Жолдың бәрі ауылдан басталады

0
83 қаралды

Бағзыдан бізге беті әжімденіп, шимайланып жеткен жолдардың жазуына үңілсек, байырғының не демегін ұғар ма едік? Бабалар жүрген, аталар басқан қара жолдың қадір-қасиетін сезініп, бұрынғының жолын бүгінгіге жөнімен табыс­тай алғандардың да дерегін біле жүрген абзал. «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі роль атқарған», – дейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдар­лама­сында. Туған жерге қатысты жағдаяттарды ауызға алғанда, әркімнің де туған жеріне бастап алып барар қара жолдар тарихы еске түседі. Біздің бүгінгі кейіпкер – ұзыннан-ұзын көсілген жолдардың басы-қасында жүрген маман. Үкіметке біздегі жолдарды тиімді түрде қайта жөндеу мәселесін көтеріп, республика аумағындағы жолдарды қалпына келтіріскен тұлға. Ауыл-ауыл мен әркімнің де туған жеріне бастап апарар қара жолдың тағдырын шешіскен, байырғының қара жолын шып-шырғасын шығармай, үзбей, бұзбай бүгінгі күнге дейін созған.
Сұхбаттасымыз «1945–1990 жылдар аралығында Қазақстан аумағында 95 000 шақырым жол асфальтталды. Оның 17 мың шақырымы ғана республикалық маңыздағы жол еді. Сол 17 мыңның ішінде 3-4 мың шақырымы ғана – бүкілодақтық маңызға ие болды», – дейді. 1998 жылы, жеке компанияда жұмыс істеп жүрген жерінен Көлік министрлігіне шақырту алып, Қазақстандағы жолдың негізгі мәселелеріне тоқталып, сараптама жасайды. Қазақстанда жол қалай болуы керегін анықтайтын жалпы Концепция, 1998 жылдан 2005 жылға дейінгі аралықты қамтитын бағдарлама және «Автокөлік жолдары» туралы заңның жобасы да осы уақыт аралығында қаралады. Елбасы 2001 жылды «Жол жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл еліміздегі жолдың одан әрі дамуына серпін берді. Концепция, жоба, заң дайын болғандықтан жолдың жұмысы да алға басты. Біздің кейіпкеріміздің тікелей араласуымен осы уақыт аралығында республикалық маңыздағы – 17 мың шақырым жол 23 мың шақырымға дейін көбейеді.
Одан өзге, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің бас болып атсалысуымен, төрт жолды өз қаражаты есебінен салдыртып бергені бар. Олар – Сүйінбай бабаның бейітіне апаратын, Үшқоңырға шығатын, Астана түбіндегі Қабанбай батыр кесенесі басына апарар, Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесіне апаратын жолдар. Одан өзге, Жандосов ауылына мешіт те салдырған атымтай жомарты.
Ендеше, Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында өлкеге жасаған өнегесін көпшілікке насихаттауға әбден лайық тұлға деп есептей келе, Серіктес Тоққұловпен өскен өлке, туған жер, әркімнің туған жерінен басталар қара жол жайлы әңгіме қылын шерттік…

– Туған жеріңіздің өзгелерде жоқ деп айтар қандай артық­шы­лығы бар?
– Туған ауылым – Ала­таудың етегіндегі Музей Жам­был елді мекені. Алматы об­лысы, Жамбыл ауданына қа­рас­ты өңір. Музей Жамбылдың ең негізгі ерекшелігі, кереметі сол, бұл мекен – Жыр алыбы Жамбылдың туған жері. Кіш­кен­­тайымыздан Жамбылды туы­сымыз деп өстік. Мектепке бара жатқанда күнде музейдің жанынан өтеміз. Айына бірнеше рет музейге барамыз. Сондықтан болар, Жамбылды ауылымыз­дың көзі тірі ақсақалы деп қабылдадық. Жамбыл Жәкемді арамызда тірі жүргендей елес­тет­тік.
Ауылымның екінші ерек­шелігі, Музей Жамбыл – Алматыдай алып қаланың дәл тү­бінде орналасқан. Абыр-сабыры өмірі таусылмайтын нән ша­һарға соншалықты таяу тұрса да, заманауи өмірден сырт, жай­барақат жатқан ел. Бұрыннан солай еді. Қазір де сондай.
Біздің ауылдың тағы бір ерекшелігі – дауыстары әуезді, әңгімелері дәмді қариялар көп болды. Олар бізге байырғыдан қалған әңгіме-дастандарды, туған жердің тарихы жайлы тәмсілдерді көп айтатын. Ол ақсақалдардың әрқайсының бір-бір өнері бар еді. Мысалы, Сансызбай деген атамыз жүйрік ұстайтын. «Сансызбайдың сары аты» атанған атақты жылқысын көрген де арманда, көрмеген де арманда еді, шіркін! Мұсабай бүркітші қарияның қыраны – аяғынан шынжырлап қойған дәу бүркіті әлі күнге көз алдымда. Осындай ақсақалдардың қолдарына су құйып, әңгіме­лерін тыңдап өстік.
– Ауыл тұрғындары негізгі кәсібінен бөлек, қосымша қандай еңбекпен айналысатын еді?
– Сол кездің өзінде ауыл тұрғындары мал ұстайтын. Бес-алты қой, екі-үш сиыр әр үйден табылатын. Одан өзге, біздің ауылдың бауы мен бағы әсем еді. Алма ағашы – Музей Жам­былдың көркі ғой. Әр ауланың бақ­шасында көкөністің неше түрі жайқалып жататын.
– Туған жер келбеті өзгерді ме?
– Қатты өзгерді деп айта алмаймын. Ауылым бұрыннан еңселі еді, сол сән-салтанатын әлі де жоғалтқан жоқ. Иә, ауыл­ға барар жол жақсарды: түп-түзу, тап-таза, сапалы. Кішкентай мектептің орнына үлкен мектеп салынды.
– Тұрғын саны өсті ме?
– Өсті, әрине. Бұрын біздің ауыл тұрғындары бір атаның балалары едік. Бәрі бір-біріне туыс болатын. Қазір ауылдан басқа жаққа кеткендер көп, ауыл­ға сырттан келгендер бар – тұрғын саны едәуір артты. Кейбірінің жүзіне қарап, кімнің баласы екенін шырамытамын.
– Соңғы рет ауылыңызға қа­шан бардыңыз?
– Бір жеті бұрын. Жеңгемнің асына ағайын-туыс жиналдық.
– Демек, ауылға жиі ат басын бұрасыз ғой. Балаларыңыз да байырғы баба мекенінен алшақ­та­маған болар?
– Ай аралатып барып тұруға тырысамыз. Ауылға үй салсам деймін. Аталарымнан қалған жер бар, бәлкім, өзім көшіп барармын, мүмкін балаларымның біреуі тұрақтар – Музей Жамбылда балалардың ғана емес, немерелерімнің де тәтті есте­ліктері сақталғанын қалай­мын.
– Мамандығыңызға қатысты сауалмен әңгімемізді аяқтасақ деймін. Кім-кімнің де туған же­ріне бастап алып барар қара жол­дың тағдыры сізді қаншалықты алаңдатады?
– Осы таңда Қазақстанда 95 мың шақырым жол бар. Оның 23 мың шақырымы республи­ка­лық маңыздағы жол да, қалғаны жергілікті маңызға ие. Меніңше, 95 мың шақырымды түгел мем­лекеттік маңыздағы жолдар­дың қатарына қосу керек. Ауыл-ауылдан басталатын жолдар мен көпірлер ескіріп барады. Жер­гілік­ті әкімшіліктің мұндай жол мен көпірді жөндеуге шамасы жете бермейді.
Жалпы, мысал келтірер болсам, АҚШ-тағы жол 5 млн. ша­қы­рымға, Қытайдағы жол –
3 млн. шақырымға, ал Ресейдің жолы 2 млн. шақырымға созылып жатыр екен. АҚШ пен Қы­тайдың жолдары өте сапалы. Ресейдің жолы олармен салыс­тырғанда, сапасы төмендеу деге­ні­мізбен, біздің жолдардан жақ­сырақ. Ұлан-ғайыр дала­мыздың күре­та­мырындай созылып жат­қан, 95 мың шақы­рымға созылған өз жолымызды да тастай қылып жөндеп алсақ деген арманым бар.
Жол саласына қатысты адам оның өте қызық, тартымды ма­мандық екенін түсінер еді. Бір ауыл мен екінші ауылдың арасында жол жоқ. Сен сол жолды саласың. Ертең сол екі ауыл ағы­лып бір-бірімен байланыс түзей бастағанын көргенде, өз-өзіңнен қуанышты сезімді бас­тан өткересің. Қара жолдың Қа­зақстан үшін маңызы өте жо­ғары. Бізде су жолдары жоқ. Өзендер аз. Пойыз жолдары бірнеше бағытпен ғана өтеді. Ұшақпен жүру – қымбат. Кеңес өкіметінің кезіндегі шағын авиация жоғалып кетті де, ол сала енді-енді жанданып келеді. Сонда қалатын нәрсе не? Тек қана – қара жолмен ағылған көлік. Сондықтан жолдың Қа­зақстан үшін маңызы өте зор.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әзірлеген Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.