Медициналық сақтандыру – салауатты өмір кепілі
23.06.2017
1736
0

Адамның амандығынан артық ештеңенің жоқ екені, денсаулықты ақшаға сатып ала алмайтынымыз бесенеден белгілі. «Тәннің саулығы,  жанның саулығы» демекші, егер тәніңіз сау болса, жаныңыз да жайлы өмір сүреді емес пе?! Жапондықтар «Көп ауыратын адам – мәдениетсіз адам» деп топшылайды екен. Өз денсаулығына салғырт қараған адам аурушаң келеді деген сөз. Ал оның алдын алудың жолын ата-бабамыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысында қандай іс-шаралар атқарылуда? Осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Сейділдахан Ахатаевпен сұхбаттасқан едік. 

– Сейділдахан Сайбишұлы, өң­і­­рі­мізде салауатты өмір салтын қа­лыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар қаншалықты деңгейде?
– Елімізде қабылданған 2016-2019 жылдарға арналған «Денсау­лық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы салааралық бағытта ин­фек­циялық дерттер мен тубер­кулез­­дің алдын алу, ана мен бала денсаулығын сақтау, репродуктивті денсаулық, жыныстық қатынас арқылы таралатын дерт және жұқ­тырылған қорғаныш тапшы­лы­ғының белгісі, шылым шегу, арақ ішуді азайту, нашақорлықтың алдын алу бағыттарында бекітіл­ген іс-жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс­тар жүргізіліп келеді. Бірақ жұмы­сы­мыздың қай деңгейде екеніне халықтың баға бергені абзал.
Жалпы, салауатты өмір салтын қалыптастыру алдымен аурудың алдын алу, сақтанудан басталады. Бұл бағытта орталықтың ұйымдас­тыруымен қыс мезгілінде болатын жазатайым жағдайлардың алдын алу, болдырмау мақсатында қаңтар айының алғашқы он күндігінен бастап мектептерде «Ревматикалық аурулардың алдын алу» және «Тұ­мау­дың алдын алу», «Абайла­ңыз, көктайғақ!» тақырыптары бойынша дәрістер пен тренингтер өт­кі­зіл­ді. Созылмалы инфекция­лық-ал­лергиялық ауруға жататын рев­матизмге көбінесе 7-15 жас ара­лығындағы балалар шалдығады. Оның алдын алу үшін не істеу керек? Ең алдымен күнделікті тұтынатын тағамдарымыз құнарлы болуы тиіс. Сосын дене шынық­тыру жаттығуларын жасап тұру маң­ызды. Осыны ұғындыруға ұм­тыл­ған валеолог мамандарымыз мұғалімдермен қатар оқушыларға ақ қар, көк мұзда жарақат алып қалмаудың тәсілдерін үйретті. «Тайғанақтап құлап қалғанда не істеу керек? Қыста жол жиегінде, көлік қозғалысына жақын жүру неге қауіпті?» деген сияқты сұ­рақ­тарға жауап береді. Жалпы, жол қозғалысы ережелерін сақ­та­мау адам өміріне қауіпті. Елімізде жол көлік оқиғаларынан болатын апаттардан талай адам зардап шегуде. Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілердің назарын аудару үшін ақпараттық кампания ұйым­дастырып тұрамыз. Бұған волонтер жастар да белсене атсалысып жүргенін айту парыз.
Биыл 24 ақпан және 24 наурыз аралығында «Туберкулезді тоқта­та­мыз!» атты айлық ұйымдас­ты­рылып, шара облыс бойынша ха­лық көп шоғырланатын орын­дарда, яғни «Халыққа қызмет көрсету ор­талығы» мен филиалдарында, «Каз­пошта», «Қазақтелеком» филиалдарында, «Автовокзал» бекет­терінде, теміржол вокзалында, сауда үйлері мен орталық­та­рын­да, мешіттерде және жоғарғы оқу орындарында үгіт-насихат жұ­мыс­тары кеңінен жүргізіліп, ақ­параттық-танымдық материалдар таратылды. Осы секілді адам ден­саулығын жақсартуда, салауатты өмір салтын қалыптастыруда жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Жалпы, салауатты өмір салтын оң ұстануға бетбұрыс бар.
– Темекі, маскүнемдік, наша­қор­лыққа қарсы күрестен өзге қан­дай жұмыстар жоспарларыңызға енгізіл­ген?
– Салауатты өмір салтын қа­лыптастыру орталығының жанынан құрылған «Әлем» жастар ден­саулық орталығы жұмыс істейді. Сол арқылы ағымдағы жылдың басынан бері темекі, маскүнемдік, на­шақорлыққа қарсы күрес мақ­сатымен түрлі іс-шаралар, әсіресе жастар арасында семинар-тре­нинг­тер, акциялар ұйым­дас­ты­ры­лып келеді. «Ұядан не көрсе, ұш­қанда соны іледі» демекші, көп ата-аналар балаларының көзінше темекі шегіп, ішімдік ішеді. Ал мұны көріп өскен бала ержеткенде ата-анасының ісін қайталамауына кім кепіл?! Шылым тартып тұрған әкесінен гөрі қасында тұрған бала көбірек зардап шегеді. Сондықтан ұрпағының саулығына алаңдаған әрбір ата-ана ең алдымен өзін темекі, ішімдіктен тежеуі қажет.
Сонымен қатар, жастар ара­сын­­да «Ерте жүктіліктің алдын алу», «Отбасын жоспарлау», «Аса жұқ­па­лы дертттердің алдын алу», «Де­п­рессия: кел, сөйлесейік» се­кіл­­ді тақырыптарда дөңгелек үс­тел­дер өткізіп, тиісті салада қыз­мет етіп жүрген білікті дә­рі­гер­­лерімен бірге психолог ма­ман­дардың кеңестерін де ұйым­дастырамыз. Адамдардың ано­ним­ді түрде жеке кабинеттерде кеңес алуларына да жағдай жа­сал­ған. Мұндай шаралар маман­да­ры­мыздың үйлестіруімен орталықтың өзінде ғана емес, оқу орындарында, студенттер арасында, саябақ­тар­да да жүргізіледі.
Салауатты өмір салтын қалып­тастыру орталығының бекітілген жоспары бойынша, «Облыста обыр ауруының жағдайы, алдын алу ша­ралары», «Сүт безінің қатер­лі іс­ік ауруы, алдын алу шаралары», «Тік ішектің қатерлі ісік ауруы, алдын алу шаралары», «Ас­қа­зан іш­ек жолдары қатерлі ісігінің алдын алу», «Облыста өкпе қатерлі ісігі ауруларының жағдайы, алдын алу шаралары», «Эндокринді жүйе­­нің қатерлі ісік ауруларының алдын алу шаралары», «Тері қатерлі ісік ауруларының алдын алу» та­қы­рыптарында облыстық, аудан­дық, қалалық медицина ұйымда­ры­ның мамандарының қа­­ты­­­суы­мен семинарлар өткізілді. Атал­ған бағыттарда облыстық, жергілікті телеарналарда сұхбаттар беріп, тұрғындардың сауалдарына жауаптар берілді.
Мұның барлығы салауатты өмір салтын қалыптастыруға ба­ғыт­талғанымен, сапалы ғұмыр кешу әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына тікелей қатысты. Сондықтан әр­бі­рі­міз Алланың берген аманаты – жанымыз бен тәнімізге немқұ­райлық танытпауымыз қажет.
– Ауруды алдын алу дегенде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру еріксіз еске түседі. Елбасы Жолдауында жүктелген мін­деттің облысымызда орындалуы қай деңгейде?
– Өткен аптада міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтан­дыру­ды енгізу бойынша ақпараттық-тү­сіндіру жұмысының үшінші кезеңі шеңберінде «Нұр Отан» партиясының облыстағы барлық қоғамдық қабылдау бөлімдерінде «Міндетті әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру» (МӘМС) жүйесін түсіндіру бойынша азаматтарды тақырыптық қабылдау» республи­калық акциясын өткіздік. Стендтермен қамтамасыз еттік. 15 маусымда таңертеңнен бастап, жұмыс уақыты аяқталғанша тұрғындарға 600 дана ақпараттық танымдық материал тараттық. 500-дей адам қамтылды. Оларға МӘМС жүйесін енгізудің инфографикасы мен талаптары түсіндіріліп, бейнероликтер көрсетілді.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының заңнамаларын­дағы өзгерістер мен толықтырулар­ды халық арасында кеңінен насихаттау аясында ақ­­па­рат­­тық-түсіндіру жұмыс­та­ры­ның ІІІ кезеңінде аймақтық штаб спикерлерінің санат бойынша халықпен кездесуінің кесте-жоспары бекітілді. Бүгінге дейінгі бес айда міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыруды ендіру бойынша 641 кездесу өткізіліп, 287 мыңға жуық адам қамтылды. Түсіндіру жұмыстары ба­рысында, 145 мың дана ақпараттық материал таратылды. Министрліктен беріл­ген видео және аудиороликтер, буклеттер, ақпараттық бейнелер тұрақты түрде медицина ұйымда­рында және халық тығыз ор­на­ласқан орындарда таратылуда. Қалалық транспорттар мен сауда орындарының LED-экрандарында видеороликтер көрсетіліп жатыр. Аудан, қала әкімдіктерімен, медицина ұйымдарының қатысуымен 543 бұқаралық ақпарат құралын арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Міндетті әлеуметтік медици­на­­лық сақтандыру бойынша, ха­лық­тың сұрақтары барлық сұрақ­тарына жауап беріп, түсіндіретін арнайы Call-орталық жұмыс жасауда. Мамыр айынан бастап қаланың 70 қоғамдық автокөлік­терінде видеороликтер телеэкран арқылы кө­рсету қолға алынды, күнделікті 25 мыңға жуық адам қам­тылуда. Облыстағы әрбір меди­циналық ұйымда ақпараттық дүңгіршек орнатылып, оқытылған 5 менеджер ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­т­арын жүргізіп, танымдық материалдарды таратуда. Ал 5 сә­уірде басталып, 30 маусымға дейін «Емханаға тіркел де – әлеуметтік медициналық сақтандыру жүй­е­сін­дегі өз мәртебеңді анықта!» ұранымен жалғасатын акция аясында емханаларға тіркелгендердің саны 2 млн. 241 мыңнан астам адамды құрады.
Бұл бағыттағы насихаттау жұмыстары кезең-кезеңімен жүр­гі­зілуде. Міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру бойынша бүгінге дейін емдеу мекемелерінің 30 мыңнан астам қызметкері, облыстағы медицицна маман­да­ры­ның барлығы білімдерін жетіл­дірді. Денсаулық сақтау министрлі­гінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес 117 жекеменшік медицина ұйымында семинар жұмыстары жүргізілді.
– Жазы аптап ыстық болатын Оңтүстікте ғана емес, жалпы еліміз­де қан қысымы, қант диабетіне шал­дыққандар қатары артып барады…
– Дұрыс айтасыз, қант диабеті, жүрек-қантамырлары аурулары жылдан-жылға жасарып барады. Бұның себеп-салдары – жастардың қимыл-қозғалысының аздығы және дұрыс тамақтанбауы. Бүгінде бес метр жерді жаяу жүрмейтіндер де жетерлік. Дене белсенділігі тө­мен­деген сайын артық салмақ үсті-үстіне қосыла береді. Семіздік те ауру. Денеге жиналған артық май тынысымызды тарылтып, жүрекке салмақ түсіреді. Оның алдын алу үшін адам дұрыс тамақ­танып, күніне кемінде 30 минут қоз­ғалыс жасауы тиіс. Қан айналымын жақсарту үшін дене жат­тығуларына көбірек көңіл бөлу маңызды. Бұл бағытта біздің орталықтың жанынан ашылған жаттығу залы жұмыс істейді. Мұнда келушілер дәрігер мен жат­тықтырушылардың назарында болады.
Облыста аймақтық қант диа­беті мектебінің жұмыс істеуі ауру­дың алдын алудың қаншалықты маңызды екенін аңғартып тұрса керек. Бұл ауруды туғызатын түрлі инфекциялар. Ас қорыту ағза­ла­рының сырқаты, асқазанның ойық жарасы, ұйқы безінің бұ­зылуы, артық салмақ және күй­зеліс те осы ауруға шалдықтыратын бірден-бір себеп.
– «Ауру – астан…» деп жатамыз. Өзіңіз айтқан семіздік, артық сал­мақ тамақтану тәртібін сақтап жүр­ме­генімізді білдіре ме? Мұны рет­теудің амалы бар ма?
– Өкінішке қарай, ұтымды та­мақтана алмай жүргеніміз жасырын емес. Оның тәртібін бізге өз­ге­ден үйренудің қажеті жоқ. Ата-бабаларымыз ұтымды тамақ­тануды білген. Олар тек асылған, бұқтырылған тағамдарды, яғни етті асып, құртын, жентін жасап, айран пісіріп, қатығын ұйытып табиғи тағамдарды пайдаланған. Оған қоса қымызы мен шұбаты тағы бар. Ал қазір макаронды да, картопты да қуырып жеуді дағдыға айналдырып алғанбыз. Тағы өсімдік майы зая кетпесін деп артылған майға келесі тамақты жасай саламыз. Ал өсімдік майын шыжғыра берген сайын ол өзінің улы заттарын адам бойына сіңіре береді. Сондықтан біз тұрғындарға таңғы уақытта бұқтырған, асылған, қайнатылған тағам тұтынуды насихаттаудамыз. Себебі, адам ағза­сы түнімен демалады. Ал азанда қуырылған тағам жейтін болсақ, асқазанынға ауырлық түсіреміз. Қайталана берсе, ас қорыту жұ­мысы бұзылады. Сондықтан адам тоя тамақ ішпеуі қажет. Ұтымды тамақтанудың келесі қағидасы көбірек көкөніс тұтыну қажет. Әр адам күніне кемінде 300-400 грамм көкөніс пайдалануы қажет. Негізі әр отбасы апталық ас мәзірін жасап алса болады. Тек апта ішінде тағамдар бірін-бірі қайталамауы керек. Бір күнге балықты енгізген абзал. Өйткені, балықта адам ағза­сына қажет фосфор бар. Сонымен қатар, әр үйдің дастарханында сөк, талқан болғаны жақсы. Мысалы, сөк – микроэлементке бай тағам, таңғы асқа тұтынса, күні бойы тоқ жүреді, әрі ағза микроэлементтерге және дәру­мен­дерге толыға түседі. Қазіргі күні балалар мен жасөспірімдер ара­сында асқазан аурулары, әсі­ресе, гастрит, өт жолының қа­бы­н­уы аурулары көбейіп кетті. Сон­дық­тан балалар мен жас­­өс­пір­ім­дерге осы тағам­дарды кө­бірек, күнделікті пайдалану қа­жет. Ұтымды тамақтануда біз өзіміздің ұлттық тағамдарымызды жарнамалауымыз қажет.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір