Рухани жаңғыру және қазіргі тарих ғылымы
14.07.2017
4059
0

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

ҚР ҰҒА академигі


Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы екі стратегиялық міндетті күн тәртібіне қойды: біріншісі – ұлттық сананы заманауи биікке көтеру үдерісінде қазақтың қазақ қалпынан айырылып қалмау; екіншісі – жаңаша жаңғыру үстіндегі әлемдік өркениет тұлпарының құйрығынан емес, жалынан ұстап, тәуелсіз еліміз бен халқымызды тарих шаңына көмілуден сақтау, ең дамыған 30 елдің қатарына ену. 

Қос міндетті шешу үшін экономика, саясат, ұлттық қауіпсіздік, әлеуметтік инф­­ра­құрылым, биік технологиялар қан­ша­лық­ты маңызды болса, қоғамдық-гума­ни­тарлық ғылымдар да соншалықты қажет. Ай­талық, қазақтың қазақ екенін ай­шық­тайтын ұлттық код болмысын түсінуге фи­зи­ка, химия, биология, генетика ғылымдары аз­ды-көпті шылбыр ұста­татыны рас-ау, бі­рақ тарих, тіл, мә­дениет, философия, этнология, әдебиет­тану ғылымдарынсыз қайдан шыққа­ны­мыз­ды, қандай белестерден өтке­ні­мізді, тапқанымыз бен жоғалтқаны­мыз­ды дұрыс ұғынудан қалып, Лин Баоны Елі­­баймен, Абылайды некесіз туған ұлмен ша­тастырған адасуларға жол береміз. Демек, бағдарламалық мақаладағы: «егер жаң­ғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», де­ген тұжырымда теориялық, методология­лық, танымдық зор әлеует жатыр.
Рухани жаңғыруға серпін беретін кө­шелі ғылым – тарих ғылымы. Ұлы далада тарихи ілім мен сана сақ заманында-ақ жо­ғары ба­ға­ланғанын Геродот шығарма­лары куә­лен­ді­реді. Тарихқа тағзым кейін­де де бір мыс­қал кеміген жоқ. Бабаларымыз тәрізді та­­­рихтан ұрпақ сабақтастығын көру­деміз, оны өркениеттік, ұлттық, руха­ни кемел­дік­тің кепілі ретінде құрмет­тей­міз. Тарихи ақи­­қат пен тарих ғылымдары­ның арасынан қыл өтпейтін тұтастыққа қол жеткенде ру­ха­ни жаңғырудың тынысы ашылары сөз­сіз.
Қай қоғамда болмасын, ғылымның іл­­герілеуі мен іркілісі, нәтижелері мен жаңа­­лық­тары адам факторына тәуелді. Та­рих ғылымында да солай. Нақты мы­сал­дарға жүгінсек, тоталитарлық қыс­пақ­та жүріп-ақ С.Асфендиаров, Т.Рыс­құлов, Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, О.Ысмағұлов сынды ға­лым­дар өлмес зерттеулерін жаз­ған жоқ па! Әри­не, мемлекеттің ғылымға қа­тысты саясаты көп мәселені анықтай­ты­нын жоққа шы­ғар­маймыз. Әйтпесе отар­лық дәуірдегі Қа­зақ­станда кәсіби тарих­шы даярлайтын бірде-бір оқу орны болмағанын қайтіп түсінуге болады. Есе­сіне кеңестік жылдары ашылған тарих ф­а­культеттері мен кафедралары, ҒЗИ-лары қатаң партиялық, идеологиялық ба­қылаудан көз ашпады.
Тарихшылар үшін нағыз шығарма­шы­лық ер­кіндік тәуелсіздікпен келді. Зерттеуге тыйым салынған тақырыптар мен құ­жаттар тар қапастан жарыққа шықты, жаңа ма­ман­дықтар ашылды, шетелдік әріптестермен кә­сіби байланыс ұлғайды.
Қазақстандық тарих ғылымының бү­гін­гі адами әлеуетін 200-ге жуық ғылым док­торлары мен 800-ден астам ғылым кан­дидат­тары құрайды. Олар жүздеген ка­федра­­ларда, он­даған ҒЗИ-ларда шоғыр­лан­ған. Ар­а­ларын­­да ҰҒА-ның 8 академигі, 4 мүше-кор­рес­понденті бар. Тарихшы ғалымдардың не­гізгі дені тәуелсіздік тұ­сын­да ғылыми атақ-дәрежелерін алғанмен, үздік нә­тиж­е­ле­рімен көзге түсіп жүргендері ма­ман ретін­де кеңестік дәуірде қалып­тас­қандар. Тәуел­сіз Қазақстанда туып, тарихшы мамандығын иеленген жастар ғылымға енді келе бастады. Алдағы 8-10 жылдан кейін бұлардан жас Қозыбаев, Ақышев, Ар­ғынбаев, Нұрпейіс, Сү­лейменов шыға бас­таса, ұстаздарына айтар алғысымыз шек­сіз.
Формациялық, танымдық, құндылық тұрғысынан өтпелі дәуірге тап болған аға буын тарихшылар қауымын интеллектуалды қазынаға қосқан үлесіне қарай үш топқа жік­теуге болады. Бірінші топ әлеуметтік-кә­сіби қызметінде, ізденісінде алға да шы­ғып кетпеді, артта да қалып қойған жоқ. Дис­сертацияларында, мақалаларында, тіп­ті монографияларында бұрыннан белгілі немесе жаңадан ашылған қағидалар, фак­ті­лер, үдерістер қайталанды. Кейбіреу­лері, әсі­ресе КОКП тарихынан диссертация қор­ғағандар тарихқа материалистік, таптық көз­қарастарынан арыла алмады. Бұлар со­ған қарамастан тарих ғылымы мен тарихи білімнің еңбекқор насихатшылары еді. Ба­сым бөлігі ЖОО-ларда еңбек етіп, қоғамдық тарихи сананы қалыптастыру міндетін абыроймен атқара алды. Тұтастай алғанда, Елбасы мақаласының рухында айтсақ, оқу анасы – қайталауды ұлықтағанымен өмір­дегі өзгеріске шығармашылығы бейімдел­мегендер тобы өсіп шықты.
Бірақ бұлар ғылымның соры емес еді. Ғы­лымның соры екінші топ – плагиаторлар, яғни сумақайлар. Білетіндердің ай­туын­ша, соңғы жылдары ғана ғылымдағы жем­қорлар 5 млрд теңгені жымқырыпты. Қа­зіргі тарихшы ғалымдар қатарында ша­ма­мен әрбір бесінші жан – сумақай. Әш­кереленгендері – бір  тоғыз, әшкереленбеген­дері үйірімен үш тоғыз. Бірен-сараны үл­кенді-кішілі ғылыми-педагогикалық немесе ғылыми ұжымды басқарып отыр.
Сумақайлар рухани жаңғыруға олжа салмайды, бірақ жалған ұраншылдығымен, жылпостығымен ғылымдағы әлеуметтік-кәсіби және рухани-имандық тазалықты бір қарын майдағы құмалақтай шірітері сөзсіз. Кеңестік жылдары әрбір он ғылым кандидатына бір ғылым докторынан ке­летін. Бүгінде ол арақатынас 1:4-ке жетті. Ғылым докторларының көбейгені емес, лайықсыздарының жойдасыз тайраңдауы алаңдаушылық туғызуда. Ғалымның да, ғылымның да қадірін кетіргендер – осылар. Төніп келе жатқан апаттан интеллектуалдық әлеуеті құтқару үшін ЖОО-ның үш сатылы жүйесіне, Ғылым академиясын қоғамдық бір­лестікке көшіруге мәжбүр болдық.Ел­басының мақаласында айтылған, «бізге ин­женерлер мен дәрігерлер ғана емес, қа­зіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет», деген сөзден кемеңгерлікті көремін.
Рухани жаңғыру үдерісінің алдыңғы ше­бінде әлеуметтік-кәсіби жаңғыруды әл­деқашан бастарынан өткерген тарихшылар тобы келе жатыр. Бұлар ғылымға жегілген әріптестерінің үштен бірін құрайды. Арасында дүниеден озғандар да бар. Мәселен, тәуелсіздік таңы атқанда академик М. Қо­зы­баевтың жасы 60-тан асып кеткен болатын. Қырандай қайта түледі. Азаттықтың он жылы ішінде бұрынғыдан да өнімді ең­бек ете алды, баға жетпес мұра қалдырды. Ал бүгінгі академик Б. Байтанаев 1991 жы­лы орда бұзар отызға енді ғана кірген еді. Отан тарихы мамандығын археологияға ал­мастырған ол іргелі зерттеулерін дүниеге әкелу­де.
Нағыз ғалым атағына лайықтылардың еңбегімен отандық тарих ғылымының теориялық, методологиялық, деректік не­гіздері жаңаша түледі, өткеніміздің ғылыми кел­беті «ақтаңдақтардан» арылды, қиянатқа ұшыраған тұлғалардың есімі мен ісі хал­қымен қайта қауышты, тарихи ой-сана дұ­рыс қалыптасуда, ұлттық тарих пен ғы­лымның халықаралық танымалдығы артты. Рухани жаңғыру жайлы мақалада: «біз­дің әлеуметтік және гуманитарлық бі­ліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің ая­сында шектеліп, дүниеге бір ғана көз­қараспен қарауға мәжбүр болдық» делінген. Жаңашыл да жасампаз тарихшы ғылымдар осы құрсауды бұзды. Сонысымен жас пен кә­рінің азаттыққа адалдығын, жер мен тілге құрметін, азаматтардың бірлігі мен ынтымағын, тәуелсіздіктің интеллектуал­дық іргетасын нығайтты.
«Өлеңге әркімнің де бар таласы» деген­дейін, ұлттық тарихымызға басқа сала мен ма­мандық иелерінің ден қоюы үлкен құ­бы­лысқа айналып отыр. Араларында әуес­қой да, әуесқой емес те, терең ойлы да зерт­теу­шілер бар. Бұлар – тарих ғылымы мен ға­лым­дарының құрамдас бөлігі.
Елбасымыз бүгінгі замандастарымыз­дың жетістіктері тарихына назар аударуды ұсын­ғаны белгілі. Бұл идеяны «Қазақ­стан­дағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырғанды жөн санап отыр. Осы орайда «жаңа есім» мәртебесіне лайық 100 тарихшы ғалым жайлы кітап шығаратын уақыт келді деп білемін.
Қазіргі тарих ғылымында кінәрат жоқ деген ойдан аулақпын. Ақиқаттан ауылы алыс, сана мен жүрекке берер нәрі жоқ, ой­сыз шатылған кітаптар жетіп артылады. Кейбіреулерінің авторына Нобель сый­лығының сайқымазақ нұсқасы Шнобель сыйлығын беруге болады. Ғалымдардың аты­на орынды-орынсыз сын да айтылуда. Қалай десек те, шын сыннан қорытынды шы­ғарудың реті келіп тұр. Біріншіден, уа­қытты ұттырмай, рухани жаңғыру бағ­дар­ламасы аясында тарих ғылымының әлемдік кеңістігіне ену жолдарын тапқан жөн. Бұл үшін қазақстандық шеңберден шығып, тарихи зерттеулер жобасына халықаралық кон­курс жариялау керек. Бәсекелік орта адам­ды ширатады.
Екіншіден, ең бастысы – жоба нә­ти­же­лері іргелі монография, оқулық, құжаттар жи­нағы, соны жаңалық түрінде қалың оқыр­ман құзырына ұсынылғаны. Бұған дейін жобалар өкілетті органға есеп берумен аяқталып келді. Өзін ақтамаған осынау тә­жірибеден қол үзген жөн.
Үшіншіден, жобаның орындаушысын анық­тағанда ҒЗИ-ларға басымдық берген дұрыс. Біз ЖОО-лардың қабілет-қарымына сен­бей отырған жоқпыз. Үлкен педаго­ги­ка­лық жүктемемен жүрген профессор-оқыту­шылар ғылыми жобаны дер кезінде әрі са­па­лы орындай алмай қалуы бек мүмкін де­ген қаупіміз бар. Көз жеткізу үшін экспе­римент жүргізсе, артықтық етпейді. Мә­селен, бір жобаны екі ұжымға – ҒЗИ мен ЖОО тарихшыларына беріп, қайсының нә­тижелері өрелі екенін анықтау арқылы.
Төртіншіден, ғылым кеңістігінде ағыл­шын тілі үстемдік құрып тұрғандықтан үздік тарихи зерттеулерді ағылшыншаға ау­дарудың мүмкіншілігін арттырған абзал. Ұсынысымыз «Қазақстан-2050», Үшінші жаң­ғыру стратегияларымен үндесіп тұр. Ал­дағы 10-15 жыл бойы осы мақсатқа мем­ле­кет қаржы бөлсе, әлемдегі интеллек­туал­дық танымалдығымыз артары сөзсіз. 2030 жылдан әріде тарих ғылымына шет тілін еркін меңгерген мамандар келумен мәселе өзінен өзі шешіледі.
Бесіншіден, нарықтың көздегені мен өл­шемі – табыс. Гуманитарлық ғылым ие­сінің табысы, айлығының мөлшері еш сын көтермейді. Тарихи зерттеулерді коммерциялау тетігін әзірге ешкім тапқан жоқ. Сон­дықтан тарих ғылымын нарыққа жы­ғып бермеу үшін мемлекет тарапынан шұ­ғыл шара қолданылмаса, бүгінгі әлеуетті сақтап қалу, ғылымға талантты жастарды тарту қиынның қиыны болғалы тұр.
Алтыншыдан, ғылымның көсегесін кө­гертетін факторлар көп. Соның ішінде екеуі аса маңызды: бірі – ғылымның ішкі сұра­ны­сы, өзекті зерттеуді қажетсінуі, екіншісі – билік тарапынан мемлекеттік ғылыми тап­сырысты біліктілікпен түзуі. Екеуі тепе-тең­дігі мен үйлесімін тапқанда интеллек­туал­дық серпіліс туады.
Өкінішке қарай, қазіргі тарих ғылымын­да та­разы басы тең емес. Тарихшылардың, яғ­ни төмендегілердің, сұранысы да, ұсынысы да баршылық. Тұтастай алғанда, қандай та­қырыпты зерттеу керектігін әрбір ғалым өзін­ше анықтауда. Ғалым атын жамылған на­сихатшылар мен сумақайлар бар екенін ес­керсек, олардың жобалары қарақан ба­сының қамынан аспайтынын мойындауымыз керек. Ал жобалардың озығын қолдауға, тозығын сылып тастауға жоғарыдағы Ғы­лым комитеті қауқарсыз, Ұлттық ғылыми кеңестің мүмкіншілігі шектеулі. Ғылым комитеті ғылыми жобаны ұсына да, іріктей де алмайды, яғни мемле­кеттік тапсырыс беруден тыс қалған. Ішкі құрылымы нақты ғылым саласымен айна­лы­суға бағыштал­маған. Ұлттық ғылыми кеңес тәуелсіз эксперттер жобаға қойған бағадан асуға құқығы жоқ. Түптеп келгенде, ғылымға мемлекет атынан басшылық жасайтын өкілетті орган бар болғанымен оның құзыреті міндетіне сәйкес емес. Ендеше, қазіргі тарих ғылы­мындағы жасампаз әлеуеттің толық ашылмауына басты себеп – оны ұйымдастырудың, іргелі нәтижеге жегудің мемлекеттік моделі түзілмегені. Қоғамдық-гуманитарлық ғы­лымдар билік­тің араласуын мейлінше азай­туды талап ететін экономика, кәсіпкерлік емес. Бұл салада билік пен интеллектуалдық элита­ның одағы мен бірлесе қимылдауы мей­лінше маңызды. Әзірге ақиқаттың қи­сынынан ғалымның қалауы үстем түсуде, ғы­лыми жобалардың өзара байланысы мен са­бақтастығы сақталмай, ала-құла ізденіс­терге жол ашылуда. Бас-басына би болған­ның кері ғылымды басиесіз қалдырды, жем­қор мен сумақайдың күні туды.
Ахуалды тез арада сауықтындырмаса, ру­хани жаңғыру, Елбасы ескерткендей, құр жаңғырыққа айналып кету қаупі бар. Менің ойымша, «Ғылым туралы» Заңға тиісті өз­герістер енгізіп, Ғылым министрлігін бө­лек шығару қажеттілігі әбден пісіп-жетілді. Жаңа өкілетті органның ішкі құрылымы бұрынғы Ғылым академиясының бөлімше­лері­не мейлінше жақын болғаны жөн. ҰҒА академиктері мен мүше-корреспондент­тері­нің ғылыми жобаларға алдын-ала сараптама жасаудағы рөлін күшейтуден еш ұтылмаймыз.
Дербес ғылым министрлігінің қажетті­лігін жалаң статистикадан да байқауға болады: ғылыммен 20-25 мың адам айналысады, ал білім саласындағылар бұдан жүз есе көп. Әрине, жүздің  жырымен жүрген ми­нистр­ліктің бір пайызға бөлер  уақыты да, күш-қуаты да бола  бермейді. Иә, біреу үшін  біз қазір бір пайыз ғанамыз, бірақ сол бір пайыз да жүз пайыз ықылас пен қолдауға зәру.
Ең бастысы – Елбасы ұлықтаған рухани жаң­ғырудың таяу жылдардағы алты міндет-жобасымен (қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ ті­ліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қа­зақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстан­дық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім») қоғамдық-гуманитарлық ғылым­дар­дың, оның ішінде тарих ғылымының да аясы шектелмеуі керек. Тек осы жобаларға ғана қаражат бөлінетін болса, біраз ма­мандықтан айрылып қаламыз. Мақаланың егжей-тегжейлі бағдарлама емес, бағдар екенін қаперден шығармайық.
Рухани жаңғыру ұзақ уақытты талап ете­ді. Оған септесетін тарих ғылымы бір қа­дам болса да үдерістің алдында жүргені дұрыс. Үзіліссіз жұмыс істеуге даяр адами ка­питал бар, соны ұқсататын саясат пен би­лікке сұраныс күн санап артуда.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір