…Жылылық, лебіңе жүрем жылынып…
21.07.2017
1318
0

«Мына дүниеде беті ұрпақ үшін күрестің ұлы сахнасы. Ал әйел сол сахнадағы басты кейіпкер. Өйткені, ол тіршіліктің тұтқасы», – дейді «Алашфильм» киностудиясы түсірген толықметражды «Үт» фильмінің кейіпкері. Осыдан бірнеше жыл уақыт бұрын көрерменге жол тартқан бұл фильм жайлы қайыра оралған себебіміз – жақында ғана теледидар экранынан осы киноны көзіміз шалып қалып, бір-бірінен жылу іздеген кішкене тағдырлар еске қайта түсті.


Жеке шаруа қожалығының басшысы, төрт құбыласы түгел, үйі жайы бар, тұрмыс-тіршілігі жақсы, «барында оралыңның ойна да күл» дегенді құдай қосқан қосағынан сырт өзге біреумен көңіл көтеру ғана деп ұғынатын Бе­гай­дардың айналасына топтасқан кішкентай тағ­дыр­лардың үлкен армандарын байқайсыз. Байырғы про­фес­сор, қазіргі малшы Күреңбай атай, үй қызметкері, жал­ғызілікті Қатша, әкесіз өсіп келе жатқан Қатшаның ұлы Мырзағұл секілді кейіпкерлердің қоңыр тірлігі, ас­қаралы армандары мен өткен-кеткен жайттарды әң­гімелей отырып, әлдебір жылуды аңсайтын іңкәрлігі ки­нода өтте сәтті берілген. Бегайдардың келіншегі, ая­ғы ауыр Айша – байырғының жердің жыртығын жа­мап отыратын аналарындай. Әркімге де қамқор, әркімге де мейірімін төгіп жүретін бейне. Айша кім-кімнің де жү­регін жылытып қоя беретін іс-әрекеттен қашқан емес. Бірде Күреңбайға кітап қап тігіп сыйлайды, келесіде бала Мырзағұлға ұялы телефон сатып алуға қажет аз-мұз ақша береді… Алайда, кино кейіпкерлерінің әрқай­сысының бір пенделігі, бір «күнәсі» бар. Әрқайсысы өз аяулысы – жүрегін, жанын аялай тұра, болмас тұстан кейде әдейі, кейде білмей шалыс басады. Кейбірі тағ­дырына көндіккен, бойкүйез біреу.
Фильм толық аяқталмай қалғандай әсер береді. Се­бебі, Айшаның баласы өмірге келді ме, келмеді ме – белгісіз. Кадр осы жерден қиылып түскендей. Бұл жайында фильмнің режиссері Кенжебай Дүйсембай­ұлы: – Фильмде кейіпкерлеріміз қатыгез өмірден көңілін жадыратар жан жылуын іздейді. Адами мәң­гілік құндылықтарға деген құрметті дәріптеуге ұмтылдық. Ана болмысын ұлықтау – киноның негізгі мақсаты. Қазақы ауылда, қазақы ұғымға ыңғай­ластырылған шиеленісті оқиғаның тұла бойын махаббат пен ғадауат, зұлымдық пен ізгілік кернеп тұр. Фильмде нәзік жанды, жұмбақ болмысты қайсар әйелдің ұрпақ үшін күресі, оның маңайдағы күйкі тірлік қамымен жүрген барлық пенделерді өмір, тағдыр, ұрпақ деген қасиетті құнды­лықтар төңірегіне топтастыруға ұмтылатынын байқай­мыз. Иә, Айшаның өмірге баланы әкеліп, Бегайдардың өз қателігін түсініп, басқалардың да тәубеге келіп, тып-ты­ныш, шат-шадыман тірлік кешіп жатқанын суреттеуге де болар еді. Олай болғанда фильм үнді киносының не­месе сабын сериалдарының сценарийін қайталап ке­тер еді. Әр көрерменнің өз ойы, түйсігі, сезімі болады. Кө­рерменге бәрін шайнап берудің қажеті жоқ. Сон­дық­тан біз соңғы шешімді көрерменнің еркіне қалдырдық, – дейді.
Енді, киноның аты туралы бірер сөз. Себебі, кинос­цена­рий авторы Асыл Құдайбергенов киноның аты таза символикалық мағынаға ие екенін айтады. Көне жұлдыздық есепте қазақ наурыз айын «үт» деп те атаған. Дәл осы айда ауа райының жылынатынына байланыс­ты, «үт кірді, үсік шықты» деп айтатын болыпты. Кей­де жабықтан түскен күн сәулесінен көрінетін тозаңды да үт деп атаған. Бір ғажабы, күн сәулесі қыс айларында да терезеден түскенімен ұсақ тозаң көрінбейді. Ол тек нау­рыз айынан бастап қана үй ішінде сәулелі жолақ жасап тұрады. Бұл жолақ сәулені көргенде көне көз қариялар «е, жарықтық үт те туды-ау!» деп көңіл демдеп оты­рады екен. Кинода да үттің кіргені, демек, кино кейіп­керлерінің өміріне құт келуінің мәнін ұрпақ са­бақ­тастығы, ұрпақ жалғастығымен байланыстырады.
– Кинотүсірушінің бірнеше мақсаты болады. Мә­селе, біреу осы кино арқылы атымды шығарсам, екін­шісі ақша тапсам дейді. Біз осы киноға түскенде жо­ғары­дағы екі мақсатқа емес, ең бастысы идеяға сендік. Ки­ноның айналасында топтасқан жас мамандар, кәсіби ак­терлер, ең алдымен, өнер үшін қызмет етті. Әрине, кинода кемшілік жоқ демеймін. Біз, ең бастысы, өмірді көрсетуге тырыстық.
Біздің кейіпкерлер киноның өне бойында әлдебір жылу­ды аңсайды. Ол – отбасыдан, Анадан келер жылу болуы да мүмкін. Біз үшін неге әже, ана образы сон­шалықты ыстық? Себебі, біз олардан жанымызға керек жылуды алдық. Біздің өмірімізге жы­лылық қаншалықты керек болса, әйелден келетін жылу­ды да соншалықты аңсаймыз, – дейді А.Құдай­бергенов.
Фильмнің продюсері – Бейбіт Бейсекеш. Толық­метражды көркемфильм «Алашфильм» киностудия­сының қаржыландыруымен түсірілген. Көркем фильм­дер, ғылыми-көпшілік, тарихи тақырыптардағы де­ректі киноларды түсіргісі келетін талантты жандардың тың идеяларын жүзеге асыру мақсатында құрылған «Алашфильм» компаниясы бұдан кейін де қазақы болмыстағы, қазақ жанына үңілген кинотуындылар жасауға ниетті екенін айтады.
Қа­зақы тұрмыс-тіршілікті боямасыз көрсеткен, бүгінгі қа­зақтың қалпын бейнелеген дүниелердің қалтарыста қа­лып қоятыны жанға батады. Қазақы тіршілік пен қа­зақы болмысты бейнелейтін кинолардың қазақ экрандарынан көптеп көрсетілгені өз-өзіміздің жүре­гімізге үңілгеніміз емес пе?

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір