«СӘТБАЕВ» ғұмырнамасының 16 басылымы – Халықаралық көрмеде
23.06.2017
1144
0

Өткен аптада Смартфон арқылы тілдескенімізде осы кітаптың авторы Медеу СӘРСЕКЕ ағай маған: «Бұл кітапты мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоратының шұғыл тапсырмасына орай биыл дайындап, қолжазбамды наурыз айының орта шенінде осы оқу орнының баспасына тапсырдым. Кітаптың көлемі 460 бет, үлкен пішінмен басылған, үш бөлімнен тұрады.

Алғашқысы – ғалымның ғүмыр жолы, яғни 2010-2013 жылдары жарияланған «Қ.И.Сәтбаев» энциклопедиясына енген ғалымның өмір жолын айшықтаған еңбегім; екінші бөлімге 1980 және 2003 жылдары Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасы шығарған кітабыма және басқа басылымдарына баспасөз бетінде («Правда», «Казахстанская правда») және жер-жердегі басылымдарда жарияланған немесе авторға жолданған оқырман хаттарын сұрыптал­ған нұсқасы; ал үшінші бөлімге бұдан жиырма жыл бұрын екі тілде бірдей жария­ланған «Қуғындалған «Сәт­баев», орысшасы «Через тернии» аталған деректі эссемді қостым. Үш бөлімге де ғалым өмірін айшықтаған
70 шамалы суреттер енді, – деді жазушы. – Сөйтсем, ҚазМУ баспасы сол кітапты ЭКСПО-17 ашылуына орай жоспарлапты, Астанадағы арнайы үлкен Орталықта 15 маусымда ашылған 30 шамалы мемлекеттердің таңдаулы баспалары өнімдерін таңдап, талғап әкеліпті. Мен сол гәпті өткен айда ғана білдім. Қысқасы, Қаныш ұлының шаһағатымен Халықаралық көрмеге «СӘТБАЕВ ҰЛАҒАТЫ» немесе «УРОКИ САТПАЕВА» деп атаған, екі тілде, тек бірін-бірі қай­та­ламайтын оқиғалар мен деректерді әдеби жүйелеп енгізген туындыммен қатыстым…».
– Сол туындыңыздың тұсаукесері 16 маусымда зор табыспен өткенін естідік. Сол кітабыңызды қызық­таушы­лар ерекше көп болыпты. Қаныш Сәтбаев өмірін ұлықтауға елу жылдан астам уақыт өміріңізді сарп еткен жүрек­жарды әңгімеңізді де жұрт қызыға тыңдапты. Әрине, сол кітапқа қуаныш білдіргендер де аста-төк көп болыпты…
– Ең ғажабы, қарағым, жинақ ерекше тамаша көркемделген, қағазы да, тыстығы да, ішіндегі суреттер де таңғажайып әсер туғызғандай әдемі. Қысқасы, ұлы тұлғаның атағына сай! Соған қоса мені сүйсінткен әрі таңдандырған жайт: келесі күні Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысовпен кездей­соқ кездесіп, кітап сыйлайын деп Көрме залына ертіп барсам – бірде-бір данасы қалмаған… Баспа қызметкер­лерінің айтуынша, Астанаға әкелген «Сәтбаев ұлағаты» түп-түгел сол күні сатылып кетіпті. Бір апта бұын интернет арқылы жасалған жарнама, таратушыға сыйлық ұсынылғаны да түрткі болған…
– Демек, кітап өтпейді емес, жарнамасы жетпейді деген сөз рас. Сізді осы табысыңызбен құттықтай отырып, тағы бір сұрау жолдауға пейілмін. Бұл кітап сіздің қаламыңыз өрген нешінші туынды, әлбетте Қ.Сәтбаев туралы?
– 1980 жылы Мәскеуден 100 мың дана болып шыққан «Сәтбаевтан» бастап санасам – орысша және қазақша жарияланған ғұмырнама еңбектерімнің 16 басылымы, ал жиынтық таралымы 328000 дана. Ескерту парыз: тағы бір баспа «Феномен» деген атаумен ғұмырнама еңбегім­нің 17 басылымын дайындауда, сірә, алдағы күзге дейін жарық көрер деген үміттемін…
– Игі хабарыңызға рахмет! Жазарыңыз сиремесін!..
Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір