«Алмас қылыштың» жалғасы түсіріледі
14.07.2017
1277
0

«Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесері Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы Астана және Алматы қалаларында өткен болатын. 2017 жылы  5 қаңтарда жалпы ұлттық прокатқа шыққан аталмыш толықметражды көркем фильм, қазақстандық прокатта 72 млн. аса қаржы жинап, көшбасшылар қатарынан көрінді. Жалпы алғанда, 2,5 мыңнан аса сеанс, оның 60% қазақ тілінде, ал 40% орыс тілінде көрсетілді.

Енді міне, Шәкен Айманов атындағы «Қа­зақфильм» киностудиясында ор­на­ласқан «Қазақ хандығы» көп сериалы  тарихи туындысының  түсірілімдері үшін ар­найы тұрғызылған «Сығанақ қаласы» де­корациясында режиссер Рүстем Әбді­раштың «Алмас қылыш» фильмінің DVD дискісінің тұсаукесері өтті. «Қазақ  ханды­ғы» киносериалының  кинонұсқасы – «Алмас қылыш» фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «CentauRus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қа­тысуы­мен жарыққа шық­қан. Бұл ауқымды жоба­ның идея авторы – ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев. Фильмнің сценарийі Ілияс Есен­берлиннің «Алмас қылыш» романының негізінде  жазыл­ған.
«Алмас қылыш» фильмі DVD дискісінің тұсаукесер рә­сіміне фильмнің режиссері, Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген қайраткері Рүс­тем Әбдіраш, картинаның Бас продюсері Арман Әсенов, «Қа­зақфильм» киностудиясы мен «Меломан» компаниясының өкілдері, сондай-ақ түсірілім то­бы қатысты.
– «Алмас қылыш» фильмін кө­ре алмай қалған және бұл фильм­ді қайта көргісі келетін кө­рермендердің көптеген сұра­ныстары бойынша, біз «Меломан» компаниясымен бірлесе отырып, осы фильмнің DVD дис­кін шығарып отырмыз. Дис­кіден фильмді қазақ және орыс тілдерінде, сонымен қатар, ағылшын тіліндегі субтитрлар арқылы көруге болады, – деген режиссер Рүстем Әбді­раш «Қа­зақ хандығы» сериа­лының екін­ші маусымының түсірілім жұмыстары 2017 жылдың қыркүйегінде басталатыны туралы айтып өтті:
– Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әлеуметтің дамуы мен рухани жаңғыруы төңірегінде өзекті мәселелерге тоқталып кетті. Біз – киногерлер мемлекетіміз бен ұлтымыздың рухани жаңғыруы жолында еңбек етеміз. Мақалада айтылған аспектілердің бірі – тарихқа бай өткенімізге үңілу. Төл тарихымызды тарихшылар зерттеп қана қоймай, қалың жұртшылық арасында кең насихатталуы тиіс. Тарихи сериалды жарыққа шығару – тарихымызды танудағы маңызды қа­дамдардың бірі. Осы жобаның жалғасы түсі­рілгенін біз де, қарапайым көрермендер де қалап отыр. Мен үшін бұндай жобаны түсіру – үлкен жауапкершілік пен мақта­ныш. Сондықтан да «Қазақ хандығы. Алтын тақ» деген шартты атаумен сериалдың екінші маусымын қолға алғанымыз туралы қуана хабарлаймыз, – деді режиссер.
Режиссердің айтуы бойынша, екінші мау­сымда оқиға Жәнібек ханның қайтыс болуына дейінгі аралықты қамтиды.  Жаңа маусымның сценарий авторлары да бұрынғы сценаристер болмақ. Олар: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдіраш. Сонымен қатар, режиссер екінші маусымда не­гізгі актерлерден басқа тағы 5-6 кейіп­керлердің қосылатынын мәлімдеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір