Этномәдени бірлестіктер басқосуы
21.07.2017
1307
0

Талдықорған қаласындағы Тілдер сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелерінің қызметкерлеріне арналған республикалық семинары өтті.

Шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ҚХА мүшелері, мемле­кет­тік органдардың, этномәдени бірлес­тіктердің, «Қоғамдық келісім» КММ, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.
Семинарда «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларын іске асыру үшін ҚХА белсенділерін тарту, діни экстремизмге қарсы Ассамблеяның медиативті ролін күшейту, ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін рухани жаңғыру мәнмәтінінде кеңейту және т.б. бағытталған ғылыми-әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетілді.
Семинардың модераторы Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Жетісу жеріне келген қонақтарды құттықтап, жұртшылықтың атынан алғыс білдірді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Алматы облыстық әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен өтіп отырған кең кө­лем­ді шараның маңызы жоғары. Тәжірибе алмасып, істің нәтижелі, еңбектің өнімді болуы үшін осындай семинардың қажет­тілігі барлығымызға белгілі. Негізгі ма­қ­сат-мүддеміз – Елбасының мақ­аласындағы көрсетілген дүниелерді іске асырып, соны елдің арасында кеңінен насихаттау. Сондықтан бүгінгі маңызды шараны Жетісудың жүрегі Талдықорған қаласында өткізуге шешім қабылдаған Дархан Қамзабекұлы, сізге алғыс айтамыз», – деді Жақсылық Омар өз сөзінде. Дархан Мыңбай Елбасы мақаласында ұсынылған басым бағыттарға сәйкес Республика көлемінде атқарылып жатқан жұмыс­тармен таныстырды. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы халық ішінде үлкен қолдауға ие болып, игі істер нәти­жесін беріп те үлгерген. «Бүгінде әр өңі­р­дегі қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі жобаларға ҚХА-ның қатысу жоспары әзірленген. Ол 593 іс-шараны қамтиды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жалпыұлттық «жол қартасы» болады. Бұл құжаттардың бар­лы­ғы да өңірлік ассамблеялар хатшылық­та­рының, «Қоғамдық келісім» коммунал­дық мемлекеттік мекемелерінің тұрақты бақылауында болады. Мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына арнайы тоқтағым келеді, оның маңызы зор. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл жобаның «Ассам­блеяға тікелей қатысы бар». Қоғамға халықтың ХХІ ғасырдағы бет-бейнесін адамгершілік тұрғыдан айқындайтын беделді тұлғалар керек», – деді өз сөзінде Дархан Мыңбай.
Сондай-ақ, семинар шеңберінде «Қазақстанның мәдени мұрасы» жоба­сы­ның таныстырылымы, «Медиация – жаңа ой-сананы қалыптастыру тәсілі», «Заманауи бизнес модельдеу» тренингтері өтті.
ҚХА мүшелері, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестік өкілдері, «Қо­ғам­дық келісім» мекемелерінің қызметкер­лері қатысқан семинар барысында ма­қа­лада көрсетілген «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жер­лері­нің географиясы» жобасы мен «Туған жер» бағдарламасын іске асуына, ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету мақсатында атқарылып жатқан шаруалар мен алдағы уақытта ұйымдастырылмақ жобалар таныстырылды. «Новые решение» білім қорының жетекшісі Вячеслав Ким «Қазақ­стандағы мәдени мұра» жобасын ұсынды. Ал ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Нұрбек Шаяхметов «Туған жер» бағдарла­масын жүзеге асырудағы этномәдени бірлестіктердің әлеуеті» тақырыбында ой қозғады. Астана қаласындағы өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі, рухани жаңғыру бойынша ұлттық комис­сияның мүшесі, кәсіби модератор Шерзод Пулатов «Медиация жаңаша ойлауды қалыптастыру тәсілі ретінде», Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, әрі Қоғамдық келісім кеңестері қызметінің төрағасы, білім меценаты Бекзат Алтынбеков «Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудағы Қоғамдық келісім кеңестері қызметінің жаңаша қағидаттары» тақырыбында дәріс оқыды. Арнайы баяндамашылар ұсынған тақырыптар бойынша еркін әңгіме өрбіткен семинарға қатысушылар да өз тарапынан ұсыныстар мен ойлар айтты. Әсіресе, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру бо­йынша эномәдени бірлестіктер мен өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелері өкіл­дері­нің қатысуындағы диалог алаңы қатысу­шылар тарапынан қызу талқыланды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір