…Мен өтірік айтқаным жоқ өлеңге…
30.06.2017
3893
1

Ерлан ЖҮНІС


Отыз
Мен бе келген отызға, сен бе келген,
Үмітім,
Бір жұлдызға жоғары көз қадаумен күні-түн?!

Кірпігімді қақпастан, кішкентайдай шоқ басқан,
Көзден жасым боталап,
Мен бе келген отызға, сен бе келген,
Махаббат?!

Бармағаным, барғаным, мен бір ұзақ жолдамын,
Жамандыққа – зорғамын, жақсылыққа – жорғамын.
Ең бір жарық жұлдызым – жаным сүйген ардағым –
Мен бе кеген отызға, сен бе келген,
Арманым?!

Жаңғырығы – жан жырым – іштегі бір жарылыс,
Менің іңкәр тағдырым – жасыл қанат сары құс…
Жер бетінде шарқ ұрып күн сәулесі секілді,
Мен бе келген отызға, сен бе келген,
Сағыныш?!

Бір бақытқа сенемін, ұлы уақытқа сенемін,
Қырға шыққан қазақтай қарауытып келемін.
Жалғыздықтан жабығып, жан ауыртып келемін.

Болашақты сағынып, алабұртқан жүрегім –
Мен бе келген отызға, сен бе келген,
Өлеңім?!

***
Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға –
Бір тамшының көлеміне сыяр күн:
…Тіл тигізіп көргенім жоқ тағдырға,
Тәңірімнен ұялдым.

Жер бетіне тамшылармен тамар күн –
Шұғыласы секілденіп қиялдың:
…Жамандығын айтқаным жоқ жаманның,
Жақсылардан ұялдым.

Әр тамшыға сыңар еттім сезімді,
Содан оны жүрегіме құя алдым:
…Сұлулардан алып қаштым көзімді –
Сүйген жардан ұялдым.

Періштедей енген таңғы түсіме,
Табиғаттан таңғажайып сый алдым:
Қатты дауыс көтермедім кішіге –
Үлкендерден ұялдым.

Биіктен кеп, батып жатты тереңге –
Соны көріп, өлімді еске жиі алдым:
…Мен өтірік айтқаным жоқ өлеңге –
Болашақтан ұялдым.

***
Уақыт баяу… тез өтеді,
Жылап аққан жылға сынды.
Бізді жылдар сөз етеді,
Сөз етеміз біз ғасырды.

Қандай еді парқы, білсең,
Біле алмасаң – сорыңдағы.
Өмір деген – жарты күлше,
Жетім ұлдың қолындағы.

Бәлкім, соны көз етеді,
Оң мен теріс – ызба сынды.
Бізді жылдар мезі етеді,
Мезі етеміз біз ғасырды.
Келері – жұп, кетері – тақ,
О, не деген бейқам адам?!
…Жан жұмбағы – көне кітап,
Соқыр ойың сыйпалаған.

Жиырмасыншы қараша
Бүгін күнім босқа өтті,
Сол бостықтан діл де азды…
…Қанша сұлу жас төкті,
Қанша шайыр жыр жазды.

Қаратауға қар түсті,
Қара Ертіске мұз қатты,
Қанша жұлдыз шарпысты,
Қаншама адам дыз қақты.
Тұман басты Алтайды,
Қарт Хазарға кеш кірді,
Жер бір күнге қартайды,
Күн бір күнге ескірді.

Бір елде жер қазылды,
Бір елде ер ашынды.
Жаңа тарих жазылды,
Ескі қабір ашылды.

Қанша тағдыр түйісті,
Қанша жолдар ұзарды.
Бозбала алғаш сүйісті,
Қызбала алғаш қызарды.

Біреу таққа ұмтылды,
Біреу байрақ көтерді.
Бір ауылда ұл туды,
Бір ауылда әке өлді.
Біреу бақыт тілерде,
Біреу қарғысты ойлады.
Оқ атылды бір елде,
Бір елді аштық жайлады.

Бір сәуле ойнап жанарда,
Бір от ойнап қандарда.
Бір тіл өлді аралда,
Бір ұлт өлді орманда.

Менің күнім текке өтті,
Бәрінен тыс қалғаным.
Мені қызық жеп кетті,
Мені, қала, алдадың!..

…шығар
Сонау бір тұста дала бар шығар,
Қала бар шығар сол маңда.
Қамыққан бір жан қараған шығар,
Қайтқан ізі жоқ жолдарға.

Қамыққан сол жан бір қалқа шығар,
Лалаға ұқсас сұлбасы.
Жалғыз бір жанға мұң да алқа шығар,
Сағыныш шығар сырғасы.

Жалғыздық сырын жаңа ұққан шығар,
Жадағай ойды жүгендеп.
Жүрегін, бәлкім, ауыртқан шығар,
Біз секілді бір жүгермек.

Әйнегін күнге ашпаған шығар,
Сырт қалған шығар топ шынар.
Сүйген бір әнін қоспаған шығар,
Биге де зауқы жоқ шығар.

Үйін де көптен жимаған шығар,
Сұп-суық шығар бөлмесі.
Гүлдерге су да құймаған шығар,
Сыйлаған бұрын Келмесі.

Мен білсем, солай, кешіп көр соны,
Бұл қыстың сыры – сол жанда.
…Әйтпесе, көктем кешікпеуші еді,
Әудемжер ғана қалғанда.

ПІКІРЛЕР1
Алия Асылдинова 15.07.2017 | 16:35

Өте керемет аға 👍👍
Өлеңіңіз өрге жүзіп, қаламыңыз ұштала берсін!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір