Коммерциялық құпия
11.07.2017
1776
0

– Су сұраса, шұбат беретін былық-сылқ, жеңешем, – деп сырттан сайрап Сойдақ кі­ріп келді.
Аман-саулықтан соң: «Ағам қайда?» – деді.
– Ағаң жұмысында жүрген шығар, әлі келген жоқ, – деді көзі күлімдеген жеңгесі Күлпәрша.
Екеуі сораптап шәй ішіп, әңгіменің әле­гін шығарып біраз отырды. Ауладағы ит те екеуіне қосылып, әңгімелеріне ара­лас­қандай ауыз жаппады.
– Мына байғұсқа не болған? – деді Күл­пәрша.
– Мал жүрген шығар?
– Қалада қайдағы мал, қайным-ау? Адам болмаса?
– Ой, жеңеше, дұрыс айтасыз.
– Нені?
– Дәл таптыңыз. Аулада адам жүр.
– Қайдан білдің? Мүмкін бөтен ит шы­ғар?
– Жоқ. Адам. Біреу емес, екеу.
– Қайным-ау, көріпкелмісің?
– Ұмытып кетіппін. Менің студенттерім ғой.
– Олар қайдан жүр?
– Менің соңымнан көлеңкемдей қал­май еріп келді.
– Не қыл дейді?
– Сабақты оқымайтын, айтқанды то­қы­майтын жалқаулар ғой. Сынақ қойып бе­ріңіз деп сүйретпе сияқты соңымнан еріп келіп жүр.
– Қойып бере салмайсың ба?
– Бірде-бір сабаққа келмегендер. Менің бетімді көрмегендер. Сынаққа келіп адам­ның ойында жоқ сылтау айтып, сызылып тұрады.
– Қандай сылтау?
– Сынақ, емтихан алу үшін ауыздарын қисайтпай шауып жүрген әкелерін-ше­шелерін өлімге қиып, өлердегі сөзін айта­тын­дар бар. Суалмайтын сылтаулары сөм­келерінде жүреді.
– Мыналар қандай сылтау айтады? Қойып бере салмайсың ба?
– Бұлар төрт курс бойы айтатын ертегі­ле­рін айтып біткен.
– Енді неге сенімен еріп келіп жүр?
– Қандай тапсырма берсеңіз де орын­дайық деп жатта жалынып, осы үйге дейін еріп келді. Әй, көкелерім, мен ала көз арақ та ішпеймін, сасық темекіні де тартпаймын, жөндейтін май-май мәшинем, сыра ішіп салқындайтын саяжайым жоқ, маған еш­теңе істемей-ақ қойыңдар. Оқып келін­дер де тапсырыңдар деймін де. Жеңгей мені білесің ғой.
– Сенікі дұрыс та, қайным, обал ғой, ауыл­дың балалары болса қойып бере сал­май­сың ба?
– Сізде обал, обал деп ойбайлап қойма­дыңыз ғой. Үйде істейтін жұмысыңыз бар­ма, қойып-ақ берейін.
– Жер үйде жұмыс болмаушы ма еді? Жұмыс бастан асады. Көктем келді, ана жер­ді де қаза алмай отырмын. Ағаң анау жұ­мыстан қолы босаса түн бойы тас қуа­ды, – деп кейіп кетті Күлпәрша.
– Тасыңыз не? Бүйрегінде тас бар ма?
– Қайдағы бүйрек? Бильярд деген пәле болды.
– Е, онда, басқаны қуғаннан, тас қуға­ны жақсы ғой, – деп қайнысы күлді.
– Ой, қу неме, қатын қумаса болды деп отырсың ғой.
– Психологсыз ғой, жеңеше! Жұмыс бар­ма, айтсаңызшы.
– Бар, жерді қазып берсін.
– Онда сыртқа шығып өзіңіз айта қойыңыз. Қойып-ақ берейін. Күлпәрша сырт­қа шықса, есік алдында екі бала есінеп отыр.
– Сәлеметсіз бе, апай! – деп бастарын шұлғып амандасты.
– Ағаларыңмен еріп келдіңдер ме? – деді Күлпәрша ештеңе білмейтіндей.
– Не ке­рек сендерге?
Ана екеуі орындарынан атып тұрып: «Апай, біздің ағай сізге кім болады?», – деді дауыс­тарын бір-біріне мінгестіріп, жарысып.
– Бұйыртса, қайным болады.
– Айым, күнім апатай, сынақ қойғызып беріңізші. Тіршілігіңізді бітіріп, басына су құйып берейік. Жақсылығыңызды жал­ған­да ұмытпаймыз. Бұл үйде істейтін жұ­мыс жеті атаңызға жететін сияқты.
– Мына атшаптырымдай ауланы көріп тұрсыңдар ғой. Ана жерге көкөніс себемін, сол жерді қопарып тастаңдар. Келістік пе? – деді апайлары ойланғандай болып.
– Ой, апай, келіспегенде. Ертең күтіңіз. Жұмыс киімімізбен келейік, мынау сынақ кітапшамыз. Ол жерге көк егесіз бе немесе шөп егесізбе, бізге бәрібір. Жер жырту біз­ден, сынақ сізден, апай, – деп екеуі ше­ше­лері ұл тапқандай шулап қуанды.
Екі сынақ кітапшаны алып Күлпәрша қуанып ішке кірді.
– Келістіңіз бе, жеңгей.
– Жақсы болды, қайным. Мына жерді қалай қопарамын деп, қолым бармай қина­лып отыр едім. Ертең келетін болды. Мә, мы­наған сынағыңды сызып, қолыңды қойып кет.
Ертеңгіде үш жігіт келіп, күнде көріп жүр­гендей, қуанып апайларымен амандас­ты. Киімдерін ауыстыра бастады. Күл­пәрша қолдарына күрек, тырма ұстатты да ішке кіріп кетті. Бір уақытта сыртқа шықса анадай жерде үшеудің біреуі терлеп-тепшіп жерде өші кеткендей өршеленіп қазып жа­тыр. Кешегі екі студент темекі шегіп көлең­кеде керіліп отыр. Тағы бір шыққанда осы көрініс өзгермеген, сол қалпы. Екі студент сыра сораптап салқында сайрап отыр.
– Сендер неге отырсыңдар? – деді Күл­пәр­ша ештеңкеге түсінбей.
– Жер қазғызып отырмыз.
– Өздерің неге қазбайсыңдар?
– Сізге кім қазса да бәрібір емес пе, апай? Жеріңіз жыртылып, тырмаланса бол­ды емес пе?
– Анау кім? Бірге оқисыңдар ма?
– Жоқ.
– Енді ол кім?
– Сейфуллин көшесінен алып келдік. Жұмыссыз жүрген жігіт қой. Жалдадық.
– Қаншаға?
– Ол коммерциялық құпия.

Таңдай Кенеев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір