ҰСТАЗ
11.07.2017
2245
0

Танымалдылықты Тәңірден бір сұрап, адамнан бір сұрап иемдене алмай жүргендер қаншама. Ал біздің кейіпкерімізге мұндай бедел өз қалауынан да тысқары жағдайда келді деуге толық негіз бар. Бұл сөзімізге мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың білікті ұстаз Аягүл Төреқызы Миразоваға Еңбек Ері атағын беру туралы Жарлығы куә. Себебі, елдегі ең жоғарғы билік инстанциясына ешқандай жалғандықтың құзыры жүрмейтіні айтпаса да белгілі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы тұңғыш Еңбек Ері атағы елге еңбегі сіңген көрнекті екі тұлғаға берілді. Олардың бірі – әдебиетіміздің классигі Әбіш Кекілбаев, екіншісі – елге белгілі ұстаз Аягүл Миразова болатын.
Елдің түсінігінде Әбіш Кекілбаев – әдебиеттің классигі болса, Аягүл Миразова – педагогиканың классигі.


Жаңаша оқытудың негізгі ат­қарушы күші – жас ұстаздар. Дегенмен, педагогикалық институт бі­тірген көптеген жас мұғалімдер қа­зіргі кезде мектепке жұмысқа бару­ға онша құлық таныта бер­мей­ді. Өйткені, мұғалімдердің қазіргі жалақысы бүгінгі тұрмыс­тық қа­жет­тілікті өтеуге жеткіліксіз. Сон­дық­тан мамандығы бойынша жұ­мыс­қа келгендердің біразы көп ұза­май басқа салаға ауысып жатады.
Оның үстіне мұғалімдерді аттестациялау деген шаруа тағы бар. Осының бәрі жас мұғалімдерді білім беру ұйымдарынан шеттетеді деп есептейді тәжірибелі педагог.
Ол кісінің айтуынша, он жылға дейінгі өтілі жоқ мұғалімдерге тұрақты жалақы төлеу тәртібін енгізу қажет. Ал одан кейінгі жалақының өсу шарттары бюджетке қатысты анықталса, құба-құп.
Өкінішке қарай, қазір жалақы­ны есептеу тәртібінде жұмыс өтілі 20 жылдан асқан мамандардың еңбегі көп жағдайда ескеріле бермейді. Осындай олқылықтар­дың жиынтығы түптің түбінде білім беру жүйесіндегі кемшілік­терге әкеліп соғады деп есептейді Аягүл Миразова.
Тәжірибелі маманның пайымынша, ұстаздың кәсіби білігі, одан да бетер танымдық білігі – саланы өркендетудің басты кепілі. Әсіресе, оның жас ұстаздарға қаты­сы үлкен. Өкінішке қарай, қазіргі педагоги­калық оқу орындарын бі­тіріп келген жас ұстаздардың білім деңгейі заманауи білім беру жүйе­сінің реформаларын жүзеге асыру талабын қанағаттандыра алмай отыр.
Аягүл Төреқызы мұның сырын қазір қоғам арасында екіұдай пікір тудырып отырған ҰБТ төңірегіндегі күрделі жағдайдан іздейді. Себебі, ҰБТ-ның жағдайын министрлікте отырған мамандардан гөрі тікелей осы шаруаға іс жүзінде басшылық жасап отырған маман педагогтың жетік білуі заңды.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір педагогикалық оқу орындарына негізінен ҰБТ жүйесі бойынша 50-60 балл жинаған түлектер қабылданып жатады. Ал ондай шәкірттің басты мақсаты – түптің түбінде мектепке келіп, оқыту­шы­лық­пен айналысу емес. Оларға керегі – базалық білімі бар деген диплом алу ғана.
Соған орай, тәжірибелі ұстаз болашақта ұстаз болатын нағыз мамандарды білімді түлектер арасынан іріктеп таңдау керек деп есептейді. Алда-жалда мұғалімнің жалақысы молайса, қазіргідей мұ­ғалімдер тапшылығын бастан кешпес едік, керісінше мұғалімдік орын тапшы болар еді деп тұжы­рымдайды Аягүл Төреқызы.

***
Аягүл Миразованы толған­ды­рып отырған тағы да бір мәселе бар. Ол – әлі де болса басынан дау арылмай тұрған, тың үдерістер мен әлемдік деңгейдегі реформалардың қарсаңында тұрған білім беру саласының бұқаралық ақпарат құралдарындағы насихаты.
Тәжірибелі ұстаз алдымен са­лаға байланысты сол саланың қыр-сырын жетік білмейтіндердің қоғамдық пікір тудыруына қын­жылады. Қазіргі қолданыстағы ең танымал ақпарат құралы – теледидар. Газет-журналды жұрт тегіс оқи беруі де күмән тудырады. Ал теледидарды үлкендерді айтпаған­да, салаға тікелей қатысы бар балалар да жаппай көріп, ондағы жақ­сылы-жаманды пікірлерді бойына сіңіреді.
Аягүл Миразованың айтуынша, телеарналар кейінгі кезде мек­тептердегі қол жеткен табыстардан гөрі кездейсоқ, келеңсіз оқиғаларды жиі жарнамалайтын көрінеді. Әл­бетте, қоғамның барлық саласы сияқты білім беру жүйесі де кі­нә­ратсыз емес.
Маман есебінде біздің кейіпке­ріміз оны жақсы біледі. Алайда, кейбір теледидар хабарларына қа­ра­ғанда, «мұғалімдер – негізінен азғын, бұзақы, білімсіз, тіпті ұстаз деген мәртебелі атақтарға лайықты емес, кездейсоқ біреулер» сияқты. Соның бәрінің саланы, оның қыр-сырын жетік білмеуден туындайтыны айдан анық.
Қандай қиын жағдай болса да, ұстаз өзінің азаматтық ұжданын сақтап қалуды парыз санайды. Яғни Шәкәрім қажыша айтқанда, «Нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып айтқанда ұждан бар».
Біздің кейіпкеріміз қазіргі мек­тепті ұстап тұрған да осы нысап, әділет, мейірім деп біледі. Әрі оны өзінің ұстаздық жолында басты қағида етіп ұстанады!

***
Соңғы кезеңнің формациялар­дың өзгеруіне байланысты реформаны барынша көп кешкен бір саласы – білім беру жүйесі. Оның себебі де айқын. Ағымдағы саясат пен социологиядан да дерегі кемел Аягүл Төреқызы бұл орайдағы сан алуан пікірлер тасқынын кертарт­палық деп емес, мемлекет ұстанып отырған саясатты дұрыс жүзеге асыру­дағы игі ізденістер деп қабыл­дайды. Соған өзі де қоғамның бір мүшесі есебінде үлес қосуға тырысады.
Бір қуаныштысы – қазіргі қоға­мы­мыздағы оң ізденістерге деген қолдау жоғары. Бүкіл қоғам болып ізденген әрекеттердің басты бағ­дар­ға алынуының өзі – ғажап жағ­дай.
Аягүл Миразова қазіргі қоғамда әр түрлі даулы пікір тудырып отыр­ған үштұғырлы тіл мәселесіне де бейжай қарай алмайды. Оны ұр­пақ­тың болашағы деп түсінеді. Әрі бұл саясатты ұстаздармен қоса, ата-аналардың да қолдағанын қалай­ды.
Шынында да үш тілді меңгеру – ағымдағы заманауи талап. Бірақ білікті ұстазды осы игі мақсатты қандай әдіс-тәсілдермен және қандай жолдармен жүзеге асыруымыз керек деген сауал алаңда­та­ды.
Қазіргі қоғамда дау тудырып отырған үштілділік мәселесінде де тә­жірибелі маман өз пікірін білді­ре­ді. Үштілділікті игерудің сынақ­тан өткен екі жолы бар деп есеп­тейді.
Оның біріншісі – оқу жос­па­рын­дағы вариативтік сағаттарды пай­даланып, жалпы орта мектеп­тер­дегі қазақ, орыс, ағылшын тілін оқытудың апталық сағаттарын арттыру.
Екіншісі – қазіргі «Дарын», «Назарбаев зияткерлік мектебі» сияқты заманауи білім ошақтарын көбейтіп, ондағы қабілет мүмкін­дік­тері ерекше балаларды жаңаша оқыту қажет. Өйткені, аталмыш білім ошақтарында тиісті ма­те­ри­ал­­дық-техникалық оқу базасымен қоса білікті кадр мамандар да жеткілікті.
***
Бауыржан Момышұлынан «Бір жаққа сапарға шықсаң алдымен өзіңе қайда бара жатырмын деп емес, қайдан келе жатырмын деп сұрақ қой» деген данышпан сөзі қалды. Бұл тұжырымды жағра­пия­лық тұрғыдан емес, пәлсапалық тұрғыдан қарастыру қисынды екені айтпаса да түсінікті.
Мәселе адамның ұшқан ұя­сына, туған жеріне байланысты.
Бүгінде кең байтақ Қазақстан Республикасына танымал білім беру ісінің маманы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болып отырған Аягүл Төреқызы Ми­ра­-
­зо­ва­ның балалық шағы тарихи Тараз жеріндегі айдын шалқар Билікөл өңірінде өтіпті.
Кейіпкеріміздің әкесі кешегі дүркіреп өткен Ұлы Отан соғысына қатысып, екінші дәрежелі мүгедек болып оралыпты. Алайда, ол кісі айтқан сөзге де, өз ісіне де берік, ай­наласындағы жақын туғанын ешқашан алалап бөлмейін, қолы­нан келсе адамға жақсылық жа­сау­ға дайын тұратын өте адам­гер­шілікті кісі болыпты.
Аягүл Төреқызын жақсы білетін адамдардың айтуынша, көрнекті қоғам қайраткерінің қазіргі елге танымал тұлғасының қалып­та­суын­да осы Төре ақсақалдың үлкен ықпалы болғанға ұқсайды.
Қазақы түсінікте қыз бала алдымен анасына тартып тууға тиіс. Ел-жұрты Аягүл Төреқызының ана­сы Зухра туралы да ұдайы жылы пікірлер білдіреді. Зухра апамыз өте салмақты да сабырлы, артық ауыз сөзі жоқ, не айтса да ойланып, толғанып барып сөйлейтін данышпан кісі екен.
Біздің кейіпкеріміздің бір от­ба­сындағы тоғыз баланың тұңғы­шы. Жалпы, педагогикада тұңғыш баланың өзінен соңғы іні-қарын­дас­тарына тигізер әсері мен ықпа­лы туралы жиі айтылады. Бұл орай­да Аягүл Төреқызының соңы­нан ерген бес інісі мен сіңлісінің де жолы болғаны сөзсіз. Өйткені, ал­дарында өздері үлгі тұтарлық, үлгі тұтуға татырлық, ел танып мойын­даған әпкелері болды.
Бүгінде бір қауым елге басшы болып отырған белгілі тәлімгердің белсенді қызмет еткен жылдары ел тарихындағы өтпелі кезеңге дөп келді. Күні кешегі тоталитарлық кезеңде қазақ мектептерінің, жалпы қазақша оқу ісінің қаншалықты қысым көргені әммеге аян. Айналасы оншақты жылдың ішінде республика бойынша 700-дей қазақ мектебінің жабылып қалғаны туралы деректер бар.
1991 жылы ашылған іргелі қа­зақ орта мектебіне директор болу ту­ралы ұсыныс айтылғанда да Ая­гүл Төреқызының көкейінде осындай ұлт болашағын ойлаған пат­риот­тық ниет жатты.
Ол кезде өзі директор болып баруға тиісті мектеп салынғанына 100 жылға жуық уақыт болып, ескі­ріп тозған, бұрынғы 8 жылдық орыс мектебінің ғимаратына ор­на­ласқан болатын. Оның үстіне қа­зақша білім беретін база да тапшы еді.
Жалпы, республикадағы қазақ мектебін ашуға атсалысқандардың арасында аса белсенділік танытқан адамдар ішінде қазақтың белгілі қаламгер жазушысы Шона Сма­-
ха­н­ұлының аты аталады. Сондай-ақ, сол кезде Чехов атындағы ор­та­лықтандырылған кітапханалар жүйесінің маманы Дәрия Сар­қыт­бае­ваның да осы бір игілікті шараға айтарлықтай үлес қосқанын білеміз.
Ал бүгінде өзі басқарып отыр­ған №159 қазақ гимназия-мекте­бінің ашылуына күш салғандардың арасында Аягүл Төреқызының өзі­мен қоса белгілі өнер қайраткері Асқар Тоқпанов пен қоғам қайрат­кері Жүніс Ыбыраев бар.
Сол кезеңнің ауыртпалыққа толы сәттерін біздің кейіпкеріміздің өзі былайша толғана есіне алады:
– Сонау тәуелсіздігімізді енді ғана алып, оңымыз бен солымызды жаңа тани бастаған тұста ашыл­ған бұл мектептің алғашқы күйі тіпті мүшкіл десе де болар еді. Өзі ескі интернаттың орнына ашылған. Алғашында бар-жоғы 300-ге жет­пей­тін оқушы оқыды. Мектепте жө­ні түзу не парта, не тақта болған жоқ. Күрделі жөндеуден де өт­кізілмеген, үшінші қабат толы темір төсек еді. Алғашында мемлекет тарапынан да мардымды көмек бола қоймады, себебі мектептің орнына ашылған мектепке ешнәрсе берілмейтін. Сонымен қоса ол кездегі елдің жағдайы да нашар еді ғой. Дегенмен, мектептен балалар саны жылдан-жылға көбейіп, ата-аналардың да қызығушылығы арта түсті. Олар оң көзқарас танытып, мектебімізге шама-шарқы келгенше көмек көрсетті. Қазақ «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» демей ме? Міне, ата-аналардың ба­лалары үшін жасаған көмек­терінің арқасында аяғымыздан тік тұ­рып кеттік…

***
Бүгінгі таңдағы қоғамдағы ең әлсіреп тұрған саланың бірі – ұлттық тәрбие екені күмәнсіз. Осы­ны ескерген білікті ұстаз өзі бас­қарып отырған білім ошағының жанынан ұлттық этнотәрбиеге ден қойған «Әжелер» клубын ашты.
Атының өзі айтып тұрғандай, бұл жерде есімізге Абайды тәр­бие­ле­ген Зере, Шоқанды тәрбиелеген Айғаным сияқты әжелеріміз түсе­ді.
Қазақ жағдайында әжелердің үлкен культі бар. Жасөспірім бала қашанда алдымен сол әженің тә­лімі мен тәрбиесінен үлгі алады.
Жалпы, мектеп жанынан құ­рыл­ған «Әжелер» клубының артында қазақ қоғамында орны ерекше әйел тақырыбы жатыр. Сонау матриархат заманынан бері әйел адамның отбасымен қоса, қоғамды тәрбиелеудің басты тетігі болғаны дау тудырмайтын шын­дық. Оған байланысты қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтен қалған «Әйел оянбаса, еркек тұрмайды» деген қағида тағы бар.
Осының бәрі Аягүл Төреқы­зы­ның қоғам мен мемлекетке, тұ­тас­тай қазақ халқына, оның бола­ша­ғы­на сіңіріп отырған үлкен еңбегі дер едік.
***
Аягүл Төреқызының елге танымал болған тағдырының Ал­ма­ты­дағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназиясымен байланысты екенін танымдық сана жақсы біледі.
Мектептің педагогтар ұжымы­ның кәсіби деңгейі де жоғары. Мәселен, мектепте 16 жоғарғы са­нат­тағы ұстаз, 34 «Білім беру ісінің үздігі», 4 «Еңбек ардагері» медалінің иегері, 2 «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі», 6 «Ы.Алтынсарин» медалінің иегерлері, 23
Қа­за­қ­стан Республикасы Білім және ғы­лым министрлігінің Құрмет гра­мотасының иегерлері еңбек етеді.
Әлбетте, дәл мұндай білікті ұстаздар еңбектенетін мектеп рес­публикада жоқ десе де болады. Осының өзі-ақ Аягүл Төреқызы басқарып отырған білім ошағының Қазақстан Республикасының бо­ла­шағына қосар сыбағалы үлесінің ай­қын айғағы.
Ақтолқын Күлекеева,
«Үздік педагог» төс белгісінің иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір