Ол Отанын сатқан жоқ
11.07.2017
1077
0

Соғыс оты тұтанып ел басына күн туып, жаппай әскери жұмыл­ды­ру жұмыстары бойынша май­дан­ға жарамды ер-азамат­тарды алу – Ақмола облысы өңірінде басталған кезде, осы тізімнің ішінде Сасықов Тәукен деген азамат  бар болатын. 

Ол Отанға қауіп төндірген озбыр жаудың жа­засын беріп, елге тезірек аман оралсам деген ар­ман-тілекті арқалап, туған жерден аттанған еді. Бірақ өзінің майдан даласында «Отанын сат­қан опасыз» деген қарғыстай үкімнің құр­баны болатынын білмеген еді.

Сасықов Тәукен 1914 жылы Ақмола облысына қарасты Ақмола ауданының Тайтөбе кол­хозында дүниеге келген. Партия қатарында бол­маған. 1931 жылы Ақмола құрылыс технику­мына (НКПС) оқуға қабылданған. Бірақ 1933 жы­лы аталған техникумның жабылуына байла­ныс­ты Тәукен Свердлов педагогикалық инс­ти­тутының дайындық курсынан өтіп, 2 курсқа кел­генде, отбасылық жағдайына байланысты оқу­дан қол үзуіне тура келеді. Сөйтіп, ол 1937 жы­лы ауылына оралғаннан соң, Қарағанды об­лысы, Жаңаарқа ауданындағы мектепке ауысып, бұл жерде бір жылға жуық дәріс берген. Кейін­нен қайтадан Ақмолада Сталин атындағы №2 орта мектепте мұғалім, майданға аттанар ал­дын­да Тайтөбе ауылдық мектебінде (Ақмола об­лысы) ұстаздық еңбек атқарған.
1942 жылдың 1 ақпанында Тәукен Сасы­қов­ты Ақмола қалалық әскери комиссариаты ар­қы­лы Кеңес әскері қатарына шақырған. Оны осы қаладағы атты-артиллериялық 106-диви­зия­­сының құрамына қатардағы жауынгер ре­тінде қабылдап, әскери дайындықтан өткеннен кейін 1942 жылдың 18 сәуірінде Харьков оң­түс­тік бағытындағы майданға жіберген.
Фронтқа келгеннен кейін аталған дивизия таратылып, 52-артиллериялық дивизияға ми­нометші ретінде алынады. Мамыр айының ба­сын­да (Харьков түбіндегі Изюм деген қаланың ау­мағында) шабуылға шыққан олардың дивизиясы неміс әскерлерінің қоршауында қалады. Қоршаудан шығуға бел буған жауынгерлерді тө­беден төнген жау ұшақтары мен жақындап кел­ген танктер оларды қоршауға алып, негізгі қор­ғаныс күштерінен айырады. Соғыс амал-тә­сілдері бойынша оларға шағын топпен жұптасу арқылы бөлініп шығу бұйырылады. Әр сағат сайын қоршау шеңбері тарыла түсіп, жаудың жақын келгені соншалық, үсті-үстіне лақтырыл­ған снарядтар бекіністерді тас-талқан етеді. Бұйрық бойынша жұбындағы бір жауынгер екеуі окоп­қа келіп жасырынғанда, жанына келіп жа­рыл­ған снаряд жарқыншағынан Тәукен ауыр жа­раланады. Неміс әскерлеріне қарсыласуға қау­қары болмай, басқалармен бірге тұтқын­да­лады. Сол жерде оларды немістер жақын жердегі әскери тұтқындарды жинайтын бір деревняға (деревняның атауы нақты көрсетілмеген) алып келеді. Жаппай жиналған тұтқындармен бірге оны да Проскуров қаласына, кейіннен Перемы­шель қаласына алып келеді. Бұл жерде ол 1942 жылдың шілде айынан қараша айына дейін болады. Сөйтіп, ол Польшаның Вениаминово де­ген жерінде ортаазиялық ұлттардан топ­тастырылған әскери тұтқындар лагеріне («Түр­кістан легионы») қамауға алынады. Бұл жерде 1943 жылдың ақпан айына дейін болған Тәукенге әр түрлі шаруашылыққа қатысты жұмыстар атқаруға тура келеді. Жау алдында еш шарасыз Тәукен лагерь комендатурасы тарапынан «Түр­кістан комитеті» баспасынан шығатын «Ян-Түркістан» атты қазақ-өзбек тілдерінде шығатын басылымға шолу жасап, тұтқындар алдында оқу жүктеледі. Оны наурыз айының соңы, сәуір айы­ның басында сап түзеу тактикасын дағды­ландыруға үйрететін «Түркістан легионының» марш-ротасына ауыстырады.
1943 жылдың маусым айында Легионово (Польша) деген жерде 782- жауынгерлік ротаға қа­былданады. Бұл жерде де күштеу арқылы оған сан­титарлық міндет атқару жүктеледі. 1943 жыл­дың күзінде аталған ротадағы әскери тұтқын­дар­мен бірге Тәукенді неміс әскери нысандарын поляк партизандарынан қорғап, күзету үшін Стрий қаласына жөнелтеді. Бұл аталған жұмыс­ты атқаратындардың ішінде поляк азаматтары да бар болатын. Солардың арасынан Тәукен Миша деген (аты-жөні туралы нақты деректер жоқ) поляк азаматымен танысады. Онымен кез­десу барысында Миша көбінесе Тәукеннен ла­герьдегі тұрмыс жағдайын, үйіңді де сағынып жүр­ген шығарсың деп сөзге тартып, арасында со­ғыс жағдайы жөнінде де хабардар етіп жүреді.
Арада үш ай уақыт өткенде Миша оған лагерьден өздерімен бірге қашу керектігін айтады. 1944 жылы 4 наурыз күні Миша Тәукенге неміс сақшылары тексергенде сезіктенбейтін «рұқсат құжатты» беріп, ал алып келген киімдерді ауыс­тырып киюді ұсынады. Сөйтіп, сақтық үшін неміс әскерінің формасында киінген Миша бас­таған тұтқындар тобы Щертвяки деревнясына келген кезде, Тәукен Мишадан олардың поляк партизандарының отрядына келгенін бір-ақ естиді. Келгендеріне 3 тәулік өткеннен кейін Тәу­кенге Корсунки деген селода жайғасқан поляк партизандары отрядының командирі Андреймен (аты-жөні толық келтірілмеген) кездесу сәті түседі. Сол кезден бастап осы отряд құ­ра­мында Тәукен поляк партизандарымен бірге немістердің шабуыл жасайтын жолдарына тосқауыл жасап, олардың тірек, қорғаныс пункт­терін жоюға қатысады. Оған бір тапсыр­малардың кезегінде, партизан отрядтарын табумен және оларды жоюмен айналысатын неміс солдатының көзін жою міндеттеледі. Немісше киінген Тәукен небір тосқауыл алаңдарынан өтіп, жүктелген тапсырманы мінсіз орындайды. 1944 жылы маусым айының ортасында бұлар болған партизан отрядын немістер жан-жақтан қаумалап, қоршауға алады. Ебін тауып, орманға қарай сытылып шыққан отряд 5 тәулікке дейін жау соққысына төтеп беріп, олардың ту сыртынан тойтарыс береді. Сөйтіп, олар орманда 20 тәу­ліктен кейін (шілде айында) партизан отрядымен бірге Луковцы пен Львов аралығында Кеңес армиясының барлаушы-жауынгерлеріне кез болады. Тамыз айында Тәукенді Донбасстағы фильтрациялық лагерьге, тексеруден өткізуге жібереді. Тексеруден соң оны Донбасстағы «Гигант» шахтасында көмір өндірісіне жұмысқа қал­дырады.
1945 жылы Ақмола облыстық білім бөлімі­нің қолдаухатымен туған жері Ақмолаға 1946 жылы тамыз айында оралады. Елге оралған кезінде 1947 жылы 29 тамызда Ішкі істер халық ко­мис­сариатының (НКВД) Ақмола облыстық бас­қармасы Сасықов Тәукенді тұтқынға алып, 1948 жылы 26 ақпанда Түркістан әскери трибуналы Т.Сасықовқа «Ұлы Отан соғысы фронтында немістерге тұтқынға түсіп, Отанына опасыздық жасады» және тұтқыннан оралғаннан кейін мұ­ғалімдер арасында кеңеске қарсы үгіт-насихат жүргізген деген айыптар тағып, ҚСРО Қылмыс­тық кодексінің 49-бабынның негізінде соңғы жаза шарасы 58-1 баптың «б» бөлігі бойынша еңбекпен түзеу лагеріне 25 жылға бас бостанды­ғы­нан айырады. Жау қолында қан­шама азапты көріп, тар жол, тайғақ кешумен әр күнін, әр сәтін өткізіп, туған жеріне, жарына, анасына оралған жауынгер – Тәукенді тағы бір тағдыр тәлкегі кү­тіп тұр еді.
1955 жылы 18 сәуірдегі Контрреволюциялық қыл­мыс жасаған тұлғалардың істерін қайта қарау жөніндегі Ақмола облыстық комиссиясы оның жазасын өтеу мерзімін 10 (он) жылға дейін қыс­қартуға (№ 24) қаулы шығарған.
Сонымен қатар, 1996 жылы 25 наурызда Ақ­мола облыстық соты № 44 у-29 қаулысымен 1948 жылғы 26 ақпандағы Түркістан әскери округы Әскери трибуналының үкімін РКФСР ҚК 58-10 бабының 1 бөлігі бойынша, оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себепті тоқтатып ақтауға, ал 58-1 бабының «б» бөлігі бойынша қылмысын өз күшінде қалдырған.
Сөйтіп, 1997 жылдың 27 мамырдағы ҚР Бас про­куратурасының қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды ақтау жөніндегі бөлімнің шеші­мімен Сасықов Тәукен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңының не­гізінде толық ақталған.
Ақталуға негізделген фактілер:
– тұтқынға өзге де әскерилермен бірге түс­кен;
– «Түркістан легионының» құрамында бола тұра, нәсілі азия ұлтына жататындықтан және сауатты адам ретінде ғана өзге әскери тұт­қын­дарға неміс басшылығымен беріліп отырған га­зет­терді, басқа да ақпарттарды оқып отыр­ған;
– санитар болып неміс әскерінде қызмет етсе де, Қызыл Әскерге, Кеңестік және поляк партизандарына қарсы шайқастарға қатыспаған;
– мүмкіндік туған сәтте-ақ немістерге қарсы шайқасатын поляк партизандары жағына өтіп, солармен бірге неміс әскерлерін жоюға бағыт­талған ұрыстарға қатысқан.
1998 жылы 6 сәуірде Сасықов Тәукеннің өзі­не оның толық ақталғандығы туралы хабар­ланған.

Ш.Алмаханова,
ҚР ҰҚК қызметкері, подполковник

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір