Саф өнердің бағасы
23.06.2017
1458
0

«Қазақ әдебиеті» басылымының 2015 жылғы 23 қаңтардағы  санында «Гүлдер» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, Ғарифолла Құрманғалиевтың оқушысы, әнші-термеші Қалампыр Рахимова туралы мақала жазып едім. Қалампыр 1988 жылы қарашада қырыққа да келмей, гастрольдік сапарда жол апатынан көз жұмған. 

Артында іздеуші ұрпағы болмаған соң кейінгі жұрт оны ұмытып кетті. Мен осыдан қырық жыл бұрын оның үйінде 2-3 жылдай тұрғанмын. Туған анамдай болған Қалампырдың рухына тағзым ете отырып, еске алу кешін ұйым­дастырған едім. Сол кеш жалға­сын тауып, Қалампырдың туған жерін­де әнші-термешіні еске алу шарасы өтті.
Осы шараның өтуіне себепші болған «Қазақ әдебиеті» газетіне, «Ай­ту­ға оңай» бағдарламасына, Батыс Қа­зақ­стан облысының Шыңғырлау ау­даны­ның басшыларына алғыс айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. Осыдан екі жарым жыл бұрын 2015 жылдың қаңтар айынан бастап Қалам­пырды еске алу кешін ұйым­дастыру жұмыстарына кірісіп кеттім. Оралдағы қазақтың ақын қызы Ақ­ұштап Бақты­ге­реева апама қолұшын беріңіз деп қол­қа салдым. Өйткені, өзім Қызыл­орда өңірінің, Аралдың тумасы бол­ған­дықтан Оралда көп адамды танымаймын. Ақұштап апам сөзімді жерге тастамай «Қадыр Мырза-Әлі» қорының басшысы Донеділ Қажымовты, облыс­тық Мәдениет басқармасының басшысы Дәулеткерей мырзаны, Шыңғырлау ауданының басшыларын жұмылдырып, осы кешті ұйымдастыруға шықырды. «Алмазный» ауылындағы Қалампыр­дың сіңлісі Жаңылсынды тауып, оны да осы шараға қатысуға шықырдым. Наурыз айында «Қазақстан» теле­арнасы­ның продюсері Ержанар Әшей­хан мен танымал журналист Бейсен Құранбек «Айту­ға оңай» бағдарлама­сына Қалам­пыр­дың әріптестерін, өнердегі достарын жинап, бағдарлама­ның бір шыға­ры­лымын Қалампырға арнады. «Ха­­бар» агенттігінің төрағасы Айдос Үкібай мырзаға, «Қазақстан» кор­пора­ция­сының сол кездегі төрайымы Нұржан Мұхамеджановаға хат жазып, қолдау сұрадым. «Гүлдер» ансамбліндегі Қалампырдың әріптес­тері бар ықы­лас­тарымен қолдады. Сөйтіп, 2015 жылы 7 сәуір күні Алматы­дағы «Қазақ­кон­церт» залында жанға жылы кеш өт­ті. Қалампырдың рухына құран ба­ғыш­тап, кішігірім ас бердім. Елден сің­лісі Жаңылсын келді, Оралдан Медхат есімді жігіт Батыс Қазақ­стан облы­сы­ның алғыс хатын табыс­тап, тер­меші Сәуле Таудаева Қалам­пыр Рахимова орындаған термелерді айтты.
Еске алу кешіне Бибігүл Төлегенова бастаған Роза Рымбаева, Мақпал Жүні­сова, Бақтияр Тайлақбаев, Айжан Нұр­ма­ғанбетова, Гүлнәр Сиқым­бае­ва, Майра Ілиясова, Жеңіс Ысқақова, Айткүл, Қанат Құдайбергеновтер, Асан Мақашов, Донеділ Қажымов, Гүлнар Даукенова, Атыраудан Қайрат Какимов, Оралдан Сәуле Таудаева, Астанадан Елмұра Жаңабергенова, Талды­қор­ғаннан қобызшы Тұрсынхан Қа­рақо­жаева, жас күйші, сазгер Әбіл­қайыр Жарасқан қатысты. Кешті актер, сахна өнеріндегі шеберлігімен ха­лыққа кеңінен танылып қалған Дулыға Ақмолда жүргізді. Астанадан Ұлмекен Төлеуова арнайы келіп, концертке режиссер болды. Орталық архивтен Қалампыр Рахимова туралы 1972 жылғы материалдар жинағанмын. Сол материалдар арқылы жиылған жұрт Қалампырдың жүзін көріп, даусын тыңдады. Бұл шараны Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Шыңғырлау ауданы басшылары іліп әкетіп, 2015 жылы қарашада Шың­ғыр­лау ауданының орталығын­дағы сая­бақ­тан Қалампырға ескерткіш қойды.Ақұштап Бақтыгереева ханым телефон шалып жақсы жаңалықты айт­қан­да, қуанғаннан көзіме ыстық жас келді. Күні кеше 7 маусымда Қалампыр туып-өскен Алмазный ауылындағы жаңа­дан күрделі жөндеуден өткен Мә­дениет үйінің маңдайшасына «мұнда Қалампыр Рахимова өнер көрсетіп, қызмет еткен» деп жазылған тақтайша қойылды. Облыста Қалампыр Рахимова атындағы термешілер конкурсы өтті. Мені ол байқауға арнайы шақыр­ды.
Шыңғырлау ауданынан Қалампыр Рахимова атындағы көшені көргенде еңбегімнің еш кетпегеніне қуандым. Аудан әкімі жас болса да бас болған іскер Альберт Темірболатұлы есімді аза­матқа дән риза болдым. Мәдениет үйі жанында мектеп бар екен, ол да күрделі жөндеуден өткен, барлығы жарқырап тұр. Біздің сырт көзге оғаш көрінетін бір-бірімізді жағадан алып, даттай беретін жаман әдетіміз бар. Ал мен айналамдағы жұртты, барымызды бағалап, атқарылған істің бағасын анық айтуға шақырар едім. Шыңғырлау ауданы мәдениет бөлімінің басшысы Сәуле Бисенғалиеваға, демеушілер жинап өнер адамының рухын дәріп­теуге атсалысқан аудан әкімінің орынбасары Айтмұхамбетов Қалияр Ша­-
ди­яр­ұлына, Мәдениет үйінің басшысы Сайын Әжіғалиевке, «Алмазный» ауылы­­ның әкімі Ғаббас Қайырғалиевке ана ретінде, өнер жанашыры ретінде алғыс айтамын.
«Қазақ әдебиеті» газеті оқимын деген қазаққа әдебиет пен мәдениетті барынша ұлықтап, жақсы мақалалар жариялап жүр.
Кейінгі уақытта нағыз өнер адамына құрметпен қарау дағдысынан айрылып бара жатқандаймыз. Бір ғана мысал айтайын, мамыр айының 26 күні Роза Бағланованы еске алу кешіне бар­дым. Алматыдағы Республика сарайында өткен кешке 70 пайызға жуық адам жиналды. Сахнаға Бибігүл Төле­ге­нова шыққанда мен орнымнан тұрып ем, өзгелер маған жақтырмай қарады. 1970 жылдары Мәскеуде оқып жүрген кезімде Мәскеу көрерменінің 1972 жылы Одақтар үйіндегі концертте Роза Бағланованы түрегеп тұрып, ұзақ қол шапалақтап қарсы алғанын көрген ем. Осы құрметті көрген соң залдағы адам­дардың менің орнымнан тұрға­ным­ды жақтырмағанын түсінбедім. Дегенмен, Бибігүл апам әнін айтып болғанда кө­рермендер орнынан тұрды. Бұл – өнер алдындағы көрерменнің әдемі сыпайы тағзымы. Талантты өн­ер­паздарымызды көзі тірісінде ұлықтай білсек, нағыз өнердің қанат жаюына аз да болса үлес қосар ма едік?.. Әйтпесе даңғаза өнерге бас иген уақытта кейінгі жастар саф өнерден бейхабар өспесіне кім кепіл?

Гүлбаршын ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір