дыбыстар және дауыссыз дыбыстар берілген. Кейбір ұяң мен қатаң дауыссыз дыбыстар ажыратылмай таңба­ла­нады (қ мен ғ, к мен г, т мен д, п мен б, с мен з, ш мен ж, ч мен дж).
Әр кездегі, әр алуан тарихи деректер бізге көне ұйғыр жазуы сегізінші және он үшінші ғасырлар арасында Ор­та Азия, Қазақстан, Шығыс Түр­кістанда мекендеген түркі тайпалық одақтары арасында соншама кең тарағандығын дәлелдейді. Сегізінші және он үшінші ғасырлардағы көне түркі руникалық, манихей және ұй­ғыр жазба ескерткіштерін тың­ғы­лық­ты зерттеу барысында, бұлар көне түр­кі тілінің түрлі диалектілері екен­дігі анықталды.
В.В.Радлов көне түркі тілін диа­лек­тілерге бөліп көрсеткен. В.В.Радлов атап көрсеткендей, көне түркі тілі, негізіне біртұтас еді, ал диалектілік ерекшеліктер әр түрлі жазулардағы ескерткіштер орфографиясын мұқият қарастырғанда, болмашы түрде әредік қана кездеседі. Түркі руникасының тілі жазба әдеби тіл ретінде көне тайпа диалектілері негізінде қалыптасты. Бұл тіл даму барысында жалпы түркі тілінің алғашқы қалпынан көп өзгер­ген. Жетінші және тоғызыншы ғасыр­лар­дағы түркі руникалық ескерт­кіштерінің тілі оғыз және ұйғыр диа­лектілерінің ықпалында болды. Жаз­ба ескерткіштерде байқалатын көне түркі диалектілерін жіктеудің алғашқы жобасын В.В.Радлов «Көне түркі зерттеулері» атты (1911ж.) ең­бегінде түзіп шықты. А.Габэн көне түркі диалектілерін классификациялап береді. С.Е.Малов ұсынған көне түркі жазба ескерткіштерінің классификациясы да маңызды. Көне түркі жазу ескерткіштері тілінде фонети­калық және морфологиялық айырма­шы­лықтар бар, бірақ олардың диалек­тілік сипатын ашу қиын. Көне түркі ескерткіштерінің қайсыбір фонетика­лық (немесе морфологиялық) белгі негізінде қазіргі кейбір түркі тілдеріне жақындатылады. Көне түркі ескерт­кіштері тіліндегі жекелеген фонетика­лық және морфологиялық ауытқулар әр түрлі тайпа диалектілерінің әсері­мен ғана емес, негізгі диалектінің тари­хи дамуымен де тығыз байланыс­ты екендігін ескеруіміз керек. Көне түркі диалектілік ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу түркі тілдерінің тарихи дамуын терең тануға мүмкіндік бере­ді.
Араб алфавитінің құрамы мен оның түркі тілдерінде қолданылу тарихы. Түркі халықтарының біраз жазба мұралары біздің заманымызға араб жазуымен де жеткен. Түркі ха­лық­тарының бұл жазуды қолдануы­ның да тарихи себептері бар. Оның алғашқы бастамасы араб мәдениетінің Қараханидтер дәуірінде ене бастауы болу керек. Араб алфавиті XI ғасырдан бастап түркі тілдерінде пайдаланыла бастады. Араб алфавитіндегі алғашқы түркі жазба ескерткіштері Юсуф Баласағұнидің «Құдатғу біліг» (1069 ж.) дастаны, Махмуд Қашғаридің «Диван лұғат ат түрік» сөздігі, Ахмет Югне­кидің «Хибат ал-анбия» (XII ғ.), Насретдин Рабғузидің «Қисса ал-анбия» (XIV ғ.) атты туындылары, т.б. Махмуд Қашғаридің «Диван лұғат ат түрік» сөздігі қазіргі түркітану ғылымы үшін аса маңызды.
Түркі халықтарының арасына кең тараған шаман діні мен ұйғырлардың будда дінінің орнына жаңа ислам ді­нін орнату мақсатында кұран тілінен, араб тілінен түркі тілдеріне оның негізгі шарттары аударылған. Оны ау­даруға Бұхар молдалары белсенді қатысқан. Тіпті, аударуға арнайы рұқсат қағаз да басылып шыққан. Сөйтіп, біздің заманымызға қашқар тү­ріктерінің тілінде араб әрпімен ба­сыл­ған екі Құран жеткен. С.Е.Малов: «…Мне известно два таких Корана с толкованием. Один имеется в Институте востокаведения АН УзССР, описан проф. А.Э. Шмидтом, другой в Институте востоковедения АН СССР ( в Ленинграде), изучает его про­­­фессор А.Н.Боровков » деп көр­се­теді.
Турфан ойпатындағы ұйғыр мә­дениеті мен Орта Азиядағы соғды, араб мәдениетінен нәр алған Қараха­нид түркілері жоғары мәдениетті бол­ған.
Араб жазуымен бізге жеткен көне түр­кі ескерткіштерінің маңыздылары Қа­раханидтер дәуірінен қалған жазба мұ­ралар болып саналады. Н­.­А.Бас­­­-к­а­ковтың бөліп көрсетуі бойынша, моң­ғол шапқыншылығына дейінгі жазылған ескерткіштер жатады. Тоғызыншы ғасырдан бастап көптеген ескерткіштер ұйғыр жазуынан араб жазуына ауыса бастады. Бұл туралы М.Қашқари өз еңбегінде ұйғырлар өз жазуларынан басқа да жазуды пайдалана бастағанын, бірақ ол жаңа жазуды көпшілігі түсіне бер­мегенін ескертіп өткен.
Сол тұста ислам дінін уағыздайтын діни аудармалар көптеп шығарылды да, бұларды таратуда Бұхара, Са­мар­қанд сияқты діни орталықтар күшті роль атқарды. Сондықтан осы тұстағы ескерткіштер тілі жүйесінде оғыз, қыпшақ, қарлұқтардың тілдік эле­мент­тері араласып отырды. Осы ерек­шеліктеріне орай, С.Е.Малов бұл ке­зеңдегі, яғни тоғызыншы және он төртінші ғасырлардағы тілді өтпелі кезең тілі деп атады. Ескерткіштерде сақталып отырған кітаби жазба тілдің жергілікті халықтың сөйлеу тілі эле­менттеріне ауыса бастаған кезі деп санады.
Араб жазуы оңнан солға қарай жа­зылады, жазылу бағытымен оқы­лады. Араб жазуы консонантты жазуға жатады. Себебі, сөз ішінде тек дауыссыз дыбыстар ғана жазылады да, дауыс­­ты дыбыстар түрлі белгілер ар­қы­лы ажыратылып оқылады. Араб жазуының ең көне түрі кадим деп ата­лады. Ал оңайлатылған жаңа түрі жа­дит деп аталады.
Араб алфавитінің құрамы 28 әріп­тен тұрады. Байырғы араб геог­ра­фия­сының классикалық араб тілінің фо­нетикалық жүйесіне сүйенген. Бар­лық әріптер дауыссыз дыбыс­тарды таңбалайды, сонымен қатар, үш әріптің созылыңқы дауысты а, у, и дыбыстарына жұмсалады («алиф», «уау», «йа» деп аталатын әріптері). «Құ­­ран» кітабын, әліппені дұрыс оқы­ту мақсатымен қысқа дауысты дыбыс­тар да диакритикалық сызықша таң­балар арқылы жолдың үстіне я астына қойылғаны көрсетіледі. Әріп көпшілігі сөз басында, ортасында, соңында қол­данылуына орай түрліше жазылады.
Араб алфавиті арамей жазуының бір тармағы набатей алфавитінің не­гізінде шыққан. Ислам дінінен бұрын пай­да болған. VI ғасырда құрамында 22 ғана әріп, ал VII ғасырдан бастап 28 әріп болған. Бұл жазудың кең та­рал­ған, арабтан басқа халықтарға да жайылуының тарихи себептері бар. Жазудың негізгі түрлері «насх», «куфм», т.б. Баспахана жолымен кітап бас­тыру үшін XIX ғасырда бұл алфа­виттің «насх» түрі қолданылған.
Араб графикасы түркі тілдерінің, со­ның ішінде, қазақ тілінің фоне­ти­калық жүйесіне сәйкес емес, ал бұл, әрине, өз кезегінде қолданыста қиын­шы­лықтар тудырады. Жазу мен оқуда да үлкен алшақтық кездеседі. Дауыс­ты дыбыстар толық қамтылып таңба­ланбайды, мысалы, ескі жазуда еріндік дауысты дыбыстар бір ға­на араб әрпімен беріледі. Кейбір дауыссыз дыбыстар ұяң-қатаң болуына қарамастан, жалғыз таңбамен бері­леді. Себебі, араб алфавитінде п және г дыбыстары таңбалануы кездеспейді. Сол себепті түркі тілдерінің фонетикасына сай қосымша әріп қолданыла бастады, мысалы, «кәф» әрпінің не­гізінде г мен ң дыбыстары белгіленді. Бұдан келіп, алфавит құрамының кеңейіп, 29, 31, 32, 38 әріпке дейін жет­ті.
Араб графикасына негізделген қа­зақ алфавитінің бірнеше даму ке­зеңдерін бөліп көрсетуге болады: араб-қазақ алфавитінің ескі және ре­фор­маланған жаңа түрі. 1924 жылы жаңартылған алфавит қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне біраз икемделді. Әріп саны ықшамдалынып, 32 әріптен 25 әріпке түсті.
Араб графикасы негізіндегі ал­фа­виттің басқа түркі тілдері сияқты, қазақ тіліне де түбегейлі сай келмеуі, әріп­тердің сыртқы тұлғасы бір-бірі­мен ұқсас болуы, көпшілігінің диак­ритикалық таңбалар арқылы бел­гі­ленуі, дара әріптің бірнеше вариантпен берілуі, сөйтіп таңба санының мей­лін­ше көбеюі, т.б. Осы сияқты кем­ші­лік­т­ер жазуды, баспаны қиындатты, араб графикасынан бас тартуға әкеп соқтырды, қолданыста қиындықтар тудырды.
Ал қазіргі кезеңде араб графикасын Қытай, Пәкістан, Ауғанстан, Иран­дағы қазақтары қолданады.
Латын және орыс графикасына не­гізделіп жасалған түркі жазуы. Латын тілі үнді-еуропа семьясының тіл­дері тобына жататын көне тілдердің бі­рі. Латын тілі жазба тіл ретінде б.з.б. он алтыншы ғасырда Рим қаласының говоры негізінде пайда болған. Рим мемлекетінің Солтүстік Африка, Бри­тания, Дания, т.б. көптеген жерлерді жаулап алуына байланысты осы жер­лердің бәріне таралып, жергілікті тіл­­дер мен говорларды өз бойына сіңір­ген. Біздің дәуіріміздің бесінші ға­сырына бастап Рим империясы құл­дырап, саяси бірлігі ыдырауына бай­ла­нысты латын тілі қолданыстан шы­­ға бастады.
Латын алфавиті – дүниежүзіне кең та­ра­ған жазудың бірі.
Латын алфавиті графикалық кұра­­мы жағынан 21 әріптен тұрады. Ке­йін 23, ал орта ғасырда 26 әріпке жет­­кен.
Латын графикасы латын тілінің фо­нетикалық жүйесіне сәйкес жа­салған. Латын тілі мен латын жазуы Рим католик миссионерлері арқылы кең таралды. Латын жазуы басқа тіл­дерде де қолданыла бастады. Орта ғасырларда латын алфавиті Еуропаға тарады, кейінгі кезде оны Африка, Америка, Азияның бірнеше елдері иайдаланады.
1924-1929 жылдары арасында түр­кі тілдес халықтар латын алфа­ви­тіне көшті. Бұл шараға қарсы шыққандар, араб жазуын жақтаушылар болды, олар дәлелсіз байламдар айтып жатты.
Латын графикасына көшуге әзір­лік жиырмасыншы жылдардан бас­талып, түркі тілдес респуб­ли­калардың әрқайсысында әр түрлі қарқында жүр­гізілді. Бұл істе белсенділік көр­сет­кен Әзірбайжан үкіметі болды. Бакуде 1922 жылы арнаулы жаңа алфавит комитеті құ­рылды. 1924 жылы Әзірбайжан Орта­лық Атқару Ко­ми­тетінің декреті бойын­ша жаңа латын алфавиті міндетті мемлекеттік әліппе болсын деп тағайындалды. Біраз жұ­мыс іс­тегеннен кейін бұл комитет КСРО Орталық Атқару Комитеті болып қай­та құрылды. Бұл комитеттің ең көр­некті ғалымдардан құралған ғылыми кеңесі болды.
Комитет жаңа әліппеге байланыс­ты жер-жердегі жұмыстарға бас­шы­лық етті, жаңа әліппеге жобалар жасап, оны талқылап, бекітіп отырды. Жаңа алфавит комитеттері жер-жер­лер­де үйымдастырылды. Олардың әр­қайсысы латын графикасына негіз­делген жазуды өз тілдеріне қарай сәй­кестендіру ісімен шұғылданды.
1926 жылы Бакуде Бүкілодақтық түркологиялық бірінші съезд болды. Съезде барлық түркі тілдес халықтар ла­тын графикасына негізделген жазуды қабылдайтын болсын деген қаулы қабылданды.
Латын алфавитіне көшу шығыс­та­ғы мәдени революция болып есепте­леді.
Латын графикасына негізделген қазақ алфавитінің құрамында 29 әріп бар. Жаңа енген сөздерді дұрыс жазуға әріптер жеткіліксіз болды.
Сондықтан латын графикасы не­гізіндегі қазақ алфавиті мен орфографиясына 1938 жылы өзгерістер енгі­зіл­ген. Алфавит құрамында енді 32 әріп болды. Дауысты ұ мен і дыбыстары өз алдына белгіленді (,), интер­на­ционалдық мәні бар ф, х, в дыбыстарын таңбалайтын әріптер қосылды (f, х, у). Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы­на соңғы латын алфавиті сай келеді, осы­ның негізінде қазақ орфографиясы едәуір түзелді.
1940 жылы орыс графикасына негізделген қазіргі қазақ графикасы түзілді. Түркі тілдері үшін қол­данылатын ғылыми фонетикалық транскрипция орыс графикасымен қатар латын графикасын негізге алды. Ал Түркия мен Батыс Еуропада тұра­тын қазақтар латын графикасын қол­данады.
Қазіргі кезде түркі халықтарының графикасын бірыңғай латын алфа­ви­тіне көшіру туралы пікірталас жүру­де.
Латын әліпбиіне көшу – заман та­лабы. Қазіргі таңда түркі елдерінде өткір қойылып отырған әдеби тілді толықтырып, жетілдіру жұмысы ор­тақ әліпбиге көшуден бастау алмақ. Ор­тақ жазу туысқан халықтардың одан әрі шашырап, ыдырап кетуіне жол бермей, оларды жақындастырып, мәдениетінің өркендеуіне зор ық­палын тигізбек. Академик Ә.Қай­даровтың айтып өткеніндей, бөлек-бөлек емле мен әліпбиге жү­гіну – түркі тілдер орфографиясындағы үлкен сәтсіздік. Өйткені, бұл туыс халықтар арасын ашып, бір-бірінен алшақтата түседі. «Жазу таңдауда оның ұлтара­лық, халықаралық деңгейде екендігі, жалпы жер жүзіне таралуы да ес­ке­рілуге тиіс. Бұл тұрғысынан латын әліпбиінің болашағы зор». Ғалымның «Кемел елге кемел әліпби керек» деген мақаласындағы «Түркі дүниесінің ба­сын қосып, тұтастығын қалпына кел­тірудің үлкен бір шарасы – латын әліп­биіне негізделген ортақ түркі жазуын қалыптастыру. Бүкіл түркі елдері латын әліпбиіне көшіп, олардан бөлектеніп, бұрынғы жазумен қалып қоюға болмайды. Терезесі тең тәуелсіз мемлекеттер қатарында қо­ғам­дағы прогрессивті үрдісті, замана талабын ескере отырып, әлем хал­қы­ның басым көпшілігіне ортақ латын әліпбиін қазақ мемлекеттік ұлттық жазуына негіз етіп алған жөн» деген сөзі жұртшылық тарапынан қолдау табуда. Ана тіліміздің тағдырын ай­қын­дайтын латын әліпбиі негізінде іске асуы тиіс жаңа жазу реформасы толғауы тоқсан қызыл тілдің толғақты мә­селесін, оның қоғамдық әлеуметтік қыз­метін назардан тыс қалдырмау тұрғысынан қолға алынғанын қалар едік. Атап айтқанда, түркі тілдеріне ортақ латын жазуына көшкенде бей­қам­дыққа салынбай, тіліміздің ғасыр бойы қалыптасқан нормасын бұзбай, сөзді дұрыс сауатты жазуға нұқсан келтірмей, емледегі қайшылыққа жол бермей, тыңғылықты даярлықпен көшуді мақсат тұтқанымыз жөн.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Ру­хани жаңғыру» мақаласы (2017 жыл­дың 12 сәуірінде «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарыққа шыққан), 2017 жылдың 31 қаңтарында жария­ланған «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік» Жолдауында нақты атап өткен бес басымдық пен үш міндетті орын­даудың нақты тапсырмалары іспеттес. Ел­басы өз мақаласында таяу жылдар­дағы міндеттерді орындауда нақты жобаларды жүзеге асырудың көш ба­сында латын әліпбиіне көшу мәсе­ле­сін қоя отырып, Қазақстан халқы­ның жарқын болашаққа дұрыс бағдар алу­дағы маңызын төмендегідей: «Қо­ғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сына­ғына лайықты төтеп беруімізге қа­жетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мық­тап қолға алу қажет болатын бір­неше жобаларды ұсынамын.Бірін­шіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бас­тауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұр­лым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деп дөп басып атап өтеді.
Расында, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Елбасының мақаласы мер­зімдік басылымдар беттерінде, ғаламтордағы түрлі сайттарда жарық көргеннен бастап латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты қоғам арасында қызу талқылау жүріп жатыр. Мәселе екіұшты сипат алғанын түрлі көзқарастар мен комментарий­лерден­байқауға болады. Бірі – латын әліпбиіне көшу қиынға соғатынын айтса, енді бірі – латын әліпбиі дамыған елдердің деңгейіне жетудегі алтын көпір болатынын айтуда.
Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл қа­зіргі заманға технологиялық орта­ның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру про­цесінің ерекшеліктеріне байланысты.

А.Ж.Иматаева,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың қызметкері.

ПІКІРЛЕР4
Аноним 02.09.2019 | 18:56

керемет

Аноним 14.10.2019 | 15:50

көнесөздердің мағынасы туралы мәлімет

Аноним 16.10.2019 | 14:52

Д

Аноним 27.09.2021 | 22:24

Жаман ең жаман мүлдем мәлімет табылмады🙄

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір