Ақжазықтың адамдары
21.07.2017
1556
0

Біргәдір аға және бұғалтыр Қожа

Ол кезде мамыр айы май аталатын. Екінші класты бітіріп қал­ған кезім. «Сынып» дегенді ол кез­де білмейміз, сөз қорымызда жоқ. Мектебіміз Ақжазық ауы­лы­ның ең жоғарғы көлденең кө­ше­сін­­де. Одан төменгі көлденең кө­ше­нің шығыс жақ шетінде – біздің үй. Біздің үйдің ар жағы – Әші­ра­рық. Бурақожыр өзенінен жырып әкелген ағын су. Содан ішеміз, со­ған шомыламыз. Сабақтан келген соң тамағымды іштім де, Әші­ра­рыққа қарай беттедім. Асық ой­нағысы, ләңгі тепкісі келген ба­­ла, су алғысы келген қыз көбі­не­се осы арықтың бойында та­бы­са­ды.Біздің көлденең көшенің тө­мен­гі бетінде тұратын Әкпірәжі аға­ның менен екі жас үлкен ұлы Мыр­қасым мен Сайдахмет ағаның ме­німен түйдей құрдас ұлы Нүкен үшеу­міз осы жерде бас қоса қал­дық.Шомылуға әлі ерте еді, бірақ Мыр­қасым күтпеген жерде апыл-ғұпыл шешінді де, Әшірарыққа күмп берді. Қорқақ атанғымыз кел­мей, артынан Нүкен екеуміз де күмп ете қалдықАз да болса ақылымыздың бар­лығы шығар, әйтеуір, сүңгі­ме­дік, бас пен шашты суламай аман сақ­тадық. Жағаға шығып дір-дір ете­міз. Құлағымызға кірген су ағып кетсін деп, бір аяғымызды кө­теріп, бір аяғымызбен «ақсақ қас­қыр» болып секеңдедік. Өзіміз тап­қан ойынға өзіміз мәзбіз. Сөй­тіп тұрғанымызда, тағы Мырқасым тың ой тастады:– Кел, жарысайық!Жылынамыз.– Жалаңаш па?– Анау топ шиге дейін шауып барамыз да, қайта қайтамыз, кім көреді дейсің.Әшірарықтың бергі бетін жа­ға­лай арбажол өтетін, соған шық­тық та, үшеуміз тыржалаңаш жа­ры­­сып кеп бердік. Ә дегеннен-ақ желаяқ Нүкен бізге жеткізбеді. Топ шиге жете сап жалт бұрыл­ға­ным­да, қолында бір шелегі бар апам­ды көрдім: суға келе жатыр. Ала­қанымызбен аузымызды қал­қа­лап, киіміміз жатқан жерге қа­рай бүгжеңдей жөнелдік.– Өй, шүметайларыңнан айна­лайындар-ау! – деді еркелете күліп – Үсіп түсіп қалады ғой, киін­сеңдерші!Біз апыл-ғұпыл киініп жат­қанда, Мырқасым: «Әй!», — деп, құла­ғын тіге қалды. – Тыңдаңдар­шы!Тыңдадық. Естідік: клубтан шық­қан күшейткіштің даусы. Де­мек ауданнан кино келген.– Қайсымыз бұрын барсақ, қа­сымыздан екі орын алып қояйық, – деді Мырқасым үлкендік танытып. Кино, әдетте, ел малын жай­ғас­тырып, кешкі тамағын ішіп бол­ды-ау деген заматта басталады. Сол шамада мен де клубтың алдына келдім. Жұрт жапырыла іш­ке кіріп жатыр екен. Соң­дары­нан мен де ентеледім. Қоға тамақ, қырылдап сөйлейтін ұзынтұра бір­гәдір дәл босағада тұр екен. Өте бер­генімде: «Әй, тоқта!» – деп, ме­ні білегімнен шап берді.– Сен қайда барасың?Сондай да сұрақ бола ма екен де­­гендей:– Кино – ға – а, – дедім бетіне ба­жырая қарап.– Саған болмайды.– Неге?– Сенің үйіңде ешкім қалқозда жұ­мыс істемейді. Кино қалқоз мү­­шелеріне ғана тегін көрсе­ті­ле­ді.Біргәдір мені жетектеп әкеп сырт­қа итеріп жіберді. Жылағам да жоқ, ішімнен боқтағам да жоқ, бі­рақ қатты қорландым. Бақтың ішіне алысыраққа барып шал­қам­нан жата кеттім. Біргәдірдің мұ­нысы несі? Қыста ғана соғымбасын жеп отырып «о, атасының баласы атасынан асқан ақылды болады» демеп пе еді? Оның неге бүйте қал­ғанын өзімше болжадым: то­ғыз жастағы мені мен отыздағы оның арасында қандай араздық болуы мүмкін? Әрине, ешқандай. Оның араздығы не атамда, не мал емдеуге қажет деп берілетін спирт­тің иесі пелшір тәтемде. Солардың өшін менен алып отыр. Не істеуім керек? «Киноға біргәдір ағам кір­гіз­бей қойды» деп барсам, сөз жоқ, атам оған ашуланады. Екі ара­ға сөз тасып, мен жазықты бо­лам. Ақыры ештеңе болмағандай, елмен бірге кино көріп келген адам­ша, кештетіп үйге қайттым. Ер­тесі екі сабақтан кейінгі үзілісте Мырқасым жолымды кес-кестей тұра қалды.– Орын алып қойсам, неге кел­­ме­дің?Өтірік айта алмадым, бәрін бол­ған күйінде баяндап бердім.– Ол өзі сондай кісі, біреулерге қо­қаңдап жүрмесе, көңілі көн­ші­мей­ді. Киноға ақша төлейтін бір­гәдір емес, Қожа аға – бұғалтыр. Қо­жа ағаға айтсаң, әкесін танытады.Сол сөз қамшы болды. Мектеп­тен келген соң тамағымды іштім де, ойнауға шыққан адамша сырт­қа сып бердім. Сол бетіммен клуб­қа келдім.Мырқасым дұрыс айтады, Ай­туғанов Қожа ағамыз – өзім ес біл­гелі осы колқоздың бұғалтыры. Кең­сесінен кісі үзілмейді. Үлкен­дердің өзі оның алдына бір кінәмді біліп қоя ма деген кісіше қипақтап кіреді. Өйткені, ол білмейтін бұл ауыл­да құпия жоқ: бәрінің есеп-қисабын шотқа салып біліп отырады. Қожа аға отыратын кеңсе мен қар­сысындағы кітапхананың арасында кішігірім бөлме бос тұра­тын, ол арада ешкім көрінбеген соң, Қожа ағаның есігін ашып қа­лып едім, ішінде екі-үшеу отыр екен, қайта жаба салдым. Ары күт­тім, бері күттім, іштегілер шық­пады. Сөйтіп тұрғанымда, сырттан тағы екі адам келіп, бө­гел­мес­тен кіріп кетті. Адам отыратын еш­теңе болмағасын, бұрышқа барып, ар­қамды қабырғаға сүйеп тұрдым. Бі­реу шықса, біреу кіре-ді, бұғал­тыр­дың алды босай қой­мады.Ұйқтап кеткем бе әлде қалғып кет­кем бе, бір кезде әлдекім атымды атағандай болды. Көзімді ашсам, алдымда Қожа аға тұр. Бөлме қаракөлеңке тартып қалыпты.– Неғып отырсың? – деді ең­кейіп.– Сізді.., – дедім сөзімнің ая­ғын жұтып.Бұрышқа кептеліп қалған екем.– Тұр, – деді қолымнан тартып.Үйіне қайтып бара жатып мені бай­қаса керек, кеңсесін қайта аш­ты.– Атаң жұмсап па еді? – деді орындығына отырып жатып.– Жоқ.Бетіме күдіктене, әлденеден секем ала қарады.– Енді неге келдің?– Өзім.– Иә, өзің қандай «жұмыспен» келдің? – Маған «қалқоз мүшесінің ба­ла­сы» деген қағаз бересіз бе?Ағам ашылған аузын қайтадан жаба алмай қалды. – Оның саған не керегі бар? – Кеше: «Сенің үйіңде ешкім қал­қозда істемейді», – деп киноға кір­гізбей қойды.– Кім?Біргәдір ағаның атын айттым.– Ол ағаң менікін жепті! – Орнынан ұшып түрегеліп, жұды­ры­ғын түйген қалпы терезе жаққа жалт бұрылды. Тарс-тұрс екі-үш ат­тап барып, қайтадан жалт бұ­рыл­ды. – Мен оған көрсетермін кім­нің қалқозда істеп, кімнің қал­қозда істемейтінін.Сенің атаң мен апаң – осы қалқозды құрған адамдар. – Орнына қайта отырды да, оң жағына еңкейіп, үстелінің тарт­паларын бірінен кейін бірін тарс-тұрс ақтарып, әлдене іздеп кет­ті. Үстелдің бергі бетінде түре­геп тұрған мені мүлдем ұмытып кет­кен тәрізді. Қағазға ораған ұзын­ша бір нәрсені тапты да, – Хайуан! – деді кіжініп. – Мә, мы­на мәмпәсиді же де, үйіңе қайт. Бұдан былай біргәдір ағаң тұрмақ, оның әкесі келсе де, «Маған Қожа ағам рұқсат берген!» де де, киноға кіре бер. Сені киноға кіргізбейтін адам­ды мен қалқозға кіргізбей қоям. Білдің бе? Бара ғой! – Бұры­ла бергенімде, Қожа аға: – Тоқта! – деп қалды. Кілт тоқтап, бетіне қа­ра­дым. – Біргәдір ағаңның ки­но­ға кіргізбей қойғанын атаң біле ме?– Жоқ, айтқам жоқ.Қожа ағам мені бастан-аяқ сүзе қарап шықты да, басын сәл шай­қағандай көрінді. – Жүр, үйге қайтайық, – деді есі­гін жабуға ыңғайланып. – Дұ­рыс! – деді сонан соң арқамнан қа­ғып. – Атаңа жамандағаннан жа­ман ағаң жақсарып кетпейді.

Әй, дүние-ай!

Бастауыш мектепті бітірген, он бірден асқан кезім. Жазғы ка­ни­кулдың қызығын емін-еркін кө­ретін шығармын деп, керіліп-со­зылып төсекте әлі аунап-қунап жат­қам. Есік алды тасыр-тұсыр ете қалды. Аттың тұяғы екенін анық ажыраттым. Артынша шық­қан дауысты да таныдым: ежірек көз біргәдірдікі. Сөздерін естіме­сем де, даусының зілінен сездім: әңгіме мен жайында. Осы кісі еш­қа­шан бала да болмай, ойын да ой­намай, бірден біргәдір бола қал­ған сықылды: жұрттың бәріне зір­кілдейді де жүреді, жұрттың бә­рі оның алдында жазықты се­кіл­ді.– О кім, апа?– Біргәдір ғой. – «Жуынып-шайынып даяр тұрсын, бүрсігіні Қаратөбеге барады», – дейді.Ұнжырғам түсіп сала берді. Қа­ратөбе – алыс жер. Ақжазық ауы­лы мен Іле өзенінің бел ортасы. Қасындағы Қызыл Жиде, Кер­ме Ағаш – бәрі ұшы-қиыры жоқ сазды шабындық. «Бармаймын» деу – Отанға деген опасыздық. Сон­дықтан Отанымызды қан­ша­лық­ты сүйсек, соншалық одан қор­қамыз да.Өгіз арбаға оншақты баланы тие­ген арбакеш Керме Ағаш пен Қа­ратөбенің ортасындағы төрт-бес балағанның алдына әкеліп төге салды. Қабағы қатқыл, сөзі шыт­қыл біргәдір ағамыз бәрімізді екі балағанға бөліп орналастырды. Атасы жылқы баққан, атқа жақсы отырады деп, мені сүйремге бөлді. Сүйрем – шөмелені мая са­латын жерге дейін сүйретіп әке­летін құрал. Тұрқы өте қарапайым: екі ұзын сырықты шөмеленің ас­тына тығады да, ұзын арқанмен шө­мелені айналдыра орап әкеліп, екінші сырықтың басына күрмеп байлайды. Сонан соң арқанның ұшын аттың үстінде отырған ма­ған әкеліп ұстатады. Мен шөмелені маяның түбіне сүйретіп әкелген соң, арқанның ұшын тартып қал­сам, шөмеле сырықтан сырғып тү­седі де қалады.Сүйрем тартуға ыңғайлы екі ат бар екен: бірі – Әліпбайқұла, екін­ші­сі – Қайқыжирен. Менің тә­лейі­ме Әліпбайқұла бұйырды. Ал сүйремді байлап, дайындап бере­тіндер – жоғары класта оқитын Рай­кеева Қаншайым мен Тұрды­шева Зарауқа атты екі әпкем.Мұндағы жұмыс таңның аты­сы­нан күннің батысына дейін біт­­пейді. Түс әлетінде ғана аз-маз демаламыз. Бір қарағанда, сүйрем тарту соншалықты қиын жұмыс емес. Бала үшін атқа мінудің өзі – бір рахат. Алайда, құлқын сәріден қас қарайғанға дейін сүйремді маяға, маядан шөмелеге дейін шет­сіз-шексіз сүйрете беру әрі шар­шатады, әрі жалықтырады; бірақ бәріне шыдайсың, себебі осының бәрі сенің Отанға деген ниетіңді көрсетеді. Ол кезде Отан мен Сталин – бір ұғым. Отанды біз, бізді ол көре қоймағанмен, Сталин төбемізден үнемі төніп тұра­тын тәрізденеді. Біргәдір де, басқа да – бәрі соның көзі мен құлағы сы­қылды: бәрі үрей тудырып бас­қарады. Білетін, білмейтін талай заң мен тәртіптің түйіні – тек ба­ғыну. Үш-төрт күннің ішінде Әліп­байқұланы ерттеуге, қамыт ки­гізіп, сүйремнің арқанын бекітуге – бәріне жаттықтым.Бесінші күні аптап ыстық есім­нен тандыра жаздады. Күннің күй­дірген бұрғысы төбемді тесіп бара жатқандай. Үсті-басымды тер басып, тілім аузыма сыймай кетті. «Әй, көп ұзамай аттан құлайтын шы­ғар­мын!» деп шошыдым. Әйтеуір, намыс па әлде үрей ме, әл­дебір күш құлатпады да, есімнен тандырмады да. Шегіне жеткен шыдамым енді-енді үзіліп кетуге сәл қалғанда, «Жұмыс бітті!» деген сөз мені ажалдан алып қалғандай көрінді. Қалайша өлмей қалғаны­ма өзім қайран қалдым. Осындай хәл екі күн бойы қинады. Екі күн бойы азар шыдадым.Ертесі балағанға жақын арадан мая салдық. Түске таман күн та­ғы шыжыды. Алды-артымнан шар­пыған ыстық табаға салған шыжықтай шыжғырды. Жан сау­ғалайтын таса жоқ. Аттан түссең, жазықтысың; себебі өзге жұрт шы­дағанға сен неге шыдамай­сың?Жұтына-жұтына түкірігім де таусылған тәрізді. Кеберсіген ерін, кепкен көмей, деміммен бір­ге ішімнен от жалын шығатындай.Тақырлап шапқан шабындықта қамзау болар қалқа жоқ. Екі әпкем шет-шетін түйіп басыма кигізген орамалым да мына ыстықтан әне-міне күйіп кететіндей. Самайымнан саулаған тер борбайыма қарай сорғалап құйылады. Әліпбайқұла да аяғын әнтек-тәнтек басады.Маядан оралып келе жат­қа­ным­да, балағанның алдында тұр­ған ақ філәгке көзім түсті. Сонымен арбакеш су таситын. Атымның басын балағанға бұрып тебініп қалып ем, жануар желе жөнелді. Же­те бере қарғып түстім.– Апа, су беріңізші!– Өзің іше ғой, ожау әне тұр.Суды сіміре бергенімде:– Әй, әкеңнің аузы, мына ыс­тық­та атты қинап неге шабасың? – деген біргәдірдің даусы дәл құ­лақ түбінен шаңқ ете қалды. Қа­қалып-шашалып ожауды орнына қоя бергенімде, желкеме қыл­шыл­бырдың ұшы шып ете түсті. Қайта тарт­қанда, мойныма оралған ұшы тамағымды осып кетті. Көзімнің жасы бырш ете қалды. Тәлтіректеп барып Әліпбайқұлаға әзер міндім. Көзімнен парлаған жас омыра­уымды жауып, айналамды түнек қы­лып жіберді. Тізгінге де, сүй­рем­ге де ие бола алмадым. Өксіп ке­лем, өртеніп бара жатқан мойнымды екі алақаныммен кезек-кезек басып келем, екі әпкемнің қасына Әліпбайқұла өзі алып барды. Бәрін анадайдан көріп тұрған екі әпкем құшақтай қау­ма­лап аттан түсірді. Қаншайымның құшағына басымды тығып, өксі­гімді зорға бастым. Зарауқа екеуі тамағымды, желкемді сыйпап, қанталаған жеріне сілекейлерін жа­ғып, орамалдарымен сүртіп, пыс-пыс жылап жүр. «Жылама! Жы­лама! Сен де әлі ержетесің. Ал­дына келтірерсің», – дейді со­ны маған да, өздеріне де демеу қы­лып. Шарасыздықтан екеуі жы­лайды, шарасыздықтан мені жұ­батады.Ақыры көз жасымды жеңіммен бір сүрттім де, Әліпбайқұлаға қай­та міндім. Балағанның тұсынан бұл жолы теріс қарап өттім. Жа­сау­раған көзіме мая да, маяшылар да майысып, қисайып кеткендей көрінді. «Шіркін-ай, әкем аман ке­ліп, біргәдірден кегімді алатын күн болар ма екен, болмас па екен?!» деймін әлі әкемді өлдіге қыя алмай.Тағы үш күннен кейін күн тағы ысыды. Аспан айналып жерге түсті дегеннің дәп өзі. Күн аспаннан емес, дәл қасымыздан күйдіріп тұрғандай. Сүйрем байлап беретін екі әпкеме қарай әрең ілбіп келе жатқам. Кенет атымның аяқ асты шылқ ете түсті. Тоқтай қалдым. Орыл­ған қамыстың орнында ат тұяғы батқан ойыққа жылтырап су толыпты. Атымнан қарғып түстім. Жата қап бас қоя беріп ем, су беті жыпырлаған шыбын-шір­кей, жыбырлаған құрт екен. Терім­ді сүртіп, сірі болған орамалымды су бетіне жаптым да, көзімді жұ­мып сіміріп-сіміріп жібердім. Асы­ғыс атыма қайта мініп үлгер­генім де сол, ту сыртымнан:– Не істедің, ей? – деген біргә­дір­дің зілді даусы зірк ете қалды.– Су іштім.– Іштің бе, тыштың ба?– Іштім.– Қайдан?– Бастаудан.– Қайдағы бастау?– Қамыстың арасындағы.Айналайын Әліпбайқұла әдемі жүрісіне салып жөнеп кеп бергені. Әп-сәтте алыстап барып артыма қа­расам, мен аттан түскен жерде бір­гәдір әлі сілейіп тұр екен.Мен су ішкен «бастауға» сы­йынып тұрған секілденді.Осындай ағалар, сондай заман ба­лалығымызды таптап тастамақ бол­са да, «Қайран бала кез – бал дәу­рен-ай!» деп өстік. Тірі тозақ­тан тіршілігімізді тістене сақтап біз де шықтық, қатыгез заманды қа­пасқа айналдырған біргәдір аға­ларымыз да шықты. «Әй, аналарға су апарып бер­сеңдерші! Шөлдеп өлді ғой!» деу­ге деңгейі жетпеген кісәпір де біргәдір болып қоқаңдады-ау! Бо­лашақ оған бойы жетпейтін биік, ойы жетпейтін алыс еді. Жақ­сының аздығы мен жоқтығы қай заманда да халыққа сор бол­ғанын ойласам, «Әй, дүние-ай!» демеске ылажым жоқ.

Буш пен Саддам

Біздің сегіз, тоғыз жасар күні­міз­де Ақжазықта қирап, құлап жат­қан біраз иесіз тамүй болушы еді. Төбесіндегі белағашы мен шан­жасын, қамысын ашып әкет­кен соң, жалаңаш қабырғалар су шайып опырылып, кемпірдің ке­тік тісінше ыйқы-жыйқы ырсиып жататын. Біз үшін ол таптырмайтын ойын орны еді. Жаздың жайдары бір күні болатын. Кім алысқа секіретінін анықтау үшін, кезек-кезек тамға шығып секіріп түсіп жатқамыз.Кенет сұп-сұр, қабағынан қар жауған бір ағамыз сап ете қалды. Түсінен-ақ түсіндік: жақсылықпен келіп тұрған жоқ. Бәрімізге шүй­ліге қарап шықты. Ығысып, қаш­қақтай беріп ек, шап беріп мені білегімнен ұстай алды.– Кеше біздің үйдің қорасына тас лақтырған сен бе?– Жоқ. Мен сіздің үй жаққа барған адам емеспін.– Барыпсың.  Лақтырған тасың әкемнің аяғына тиіп, ақсап қалды. Сен бармасаң, ол тасты шайтан лақ­тырды ма?– Білмеймін. Мен өмірі ол жақ­қа жолаған емеспін.– Сен жоламағанда, мен жолады ғой деймісің, иттің баласы!Әкесі соғыстан қайтпай қалған балаға бұдан асқан боқтау жоқ-ты.– Өзің иттің баласы! Жағыма шапалақ шарт ете қал­ды. Ду еткен бетім, зырқ еткен жүре­гім көз алдымды бұлдыратып жіберді. Әлім жетпейтіні анық. Жазықсыз жәбірден жан-тәнім өксіп, ыза-кек ішімді өртеп, бу­лық­қан ашудан аяғымды әзер бас­тым. Бұрыла бергенімде, аяғым ат тұяғындай жұмыр қара тасқа тиді. Еңкейе беріп есімді жидым: бір шапалаққа бола бүкіл бетті быт-шыт қылуға бола ма?Осы күнгі жағдаймен салыс­тырсам, ағам АҚШ президенті Буш та, мен Ирак президенті Саддам Хусейн сықылды едім. Буш ағам: «Сен кінәлісің, жаппай қы­рып-жоятын қару жасап жа­тыр­сың», – дейді жазықсыз қара­лап. Мен Саддам: «Жоқ, кінәсізбін, ондай қару жасап жатқан жоқпын», – деймін ақталып. Бірақ Буш әлім­жеттік жасап, ал кеп Иракты ат­қылады ғой. Ақырында Саддам­ның быт-шыты шықты. Мен Саддамнан гөрі сағырақ болып шықтым. Жерге былш түкір­дім де, қара тасты бір теуіп жібер­дім. Ала сап ағама жіберіп қалсам, не құлақ ше­кеге, не қақ маңдайға тиіп, бом­бы жарылған жердей бет-аузы­ның тас-талқаны шығар еді. Қы­рып-жоятын қару қолыма түсіп-ақ тұрған. Алайда, қара тастың сой­қаны мен бір шапалақтың ара сал­мағы адам шошырлықтай ал­шақ екенін аңғара қойдым. Сап ете қалған сұмдық ой сап басылды. Қара тасқа қолымды создыр­ма­ған күшке мен шексіз ризамын: сол күш болмаса, мен бүгін Ақжа­зық­тан шыққан бір жауыз атанып жүретін бе едім, кім біледі?

Бастаңғы

Он үштен он төртке аяқ басқан кезім болса керек. Атам мен апам әлі бар еді. Ең жоғарғы көлденең көшенің батыс жақ шетінде Толыбаев Мұқаметжан деген атамыз тұра­тын. Тоқтасын, Тоқтақын, Тө­­­леген атты үш ұлы, Бәтімхан ат­ты бір қызы болатын. Бәтімхан не менімен жасты, не менен бір жас кіші болар, сірә. Не көктем, не күз айы. Себебі, жерде қар жоқ-ты. Мұ­қаметжан аға бүкіл бала-шаға­сымен қайда кете қойғанын кім білсін, Бәтімхан бастаңғы жасаймын деп, оншақтымызды үйіне ша­қырды. Апама айтып ем, «Е, ба­ра ғой», – деп дорбаға салып бір күлше, бір шикі жілік берді.– Ой, ұят емес пе, соны көтеріп жүрем бе? – деп ем:– Ұят болмайды, бастаңғының жоралғысы солай, – деді.Кеш бата жиналдық. Нүкен, Тел­тай үшеуміз бір класта оқимыз, та­ғы бір-екі ұл бала бар, қалған­дары кілең қыз. Ойын-сауықты Телтай басқарды. Нүкен екеумізге қарағанда, ол сондайға епті еді. Жаңылмасам, әуелі әдемілеп сүт қат­қан шәй іштік. Оны әзірлеп жү­р­ген – Бәтімхан мен Бүбіжан.Әлі есімде, «Хан қандай?», «Көр­­ші-көрші», «Монданақ» де­ген ойын ойнадық. Жүргізуші де, жа­залаушы да, бәрі – Телтайдың өзі.Қыздардың әдемісі – Сайып­жа­мал. Нүкен екеуміздің де қы­зы­ға қарап отырғанымыз – сол. Одан басқа қыз алысуға болатын рудан Жүнісбек ағаның қызы – Рауза (әке­сі бізге жезде болады) және Қа­сенжан ағаның қызы – Клара. Ал Телтайға жол ашық, ол бәрімен қыз алыса беретін рудан. Іштей бәріміз қыздарға ұнасақ деп, ұнатқан қызымыздың көңілін өзімізге бұрсақ деп тырысып-ақ отырмыз. «Көрші-көрші» ойнаған кезде Бәтімхан мен Бүбіжанға болысың­қы­рап жүрген Сайыпжамал қасы­ма келіп отыра қалды. Ашық-жар­­қын, сөзге ұста, әзілі де бар қыз: «Мен Бексұлтанға көрші болам», – деп жариялай жаныма ор­­­на­ласты. Екеуміз бала күнімізде Қай­шының белі деген жерде бірге ой­нап өскенбіз. Ақ құба, аласа бой­лы, дөңгелек жүзді қыз.«Көршіңмен татусың ба, араз­сың ба?», – деді Телтай, қолына бі­­­лелдеп ұстаған орамалын ұруға ың­ғайлап. «Татумыз!», – дедім Сайып­­­­жамалға ыйығымды үйкеп. Тату екенімізді растағандай, ол да маған ыйығын сүйкеді. – Тату­лық­тың белгісін көрсет! – деді Тел­­тай да дікеңдеп.Састым. Не істеймін? Сүйіп ал­ғым келді. Қыз бетімнен қағып жі­берсе, қайтем? Масқара болам ғой. Құшақтайын.Ыйығынан тартып құшақтап ем, қыз да ырқыма көнгендей кө­рін­ді. – Андағың татулықтың белгісі бола алмайды, – деді Телтай оңба­ған.– Енді не болады?– Сүйісу керек.  Мен қызға, қыз маған қарады. Екеуміздің  де көзімізде «қайте­міз?» деген сұрақ.Мен тәуекел еттім. Қыз қаш­қақ­тап, бетін ары алып қашты. Мой­нына оралған сол қолым қыз­дың бетін бері қайырды. Көтеріле беріп бетіне төндім. Ернім ернінің шетін сүйкеп өтті. Оным сүюге жа­та ма, жатпай ма білмеймін, бі­рақ тұла бойымнан өткен ток та­баныма дейін жетті. Өзгеге – өті­рік, маған – шын: аздап басым ай­налғандай болды. Қылығымды қыз құп көрді ме, жоқ па, көзім жетпеді, алайда ерніне ернім тигенін анық білем. Сол бір секөнт бозбаладан еркекке айналдырып жібергендей әсер алдым.– Есеп емес! – деді Телтай тап бір Мүңір-Нәңкір құсап. – Қыз көнген жоқ.– Көндім! – деді кенет Сайыпжамал күтпеген қылық көрсетіп.Телтайдың аузына құм құйылды. Мұндай қуанышты бұрын бастан ке­шіп көрмегем. Көзімнің айнала­сын ыстық жалын көмкеріп кетті. Батыр да мен, бақытты да мен, еш­кім өзіне тең келмейтін, еш­кім­ді өзіне теңгермейтін керемет жағ­дайға кенелдім де қалдым. Қыз­дың құдіреті қыйапат екен: көк­те де емес, жерде де емес, ешкім же­те алмайтын, таба алмайтын жұ­маққа тап келгендеймін. Елті­ген күйімді «Мен аразбын», – деген Нүкеннің даусы бұзып жіберді.– Кімнің көршісін сұрайсың?Тап соны күтіп тұрғандай, Тел­тай тақ ете қалды.– Бекен көршісін берсін. – Атам мен апам «Бекентай», «Бекежаным» дей берген соң, ауыл­д­а­ғы­лардың көбі мені «Бекен» дей­тін.– Бересің бе?– Бермеймін.– Бермейді. Не бұйырасың?– Жеті дүре. Алақанымды тостым. Телтай «жауыз» өші бардай тоқпақтады. Алақаным от болып жанды. Бірақ былқ етпей шыдадым. Ауырып тұр­са да, ауыра қоймағандай ала­қа­нымды бір сүйіп қойдым. «Мен де сүйіп қояйын ба?», – деді Сайып­­жамал сыбыр етіп. «Сүйші!» – дедім сүйсініп. «Кейін», – деді де, алақанымды алақанымен ақы­рын ғана сыйпады. Тұла бойым­ды ара­лай жөнелген ыстық жалын қай­да барарын, қайдан шығарын із­дегендей жанталасып кетті. Жі­бек пен Баян үшін басын тіккен Тө­леген мен Қозы Көрпешті тек сон­дай сәтте түсінеді екенсің. Он­дай күйді басынан кешпеген адам бақыт дегеннің не екенін елестете де алмай өтетін шығар, кім біле­ді?!Бір кезде Монданақ ойнадық. Бәріміз шеңбер құра аяғымызды ал­дыға созып, тіземізді бүгіп отыр­дық та, оңға-солға ырғала оты­рып: «Әне кетті монданақ, мі­не кетті монданақ», – деп қо­лы­мызды балтырымыздың астынан жүгіртіп, бір-бірімізге орамалды беріп жатқандай қимыл жасаймыз. Телтай ортада тұрып, орамал­ды дәл тауып алуы керек. Тапса, орамалмен бір салып кетіп, сені ортаға шығарады да, өзі сенің ор­ныңа отырады. Таппаса, соры қай­нап, балтырымыздың астынан өт­кізіп жатқан орамалды тағы із­деуге тиіс. Біз  де әр түрлі әрекетпен оны алдауға тырысамыз. Ол теріс қа­рап тұрған кезде орамалмен ар­қасынан бір салып кетіп, орамалды қайта тыға қоямыз. Сөйтіп отыр­ғанда, Сайыпжамал алақа­ным­ды үш дүркін сыйпап-сыйпап қойды. «Мен үшін таяқ жеген алақан ғой», – дегені. Апырмай, не деген ғажап сәт!? Айтып жеткізе алмайтын айрықша сәт.Өмір бойы ұмытылмайтын сәт.«Бастаңғы» деген сөз «бастау» дегеннен туындаған болу керек. Сол бастаңғыдан басталған сезім менімен бірге ержетті, Сайыпжамалмен бірге бойжетті. Сонда мен оған хат жаздым:«Шалқайтып сені құшқанда, Еңкейдім ійіп басты да.Сенімен бірге аспан да,Бір аунап түсті-ау астыма», – деппін.Әрине, әдемі өлең емес. Бірақ ода ақылы аз, сезімі мол бір шын-дық бар. Бозбала күнімді жігітікке жетектеп әкелген шындық. Мен оған басымды ием.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір