МЫСЫР МЕН ШАМДЫ БИЛЕГЕН…
23.06.2017
2649
0

Ұлт тарихы мен рухани мұрасының жанашырлары Дешті Қыпшақ ұланы Сұлтан Бейбарыстың өмірі мен батырлық болмысына, қайраткерлігі мен ержүректігіне қызығушылық танытатын оқырман қауымға араб тіліндегі «Сират әз-Заһир Бейбарс» халық эпосының қазақ тіліндегі аудармасын ұсынып отыр. Кітап әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультеті Ғылыми кеңесінің шешімімен Астана қаласында «Ақ Жайық» баспасынан «Сұлтан Заһир Бейбарыстың өмірбаяны» деген атпен жарыққа шыққан. Аударма авторлары – араб бөлімінің түлектері Ықтияр Палтөре, Жадыра Сариева, Жұлдыз Омарбекова және Каирдегі әл-Азһар университетінің докторанты Құрманғазы Садыбаев. Аударма жұмысына «Шығыстану» мамандығының магистратурасы мен докторантурасын бітірген дарынды жас зерттеуші Ықтияр Палтөре жетекшілік жасаған. Жас мамандардың шығармашылығына ақ жол тілеп, кітаптың алғысөзін жазған ғалым – филология ғылымының докторы, профессор Шамшәдин Керім. 

Өткен тарихқа көз салып, руханият пен өр­кениет жолын зерделеуге мүмкіндік туған соң­ғы жылдары Сұлтан Бейбарыс жайлы бірді-екілі тарих, аударма ісі салаларында диссерта­ция­лық зерттеулер жүргізіліп, ғылыми, танымдық ма­қала­лар жазылды, белгілі қоғам қайраткері, ға­лым, журналист, аудармашы Сауытбек Әб­дірах­манов 2000 жылы Ресей шығыстанушысы В.Н.Кирпиченконың «Жизнописание султана Аз-Захира Бейбарса» еңбегін орыс тілінен қазақ тіліне аударды және дүниеге келген сәбилерге Бейбарыс есімі беріліп, батырға ескерткіш қо­йыл­­ды. Осы еңбектер мен игіліктердің қатарына қаһарман батыр тұлғасына қатысты тағы бір рухани дүние қосылып отыр. Жаңа басылым Сұлтан Бейбарыс жайлы араб тіліндегі «Сират әз-Заһир Бейбарс» атты көркем туындының түпнұсқадан қазақ тіліне тұңғыш рет тікелей жасалған академиялық аудармасы.
«Сира» жанры – тарихы исламға дейінгі дәуір­ден бастау алатын бай араб көркем әде­бие­тінің төл жанры («Сира» сөзі араб тілінде «өмір­баян, өмір сүру салты, тарих, әңгіме, абырой» мағыналарына ие). Әдеби жанр ретінде сөздің лексикалық мағыналарының барлығын қамтыған, яғни сира – жеке тұлғаның өмір жолын, халқы немесе елінің алдындағы қызметін, тарихта қалдырған ізін, бойындағы ерекше қасиеті мен қабілетін, жиған абыройын баяндайтын әңгіме. Діни әдебиетте, Құран ілім­де­рінде Мұхаммед пайғамбардың өмір жолы ту­ра­сындағы әңгімелер «Пайғамбар сирасы» атауымен белгілі.
Тарихта шапқыншы жаудан елін қорғап, сын сағатта ел тағдырын сақтап қалған батыр ұлдар жайлы әңгімелер мен нақты деректер ауыздан-ауызға тарай келе біртіндеп халықтың қиялымен, махаббатымен көркемделді. Осылайша оқиға көркем өнерге, ақиқат аңызға айналды. Араб тіліндегі Сұлтан Бейбарыс жайлы сира да осындай, қилы ғасырлар тезінен өтіп, халықтың жадында ұмытылмай сақталып келген, батырдың рухын ту еткен әдемі жыр. Жырдың басты кейіпкері – Сұлтан Бейбарыс, авторы – халық. Тақырыбы – ержүректік, идеясы – Отанға, халыққа деген адалдық.
Араб тілінде бұл шығарма халықтың өз билеушісіне деген риясыз көңілінен, саяси шиеленісті шақта жаудан қорғап қалған жауын­герлік рухына деген құрметтен туды. Алғашында жаяу әскер құрамында болып, кейіннен қылыштасу мен садақ тартудағы шеберлігін көрсетті. Тағы біраз уақыт өте өзінің батырлық бейнесін танытқан аттың жалын тартып, ерге отырды. Әскери, қолбасшылық дәрежелері уа­қыт өткен сайын өсе берді.1249 жылы француз­дар­дың тарихта Каирге «Жетінші крест жорығы» аталатын шабуылы кезінде Бейбарыс өзінің мықты стратегиясымен олардың бетін қайта­рып, әл-Мансура шайқасында жеңіске жетті. Ал Шам аумағында өткен Айн-Джалут шайқасы өзінің қиян-кескі жойқындығымен белгілі. Бұл шайқас тек Шам халқы ғана емес, бүкіл мұсыл­ман­дардың тағдырын шешкен алапат еді. Сон­дық­тан тарихта бұл Бейбарыстың ең ірі жеңісі болып қалды. Осы себепті Мысыр мен Шам халқының оның мұндай ерліктерін тебірене жырға қосуы әбден заңды. Мұнымен қатар, «Сират әз-Заһир Бейбарс» туындысы араб әде­бие­тінде алып империя Араб Халифаты қуаты азайып, ортағасырларда өркендеген араб-мұсылман ғылымы мен мәдениетінің тоқыраған тұсында, яғни авторлық жазба әдебиеттің орнын қайтадан халық әдебиеті басқан дәуірінде пайда болды. Осы жағдайлар­дың барлығы Сұлтан Бейбарысқа арналған туындының халықтық сипатына – батырға деген сүйіспеншіліктің, би­леушіге арналған ри­за­шылықтың, тарихқа деген құрметтің молдығына, тілдік көркемдік бояулар мен ауызекі, диалектілік ерекшеліктің жиілігіне ықпал етті.
Шығарманың тілдік ерекшелігіне қатысты айрықша айтатын жайт – оның араб тілінде «садж» аталатын ұйқас прозамен жазылғанды­ғында. «Садж» араб тілінде орта ғасырларда әдебиетшілер өз туындыларының мазмұнымен қатар тілдік жағынан көркемделуіне басым көңіл бөлген тұста пайда болған стиль.
Араб тілінде «Сират әз-Заһир Бейбарс» әр­қайсы­сы 780-800 беттен тұратын бес томдық көлемді шығарма. Қазақ тілінде араб тіліндегі бірінші том көлемінің үлкендігіне байланысты бірі 368, екіншісі 376 беттен тұратын екі томға бөлініп аударылып отыр. Яғни туынды толық аударылды деп саналуы үшін әлі араб тілінде 3000 беттен аса төрт том бар.
Осындай мазмұндық және тілдік айрықша белгілерге ие көркем шығарманың түпнұсқа ерекшеліктерін барынша сақтауды басшылыққа алған алғашқы аударма жұмысты ұзақ шығарма­шы­лық ізденіс пен практикалық дағдының жемісі деп бағалаған дұрыс.
Шығарма әр кезеңде әр ел әдебиетшілерінің назарын аударған. Дамаскіде Бейбарыс сирасы­ның қолжазбасын көрген Бернард есімді француз баспагері оны француз тіліне аудару жұмы­сын бастап, жиырма бес жылға созылар деген жоспарын ауыр науқасына байланысты орындай алмаған, тек жеті бөлімді аударып үлгерген. Дәл осы адам араб ұлтының өзіне Бейбарыс жайлы туындының қолжазбасы жайлы мәлі­метті алғаш жария еткен.
Араб тіліндегі «Сират әз-Заһир Бейбарс» көр­кем туындысы – кейінгі ортағасырлық Мысыр мен Шам өмірінің энциклопедиясы. Себебі, оның мазмұнынан ел мен халықтың тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, қуанышы мен қайғысын танып-білуге болады. Оны тану, оқу, зерделеу – араб елдерінің ғана емес, сол жерде мемлекет құрып, билік жүргізген, ол елдерінің тарихи тағдырына ықпал еткен қыпшақтардың тарихын зерделеу. Басқа мә­де­ни­етті танып-білу емес, басқа елде тараған қып­шақ мәдениетін тану, оның қалдырған ізін іздеу.
Осы ретте қоғам мен тарих алдындағы аса жауапты міндетті тайсалмай мойындарына
ал­ып, алған білімі мен білігін халық игілігі ал­дын­дағы іске жұмсап жатқан мамандарымызға абы­рой тілеуіміз, үкімет тарапынан қолдау көр­сетілу қажет. Аудармашылық жұмысты орын­да­ған осы авторлық ұжым сияқты мамандар дайындауға мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлінуі тиіс.

Шынар ҚАЛИЕВА,
филология ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір